• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2018

Биыл БҚО газбен 95,4% қамтылады

486 рет
көрсетілді

2018 жылы Батыс Қазақстан облысы елді мекендерін газдандыру көрсеткіші 95,4%-ға жетеді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев мәлімдеді.

Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының 2017 жылғы бюджеті 8,9 млрд теңгені (рес­публикалық және жергілікті бюд­жет есебінен) құраған. Ғалым Орын­ғалиевтің айтуынша, бұл қар­­жы ауылдық елді мекендерді газ­дандыруға, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дарламасын жүзеге асыруға, ауыз сумен қамтамасыз ету құнын суб­сидиялауға және басқа да мақсаттарға бағытталған. 2018 жылға басқарма бюджеті 4,2 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бұл қаржы да жоғарыда айтылған мақсаттарға жұмсалатын болады.

Облыста қыс ұзақ болғанына қа­ра­мастан жылыту маусымы ойдағыдай өтті. Әлеуметтік нысандар қатты және сұйық отынмен толық қамтамасыз етіл­ді. «Жайықжылуқуат» АҚ ре­зер­­вінде әлі де 1 215 тонна мазут бар.­ Келесі жылы облыстың елді ме­­­­кен­дерін газдандыру аясында әлеу­­меттік бағыттағы 127 нысанды кө­гіл­­дір отынмен жылытуға ауыстыру жоспарлануда. Сонымен қатар бар­лық коммуналдық кәсіпорындар апатты-техникалық бригадалармен жабдықталып, материалдық ресурс­тар резерві құрылды.

Олар енді күл шығармайды

Батыс Қазақстан облысы – елі­мізде көгілдір отынмен ең көп қам­тылған өңірлердің бірі. 2017 жылы облысты газдандыруға бюджеттен 3,425 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қар­жыға жалпы ұзындығы 395,3 шақырым болатын газ құбыры салынып, 4 мың тұрғыны бар 13 ауыл табиғи газбен қамтылды. Бұл ауылдар Сырым ауданының Тоғанас, Аңқаты, Қарағанды, Құспанкөл, Жаңаөңір, Сасықкөл ауылдары, Шыңғырлау ауданының Ақсуат ауылы, Жәнібек ауданының Майтүбек, Жұмаев ауылдары, Жаңақала ауданының Мұқыр, Жуалыой, Жангелді, Сарыкөл ауылдары. Айта кету керек, бұлардың басым көпшілігі ауылдық округ орталығы емес, округке қарасты шағын елді ме­кендер.

2017 жылы республикалық бюджеттен «Жайықжылуқуат» мекемесіне магистральды және тартылған газ құбырының құрылысын аяқтау үшін 1,9 млрд теңге қаражат бөлінді. Қа­зіргі таңда оны іске қосу, ретке кел­­­­ті­ру жұмыстары қалды. Ол өңірде жы­лыту маусымы аяқталған соң іске қо­сылмақ.

Той болатын ауылдар

2018 жылы елді мекендерді газ­дан­дыруға бюджеттен 1,464 млрд тең­ге бөлінді. Қаржының 1,357 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 107 млн. теңгесі облыс бюджетінен шы­ғып отыр. Бұл қаржыға 9,7 мың тұр­ғыны бар 24 елді мекенді табиғи газ­ға қосу жоспарлануда. Атап айт­сақ, Бөкей ордасы ауданындағы Жиек­­құм, Жамбыл, Көктерек, Бөрлі, Терең­құдық, Кеңой, Ұялы, Саралжын, Шоңай, Сейітқали, Тайғара сынды 11 елді мекенге ұзындығы 275,4 шақы­рымдық газ құбыры тартылады. Жо­ба­ның құны 1 794,2 млн теңге болса, табиғи отынның игілігін көретін ха­лық саны 6372 болмақ. Сондай-ақ Ақ­жайық ауданында да 11 елді мекен: Жаңажол, Тегісжол, Жамбыл, Бітік, Үштөбе, Сарман, Битілеу, Тоған, Қа­рағай, Ақбұлақ, Ескі Есім ауылдары (167,4 км) газ желісіне биыл жал­ғанады. Бұл жоба мемлекет үшін 556,179 млн теңгеге шықты, аталған ауылдарда 2940 тұрғын бар. Сондай-ақ Жәнібек ауданында 122 тұрғыны бар Өнеге ауылына, Зеленов ауданында 318 тұрғыны бар Факел ауылына да табиғи отын биыл жеткізілетін болды.

«2018 жылдың соңында облыс хал­қының газбен қамтылу көрсеткішін 95,4% немесе 612,3 мың адам болады», дейді Ғалым Орынғалиев.

8081 көше шамы қуат үнемдейді

Батыс Қазақстан облыстық энерге­тика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы басшы­сының мәлімдеуінше, 2017 жылы об­лыста «Нұрлы жол» бағдарламасы ая­сында 9 жобаны жүзеге асыруға Ұлт­тық қордан 2,5 млрд теңге бағыт­талған. Соның ішінде 8 жоба ауылдық елді мекендердің сумен жабдықтау желілерін қайта құрылымдауға, 1 жоба Ақсай қаласының жылу желілерін қайта құрылымдауға жұмсалмақ.

Ағымдағы жылы бюджеттік несиелеу тетігі арқылы ұзындығы 2,8 шақы­рымды құрайтын Орал қаласының жылу желілерін қайта құрылымдау бо­йынша 2 жобаны жүзеге асыруға рес­публикалық бюджеттен 1 265,6 млн теңге бөлінген. Қазір бұл жоба­лар бойынша мемлекеттік сатып алу жүргізіліп, мердігер кәсіпорын анық­талды. «Уральскводстрой» АҚ құрылыс-монтаж жұмыстарын жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бастайды.

Сонымен қатар 2018 жылғы рес­публикалық бюджетті нақтылау ке­зінде 363,6 млн теңгеге жалпы ұзын­дығы 2 шақырымды құрайтын Орал қаласының жылу желілерін қай­та құрылымдау бойынша 2 жоба ма­құлданды.

Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында «Орал қаласының көше жа­рығы желілерін жаңғырта отырып сенімгерлік басқаруға беру» жо­басын іске асыру жұмыстары атқа­рылуда. Бұл жобаның шеңберінде қа­ла бойынша 8081 жарық шамын қуат үнемдейтін шамдарға ауыстыру жос­парланған.

Ауыз суды арзандату үшін

2017 жылы облыстың 78 ел­ді­ ме­кені үшін ауыз су беру қызмет­те­рі­нің құнын субсидиялауға 907 млн теңге бөлінген еді. Бұл ауыл­дар­да 128 мың адам тұратын. Бөлін­ген қар­жы­ның 717,5 млн теңгесі респуб­ликалық бюджеттен, 189,5 млн тең­гесі жергілікті бюджеттен болды. Бұл қаражат толығымен игерілді.

Сондай-ақ 2017 жылы тізімге об­лыстың 44 ауылдық елді мекені қосымша қосылды. Оларға 1 текше метр ауыз су үшін тариф 250-700 теңге аралығында болды. Енді 2018 жылы халық саны 175 мың адамды құрайтын 122 ауылдық елді мекен тұрғындары ауыз суды субсидияланған баға бо­йынша алатын болады.

2018 жылға ауыз сумен қамта­масыз ету құнын субсидиялауға рес­пуб­ликалық бюджеттен 717,5 млн тең­ге қарастырылды. «Енді қосымша жер­гілікті бюджеттен 453,5 млн теңге бө­ліну қажет», дейді Ғ.Орынғалиев.

Электр қуаты өзіміздікі

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, тіп­ті 2000 жылдардың ортасына дейін Ба­тыс Қазақстан облысы электр қуаты үшін көршілес Ресей Федерациясына, Қазақстанның өзге облыстарына тәуелді болатын. Бүгінде облыс өзіне қажетті қуаттың 98,5 пайызын өзі өндіреді. Бұл көп жылғы еңбектің, кешенді стратегиялық жоспарлы жұ­мыстың нәтижесі.

– 2017 жылы облыс кәсіпорындары бар­лығы 1946 млн кВт. сағат көлемін­де электр қуатын өндірген. Облыста тұты­нылатын электр қуатының жал­пы көлемін есептегенде өзіндік өнді­рістің меншікті үлесі шамамен 98,5% құ­райды, – дейді Ғ.Орынғалиев.

2016 жылы аймақтық индустрия­ландыру картасы аясында «Батыс Пауэр» ЖШС компаниясы іске қосқан Орал газ-турбиналы стансасы (қуаты 200 МВт) қызметін бастаған соң облыс электр қуатына тәуелділіктен құ­тылды. Стансада 70-тен аса жаңа жұмыс орны ашылды.

Ресей Федерациясынан электр қуа­­тының шағын көлемі тек Бөкей ор­дасы және Жәнібек аудандарының бір­неше елді мекендері үшін ғана сатып алынуда.

Сұйық газға сұраныс артты

Өңір бойынша барлығы 82 газ құю стансасы бар. Соның 46-сы қалада, 36-сы аудандарда орналасқан. 2017 жылы облысқа барлығы 28,7 мың тонна сұйытылған газ жеткізілді. 2016 жылмен салыстырғанда сұйытылған газ былтыр 23,1 мың тоннаға көбірек (20%) тұтынылған. Бұл өңірде газ-баллонды жабдық орнатылған көлік саны артқанын көрсетеді.

– 2017 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап газ желісі компаниялары сұйы­­тылған газдың бағасын өздері бел­­гілейді және еркін бағамен сата­ды. Ағым­дағы жылдың наурыз айында Энергетика министрлігі, Ба­тыс Қазақ­стан облысының әкімдігі және «Жайық­мұнай» ЖШС арасын­да ішкі нарыққа ай сайын 2200 тон­на кө­лемінде сұйытылған газ жеткізу туралы меморандумға қол қойылды. Қа­зіргі уақытта облысымызда сұйы­тыл­ған газдың 1 литрінің орташа ба­ғасы 79 теңгені құрайды, – деді Ғ.Орынғалиев.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы