Адам баласы жүз жасаған адамды әрқашанда қастерлеп, құрметтеп, оның өнегесіне, өткен-кеткен өміріне терең үңіліп, құпиясының сырын да білуге ұмтылып жатады. Бүгінде елімізде жүз жасаған жандар көп емес. Сол себепті ғасыр жасаған ата-әжелеріміздің аузынан өткен өмір жайлы небір әңгімелерді естіп, батасын да алғымыз келіп отыратынымыз заңды құбылыс екені рас. Олардың талай кезеңдерді бастан кешірген өткен өмірі тарих үшін де, адам үшін де мәні зор болып қала береді.
Сондай ғасыр жасаған жандардың бірі, бүгінде 101 жасқа жеткен Мариям Ивановна Жайлаубаеваның өмірі де небір қилы тағдырларға толы. Ұлты орыс болса да бүкіл өмірі қазақтың қарапайым келіні болып өтті. Ол көп балалы ана, немере, шөбере сүйген қадірлі әже атанды.
– Анамыздың төлқұжатында туған жылы 1917 жылғы 1 қаңтар деп жазылған. Өткен жылы қаңтарда анамыздың 100 жасқа келгенін тойладық, – дейді қызы Қарашаш.
Сонау 1935-36 жылдары Көкшетау өңірінің Ульянов колхозындағы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Әлжан ауылы,) қарапайым шаруа баласы Жаңабай Жайлаубаев әскери борышын өтеуге аттанады, Ресейдің Сібір аймағында қызметін атқарады. Сонда жүріп, фельдшер болып жұмыс істейтін Марияммен танысады. Ширақ та орысша білетін сымбатты қазақ жігіті Жаңабай мен Мариям арасында махаббат сезімі туып, бірін-бірі жақсы көріп қалады. Мариям жетім өскен екен. Жаңабай ауылдағы әке-шешесіне хат жазып үйленуге рұқсат сұрайды. Мұндайды кім көрген ол уақытта. Бастапқыда шошыса да, бұл мәселенің шешілуіне сол кезде колхоздың басқарушысы болған, елге сыйлы, оқыған туған ағасы Боранбай өзі араласып, бәрін көндіріп, рұқсатын беріп хат жазады. Сөйтіп Мариям таза қазақтар ғана тұратын Сәберлі ауылына (ол кезде ескіше солай атаған) келін болып түседі. Сәберлі мен Заря ауылы арасында (арасы 4-5 шақырым) фельдшер болып жұмыс істейді, «дәрігер қыз» атанады. Екі ауыл ортасында, одан қала берді 15-20 шақырымдағы Лобанова мен Шалқар ауылдары арасында жаяулап жүріп-ақ жұмысын адал атқарады. Қиын жылдарда тіпті Көкшетауға дейін жаяу-жалпылап барған кездері болыпты. Ауылдың бүкіл жұмысына араласады, қолмен егін егіп, бастырып, мал да бақты. Жолдасы Жаңабай мен оның ағасы Боранбай (соғыста қаза тапқан) майданға аттанады. Жаңабай соғыста басынан аяғына дейін батыстан бастап Қиыр Шығыста болып, жапон соғысына қатысып, 1946 жылы елге оралады. Ауылдағы еңбекке араласады. 1980 жылдардың ортасында өмірден озды.
Мариям апай тоғыз құрсақ көтеріп, оларды аман-есен жеткізді. Бүгінде үлкен қызының өзі 80 жастан асты. Әрине, олардың арасында бұл өмірден қайтқан ұл-қыздары да бар. Мұның бәрі Мариям әжейге оңайға түскен жоқ. Өзін балаларының алдында алса екен деген оймен әлі өмір сүріп келеді. Мариям апай бүгінде кіші қызы Қарашаштың қолында, Зеренді ауданындағы Қызыл кардон ауылында тұрып жатыр. Өткен жылдарға дейін өзі жүріп-тұрып келсе, бүгінде балаларының көмегіне сүйенеді. Көзі көреді, құлағы айтқанды естіп, сұрағаныңа жауап береді. Өткен-кеткен өмірінен сыр шертеді. Мұсылманша дұғасын оқып, батасын беріп, қазақи салт-дәстүрмен ғұмыр кешті. Сөйлегенде бәрін бәз-баяғы қазақтың тілімен мақал-мәтелдетіп жеткізеді, жарықтық. Жайлап сұрап отырсаң баяғы көзін көрген талай адамдар, замандастары мен құрбы-құрдастары туралы да естеліктер айтып береді. Қазіргі таңда Көкшетау өңірінде тұратын ұл-қыздарының бәрі де сол Әлжан ауылында қазақша оқып ержетті. Бүгінде олардан тараған шөберелерімен қатар шөпшектерінің де алдын көрді.
– Е, айналайындар, біз не көрмедік дейсің. Мен өзім жас кезімнен жетімдіктен бастап, аштық пен жоқшылықтың, қайғы мен қасіреттің талайын көрдім ғой. Елге адал еңбек етіп, балаларыма жоқшылықты көрсетпедім. Кейін заман оңалып, балаларымның да қызығын көрдім. Талай жақсылар мен жамандық жасағандарды да көрдім. Жаяу-жалпылап, фельдшер-дәрігер бола жүріп, ауылдағы шаруашылық жұмыстарының бәрін істедік. Бүгінгі заман жақсы ғой. Енді тек балаларымның, елдің амандығын тілеп жатамын. Алла еш жамандық көрсетпесін, – деп ақ батасын берді жүзден асқан Мариям апай.
Ақбота КҮЗЕКБАЙ
Астана