Мемлекет басшысының «Біз қазақ тілінің мәртебесін көтеру жұмыстарын жалғастыруымыз керек. Парламент пен Үкімет қазақ тілінде жұмыс істеуі тиіс» деген сөзінің нәтижесі бүгінгі күні айқын көрініс тауып отыр. Соның бір дәлелі – елордада өткен Конституциялық кеңестің отырысы алғаш рет мемлекеттік тілде жүргізілді.
Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен отырыста Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі 47-бабының 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсыныс қаралды. Соттың іс жүргізуіндегі жаңа туған сәбиді күтіп-бағуға алимент және оның анасын күтіп-бағуға ақшалай қаражат өндіріп алу туралы азаматтық іс өтініш беруге себеп болған. Осы ұсыныста аналықты және балалықты әлеуметтік қорғау мәселелері қозғалған.
Соттың пікірі бойынша Кодекстің аталған нормасы Конституцияның ана мен бала мемлекеттің қорғауында болады деген 27-бабының талаптарымен сәйкеспейді. Осыған байланысты отырыста Парламент депутаттары, Үкіметтің, Бас прокуратураның, Әділет, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері және басқа да адам құқықтарын қорғау ұйымдарының өкілдері өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар Конституциялық Кеңес сарапшылар пікіріне талдау жасады. Ал Ата Заңымыздың айшықтығын ардақтайтын Конституциялық Кеңес отырысына алғаш рет ЖОО заң факультетінің студенттері де қатысты. Болашақ заңгерлер үшін мұндай жоғары деңгейдегі отырыста мемлекеттік органдардың талқылаған мәселелері бойынша білікті мамандар пікірлерін тыңдау заң білімін нақты тәжірибе ісімен ұштастыра түсетіні айқын.
Жан-жақты талдаулардан кейін Конституциялық Кеңес төрағасы айтылған өтініштің нысанын зерделей отырып, отандық заңнамалар мен жекелеген шетелдердің де практикасы талданатынын жеткізді. Осылайша, бұған нақты шешім дайындау үшін Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі қосымша хабарланатын болды.
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»