• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2011

Тәуелсіздіктің заңдық негізі

475 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігінің заңдық базасы Конституцияны, біз­дің 1990 жылдан бастап қабыл­даған аса ауқымды құқықтық құжаттарды тірек ететінін айрықша атап өткім келеді. Егемен Қазақстанның жаңа конституциялық заң­дылығы осы сәттен бас­талды. Жаңа Конститу­ция­ның жобасын жасамастан бұрын біз елімізді басқару формасын анықтап алуымыз керек болды. Сөйтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумы мәжілістерінің бірінде мен Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы ұсыныс жасадым. Ол кезде бұл көптеген фактор­ларға байланысты еді. Қоғам көпұлтты елде конфедера­ция­ның тиімсіздігін сезіне де, түсіне де білді. Ұсыныс депутаттар тарапынан қол­дау та­уып, 1990 жылдың 24 сәуірін­де Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы заң қабылданып, біздің Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұл­тан Назарбаев сайланды. Осы заңның негізінде рес­публиканың мемлекеттік және қоғамдық құрылысына түбе­гейлі өзгерістер енгізілді. Өйткені, Президент қыз­метін тағайындау Жоғарғы Кеңестің монополиялық билігін жоюға жетелеп, мемлекеттік құры­лыс практика­сын­да билікті бөлісу прин­ципінің алғашқы қадам­да­рын бекітуге бастады. Қазақ­станның егемендігін баян­­ды ету процесінің келесі логи­калық жалғасы “Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы” Декларация болды. Еліміздің өткен даму жолы қазір Қазақстанда қол­даны­лып отырған конститу­циялық оңтайлы үлгіні дұ­рыс таңдай білгенімізді ай­ғақтайды. Оның бір тармағы қуатты мемлекеттік биліктің кепілі ретіндегі президенттік бас­қару дер едім. Осыған қатысты бір ғана мысал келтірейін. Құқықтық мемлекет құрылысын үздіксіз жалғас­тыра беретін елімізде конс­ти­туциялық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету басты ұс­таным са­на­лады. 1993 жы­лы өзін-өзі та­ратқан Қа­зақ КСР Жо­ғарғы Ке­ңесі жаңа Пар­­ламенттің жұмысы бастал­ғанға дейін Президентке заңдар шығару өкілеттігін беру туралы заң қабылдады. Еліміздің тәуелсіздігі жылда­рында өз еркімізбен, өз қалауы­мызбен көптеген талқылаудан, пікір алысудан соң барып 1993 жылғы және 1995 жылғы халық­аралық аренада өз жолымен өр­кендеуге бағыт ұстанған мем­лекетіміздің Конституцияларын қабылдадық. 1995 жылғы Конституцияны қабылдаудың тағы бір себебі – экономикалық қажеттілік еді. 1993 жылғы Конституция бойын­ша жерге жеке меншікке жол берілмейтін. Алайда, тәжірибе көрсеткеніндей, жерді жеке меншікке бермейінше, толыққанды нарықтық қатынастарды дамыту мүмкін емес. Шын мәніне келгенде, өздерінің меншігіне кепілдік берілмейінше отандық өндірісші­леріміз де, шетелдік инвесторлар да капиталдық тәуекелдікке бара алмайды. Жағдаятты басқа арнаға бұру ұмтылыстары байқалды. Қоғамда өріс ала бастаған жіктену тұрақтылыққа, баяндылыққа қауіп төндірді. Сондай-ақ, Қазақстанның жа­ңа Конституциясының қабыл­дануына себептер қатарына аса қажетті болған сот реформаларын жатқызар едім. 1993 жылдың Конс­титуциясы бұрынғы сот жүйесін консервациялап тастады, одан шын мәніндегі тәуелсіз соттың негізі орын таппады. Судьяларды тағайындау тәртібі олардың тәуелсіздігіне кепілдік бере алмады. ҚР Конституциялық сотының қызметі мен құқықтық негіздері де қайтадан қарауды талап етті. Осы органның 1995 жылдың 6 наурызында 13-ші шақырылған ҚР Жоғарғы Кеңесін заңсыз (легитимсіз) деп тапқан шешімі саяси дағдарыстың себеп-салдарына айналды. Жалпы ал­ғанда сол кездегі ғалымдар мен практиктер Конституциялық сот­ты шамадан тыс саяси­ландырып жіберді. Осыдан барып Конс­ти­туциялық сотты Конституция­лық кеңес етіп қайта құрудың қажеттілігі саяси дағдарыстың алдын алу мақсатында жасалған оң шара дер едік. 1993 жылғы Конституция шеше алмаған тағдырлы, ең басты мәселе­лер­дің бірі – жоғары мемлекеттік билік органдарын ұйым­дастыру проблемасы болғаны белгілі. Анығырақ айтсақ, билікті бөлісу принципін жүзеге асыру моде­лінің өтпелі кезең жағдайларына сай келмеуі, билік тармақта­ры­ның конс­титуциялық-құқықтық мәртебелерін анықтаудағы қара­ма-қайшылықтар, мемлекеттік билік органдары арасындағы тар­тыстарды шешудің тетігін жете анықтамау қызмет үй­лесімін тежей бастады. Оның үстіне, жергілікті билік орган­дарының конституциялық негіздерінде де айтарлықтай кемшіліктер мен қарама-қайшылықтар орын алды. 1995 жылғы Конституцияның 18 жоба үлгісі дайындалғанын айтайын. Бұл өте күрделі кезең еді. 13-шақырылған Жоғарғы Ке­ңестің лигитимді еместігі, Үкіметтің отставкаға кетуі, саяси дағдарысты сейілтудің тамаша қадамы ретінде 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, ақы­рында, сол жылғы 29 сәуірде Президенттің өкілеттік мерзімін ұзарту мәселесі бойынша бүкіл­халықтық референдумның өткі­зілуі алдағы Конституция­мыз­дың салмағы мен жүктелер міндеттердің орасандығын айғақтайды. 1995 жылдың шілде айында дайын болған Конституцияның жобасы бүкілхалықтық талқыға ұсынылды. Оған республикалық 53 ұйым мен қоғамдық бірлестіктер қатысып, 678 ұсыныс пен ескертпелер келіп түсті. Жалпы алғанда, елімізде 34459 тал­қылау ұйымдастырылып, 123717 адам сөз алды. Конституциялық комиссия 31886 ұсыныс пен ескертпені мұқият екшеді. Жаңа Конституция тек идеялды құ­қықтық модель, шындыққа сай келмейтін декларациялық құжат емес, заңды түрде шешімін тап­қан нақтылы механизмдер мен институттар ретінде танылды. Қоғамда осы Конституцияның негізінде нақтылы өзгерістер жүзеге асырылып, жемісін төгуде. Сұлтан САРТАЕВ, академик.