• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2011

Көкөніс өсірудің көшбасшысы

336 рет
көрсетілді

Қазірде еліміздің шығы­сында көкөніс өсірумен түбе­гей­лі түрде айналысып келе жат­қан жеті шаруашылық болса, ерке Ертістің жағасына жайғас­қан «Мұздыбай» шаруа қо­жалығы соның бірі ғана емес, бірегейі болып табылады.

Міне, құрылғанына жеті-сегіз жыл болып қалған сол шаруа қожалығының басшысы Талғат Баймуриновпен әңгіме­ле­сіп отырмыз. Жасы бүгінде қырықтың ортасына келіп қал­ған Талғат бауырымыз сөзге де, іске де ширақ па деп қалдық. Соның айғағындай, айтайын деген ойын ішке бүгіп қал­майды екен. Топырағы құнарлы Мұздыбай ауылында өмірге келіпті. «Даңқ» орденінің екі дә­режесін иеленген соғыс ардагері Айткен атасы соғыстан кейін осы ауылда тракторшы болып еңбек етіпті. Бұл өңірде алғаш көкөніс өсірумен айналысқан да сол кісі екен. Әжесі Бижамал да, шешесі Гүлсім де жаз болса егістік алқабынан табылатын. Төртінші класты бітірген соң бұл да соларды маңайлап, жан­дарынан шықпайтын. Өгей әкем Юрий Сергеевичке де еңбекке баулып, түзу жолға салғаны үшін мәңгі қарыздармын дейді Талғат бүгінде.

Иә, мұның Жер-Ананы сүйіп, бағалап, баптай білуге үй­реткен осы абзал жандар еді. Болмаса алғашқы мамандығы геолог болатын. Сегізінші кластан кейін Семейдегі геология­лық барлау техникумын бітірген. Одан кейін сол мамандығы бойынша үш-төрт жыл еңбек еткені де бар. Бірақ қалаған мамандығына көңілі толмай тоқсаныншы жылдардың ба­сында туған жерге түпкілікті қайтып оралған. Сөйтіп, Ертіс жағасынан елу гектар жерді арендаға алып, жүгері өсірумен айналысқан. Сол жолы бір маусымда 12 мың рубльден астам табыс тапқан. Бұл сол кездің мөлшерімен алғанда аса үлкен табыс еді. Бірақ заңды табысының бестен бірі ғана қолға тиген. Соған да тәубе деген. Өйткені, бұл кезде ескі тәртіп жаңа талпынысқа әлі жол бере қоймаған-ды.

Қызық болғанда, ол ойла­маған жерден сол кездегі «Семей» кеңшарының бөлімше бас­қарушысы болып шыға келген. Сөйтсе шаруашылық баc­шысы Борис Недоборов трак­торды өзі жөндеп алып, таңның атысынан күннің батысына дейін егістік алқабынан шықпай­тын жас жігіттің тірлігін ұна­тып-ақ қалған екен. Бірақ жер емшегіне жармасқан жігіттің басшы болуға тіптен де ықыласы жоқ еді. Алайда шаруашылық бас­шысы мен партком хатшысы Үміт Сапарқызы екеулеп жүріп мұны өз дегендеріне көндірген. Кейінде адамдармен жұмыс істеуде мұның да пайдасы болғанын қайтіп жоққа шығарсын.

Сөйте жүріп Астанадағы Қазақ инженерлік-техникалық ака­де­миясына сырттай оқуға түсіп, экономист мамандығын иеленген. Былайша айтқанда, екінші мамандығының да жерге, агро­но­мияға еш қатысы жоқ. Соған қарамастан Талғат Бо­лат­ұлы осы­дан алты жыл бұрын көкөніс өсірумен айналысатын өз шаруа қожалығын ашып алады. Содан бергіде жер-жерде өтіп жататын түрлі семинар жиындардың бірінен қалған емеспін дейді бүгінде ол. Қожалық басшысы осылайша практикалық тәжірибесін теориямен ұштастыра білген.

Алғашқыда мұның иелігіндегі жер мөлшері жүз гектарға жетер-жетпес болса, қазірде оның кө­лемі үш жүз гектардай. Қажетті техника да баршылық. Жаңа трактордың өзі алтау. 12 фрегат мұның сыртында. Судан және тапшылық жоқ. Техниканың ба­сым дені шетелдікі. Айталық, Даниядан құны екі жүз мың еуроға жуық сәбіз жинайтын ком­байн алғызды. Қымбат па, әрине қымбат. Бірақ сапасы қан­дай, шіркіннің. Жүріп келе жа­тып әр тетігін қажетіне қарай өзі майлап отыратынын қайтер­сің! Ал мұн­дай компьютерлендірілген техни­каға сонша қаржы ар­тық та емес. Бұйырса, оны бел­гі­лен­­ген жеті жыл ішінде өтеп те шығар.

Биыл бұлар 160 гектар жерге картоп егіп, соның әр гектарынан 30 тоннадан өнім алды. Бұл аймақ бойынша жоғары көрсет­кіш. Сондай-ақ, жетпіс гектарға егілген сәбіздің әр гектарынан елу тоннаға жуық, ал қырық қа­баттың әр гектарынан 70 тоннадан өнім жиналды. Бұл да жақсы көрсеткіш. Картоп демекші, оны ерте көктемнен бастап өсірумен айналысып жатқан да осылар. Қожалық сәуірдің аяғында са­лын­ған картоптан шілде айында өнім алуға жетісуде. Алғашқы өнім бірінші кезекте Өскемен мен Семейге жөнелтіледі. Сөй­тіп, осы шақта оңтүстіктен келіп жатқан қымбат өнім сапасын еріксіз түсіруге мәжбүрлейтін де аталған шаруа қожалығы.

Бүгінде қожалықта тұрақты түрде отыз адам еңбек етуде. Маусымдық жұмыс кезінде олар­дың саны жүзге дейін барады. Мұн­дағы орташа жалақы елу мың теңге мөлшерінде. Бұл бір жылға шаққандағы орта көрсет­кіш.

Қазірде бұл шаруа қожа­лығы жер көлемі жөнінен облыс бойынша алдыңғы қатарда. Ал­дағы мүмкіндік одан да зор. Яғни, келер жылы мұндағы жер көлемі екі жарым мың гектарға дейін жеткізілуі әбден мүмкін. Алдағы жылы сондай-ақ мұнда көкөніс сақтайтын қойма пайда­лануға берілмек. Онда неміс өндірісінің желдеткіші орнатыл-мақ. Жер көлемі ұлғайған соң қосымша жұмыс күші де керек. Сөйтіп, мұнда тұрақты жұмыс істейтіндер қатары елу адамға жеткізілмек. Ол үшін тұрғын үй қа­жет. Бұлар осы мақсатпен облыс әкімінен екі пәтерлі он үй құ­ры­лысына көмек сұрап отыр­ған кө­рінеді. Облыс басшысы тарапы­нан тиісті орындарға тапсырма да беріліпті. Биыл облыс басшы­сы, сондай-ақ венчурлік келісімге қол ұшын беріпті. Яғни, осы келісім бойынша қолға тиген қар­жыны бұлар күзде өнім түрінде қайтаруда.

Сөз соңында Талғат Болат­ұлынан отбасы туралы сұраған­быз. Жолдасы Нәзира Төк­енқызы да мамандығы бойын­­ша эконо­мист көрінеді. Нәзира менің орынбасарым ретінде негізінде өнімді өткеру ісімен айналысады дейді отағасы.

Міне, бүгінгі заман кейіп­керінің өмір тынысы осындай. Оның өзі болса осының бәрі ел егемендігінің арқасы дейді.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.

СЕМЕЙ.