Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қалыбек Қобландин баспасөз жиынын өткізіп, екі ел арасындағы қатынас төңірегінде әңгіме қозғады.
Елшінің сөзіне сүйенсек, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жол картасы әзірленген. Құжат алдағы 5 жылды қамтиды. Осы бағдарламаның арқасында бірлескен кәсіпорындар ашылып, инвестиция тартудың тетіктері қарастырылады. Қ.Қобландиннің айтуынша, моңғолиялық кәсіпкерлер қазірдің өзінде тау-кен, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында ынтымақтастықты нығайтуға құлшынып отырған көрінеді.
«Моңғолияны біздегі уран және алтын өңдеу саласы, сары ұнтақ жасау технологиясы қызықтырады. Одан бөлек, Қорғас бекетіндегі жұмыстар мен темір жол транзиттік жұмыстарына да ерекше мән беріп отыр», деді Қ.Қобландин.
Елші қарым-қатынасты нығайта түсуге бірқатар мәселелер кедергі келтіріп отырғанын жеткізді. Мәселен, екі ел арасында автобус қатынағанына қарамастан, Ресей аумағынан Моңғолияға баратын жол салынбаған екен. Оның пікірінше, бұл түйткілді шешу үшін тікелей әуе рейсін ашып, тас жол салу қажет.
«Екі ел арасындағы күрделі мәселелердің бірі – көлік және логистикалық байланыс. Осыны шешу мақсатында қазіргі таңда «Астана – Ұлан-Батыр» әуе рейсін ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Биыл бұл жоспар іске асуы тиіс», деді елші.
Сонымен қатар «Өскемен – Баян-Өлгий – Ховд» бағытында аймақтық әуе рейсін ашу бойынша келіссөздер жүріп жатқанын атап өтті. Елшінің пікірінше, бұл мәселе таяуда шешімін табуы тиіс.
Қазіргі таңда Моңғолияға апаратын жолдар Ресей аумағынан өтеді. Сондай-ақ «Астана – Өлгей», «Алматы – Өлгей» бағытында автобустар қатынайды. Бұдан бөлек, 300 шақырымды құрайтын «Өскемен – Риддер – Ташанта» қысқа жолмен де қатынауға болады. Қазақстан тарапы бұл бағыттағы жол құрылысының өзіне қарасты бөлігін аяқтап қойған. Тек Ресей өзіне қарасты жол құрылысын аяқтамай отыр.
Бұдан бөлек, ол Моңғолиядағы мал шаруашылығының жайына да тоқталды. Оның айтуынша, елдегі мал басы халықтан жиырма есе көп. Мәселен, халықтың саны 3,2 миллион болса, жылқы басы 4 миллионға жеткен. Қамбар ата түлігі елдегі мал санының 5,9 пайызын ғана құрайды екен.
Ресми мәліметке сәйкес, Моңғолияда қой мен ешкінің басы 57 миллионнан асады. Сиыр мен қодас 4,4 миллионға жақындаған. Жалпы, халқының үштен бірі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Әйтсе де, мал санының көп болуы салдарынан жайылымдық жерлер жетіспей жатқан көрінеді.
«Қазіргі таңда мал басының жалпы саны 66,2 миллионды құрайды. Биыл көктемде бұл көрсеткіш 70 миллионнан асады деген болжам бар. Осыған қарамастан, ет өнімдерін экспортқа шығару басты мәселеге айналып отыр. Әйтсе де, ол үшін малды асылдандыру қажет, санитарлық-эпидемиология саласында бірқатар түйткілдер шешілуі тиіс. Кейінгі жылдары Моңғолияда жайылым жерлерінің тапшылығы туындай бастады», деді Қ.Қобландин.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»