• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2011

Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

316 рет
көрсетілді

Кеше «Риксос» қонақүйінің «Жерұйық» конференц залында Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан – Еуропа: ынтымақтастықтың нәтижелері және жаңа көкжиектері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтті. Оның жұмысына еліміздің мемлекеттік ведомстволары басшылары, депутаттық және дипломатиялық корпустың өкілдері, еуропалық, қазақстандық сарапшылар, Еуропа Одағына мүше елдер, ЕҚЫҰ-дан келген меймандар қатысты.

Форумды Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ашты. Ол өз сөзінде Қазақстан мен еуро­па­лық сыртқы саясат векторындағы байланыстарды жан-жақты сипаттап берді. Жасампаздықтың жи­ырма жылында Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың бастауын­дағы Қазақстан халқы қоғамның барлық саласында кең ауқымды реформаларды өрістетіп, жаңа тұрпатты мемлекет құрды. Бү­гін­гі күні халықаралық қоғамдастық елімізге Орталық Азиядағы тұ­рақ­тылықтың басты кепілі ретінде құрметпен қарайды. ЕҚЫҰ-ға, ИЫҰ-ға, ШЫҰ-ға төрағалық етуі, ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті, бұдан басқа да бірқатар сырт­қы саяси шараларға бастамашы Қазақстанды сырттай қызық­тау­шы елден нақты үдерістердің қатысушысына айналдырды.

Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы екіжақты байланыс өзара түсіністікпен жалғасып келеді. Еуропалық парламент, Пар­ламентаралық одақ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесі, НАТО бағыттары бой­ын­ша да өзара сенімділік, түсінік қалыптасқан. Осылардың ішінде ЕО-ның орны ерекше. Еуропа Одағы Қазақстанның негізгі сау­да-экономикалық және инвес­ти­ция­лық әріптесі болып табы­ла­ды. Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың бастамасымен 2008 жылы «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, со­дан бергі мерзімде сауда-эко­номикалық ынтымақтастықтың және Қазақстанның еуропалық әріптестермен белсенді саяси үн­қатысуы жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының жартысы және инвестициялардың үштен бірі ЕО елдерінің үлесіне тиеді. 1993 жылдан 2010 жылға дейінгі кезең ішінде Қазақстан эконо­ми­касына ЕО елдерінен тікелей ин­вестициялардың жалпы ағыны 50 миллиард АҚШ долларынан асты. 2011 жылдың бірінші жар­ты­жылдығында Еуроодақпен сырт­қы сауда айналымы 25,4 миллиард долларға жетті. 2010 жылы бұл көрсеткіш 38 миллиард АҚШ долларын құраған болатын. ОПЕК елдеріне кірмейтін елдер қатарында Қазақстан ЕО-ға энергия тасымалдаудан Ресей мен Норвегиядан кейінгі үшінші ең ірі жеткізуші саналады.

СІМ басшысы «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарлама­сын іске асырудың практикалық қорытындыларын баяндағаннан кейін одан әрі 2010 жылы Қазақ­стан халқының көп бөлігі мұсыл­ман болып табылатын бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігі мен Ор­та­лық Азия өңірі елдерінің ара­сын­да бірінші болып ЕҚЫҰ-ға жемісті төрағалық жасағанын, негізгі басымдықтар ретінде Астана өңірлік қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық мәселелерін айқын­да­ғанын, Президент Н.Назар­баев­тың бастамасымен жаңа мың­жыл­дықтағы алғашқы ЕҚЫҰ Сам­митін өткізу барлық бағыт­тар­дағы Ұйым қызметін жан­дандыруға және оған қатысушы елдердің өзара түсінушілігін ны­ғайтуға маңызды үлес қосқанын атап көрсетті.

Еуропа елдерін Қазақстанның экономикалық және технология­лық даму деңгейімен қатар, негізгі сауда және инвестициялық әріп­тес ретіндегі тұрақтылығы да, үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарлама­сын­дағы үдерісі де қатты қызық­тырады. Еліміз Сыртқы істер министрі адамзаттың қауіпсіздігі, есірткі бизнесі Қазақстан және Еуропа елдері үшін маңызды проблема болып қала беретінін, қауіп-қатерлерді бірлесе ғана жеңетінімізді, табиғаттың зілзала апаттары, ауа райының өзгеруі, миграциялық көші-қон мәселе­лері бойынша ұзақ мерзімді бағдарламалар, нақты іс-қимыл қажеттігін жеткізді. Сөзінің со­ңын­да конференцияға қатысушы­лар­дың жұмысына сәттілік тіледі.

Конференция бірнеше секциялар бойынша өтіп, өзекті мә­се­ле­лер әңгіме тақырыбына айналды. Бірінші секция «Қазақстанның Еуроодақпен және Еуропа Ке­ңе­сі­мен әріптестік қарым-қатына­сы­ның саяси-құқықтық аспектілері» деп аталды. Онда бірінші болып Қазақстан Конститу­ция­лық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов сөз алды. Ол Тәуелсіз мемлекетімізді құрудың алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңді еске түсіріп, Ата Заңды қабылдау кезінде еуропалық іс-тәжіри­бе­лер жан-жақты зерттеліп, шетелдік сарапшылар көп жәрдем­дес­кенін ризашылық сезіммен жеткізді.

Францияның бұрынғы сыртқы істер министрі және Конститу­ция­лық кеңесінің төрағасы Ролан Дюма Қазақстанды жақсы білетінін, ресми немесе жұмыс сапар­ларымен келгенін, сол кездері-ақ қоғамды демократияландыру үде­рісінде үлкен өзгерістер жүріп жатқанын тілге тиек ете келіп, осы бағытынан таймаса әлі-ақ Еуропа төрінен ойып тұ­рып орын алатынына үлкен сенім білдірді. Құқық арқылы демократия үшін Еуропа комиссиясы (Венециялық комиссия) қызме­тін­дегі Қазақ­стан­­ның рөліне жоғары баға берді.

Бас прокурордың бірінші орын­басары, Қазақстан – Еуро­одақ Әділеттілік және құқықтық тәртіп жөніндегі кіші комитеттің тең төрағасы Иоганн Меркель өз сөзін «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасынан туындайтын ЕО және Еуропа елдерімен саяси-құқықтық әріптестік мәсе­ле­леріне арнаса, Франция Жо­ғарғы сотының мүшесі Р. Грасс Еуропа Одағының қалыптасқан сот жүйесі, құқықтық негіздері жайлы сөз етті. ЕО заңгерлерінің президенті Ж. Леммер әріптестік пен ынтымақтастықты жаңа келісімдер аясында өрістетуді ұсынды.

Форумның екінші сессия­сы­ның қарауына «Қазақстанның ЕО және Еуропа Кеңесімен ынты­мақ­тастығының негізгі бағыт­та­ры» деген тақырып ұсынылды. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Александр Судьин, сенатор Талғат Абайділдин кон­фе­ренцияға қатысушылар наза­рын парламентаралық дипломатия әлеуетін дамытудың маңыз­дылығына аударса, Экономика­лық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов, Мұнай және газ вице-министрі Берік Толымбаев, Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орын­ха­нов, СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жар­босынова талқыланған мәсе­ле­лерді өз салаларымен байла­ныс­тыра өрбітті.

Үшінші сессия талқылауына ұсынылған «ЕО-мен және Еуропа елдерімен стратегиялық әріптес­тікті нығайту» атты тақырып та үлкен қызығушылық тудырды. Онда сөз кезегі бірінші болып Еуропа Одағы делегациясының басшысы-елші Норбер Жустенге тиді. Ол Қазақстан мен ЕО ара­сындағы қарым-қатынастарды жетілдіру жолдарына, жаңа келісімдер бойынша жұмыс атқа­ру­дың маңыздылығына, 20 жылдық ынтымақтастық тәжірибелеріне, Орталық Азиядағы ЕО страте­гия­сының екіжақты, сондай-ақ өңір­лік байланыстардың сапалық жа­ғы­нан жаңа деңгейге көтеріл­ге­ніне тоқталды.

Бұдан кейін Франция, Италия, Испания, Түркияның Қазақ­стан­дағы төтенше және өкілетті елшілері сөз алып, Қазақстанның Еуропа бағытындағы сыртқы сая­саты әртүрлі деңгейдегі белсенді саяси үнқатысуларға құрылғаны­мен, стратегиялық әріптестік ту­ралы шарттарды және үкіметтік емес бағдарламаларды нақты іс жүзіне асыру жөніндегі тәжіри­белерімен бөлісті.

Конференцияның түстен кейін өткен тақырыптық сес­сия­ла­рында Еуроатлантикалық және еуразиялық қоғамдастық жолын­дағы қауіпсіздік пен бірлік, ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтас­тық­тың жаңа деңгейіне шығу мә­селелері талқыланды. Оған Сырт­қы істер министрінің орын­басары – екі жақты байланыс жөніндегі ұлттық үйлестіруші Константин Жигалов, қорғаныс, қор­шаған ортаны қорғау ведом­стволары мен шетелдік өкілдер қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Мұнда алғашқы болып Лит­ва­ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Р.Бернотас, ЕҚЫҰ Бас хатшысы кеңсесінің директоры П.Фритче сөз алды. Биыл Литваның ЕҚЫҰ-дағы төр­аға екені белгілі. Бұл ел төр­аға­лық эстафетасын былтыр Қазақ­станнан алды. Форумда елші елі­міздің өткен жылғы төрағалығы­на жоғары баға беріп, биыл Лит­ва­ның да Ұйымның жұмысына тың серпін беруге ұмтылып отыр­ғанын айтты. Осы жерде ол Қазақстанның Қырғызстандағы жағдай, Таулы Қарабақ, Молдо­ва­дағы проблемаларды шешуге атсалысқанын айтып, өз елінің сол кезде біздің елімізден көп нәр­сені үйреніп, тәжірибе жи­нағанын атап көрсетті.

П.Фритче де литвалық дипло­мат­тың сөзіне қосылатынын, Қа­зақстанның Азиядан Ұйымға төрағалық жасаған алғашқы ел ретінде оның тамырына қан жүгірткенін, соның нәтижесінде Еуропаның дамыған деген елдері өздері құрған шаңыраққа жаңа көзқараспен қарауды бастағанын көлденең тартты. Қысқасы, ол елі­міздің былтыр дер кезінде Ұй­ымға төрағалықты қолға алға­нын, қазір барлық елдер ЕҚЫҰ-ның міндеті мен қызметін жетілдіріп, өзара ынтымақтастықты нығайта беруі керектігін жеткізді.

Одан әрі ЕҚЫҰ-ның Астана­да­ғы орталығы басшысының міндетін атқарушы Ж.Клетцер сөз алып, ол да еліміздің былтырғы төрағалығына жоғары баға берді. Сонымен бірге, Еуропа Одағы мен Қазақстанның ынтымақтас­ты­ғына байланысты көкейінде жүрген ойларын ортаға салды.  Еліміздің халықаралық арена­да­ғы беделіне, ұстанған саясатына ризашылығын білдіріп, Еуропа­ның кейбір елдерінің Қазақстан­нан үйренері бар екеніне екпін түсірді. Конференцияда біздің тарапымыздан бірнеше министр­ліктің өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері де өз ойларымен бөлісті. Қорғаныс министрінің орынбасары Т.Жан­жүменов еліміздің ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы кезіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмысын айтса, Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Р.Бөлтіріков елі­міз­дің экология саласындағы қыз­метіне кеңірек тоқталды. Сол сияқты Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар фа­культетінің деканы Б.Сом­жү­рек, Жоғарғы Соттың судьясы Ж.Бәйішев, т.б. адамның бостан­ды­ғы мен құқы, Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы эконо­ми­калық қарым-қатынасты дамыту мәселелері жөнінде баяндама жасады. Конференцияны еліміз Сырт­қы істер министрінің орын­ба­сары – екі жақты байланыстар жөніндегі ұлттық үйлестіруші Константин Жигалов қоры­тын­дылады.

«Қазақстан – Еуропа: ынты­мақ­тастықтың нәтижелері мен жаңа көкжиектері» халықаралық конференциясына қатысушылар еркін ой-пікірлер алысып, өзекті проблемаларды шешудің нақты жолдарын жан-жақты қарастыр­ғанын айта кеткен жөн.

Өмір ЕСҚАЛИ, Дастан КЕНЖАЛИН.

-------------------------------------

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.