Биыл облыста жергілікті жоғары оқу орындарында оқығысы келетін түлектерге 200 грант бөлінді. Мектеп түлектерін ҰБТ-ға қатысуға ынталандыру үшін гранттардың 65-і педагогикалық, 100-і медициналық және 35-і инженерлік-техникалық мамандықтарға арналған.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, қазір бұл мақсатта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Грант тағайындау конкурсында әлеуметтік жағдайы төмен және арнайы топтағы жастар, ауыл мектебін бітіргендер, мүмкіндігі шектеулі жастардың да мүддесі ескерілген. Сондай-ақ мектептерде кең жолақты интернет жылдамдығын арттыруға 184,4 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазір өңірдегі балабақшаларға баратын балаларды қабылдауды жедел жүзеге асыру, 1-сыныпқа келетін оқушыларды электронды жүйе бойынша тіркеу, бірыңғай ақпараттық жүйе, цифрлы білім беру контентін енгізу сияқты жаңашылдықтар жүргізілуде. Сонымен бірге мемлекеттік қызмет барысындағы жұмыстардағы жеделдік, жаңартылған ұлттық білім беру мәліметтер базасын жасау, ұстаздардың бос орны туралы T-hunter мамандандырылған жүйесі, Smart-мектеп, заманауи электронды Teacher office, жедел ақпараттық жүйе және әкімшілік-шаруашылық қызметті жоспарлау сияқты 10 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, ата-аналар онлайн режімінде өтініштерін жолдап, балаларының оқу үлгерімін бақылай алады. Ұлттық білім беру мәліметтер базасында әрбір мектеп бойынша дерек қоры жинақталады. Жоспарланған жобаларды тиісті техникалық жабдықтарсыз жүзеге асыру мүмкін емес.
Бәрі де жақсы-ақ. Бірақ ауыл, аудан орталықтарындағы мектептерде оқушы саны азаюда, керісінше, мұғалім саны көп. Ауылдағы мектепте оқушы жоқ болса, мұғалім кімге сабақ бермек? Ойланарлық мәселе. Жыл сайын облыс орталығындағы педагогикалық колледж бен университет бітірген түлектердің ауыл, қалалардағы мектептерге орналасуы жайында жүргізілетін нақты мәліметтер сызбасы жасалуы қажет. Мысалы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жүзеге асырылған 2009-2015 жылдарда облыс мектептеріне 2770 мұғалім келді. Олар қазір қызмет етіп жүр ме?..
– Математика мен ағылшын тілі пәндері бойынша жағдай белгілі, – дейді облыс әкімі Б.Бақауов. – Кез келген адамның бұл мамандықты алып кетуге мүмкіндігі жетпейді. Ал бастауыш сынып мұғалімдерінің жетіспейтіні түсініксіз. Биыл бастауыш сынып бойынша – 63, математика бойынша – 57 және ағылшын тілінен 50 педагог жетіспейді.
Бұл ретте облыс орталығындағы бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын Б.Ахметов атындағы колледж бен педагогикалық университет басшылығы пән мұғалімдерінің жетіспеуіне талдау жасау керек шығар. Білім басқармасының мәліметінше, қазір облыста 29 мектепті оңтайландыру күтіп тұр. Олардың 11-ін жабу, оқушылар саны 5 балаға жетпейтін 15 мектепті жабу, 18-ін қайта құру да ұсынылды. Облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Бақыт Бексейітова былтыр ауылдардағы 25 мектеп директорының орны бос тұрғанын, мысалы, Жасқайрат, Тегістік ауылдарында, Шарбақты ауданының Шегірен, Володарская, Назаровская, Успен ауданының Қаратай, Ковалевская және Май ауданының Малайсары, Абай мектептерінде директорлар тағайындалмағанын және бұл орындар ұзақ мерзімде бос тұрғанын жеткізді. Мұғалім бар. Бірақ аталған мектептерде бала саны өте аз. Облыста ауылда да, қалада да үш ауысымды мектеп мәселесі мүлде жоқ, өйткені ауылдарда бала саны азайып барады, әр сыныпта 5-6 оқушы, бірді-екілі мұғаліммен қалған. Оқу бітіріп келген жас мұғалима еріксіз қалаға қайтары сөзсіз.
Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың айтуынша, өңірде 96 мыңнан астам оқушы 387 мектепте білім алуда, ал оның 251-і шағын мектептер. Ауыл әкімдері шағын мектептерді сақтап қалуды өтінеді. Қазіргі мәселе – шалғай ауылдардан қатынап оқитын балаларды мектепке жеткізу, 20 шақты оқушысы қалған шағын жабдықталған бастауыш сыныптары бар мектептерді сақтау мен мұғалімдердің еңбекақысын төлеу жайы.
Білім басқармасының мәліметінше, бала санының жетіспеуіне байланысты 13 бастауыш сынып, 2 негізгі мектеп және Шалдай мектеп-интернаты жабылды. Өңірде 251 шағын кешенді мектепте бар-жоғы 16 мыңнан астам оқушы білім алады. Мысалы, Екібастұз қаласының Құрылысшы ауылын- дағы мектепте 2 оқушы оқып, 9 адам жұмыс істесе, Ақсу қаласының Төртқұдық ауылындағы шағын орталықта 3 бала ғана қалғаны анықталған. Сапалы білім, жаһандық жаңашылдық туралы айтудың өзі мұң. Шағын мектептер оқушыларын жинап аудан орталықтарында интернат ашу мәселесі әлі күнге дейін кідіріп тұр. Былтыр өңірдегі аудан орталығы Ақтоғайда ашылған білім берудің жаңашыл үрдістеріне сай жабдықталған, жарқыраған, барлық жағдайы жасалған интернатқа бар-жоғы 9 оқушы ғана келіпті. Шалғай ауылдарда тұратын ата-аналар балаларын интернатқа бергілері келмеген. Ауыл баласының шағын мектептегі білім деңгейі төмен. Ауыл, аудан әкімдіктері шағын мектептер жабылмаудың орнына, балалардың дұрыс білім алуына қолдау жасап, бос қалған ауылдарына оңтүстіктен ел көшірудің тиімді жолдарын ойластырғандары жөн сияқты.
Екібастұз қаласы мен қала аумағындағы ауылдар 129 ұстазға мұқтаж. Басқа да мысалдар жеткілікті. Елімізде қабылданған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқаны осы мысалдан көрінеді. Оқу бітірген мамандар дайын үй мен әкімдіктер ұсынған жеңілдіктер болса ғана ауылға барады.
Екіншіден, өңірдегі мектептерді бітіретін түлектерді ҰБТ-ға қатысуға ынталандыру қажет. Аудан-қала әкімдеріне мектеп түлектерін ҰБТ-ға қатыстыру керектігі үнемі ескертіледі. Өйткені жыл сайын мектеп бітірер кезде ҰБТ-ға қатыспайтын өңір түлектері алыс және жақын шетелдерге оқуға аттанады. Былтыр 11-сыныпты бітіретін өңірдегі 3738 оқушының 2676-сы немесе 71,5 пайызы ғана тестілеуге қатысқан. Негізі, ҰБТ-ны тек қана еліміздің жоғары оқу орындарына түскісі келетін түлектер ғана тапсыруға міндетті делінеді. Мысалы, Успен ауданында былтыр мектеп бітірген түлектердің 52 пайызы ғана ҰБТ-ға қатысқан. Аудан Ресеймен шекаралас болғандықтан, мектеп бітірушілер сол жаққа жол тартатын көрінеді. Облыстағы білім беру саласына бөлінген қаражат 61,6 млрд теңгені құрайды. Өңірде орта білім мазмұнын жаңарту аясында «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымына қарасты педагогикалық шеберлік орталығында 2 мыңдай мұғалім дайындық курсынан өтті. Мұғалімдерге әрбір санат үшін мемлекет тарапынан еңбекақыны арттыру мақсатындағы қаржыландыру қарастырылуда. Санатқа лайық болу үшін атестаттаудан өткізу барысында портфолия түрінде том-том қағаз жинайтын. Енді жаңа технология нәтижесінде ұстаздар жеке куәлігінің көшірмесі мен өтінішін берсе жеткілікті. Ақпаратты ұлттық мәліметтер білім берудің базасынан алады. Бұл қағазбастылықтан арылтады. Жазғы уақытта бастауыш сынып, қазақ тілі және ағылшын тілі, физика, математика, биология, химия, информатика, география, Қазақстан тарихы және дүние жүзі тарихы пәндерінің мұғалімдері біліктілігін арттырды. Бірақ, оның нәтижесі байқалмауда. Осы ретте облыс әкімі мектептегі мұғалімдер іздеуді және оңтүстіктен келетін қоныс аударушылардың отбасылары арқылы мектептегі бала санын толтыру және оларға жағдай жасау бастамасын жедел қолға алуды тапсырды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы