Жексенбі күні атасы немересін атына мінгестіріп алып, ауыл аралап келеді. Жол-жөнекей кезіккен жұрт олардың алдынан қаупалақтап шығып: «Ассалаумағәлейкүм!» деп қос қолын ұсынып амандасады.
– Уағәлейкүмәс-сә-лә-ә-м! – дейді қарт даусын әндете созып. – Әй, сен кімнің баласысың?!
– Әбсеметтің.
– Қай Әбсеметтің? Қисығының ба, түзуінің бе? – дейді қарт ауылда бір емес, екі Әбсемет бар екенін оның есіне салып.
– Еһе-еһе, – деп күледі әлгі жігіт өз әкесін қисық деуге қимағандай. – Құрдас болған соң сіздер қисайта саласыздар ғой, әйтеуір.
– Ә-ә, түсінікті болды. Онда әкеңе айта бар, ауылдың сәнін бұзбай үйінде тыныш жатсын!
Арт жақта отырған балаға атасының бұл сөзі қызық боп көрінеді. Ал әлгі жігіт, біртүрлі кінәлі адамдай басын сипап, төмен қарап:
– Жарайды, – дейді.
Сонсоң атасы «шү-у» деп атын тебініп қап, ілгері қарай жүреді.
Сәлден кейін алдарынан тағы да бір кісі шыға келеді.
– Әй, Білісбай! – дейді атасы оған айғайлап. – Сен немене, тапа-тал түсте жан-жағыңа алаңдап, біреуден қашып келе жатқаннан саумысың?!
–Жоқ іздеп жүрмін, қария. Кеше біздің қызыл тана қораға келмей қалды. Көзіңізге түспеді ме?
–Е-е, қызыл тана дейсің бе? Ол азанда біздің үйге келіп шай ішіп кетті ғой! – Қария ат үстінен шірене қарап, мырс ете қалды. – О несі екен-ай? Жоғалған малды есі дұрыс кісі көшеден іздей ме?!
Сөйтеді де, үйреншікті әдетімен атын «шү-у»деп қойып, кете барады.
Одан соңғы кездескен жұрттың да бірсыпырасына ақыл айтып, ұрсып, жекіріп, мысқылдап түс ауа үйіне қайтып келгенде қора жақта күйбеңдеп жүрген кемпірінің:
– Әй, шал, қайда қаңғып жүрсің?! – деген ашулы даусын естіп, селк ете қалғаны бар емес пе. –Анау үш айдан бері бордақылап отырған қара қой бүгін басын шарбаққа тығып ап, буынып өліп қала жаздады ғой!
Қарт енді, бүкшеңдеп солай қарай жүгіре жөнелді.
Ертеңіне мектепте немересі өзінің сыныптас достарына: «Ауылдағылардың бәрі менің атамнан қорқады, ал атам апамнан қорқады!» деп күліп, мақтанып отырды.
Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»