• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Сәуір, 2018

Ауылды кооперативтендіруде асығыстыққа жол берілмесе игі

765 рет
көрсетілді

Ауылдағы үй шаруа­­шы­лықтарының басын қосып, оларды кооперативтерге ай­нал­дыру ауыл тіршілігін ұйымдасты­рудың бірден-бір жолы екені анық. Өйт­кені бүкіл әлем осы жолмен жүріп келеді. Әлемнің дамыған елдерінде коопе­ра­тивтік қозғалыс тек ауыл шаруашы­лығында емес, кез келген салада, тіпті қаладағы тұрмыстық қызмет салаларында өріс алып отыр деуге болады. 

Же­ке адам­дар мұны күш біріктіре оты­рып, өз дауыс­тарын қоғамға, билікке естіртудің, проб­лема ше­шудің ең тиімді жолы деп есеп­тейді. Сондықтан, еліміздің Ауыл шаруа­шылығы министрлігі өткен жылдан бас­тап ауыл шаруашылығын коопе­ратив­тендіру мәселесіне мықтап кіріскен болатын.

Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтің сала бо­йынша атқарған ең бір үлкен ісі, міне, осы ауыл шаруашылығындағы коопера­тив­тендіру мәселесін батыл қолға алуы болды. Бұл мәселеге Үкіметтің де үл­кен көңіл бөлгендігі сезіледі. Өйткені еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін да­мытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген 8 басым бағыттың ең біріншісі осы ауыл шаруашылығын кооперативтендіру болып табылады. Міне, осыған қарап-ақ еліміз, соның ішінде ауыл халқы үшін бұл істің қаншалықты маңызды екендігін түсінуге болады.

Әрине істі қолға алмас бұрын коопе­ра­тивтендіру жөніндегі озық тәжіри­белер біршама зерттелді. «Ауыл­ша­руа­­шылық кооперативтері туралы» заң қабыл­данды. Семинарлар ұйымдас­ты­рылды. Германиядан елімізге келіп, ауылша­руа­шылық кооперативтері туралы заңдардың дұрыс әзірленуіне көмек көрсеткен осы елдің сарапшылары кооперативтік қозғалыстың дұрыс қалыптасып, дамуы үшін қажет болатын басты екі қағиданы атап көрсеткен еді. Оның біріншісі – адамдардың кооперативке ерікті түрде бірігуі, екіншісі –  бастапқы кезеңде мемлекеттің оларға қолдау көрсетуі.

Кооперативтік қозғалыстың басталуы ауылдағы жұмыссыздық мәсе­ле­сін мемлекет тарапынан ретке келті­руге септігін тигізгені анық. Бұрын ауыл­дардағы өздерін өздері жұмыспен қамтыған азаматтар санда болғанымен, санатта жоқ еді. Енді олар жеке кәсіп­кер ретінде тіркелді. Осындай шаралар­дың нәтижесінде алғашқы уақыттың өзінде еліміздің ауылдарында 8,2 мың­ға жуық жеке кәсіпкер және 13 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды. Сондай-ақ ауылдарда 56 мыңнан астам үй жанындағы қосалқы шаруашы­лықтар құрылып жатқан ауылшаруа­шылық кооперативтеріне тартылды. Бұл кәсіпкерлер мен үй шаруашы­лықтары былайғы уақытта мемлекеттің қам­қор­лығы мен қада­ға­лауында болатын болды. Кооперативке бірік­кендерге жеңілдікпен несиелер беріліп, олардың қолындағы өнім­дер­ді жинау, өткізу жұмыстары ұйым­дас­тырылды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымдары арқылы кооператив басшыларын оқы­ту жұмыстары ұйымдастырылды. Бы­лай­ша айтқанда, ауыл шаруашылығын кооп­е­ративтендіру ісіне едәуір дайындық жұ­мыстары жүргізілді.

Бірақ міне, осындай жұмыстар жүр­гі­зілгендігіне қарамастан елімізде ауыл шаруашылығын кооперативтендіру ісін орнынан тұрып, қаз басып кетті деп айтуға келмейді. Бұл істе көптеген ша­ла­ғайлықтар жіберілгендігі уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі мо­йындап отыр.

«2017 жылдың қорытындысы бо­йынша республиканың ауыл шаруашы­лығы­ның барлық салаларында 1180 ауылша­руа­шылық кооперативі тіркелді.Тәжірибе көр­сеткендей, бүгінгі күні ауылшаруа­шылық өнімдерін дайындауды тек 528 ауылшаруашылық коопера­тиві (АШК) ғана жүзеге асырып отыр. Коо­перативтердің қалған бөлігі өз қызметін жаңа форматта жүзеге асыра алмады немесе келешегі жоқ саналады» делінген осы мәселе жөніндегі министрліктің қоғаммен байланыс департаменті таратқан ақпараттық хабарламада.

2017 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 25 млрд теңге бөлінген екен. Алайда қажетті жабдықтарды сатып алу үшін 329 ауылшаруашылық кооперативі ғана несиемен қаржыландырылған. Кейбір кооперативтер несие желісі бо­йынша жабдықтарды сатып алғанымен оны толық көлемде пайдаланбаған. Тіпті алынған жабдықтар мүлдем пайдаланылмай бос тұрған жағдайлар да кездескен. Әрине, мұның өзі ауыл­шаруашылық кооперативтерін құруға дайындық жұмыстарының жеткілікті дәрежеде болмағандығын көрсетеді.

Мысалы, Ақмола облысында 46 кооператив (11 ет, 35 сүт бағыты) құрылып, 157 жаңа жұмыс орны ашылған. Кооперативтерге несие қаражаты есебінен 23 модульды сүт қабылдау пункті, 1 мал сою стансасы, 10 сүт таситын көлік сатып алынған. Өкінішке қарай өнімді өңдеу бір кооперативте ғана жолға қойылған. Бұл құрылған кооперативтер санының 3 пайызын ғана құрайды. Міне, осындай кемшіліктердің салдарынан аймақтағы шығынды кооперативтердің үлесі 56,5 пайызды құрап отыр. Министрліктің көрсетуі бойынша мұндай кемшіліктер еліміздің басқа өңірлеріне де тән.

Сонымен мұндай кемшіліктердің орын алуына қандай себептер бар? Әрине бұл ретте министрліктегілердің сөзіне сілтеме жасай отырып, көптеген себептерді тізуге болар еді. Бірақ олардың бәріне тоқталып жатқымыз жоқ. Сондықтан өз тұжырымымызды айтайық.

Кемшіліктер негізінен ауыл шаруа­шылығындағы кооперативтік қозғалысты асығыс, шалағай ұйымдастырудан кетіп отыр. Кооператив құру дегеніміз – қо­ғамдағы жанды қозғалыс. Бұл жерде бұйрық, нұсқау берумен ештеңе шешіл­мейді. Ауылдағы ұсақ қожалықтар, үй шаруашылықтарымен жұмыс істейтін болған соң халыққа түсіндіру, насихат жұмыстары кең көлемде және тың­ғы­лықты жүргізілуі керек. Бұл жерде ауылға келген министрліктің, әкімдіктердің өкілдері кезіндегі сауатсыздықты жою үшін ауылға барған алғашқы мұға­лімдердің рөлінде болуы тиіс. Бұл, әри­не, қиын да күрделі жұмыс. Бірақ алған бағыттан солай екен деп түрлі сылтаулармен бас тартуға болмайды. Өйткені еліміздегі малдың 80 пайызға жуығы сол ұсақ қожалықтар мен үй ша­руа­шылықтарында тұрған жоқ па? Міне, осы үлкен әлеуетті іске қоспай еліміздің ауыл шаруашылығы ешуақытта өз деңгейінде дами алмайды.

Біз ауылдарда кооперативтер құрудың проблемалары туралы жазған былтырғы мақаламызда Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінде бұл істі қалпақпен ұрып алу ниеті бар екендігін айтқан едік. Өйт­кені министрлік былтырғы жылы жос­пар бойынша құрылуы тиіс 326 коопе­ративтің орнына 745 кооператив құрыл­ғандығын мәлімдеген болатын. Бұл фактіге күдік келтірген едік. Ақыры міне, министрліктің соңғы деректері бойынша ол күдігіміз расқа шығып отыр.

Негізінде ауылдардағы үй шаруа­шы­лықтарының басын қосу оңай іс емес. Бұған Кеңес Одағының тәжірибесі мысал бола алады. Ауылдарда ұжымдастыру дәуірі басталған сол тұстары ең алдымен қосшы одақтары, содан кейін барып артельдер, ақы­рында ұжымшарлар құрылған болатын. Ұжымшарлар кеңшарларға айнал­ды­рылған кезде Кеңес Одағының өзі құлап тынды. Кеңес Одағы қолында барлық әкімшілік-әміршілік ресурстар бола тұра, ауыл адамдарын ұжымдастырып, ірі шаруашылықтар құруға өзінің қаншама жылдарын жұм­сады.

Демек ауыл шаруашылығында қазіргі жүріп жатқан кооперативтендіруді, бір есептен алғанда, қайта ұжымдастыру кезеңі деп түсінгеніміз жөн. Бірақ бұл ұжым­дастырудың бұрынғы ұжымдас­ты­рудан мәні бөлек. Қазіргі ұжымдастыру деге­німіз ауыл адамдарының меншікке деген құқын толық сақтай отырып, оларды ерікті түрде біріктіру. Малды, құралды бірік­тіру емес, өткізетін өнімдерін бірік­тіру. Қазіргі кооперативтендірудің ал­ғаш­қы кезеңіне осы үдеріс сәйкес келеді.

Сондықтан да бұл істе байыптылық, нақ­тылық және жылдан-жылға жеңіс­терге, жетістіктерге бастайтын жүйелілік пен табандылық керек. Осы үшін мем­лекеттің кооперативке бірігушілерді қолдау шараларын да уақыт өткен сайын жетілдіре берген жөн бе деп ойлаймыз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»