• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Сәуір, 2018

Астанадағы Назарбаев Университетінде әдеби-сазды кеш өтті

905 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Назарбаев Университетінде оқу орны студенттерінің қатысуымен «Жыр – семсер, күй – құдірет, өлең – өрнек» атты қазақтың біртуар қайраткер тұлғалары: Махамбет Өтемісұлы, Құрман­ғазы Сағырбайұлы және Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. 

2010 жылы іргесі қаланған әлемдік стандартқа сай білім беретін еліміздегі бірегей жоғары оқу орны – Назарбаев Университеті жастардың сапалы білім алуына жағдай жасап, олардың болашағына жарқын жол ашуда ұшан-теңіз жұмыс атқарып, талай игі бастамаларға мұрындық болып келеді. Соның бірі – «Рухани жаңғыру» мәдени орталығы. Университетте тек жаратылыстану мен медицина бағытында білім алатын жастарды рухани кемелдендіру, ұлтының тарихы мен табиғатын тануда, әрбір студентті ұлтжанды аза­мат етіп тәрбиелеуде атал­­мыш орталықтың берер­ тағылымы мол. Оның бір дәлелі – біз тамашалаған «Жыр – семсер, күй – құдірет, өлең – өрнек» атты әдеби-саз­ды кеш. 

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақа­ла­сында ерекше аталып өткен мәс­еле – ол өзіңнің тегің мен тамырыңды тану, тарихыңа тағзым етіп, содан тағылым алу. Адам қанша білімді болса да, өз ұлтының болмысы мен төл тарихын білмесе, ол адамның елі үшін еміреніп, Отанына жан жүрегімен қыз­мет етуі мүмкін емес. Осы се­беп­ті де жастарымызды тек жаратылыстану саласымен ғана шектемей, рухани кемел­дендіруге, жан-жақты, интеллектуал адам болып ер жетуіне барынша басымдық беріп, сол үшін аянбай жұ­мыс істеп жатырмыз. Назарбаев Университеті ұжы­мының бас­ты ұстаны­мы – осы, – дейді жоба же­тек­шісі, Назарбаев Уни­вер­ситеті жанындағы «Ру­ха­ни жаңғыру» мәдени орталығының директоры Гүлтас Құрманбай. 

Қазақ және ағылшын ті­лінде қатар жүргізілген әдеби-сазды өнер кешінде студенттер жыр атасы – Махамбет Өте­місұлы, күй атасы – Құрманғазы Сағырбайұлы және поэзия патшайымы – Фа­риза Оңғарсынованың өмір­ жолын баяндайтын­ театрландырылған қызық­ты қойылымдарын кө­рер­мен назарына ұсын­ды. Со­нымен қатар шығар­ма­­­шылық иелерінің өлең­де­рін на­қышына келтіре оқып, Махамбет пен Құр­манға­зының рухты күйлерін күмбір­лете орындады. Уни­верситет ішінен құрыл­ған «NU» (Nazarbaev University) ұлттық аспаптар оркес­трінің орындауындағы Ма­хам­­беттің «Жұмыр қы­лыш», Құрманғазының «Сары­ар­қа», «Серпер» күй­лері кеш­ке жиналған қа­уым­­ның құ­лақ құрышын қан­дырды. Про­фессор Марк Лоу­ренс пен уни­верситеттің ал­ғашқы түлегі Нұр­­сұл­тан­ Есенқұловтың орын­­да­уын­дағы Ақан Серінің «Бал­қадиша» әні де көпші­лік кө­­ңілінен шығып, қо­ғам қай­раткері Оразкүл Асан­ғазы, ғалым Айгүл Ісмақова және университеттің про­фессорлық құрамы бас­та­ған көрермендердің ыс­тық ықы­ласына бөленді. Осы арқылы Назарбаев Универ­ситеті сту­денттері тек ғылым жолында ғана көшбасшы емес, өнерді игеру мен рухани кемелдену тұрғысында бағытын ай­қындаған болашақ нағыз зия­лы маман екендігін көр­сетті. 

Махамбет Өтемісұлы, Құр­манғазы Сағырбайұлы және Фариза Оңғарсынова шығармашылығын бірік­тіретін ортақ тін – қазақы рух десек, сол отансүйгіштік се­зімді бүгін көздерінде от ойнап, сөздерінен ұшқын атқан жалынды жастардың демінен анық сезіндік. Мамандығын жетік игеріп қана қоймай, елінің тарихы мен ұлтының болмысын танып, талантына тағзым етуге бағытталған талпынысына тәнті болдық. 

Назерке ЖҰМАБАЙ,  «Егемен Қазақстан»