Біздің кейіпкеріміз Қаратайды Қаратай еткен де – Анна-Лиза ханымның алғаусыз көңілі, селкеусіз сезімі, кіршіксіз махаббаты! Ең бастысы, өз заманының азабы мен тозағын қатар көтеріп, бірге тартқан, шырмауықтай шырмаған мынау қу тірліктің дауылы мен жауынынан қол ұстасып бірге өткен қос мұңлықтың ішкі күш-қуатының беріктігі, рухының биіктігі деп білеміз.
Албыраған ақша бет, торғындай үлбіреген Анна-Лиза Лиуконнен ұлты жағынан финнің қызы екен. Ленинградтың терістік жағында, Финляндия шекарасы түбінде туып, сол өңірде ержетіпті, бой түзепті.
Ол Қазақстанның оңтүстігіне жазықсыз ұсталып кеткен сүйген жарын іздеп отызыншы жылдары келеді. Соның алдында НКВД-ның жай соққызып, жасын ойнатқан қанды шешімімен осы жаққа 6300 адам жер аударылған екен. Сол көптің арасында Анна-Лизаның құдай қосқан қосағы да қосақталып кете барыпты.
Анна-Лиза жолай нелер бір азап шегіп, арып-ашып оңтүстікке келгенімен – күйеуін іздеп табу, онымен кездесу кезегін күту – машақаты шаш-етектен шаруа, сарсылған бос әрекет болады. Іздегені бір аптаның, тіпті бірер айдың ішінде де шешілмей босқа сенделтеді, қатты қинайды. Амалы таусылған қамкөңіл келіншек Мақтаарал мектебіне мұғалім болып жұмысқа кіреді. Күндіз ауыл балаларын оқытып, міндетті қызметін істей жүріп, кеш түсе түрлі мекемелерге хат жазады, сұрау салып күйеуін іздеуін тоқтатпайды. Ақыры, дегеніне жетеді, күйеуінің бір дерегін табады ғой... Тапқаннан не пайда, сорлы күйеуі қара ниет, қанды қол жендеттердің қорлығынан денсаулығынан айырылып, ұзақ бейнеттеніп, осыдан біраз уақыт бұрын түрмеде көз жұмыпты.
Мұндай қаралы хабардан асқан қасірет болсын ба! Жас жесір қайғымен қан жұтып, адасып айдалада қалғандай күйге түседі. Сүйгенінен айырылып, көр азабын тірідей тартқан ол жиынып-терініп қайтадан Ленинградқа қайтады. Апта жүріп бұл қалаға келгенімен, одан бетер көп машақат көреді. Бірін бірі аңдыған, біреуден біреу үріккен кер заманда «халық жауының» әйелінен бәрі теріс айналады, тіпті қара жұмысқа да алмай қояды.
Содан... қоштасарда оңтүстік қазақтарының «бізде мұғалім жетіспейді, қалсаңшы осында?» деп қиыла сұраған өтініші есіне түседі. Орыс елінен көңілі қайтып, жүрегі шайлыққан Анна-Лиза Лиуконнен титтей Иринасын қолына алады да, апта жүріп, ай жүріп, тағдырдың жазуымен тағы да Мақтааралға қайтып келеді.
Осы күннен фин қызының қалың қазақ арасындағы жаңа өмірі басталады. Жас жесір иықтан масылдай басқан қайғыны қайратына жеңдіреді. Онсыз да жетісіп отырмаған қазақтармен ашыққан күндерді, қаралы жылдар мен азалы айларды бастан бірге өткереді. Солармен бірге замана талқысына шыдас беріп, тіршілік үшін күресін жалғайды.
* * *
Тағдырдың жазуын қараңызшы... Дәл осы 1937 жылдың ақпан айында Мақтааралдың ауылшаруашылық мектебіне тағы бір мұғалім жолдамамен келеді. Ол мұғалім – күрең жүзін күн қаққан біздің келесі кейіпкеріміз Қаратай Көшкінов болатын.
Ол кезде Қаратай ағамыз сәмбідей сымбатты, оқыған-тоқығаны мол, тепсе темір үзгендей таразы жігіт екен. Қарекең Анна-Лизамен мектептің дәлізінде оқыс ұшырасып қалады. Мектептегі бірер сары орысты санамағанда, бірөңкей қараторы қазақ пен өзбектің арасынан ақша қардай аппақ, сүйріктей сұлуды кездестіргеніне жас жігіт қайран қалады.
Сөздері келісіп, әңгімелері жарасқанымен, фин сұлуы тартыншақтап бірден ыңғай бермейді. Біраз уақыт бойын аулақ салып, қашқақтап жүреді. Оның себебі де бар болатын... Келіншек болса қапалы қайғы арқалаған «халық жауының» жары. Қаратай – оң мен солын енді танып жатқан аңқылдаған жас ұлан. Болашағынан үміт күттірген жалын жүрек жақсы азамат. Қаңғырып келген бұл келіншектің ондай жігітке бәлесі жұғып, кесірі тиюі әбден мүмкін еді ғой!
Осы күдігін айтқанда – Қаратай ағамыз нағыз намысшыл ер жігітке тән серілік пен өрліктің үлгісін танытыпты... Енді ештеңеден тайынбай, бұдан былай басқа түскен тауқыметті Лизамен бірге тартатынын айтып, серт береді.
Фин қызы осылайша жетпесті жеткізіп, жалғанбасты жалғай білген қазақ жұртының қасиеті мен кепиетін таниды. Арада жыбыр-жыбыр жылжып жылдар өтіп жатады. Жас отбасы сыздықтап түтінін түтетіп, қоңырқай тірлігімен ел қатарына іліге бастайды.
* * *
1940 жылы Шымкенттегі совет-партия мектебінің оқытушысы Қаратай Көшкінов Қызыл әскер қатарына шақырылады. Артынша алапат соғыс басталып, Қарекең де үшінші ұрыста қатты жараланады. Госпитальға түсіп, ұзақ емделген соң, 1942 жылдың соңында ақсаңдап ауылға келеді.
Келген бойда жергілікті билік жаралы солдатқа Сайрам ауылшаруашылық мектебін басқаруды тапсырады. Арада алты жыл өткенде ол Сайрам аудандық партия комитетіне ауысып, ауыл шаруашылығы бөлімін басқарады. Оның ұйымдастырушылық таланты дәл осы қызметте барынша ашылыпты. Жанын салып Қарекең бұл қызметті 1949 жылдың сәуір айына дейін атқарады. Сол жылы оны қиян шеттегі, ит өлген алыстағы Созаққа МТС ұйымдастыруға жібереді.
* * *
Табиғатынан талғампаз, талапшыл Қаратай алуан техникалармен жарақтап, өзіне тапсырылған машина-трактор стансасын бірер жылдың ішінде заманға сай жарқырата жаңартады. Қарекеңнің қадірін білетін облыс басшылығы артынша оны Энгельс атындағы совхозға директорлыққа тағайындайды. Көп ұзамай жас маман Калинин атындағы қаракөл терісін өндіретін жаңа совхозды ұйымдастыруға жіберіледі.
Мінеки, Қаратай Көшкінов осы Калинин атындағы қаракөл совхозын табан аудармай, Бетбақтың долы бетінде, құмды дауылдың өтінде жүріп, 35 жыл басқарыпты. Бұл жағдай сол заманда қазақ ізденсе – Гиннес кітабына кіретін рекордтық көрсеткіш деседі.
Барды бағамдап, баяндыны бағалай білген директор осы жылдар ішінде совхозды республикамыздың қаракөл терісін өндіретін іргелі шаруашылығына айналдырады. Ел жетпеген ерен жетістіктерге қол жеткізеді, сөйтіп өзі де жоталанып, абырой биігіне көтеріледі. Соның арқасында шаңырақтары берекеге толады, өздері отбасылық бақыттың кемелінде шалқиды.
* * *
Қаратай Көшкінов Жер-анадан қуат алған нағыз істің адамы болыпты. Жерлестері Қарекеңнің аттан түскенін көрмесе керек. Жайылымды да, қыстақтардың қысқы дайындығын да өз көзімен көріп, өзі тексеріп, жем-шөптің де уақытында жеткізіліп тұруын өзі қадағалап отырады. Совхоздың өркендеп нығаюына, оның жаңа техникамен жабдықталуына, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жақсаруына да зор мән береді. Қатал қысқа қосыла құтырған қасқырға қарсы амал-шарғыны да директор өзі ұйымдастырып жүріпті.
Совхоз жұмысшыларының білікті басшымен бірге еткен еңбектері еш кетпейді, біртіндеп жемісін де, жеңісін де беріп жатады. 1957 жылы Көшкінов бастаған Шымкент облысының озаттары Мәскеуге, Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) шақырылады. Қарекең ауылға көрменің Алтын медалімен оралады.
Бұл – шаруашылықтың рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, 100 саулықтан 120-дан қозы алып, мерейлері үстем болып тұрған жылдар болатын. Совхозда жоспарлы түрде селекциялық жұмыстар жүргізіліп, ғылыми-зерттеулер жасалынатын. Сондай-ақ шөл мен шөлейт аймақтардың қытымыр ауа райына, жұтаң жайылымына бейімделген, бұйра жүн, түсі жылтыраған тері алу міндеті қойылған-ды. Қысқасы, алға қойылған мемлекеттің жоспарын орындау – парыз, оны асыра орындау – намыс, бұларға қоса тері сапасының жоғары болуы – абырой.
Осылайша Қарекең басқарған совхоздың атақ-даңқы бүкіл республикаға жайылып, ол шын мәнінде ауыл шаруашылығына кадр дайындаудың үлгілі мектебіне айналады. Бұл совхозда зоотехник, малдәрігері, агроном, инженер болып қызмет жасаған азаматтардың көбісі, яғни Көшкіновтің шәкірттері кейін өздері де бір-бір шаруашылыққа жетекшілік жасап кетеді. Совхоз директорлары болады, түрлі басқармаларға тағайындалады, аудан басқарады.
Қызығынан гөрі қиындығы басым, қуанышынан гөрі қыжылы көбірек осынау жылдардың еншісін бірге бөлісіп, Қарекеңнің қасында табан аудармай сүйген қосағы Анна-Лиза жүреді.
* * *
Атқарған ардақты ісі, ерен еңбегі, қаражон азаматтық ерлігі Қаратай Көшкіновті елі мен жұртының шексіз алғысына бөлейді. Ол кісінің атына қарапайым еңбек адамдарынан бастап, қатар қызмет жасаған әріптестері, дос-жарандары, лауазымды азаматтарға дейін жазған бума-бума хаттар әлі күнге сақтаулы екен. Солардың бірін 1997 жылы 25 қазанда Созақ ауданының әкімі Қуаныш Айтаханов жазыпты: «Аса қадірлі Қареке! – деп басталыпты әкімнің жылы хаты. – Асқар таудың биіктігі алыстаған сайын асқақтай түсетініндей, Сіздей қадірлі азаматын, бүгінгі ел ағасын Созақ жұртшылығы айрықша құрметтейді, ардақ тұтады... Созақ ауданына сонау соғыстан соңғы қиын кезеңде, 1946 жылы отыздың ішіндегі жігіт шағыңызда келіп, өзіңіздің іскерлігіңіз, біліктілігіңіз, ең бастысы, биік адамгершілік қасиетіңізбен елдің аса сүйікті, қадірменді азаматы атанып, 50 жыл адал қызмет атқардыңыз. Сіздің елге сіңірген ерен еңбегіңіз ескеріліп, Созақ ауданының құрметті азаматы атандыңыз. Үкіметтің ең жоғары наградасы Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталдыңыз. Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайландыңыз, көптеген мақтау грамоталарын иелендіңіз... Қадірлі Қареке, сізді Созақ ауданының әрбір азаматы, әрбір отбасы жақсы біледі, қадір тұтады. Жастар өмір жолыңызды үлгі етіп, сіздей атақты ел азаматы болуды армандайды».
Әкімнің осы бір жүрекжарды сөздерінде ресмиліктің иісі де жоқ. Інінің аға алдында иілген адал көңілін көреміз, ел-жұртының абыз ақсақалға ыстық ықыласын жеткізгенін байқаймыз.
«Он – лишь один из когорты достойных представителей того поколения, на чью долю выпало суровое время испытаний и которые ничем не запятнали своей чести, выдержали все невзгоды, проявляя терпение, упорство, деловитость. Сделали много полезного для материального и духовного подъема нации, а затем передали эстафету новому поколению, наказав жить достойно, трудиться на благо независимого Казахстана. Они верили, что следующие поколения так же будут следовать традициям Великой степи, не забудут прошлое станет основой процветания будущего поколения» – деп жазыпты журналист Ирина Притула Қарекең туралы мақаласында.
Иә, Қаратай Көшкінов шын мәнінде өз заманы тудырған кесек тұлға еді. Бүгінгі таңда ол кісінің есімін елінің ардақтап, ұрпаққа ұлағат ретінде ұсынып, лайықты құрмет пен сүйіспеншілікке бөлеуі соның дәлелі.
Ел қамын күйттеген әрбір ер адамның отбасының шамын жағып, түтінін түтетер жан жары болғаны ләзім. Қарекеңнің отын маздатып, отбасын уыздай ұйытып отырған Анна-Лиза әлгіндей адал жардың бірі бола білді. Баяғы талдырмаш фин қызы мектепте қызмет жасай жүріп, қорадағы сиырын да сауды, тандырдағы нанын да жапты, сабылып келіп жататын қонағын да күтті. Қарекең күнді түнге жалғап, қоғам жұмысынан бас көтере алмағандықтан үйдегі балалардың тәрбиесі де әйелінің мойнында болды. Сөйтіп үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелентіп отырған еңбекқор Анна-Лиза ақыр соңында ауыл-аймақтың абыз анасына айналады.
* * *
Қатал тағдыр сынынан қайыспаған Анна-Лиза мен қарағайдай азамат Қаратай Көшкіновтің бары да, байлығы да әрине, балалары, өмірлерін жалғастырған ұрпағы. Шүкір, олар бесеу болды: Ирина, Дәулен, Зина, Шолпан, Уәлихан. Қай-қайсысы да ізденгіш, зерек болып өсті. Қуаныштысы – бәрі де тәрбиелі, білім көкжиектері өрісті боп ержетті.
Баяғы тұқыл үй, тоқал тамнан тұратын қараша ауыл қаншалықты көркейіп жатыр десе де, бет-бейнесі көп өзгермеген. Қонақүй деген атымен болмайтын. Бұл жаққа ат басын бұрған жолаушының барлығының түсері – Қарекеңнің шаңырағы еді. Әйтеуір үйден мейман үзілмейтін. Қабағы ашық отанасы болмаса – еркектің үйіне жан баласы бас сұқпасы белгілі. Қашанда дастарқаны жаюлы, ілтипаты ортаймаған, құрметі мен сыйластығы жарасқан, сүттей ұйыған отбасына келген қонақтар әрдайым риза боп аттанатын.
Қарекең мен Анна-Лиза қайрылуға мұрша бермес қарбалас заманда 60 жылдан астам ынтымақпен өмір сүреді. Ақыры, екеуі де қариялық жасқа жетіп, немере-шөбере сүйіп, бала-шағасының ортасында ілгерінді-кейінді бұл дүниеден өтеді.
* * *
Тәубе дейік, бір кездегі қылышынан қан тамған коммунистік режім құлады. Бас көтергеннің басын алған, есті жанның бәріне жала жапқан, «халық жауы» деп қара жаққан қандықол империя күйреді. Қазақ елі бабалар аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Сол кезде ғана Анна-Лиза Лиукконеннің туған елі Финляндия жаққа барып қайтуына мүмкіндік туады.
Алыста қалған анау бір жылдары ол күйеуінің соңынан жас сәбиін көтеріп елден кеткен өндірдей жас келіншек еді. Енді, мінеки, әлдеқашан о дүниелік болған әкесі мен анасының, бауырларының, басқа да туған-туыстарының зираты басына кейуана қария кейпінде келіп тұр. Арада жылдар емес, зымырап ғасырлар өтіп кеткендей. Ғасырға пара-пар ол жылдардың жүгі уақытпен емес, көрген қиындықпен, бастан өткерген тауқыметпен өлшенетінін қазақтың қарт анасы Анна-Лиза Лиуконнен сонда сезген. Туған елінен айырылған, туған жерінен қуылған абзал ана тағы не ойлады екен? Бұл жағы біз үшін тіл жеткісіз тұңғиық сыр. Оны тек ана жүрегі ғана біледі.
Қазақта «қыз – жат жұрттық» деп жатады. Содан да болар, жат жұртта жүрген әйел баласының бойында елге деген сүйіспеншілік, туған жерге деген іңкәрлік, сағыныш ер адамдарға қарағанда күштірек болатын сияқты. Адамға запыран құстырған мұндай сағыныш ешқашан басылмайды, ғұмыры ортаймайды, сағымдай бұлдырап тұйығына жеткізбейді. Сол сартап сезім, іңгәлаған әлгіндей іңкәрлік – жүрек түбінде мәңгі бұғып жата береді. Ал әйел затының отбасы қай жерде болса, Отаны да сол жерде екені белгілі... Кейде бұл әділетсіздік сияқты көрінетіні де рас. Бірақ әйел атты құдірет – Ана болмаса, әйел атты құдірет – Жар болмаса, ер жігіт ата-бабадан аманат болған елдік қамды да ойлай алмас еді-ау! Біздің кейіпкеріміз Қаратайды Қаратай еткен де – Анна-Лиза ханымның алғаусыз көңілі, селкеусіз сезімі, кіршіксіз махаббаты! Ең бастысы, өз заманының азабы мен тозағын қатар көтеріп, бірге тартқан, шырмауықтай шырмаған мынау қу тірліктің дауылы мен жауынынан қол ұстасып бірге өткен қос мұңлықтың ішкі күш-қуатының беріктігі, рухының биіктігі деп білеміз.
Бүгінгі ұрпақтың есінде жүрсін деген оймен, жастарға ғибрат болар өнегелі өмір ретінде осы жағдаятты сөз еттік.
Әлібек АСҚАРОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері