• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Парламент 06 Сәуір, 2018

Қ. Тоқаев дәрігерлік қызметтің қол жетімділігі мен тиімділігін арттыруға шақырды

364 рет
көрсетілді

Парламент Сенатында «Үздік денсаулық сақтау ісі - дені сау ұлт» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау болды, деп хабарлады Парламент Сенатының Баспасөз қызметі. 

 

Шараны Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова ашты. Сенатор парламенттік тыңдаудың күн тәртібінде еліміздегі денсаулық сақтау саласының қазіргі жай-күйі және келешектегі дамуы, аурулардың алдын алу, саламатты өмір салтын насихаттау, диагностика мен емдеудің үздік технологиясын қолдану мәселелері қаралып отырғанын атап өтті.

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев тыңдауға қатысушылардың алдында сөз алып, осы саладағы оң өзгерістерді атап өтті. «Бұл салада ілгерілеу бар. Атап айтқанда халықтың табиғи өсуі артып, ана мен бала өлімі азайды, бірқатар әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша сырқаттану деңгейі төмендеді», - деді ол.

Сонымен бірге Қ.Тоқаев табыстарға қарамастан, әлі күнге дейін шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар екенін атап көрсетті. Олар ең алдымен, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігіне байланысты екені айтылды. Мәселе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің нақты сипатқа ие бола алмай отырғандығында болып отыр. Төраға: «Тегін  және ақылы түрде көрсетілетін медициналық қызметтің аражігі айқын болмағандықтан, тұрғындар тарапынан қосымша төлем жасау жағдайлары орын алуда. Басқаша айтқанда, медицина саласында көрсетілетін ақылы қызметтердің көлемі біртіндеп артуда», деп атап өтті.

Қ.Тоқаев бюджет есебінен тегін көрсетілетін дәрігерлік көмектің міндетті шегін нақты анықтау қажеттігіне тоқталды. «Медициналық көмектің қай түрінің ақылы және қай түрінің кепілдік берілген көмекке жататындығы тұрғындар үшін айқын әрі түсінікті болуы тиіс», - деді Сенат Төрағасы.

Медициналық ұйымдардың заманауи технологиялармен жабдықталып отырғаны, алайда мұндай жабдықтарды қолдану тәсілін меңгерген кәсіби мамандар әлі де жетіспейтініне, қымбат бағаға алынған техниканың қолданылмай тұрғанына да назар аударылды. Қ.Тоқаев медицина мамандарын дайындаудың сапасы мен оларды тиісті жұмыс жағдайымен қамтамасыз ету аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Медицина қызметкерлерінің еңбекақыларын арттыру және ынталандырудың тиімді жүйесін қалыптастыру күн тәртібінде тұрғаны айтылды. Қазіргі кезде медициналық жоғары оқу орындары жыл сайын 4000-нан астам маман даярлайтынына қарамастан әрбір төртіншісі ғана таңдаған мамандығы бойынша қызмет етуде.

Елбасының медициналық сақтандыруға өту жұмыстарын мұқият өткізу туралы тапсырмасына тоқтала келіп, Қ.Тоқаев алдағы уақытта тыңғылықты дайындалып, туындауы мүмкін тәуекелдерге жол бермеу керектігін атап өтті.

Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны тиімді пайдаланудың маңызына ерекше назар аударылды. Бұл ретте әлемдік тәжірибеге сүйену қажет. Төраға әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үздік болып табылатын мемлекеттерді, олардың ішінде Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, Испания елдерінің тәжірибелерін мысалға келтірді. Сарапшылардың айтуынша, бұл мемлекеттерде денсаулақ сақтау саласын қаржыландыру деңгейі төмен екені белгілі болды.

Тыңдау барысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сөз алып, депутаттарды «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің орындалу барысы туралы депутаттарды жан-жақты хабардар етті. Министр бұл кодекстің жаңа мәтінін әзірлеу туралы айта келіп, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарына тоқталды.

Парламенттік тыңдауға қатысушылар алдында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқармасының төрағасы Серік Ақшолақов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, қоғамдық ұйымдар мен дәрігерлік мекемелердің өкілдері қатысты.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия өңірі жөніндегі әлеуметтік секторының аға үйлестірушісі Сусанна Айрапетян мен Халықаралық Dentons Business Services Emea компаниясы стратегиялық медициналық технологиялар жөніндегі кеңесшісі Кшиштоф Ланданың баяндамалары қатысушылардың ықыласын туғызды.

Сенат депутаттары парламенттік тыңдаудың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алысты.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова шараны қорытындылай келіп, парламенттік тыңдаудың маңызы мен оның нәтижелі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, шараға қатысушылар денсаулық сақтау саласының жай-күйі туралы егжей-тегжейлі хабардар болды. Пікірсайыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптар үшін ұсыныстар қабылданды.

Тыңдау аясында отандық дәрі-дәрмек жасаудағы жетістіктер, денсаулық сақтау саласындағы жаңа инновациялық технологиялар, цифрлық ұтқыр қосымшалар, сондай-ақ дәрігер мамандарды даярлау туралы ақпарат қойылған тақырыптық көрме болды.