• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2011

Қашаған кеніші – Қазақстан мақтанышы

728 рет
көрсетілді

Каспий теңізінен алғаш рет мұнай өндіру әлемдік жеті компанияның  бірлесуімен  келер жылдың соңына таман басталады «Біз 2012 жылдың аяғында Қашаған кенішінен бірінші мұнайды алу алдында тұрмыз. Мұндағы мұнайдың болжамды қоры 10 миллиард тоннаны құ­рай­ды, ал газ – 1 триллион текше метр­ге жетеді. Бірінші сатыда мұнда жылына 50 миллион тонна мұнай өн­діріледі.  2018-2019  жыл­дарға қарай, екін­ші кезеңде  жылы­на 75 миллион тон­наға дейін жетеді. Сол кезде Қа­зақстан әлемнің ірі  мұнай экспорт­таушыларының бестігі қатарына кіреді...»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

16 қыркүйек 2011 жыл.   Каспийдегі кен орындары Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы алғашқы сейсмикалық барлау 1993 жылдан бастау алады. Теңіз табанына алғашқы бұрғы ұшы 1999 жылдың 12 тамызында салынды. Сол кездегі ОКИОК компаниясы Қашаған кенішін бұрғылау мақсатымен «Сұңқар» жылжымалы бұрғылау қондырғысын Ресейдің Астрахань қаласында құрастырып еді. Содан кейін бір жылға жуық мерзім өткенде,  яғни 2000 жылдың маусымында Қашаған кенішінде мол мұнайдың көзі табылғаны  жария етілді. Демек, Қашаған кенішін жаңа мыңжылдықта ашылды деуге әбден болады.  Сол кездің өзінде мұнда мол мұнайдың белгілері анықталып еді. Басқаша бейнелеп айтқанда, бұл кеніш теңіз табанында тұнған мол мұнайдың бастауы болғаны даусыз. Бұдан кейін Қаламқас (қыркүйек, 2002 ж.), Оңтүстік-батыс Қашаған (тамыз, 2003 ж.), Ақтоты (қыркүйек 2003 ж.) және Қайраң (қыркүйек 2003 ж.) кен орындары ашылды. Кен орнын игеру үшін бірыңғай компания жауап беруі тиіс деген шешім қабылданып, 2001 жылы «Эни» компаниясы оператор болып танылды. Осы мақсатта «Аджип ҚКО» атты операциялық компания құрылды. Кен орнын бағалау жөніндегі кейінгі жұмыстар нәтижесінде 2002 жылғы маусымда Қашағанның коммерциялық ашылуы туралы жарияланды. Осындай ауқымды жобаны тиімді басқару мақсатындағы операциялық үлгі  негізінде 2009 жылғы 22 қаңтарда «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (НКОК) компаниясы СКӨБК шеңберіндегі жобаның операторлығына таңдалды. Сөйтіп, бұрын «Аджип ҚКО» орындаған міндеттерді өз мойнына алды. Дерек пен дәйек * Жоба консорциумының серіктестері – «ҚазМұнайГаз»(16,81%), «Эни»(16,81%), «ЭксонМобиль»(16,81%), «Шелл»(16,81%), «Тоталь»(16,81%), «КонокоФиллипс»(8,40%), «ИНПЕКС»(7,56%). * Қашаған кеніші Атырау қаласынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан. * Кеніштің болжамды қоры – 10 миллиард тонна мұнай,1 триллион текше метр газ. * 1999 жылдан бері Қашағанда  220 мың метр тереңдік бұрғыланды. * Қашағанда 21 ұңғыма мұнай өндіруге дайын. * Бір ұңғыманың орташа тереңдігі –4000-4500 метр. * Ұңғыма сағасындағы қысым 850 атмосфераға жетеді, күкірттілігі  20 пайыздан астам. * Қашағаннан алғашқы сатыда жылына 50 миллион тонна, 2018-2019 жылға қарай жылына  75 миллион тонна мұнай өндіріледі. * Сол кезде Қазақстан әлемдегі мұнай экспорттаушы 5 елдің қатарына кіреді. * Солтүстік Каспий жобасына 25 мың қазақстандық жұмысқа тартылған. * Қашаған кенішін игеру жобасына салынған инвестиция –33 миллиард АҚШ доллары. * 2005 жылдан бері Қашаған кенішін игеруде сатып алынған қазақстандық тауарлар мен қызметтер 7,5 миллиард долларға жетті.  * Жобаға қазақстандық 2000 компания  өз тауарларын жеткізіп, қызметтерін ұсынады. * 1998-2010  жылдары Атырау пен Маңғыстау облыстарында 215 миллион доллардың 136 әлеуметтік жобасы іске асырылды. * Соңғы екі жылда Атырау облысында әр түрлі 90 жоба жүзеге асты. * Қазір 43 жоба іске асырылуда, мұның 22-сі Атырау облысында.   Қашағанның ерекшелігі қандай? Біріншіден, Қашаған –Қазақстанның Каспий теңізінде игеретін тұңғыш кеніші. Бұл осыдан 40 жыл бұрын Аляскада табылған Прудхо-Бей кен орнынан кейінгі ең ауқымды ашылым болуымен де әлем назарын аударып отыр.   Кен орнының коллекторы теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр. Кен орнындағы қысым да өте жоғары дейді мамандар.  Кеніштегі мұнай парафинді болып келеді. Мұнай құрамында күкіртті газ да көп, ал күкіртті сутек (H2S) 15 пайызға тең. Кенішті  кезеңмен игеру жұмыстары алдымен,  алаңның шығысынан бастау алып, орта тұсына ойысады. Кейінгі игеру жұмыстары батыс жағында шоғырланатын болады. Мұндағы мол мұнайдың болжамды қоры 10 миллиард тоннаны құрайды. Сонымен бірге кеніштің қойнауында 1 триллион текше метр шамасында газ қоры да бар. Екіншіден, Қашағанда 1999 жылдан бері 220 мың метр тереңдікке бұрғы ұшы бойлапты. Кеніште бұрғыланған 41 ұңғыманың 20-сы бағалау, 24-і пайдалану мақсатын көздейді. Әр ұңғыманың орташа тереңдігі 4000-4500 метрге дейін жеткен. Қашағанды ерекшелейтін және бір дерекке көңіл аударсақ, осы кеніштегі жұмыстарға 33 миллиард долларлық инвестиция салыныпты. 2005 жылдан бері осы инвестицияның 7,5 миллиард доллары қазақстандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге төленген. Үшіншіден, Қашағаннан «қара алтын» селін тасытатын күн жақындады. Нақтылап айтқанда, 2012 жылдың аяғында Қашағаннан алғашқы мұнай алына бастайды. Бастапқы тәжірибелік-өнеркәсіптік кезеңде жылына 50 миллион тонна мұнай өндіру көзделіп отыр.  Осы кезде мұнда мұнай өндірудің көлемі тәулігіне 370 000 баррель құрайтын болады. Кейін «қара алтын» өндіру тәулігіне 450 000 баррельге дейін ұлғаяды. Ал 2018-2019 жылдарға қарай, яғни, кенішті игерудің келесі кезеңінде жылына 75 миллион тоннаға дейін өнім өндіріле бастайды.   Айдын төріндегі аралдар Теңізде, не мұхитта табиғи аралдар болуы мүмкін. Ал жасанды арал дегенді естігеніңіз бар ма? Каспий теңізінің қазақстандық секторынан мұнай селін тасытуға қам жасап жатқан оператор және агент-компаниялар Қашаған кенішінде бір емес, бірнеше жасанды арал тұрғызды. Соның бірі – «D» аралы. Мұнда өнеркәсіптік, тұрмыстық  мақсаттағы 41 түрлі нысан салынған. Қазір аралда 6000-нан астам адам еңбек етеді. Теңіздегі жұмыстарға 82 компания мердігерлікке тартылыпты. Ал аралды тұрғызу үшін Маңғыстау өңірінен 13 миллион тонна тас,  130 тонна металл құрастырмалары, 65 мың тонна темірбетон жеткізіліпті. Жаңбыр, ағын сулар секілді түрлі сұйықтарды жинап алатын қорғаныш геомембраналары орнатылған. Теңіздегі жұмыстарға  қажетті сан алуан модульдер Ұлыбританияда, Дубайда, Мальтада, Норвегия мен Ресейде құрастырылыпты. Еділ-Дон каналынан өте алатындай көлемдегі 14 модуль Атырау облысына   су жолымен тасымалданған. «D» аралында апаттық құтқарушы мұзжарғыш кемелер (АҚМК) флоты бар. Бұл апаттық құтқарушы мұзжарғыш кемелердің әлемде теңдесі жоқ. Олар Қашаған жобасына арналып жасалған. Апаттық жағдай орын алғанда әрбір кеме кез келген ауа-райында 340 адамға дейін көшіре алады. Кеменің қуатты қозғалтқыштары қалыңдығы бір метрден асатын мұзды жарып өтуге мүмкіндік береді. Солтүстік Каспий немесе қазақстандық сектор туралы не білеміз? Алдымен, Каспий теңізі жөнінде аз-кем дерек. Бұл –дүние жүзіндегі ең ірі тұйық су қоймасы. Теңіздің ұзындығы  1 200  шақырымға созылады екен. Орташа ені 280 шақырым, су бетінің ауданы  393 000 шаршы шақырымға дейін жетеді. Теңіздің 5 360 шақырымдық жағалауында бес мемлекет –Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түркіменстан бар. Солтүстік Каспий жобасының операторы –НКОК компаниясы ұсынған мәліметке сүйенсек, Каспий теңізі су тереңдігіне байланысты  үш аймаққа бөлінеді. Ең терең тұсына Оңтүстік бөлігі жатады. Ал, тереңдігі орташа тұсы Ортаңғы Каспий аталса,  тайыз бөлігі Солтүстік Каспийдің еншісіне тиеді. Міне, осы Солтүстік Каспий Қазақстан аумағына жатады. Жалпы теңіздің төрттен бір бөлігін алып жатқан Солтүстік Каспийдің   тереңдігі шамамен 3-6 метр, бұл жерде жалпы теңіз су көлемінің бір пайыздан азы орналасқан. Каспий теңізінің ортаңғы аймағындағы орташа су тереңдігі 190 метрді құрайды, ал оңтүстік аймағы ең терең болып саналады және ондағы судың тереңдігі 1 000 метрден асады. Каспий теңізіне 130-дан астам өзен ағып құйылады, солардың қатарында Еділ өзені мен Жайық өзені де бар. Бұл өзендер географиялық орналасуына байланысты Солтүстік Каспийге құяды. Еуропадағы ең ұзын (3 700 км) өзендердің біріне жататын Еділге Еуропаның құрлық аймағының 20 пайызынан су ағады екен. Бұл өз кезегінде  Каспий теңізіне келетін тұщы судың 80 пайызын қамтиды. Су құрамындағы тұздың аздығы, тайыз су және субарктикалық температураның қыс айларында -30С градусқа  төмендеуі Солтүстік Каспийдің қыста 5 айға дейін мұз құрсануына әсер етеді. Бұл аймақта қатты жел тұрып, үлкен төмпешіктерді құрайтын жылжымалы мұздар қалыптасады.   Агенттер бөліскен міндеттер Осынау ауқымды әрі күрделі жобаны басқару мақсатында енгізілген жаңашыл операциялық үлгіге сәйкес 2009 жылдың қаңтарында құрылған «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (НКОК) Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлicy туралы келісімге (СКӨБК) қатысты барлық жұмыстарды бақылап, СКӨБК консорциумына мүше жеті үлескер компания атынан әрекет етеді. НКОК жобаның жалпы страте­гиясын анықтап, оны басқаруға, жоспарлауға, барлық жұмыстарды үйлестіріп,  концептуалдық зерттеулерді жүргізу, бағалау жоспарларын түзу, кеніштерді бастапқы игеру жоспарлары мен барлық мүдделі тараптармен, соның ішінде жобаға қатысты серіктестермен, мемлекеттік  және уәкілетті органдармен жұмыс жасайды. Жоба шеңберіндегі өндірістік операциялардың орындалуы төрт агент-компанияға жүктеліп отыр. «Аджип ҚКО» компаниясы тәжірибелік-өнеркәсіптік игеруді (соның ішінде бұрғылау) жүзеге асырады. Қашаған жобасының екінші кезеңіндегі жерүсті кешеніндегі нысандардың құрылысын атқаруды «Шелл Девелопмент Қашаған Би.Ви.» (ШДҚ)  мен «Аджип ҚКО» компаниялары міндетіне алыпты.  ШДҚ сонымен бірге, екінші кезең үшін негізгі жобалау (НЖ) жұмыс­тарын басқарып, жобаның теңіз кешеніндегі нысандарын әрі қарайғы жоспар­лауын жобалау және құрылыс жұмыстарын жүзеге асырады. «ЭксонМобил Қазақ­стан Инк.» компаниясы екінші кезеңдегі бағалау және бұрғылау жұмыс­тарын жүр­гізсе,  ал «ҚМГ Қашаған Б.В.» мен «Шелл Қазақстан Девелопмент Б.В.» компа­ния­лары құрған НКПОК бірлескен кәсіпорны барлық кезеңдердегі өндірістік операцияларды басқаратын болады. Мұнай мен газды өндіру, жергілікті адам­дарға жаңа жұмыс орнын құру, мейлінше молырақ табыс әкелу сияқты еліміз үшін негізгі игіліктерге қоса, СКӨБК аясында атқарылып жатқан жұмыстар әрі жергілікті, әрі ұлттық экономиканы тұрақты дамытуға жол ашады. Қазақстан азаматтарына ұзақ мерзімді игіліктер жарату, сондай-ақ,  консорциумға мүше үлескерлердің ұзақ мерзімді үміттерін ақтау үшін НКОК жергілікті уәкілетті органдар және жұртшылықпен қоян-қолтық жұмыс жасамақ. Айқарма бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.