Журналистік жылдарымыздың бедерінде бұл оқиғаны Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова апамыздың шаңырағында отырып естіп едім. Кейін журналистикадағы «жиендер» төмендегі оқиғаны сұхбаттан айна-қатесіз, жолма жол үзіп алып, ешбір сілтемесіз талай жерге жариялап жүрді. Өкінішті.
Өнерге қызмет ету оңай емес... Оның жолына ғұмырын сарп етіп, өмірін садаға еткендер қаншама?!
Хабиба апамыздың естелігі бойынша 1927 жылы Қазақстанның бір топ өнерпаздары Мәскеудегі Ұлттар кеңесінің жиынынан кейін өтетін концертке шақыртылады. Бұл Мәскеуді дүр сілкіндірген қазақ өнері мен әдебиетінің он күндігінен бұрын болған шара.
Қали Байжанов, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Жұмат Шанин, Жанбике Шанина, Қалибек Қуанышбаев, Хабиба Елебекованың туған апасы Дәмила Оңғарбаева, Ғаббас Айтбаев сынды өнер адамдары Мәскеуге кетіп бара жатқанда мынадай оқиға болады. «Жұмат пен Жанбикенің емізулі баласы бар екен. Сол бала жолай өкпесіне суық тиіп ауырып, пойызда қайтыс болады. Енді не істеу керек? Баланың өлгенін білсе, пойыздан түсіріп тастайды. Ал, түсіріп тастаса, концерттен қаласың. Бұл кеңес өкіметінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған заман ғой. Содан не істерлерін білмей, бәрі қатты сасады. Жұмат әйеліне: «Жанбике, баланың өлгенін ешкімге білдіре көрме. Жылама! Не болса да жетейік», дейді. Екі тәулік бойы Жанбике өлген баланы емізген сияқты болып, құшақтап отырады. Мұншама қасіретті көтеруге қаншама күш керек екендігін бастан өткермек түгілі, жәй елестетіп көрудің өзі қорқынышты.
«Сол кезде Мәскеуде түскен суреттерде Құрманбек пен Елубай жоқ. Пойыздан түсе салысымен баланы қоюға алып кетеді. Кейбір жерлерде Жұмат Шаниннің суреті жоқ» деген Елебекова естелігін былай жалғастырды: «Өнер адамының өмірінің қиындығының өзі осында. Халық үшін еңбек етеді. Халықтың айтқан аманатын орындау үшін өмір сүреді. Білмейтін адамдар өнер адамдарының өмірі жеңіл деп есептейді ғой. Ойнап-күліп өмірлерін өткізеді деп ойлайды. Ыстығың 40 градус болып көтеріліп тұрғанда алмастыратын адам болмаса, саған сахнаға шығуға тура келеді. Сахнаға шыққанда жаңағы ауруың қайда кеткенін білмей қаласың. Неге? Халықтың алдындағы жауапкершілік сенің ауруыңнан биік. Өнер өлімнен де биік. Іштен шыққан баланың мәйі- тін екі күн бойы құшақтатып отырғызып қойған да осы. Мысалы, Елубай Өмірзақовтың баласын оң жаққа салып қойып отырғанда Малтабай деген күлдіргі жеңіл рөлді ойнауға тура келгені есімізде. Жүсіпбек Елебековтің, яғни біздің Ардақ деген баламызды жерлеп келген күні оған да концертке шығуға тура келген. Міне, өнер адамының тағдыры осындай».
Азалы күйде сахнаға шықты
Өнер адамының міндеті сахна киесіне адалдық болса, журналистің де жауапкершілігі жеткілікті. Әр оқиғаны ақиқатынан ажыратпай, оқырманға жедел жеткізу парызың. Біраз уақыт бұрын бізге Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының 75 жылдық мерейтойлық сән-салтанатын театр ғимаратының ішінде қалдырып қоймай, қалың оқырманға насихаттау қажет болды. Керемет кеш туралы қанағаттанғандық сезіммен қалам тербей отырып, Майра Мұхамедқызының мықтылығын жазуға тура келген-ді.
Оның тәңірден берілген талантын жұртқа бөлек баяндаудың қажеті тіпті шамалы. Жұма күні ғана әкесін қара жердің қойнына беріп, қара жамылып отырған азалы әнші сенбі күні сахнаға жарқырап шығуға күші жетеді деп театр ұжымы да күтпеген. Жарты жыл бойы бүкіл ұжым болып дайындалған, ұжым болып күткен дәл осы мерейтойда театрдан өзін көргісі келетін қалың көрермені үшін қам көңілін қаза еткен әнші табынуға сөзсіз тұрады. Сильва болып сайраған өнер бұлбұлы осыдан кейін сахнадан көрінбеді. Жауапкершілік дегенді түсінбейтіндер, Майраның жанкешті еңбекқорлығын «өлермендік» деп өзеурейтіндер, талантымен келген табыстарын «пысықтық» деп бағалайтындар бір уақиғаға да өзге қырынан қарауы да әбден кәдік.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ