1. Қазір жас ақын-жазушылар көп. Олардың шығармашылығына жалпылама пікір, мақтау айтылғанымен, аға буынның тарапынан сын айтыла бермейді. Сіздіңше, жақсы жазып жүрген кімдер? Және олардың қаламына тән кемшілік пен артықшылық қандай?
2. Үлкен жазушы болу үшін көп жазу керек пе, әлде ол тақырып пен стильге байланысты ма?
3. Сіздіңше ендігі қазақ жазушысы қай тақырыпты жазу керек? Я қай тақырып жазылуы тиіс еді, бірақ жазылған жоқ. Сізге ол несімен маңызды?
Таңат НҰРҒАЗИЕВ,
Ардахан университеті Халық әдебиеті бөлімінің докторанты (Түркия)
1. Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы... Ақын-жазушылардың көбейгені – әдебиетке деген ынтаның артқаны. Әрине, бұл құбылыс кімді де болса қуантары сөзсіз. Ең бастысы шығармашылықпен айналысып жүргендердің саны бар. Енді сапасына келейік. Әдебиет – экономика емес. Бір ғана «бәсеке» ұғымы поэзия немесе прозаның сапасын көтермейді. Себебі бәсеке – ынталандыру құралы ғана. Өкінішке қарай сапа эталонының көрсеткіші болатын сын мәселесі әдебиетімізде әлі де болса толық қолға алынбай келеді. Сын айту мәдениетінің жоқтығы «тапсырыспен жазылған сын» ұғымын тудырды. Ол өз алдына даттаудан басталып, тұлғаның жеке басына тиісу, шығармадан тек кемшілік терумен шектелген. Немесе асыра сілтеп, жөнсіз мақтап, шығарманы «әдебиеттегі алтын қордың жұлдызы» биігіне шығарып жатқандар да бар. Поэзия табалдырығын жаңа аттаған шығармашыл тұлғаға сын айтылмауының бірінші себебі сын мәдениетінің төмендігі десек, екінші себебі – сын алаңының жоқтығы. Сөз құны арзандаған әлеуметтік желілердегі шығармаға қатысты «Жақсы екен» немесе «Ұнамайды» бейтарап ұстанымы, идея, мазмұн, жаңалық, ерекшелік ұғымдарының орнын басты. Әдебиетке жанашырлық танытатындардың саны азайды. Сын жазудан гөрі түйме басу қағидасы кеңінен өріс алды. Сондықтан да жалпылама пікір бар, сын жоқ.
Шығармашылығы бар жастар деп классификация жасаудан гөрі, жаңа буын деп қолданған дұрыс сияқты. Әр буынның үздігі бар. Ешкімді бөліп-жарғым келмейді. Әрқайсысы өз биігінде. Тәуелсіздігімізден 4-5 жыл кіші буынның батысқа көп еліктеп жүргенін көріп жүрмін. Ойлары еркін, ең бастысы білімді. «Қатып қалған ұйқас жоқ» деген ұстаныммен жазып жүргендері де бар арасында. Әрине әдебиет өсу керек, жаңа формалар мен тың ойларды қате деп айту әбестік болар. Алайда Абайдың «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» талабы еске түскенде, өзімізге тән өрнектен айырылып қалмасақ екен деген алаңдаушылық та жоқ емес. Ескеретін жайт, жаңа толқын біршама ағаларымыздың пікірлеріндегідей мақтаусүйер, жаһанданған, пессимист емес. Ондай ойда жүрген ағаларымыз болса, Ғабит Мүсіреповтің 1984 жылы Жазушылар одағында өздеріне қатысты айтылған сөзін естеріне түсірсін.
2. Үлкен жазушы болу үшін үлкен тақырып көтере білу керек. Басты мәселе көп немесе аз жазуда емес, тұрақты шығармашылықпен айналысуда. Стиль мәселесіне келсек, шығармашылықта даралық таппаған тұлғаны ешкім де оқымайды. Қысқа қайырсақ, әдебиетпен айналысу деген плагиатпен айналысу емес.
3. Әдебиетімізде жалпы сипат алмағанымен, бүгінгі күні болжауға оңай тақырыптар көбейді. 15-20 жыл бұрын жазылып кеткен тақырыптардың тонын теріс кигізіп, тіпті сюжетін өзгертпестен қайта жазып шығатын «жазушылардың» қатары бар. Бұл жазушыны өсіретін әдіс емес, әдебиеттің дамуын тежейтін құбылыс. Тақырып таңдау мәселесі, әрине бұл бағытта еңбек етіп жүргендердің өз талғамы. Тек сол тақырыптарды көтергенде кеңес заманының сарынымен емес, тәуелсіз санамен бағамдаса екен деген ойға келесің. Өз басым әлеуметтік мәселелер мен адамның ішкі дүниесін сөз ететін тақырыптарды оқығым келеді.
Бүгінгі күні оқырман шебер жазылған детектив немесе фантастикалық әңгімелерге мұқтаж. Сөз өнерінің куммулятивтік қызметін ескеретін болсақ, жазушының қызықты фантастикалық әңгімесінің ішінде қандай да болсын қазақы сипат болса, әдебиет өзінің тәрбиелік қызметін барынша максималды деңгейде атқаратын еді. Жаһандану үдерісінде әдебиет ұлттық болмыс пен дүниетанымымызды сақтап қалудың бірден-бір құралы десек, жазушы және оның шығармасы осы қызметті жүзеге асыратын негізгі тетік. Сондықтан тақырыпты, жанрды түрлендіру арқылы оқырман аудиториясын тарту және әдебиетке лайық тазалықпен ұлттық мүддені сақтап, кейінгі толқынды тәрбиелеу – жазушы қауымына қойылған басты талап болып отыр.
Ермек ҚАНЫКЕЙ,
әдебиеттанушы
1. Қазір жастардың шығармашылығы жөнінде әділ пікірлер айтылып жатыр. Мақтауы бар, сыны бар, жалпыламасы бар дегендей. Осыны әсіресе жас жазушы ажырата алса болды, білдіру шарт емес шығар. Мақтау да сын, сол сияқты сын да мақтау болып кетіп жүр. Бұны «пиар» деп айтады ғой. Кейде қайта-қайта біреуді жамандап айта берсе, оны жақсы көріп кетпесең де осы кім екен деп қызығып қаласың. Ол осынысымен есте қалады. Әлгі бір көшеде ілініп тұратын тоңазытқыштың жарнамасы секілді. 99999 теңге деген. Сондағысы бір теңге ме? 100000 деп неге жазбайды? Сөйтсек жарнаманың мұраты – сөзді қате жазып, заттың, нәрсенің қалыпты бейнесін бұзып, өзіне еріксіз назар аударту екен. Осындай мақсатпен ақын-жазушылардың айналысып жүргенін көргенде қайран қаласың. Атын атасам біраз танысымнан айырыламын. Әкей «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деп тәрбиеледі. Ол да қазақтың баласы. Осындай нәрселерден ағаларым да сау емес. Қайтеміз енді аңдыстырған екеуін құдайым-ай!..
Аға буын, өзіміз қатарлас, іні іспетті ақын-жазушыларды қадағалап оқып жүремін. Кейде тым үлкен талап қойғың келеді. Бұнымның қателік екенін де мойындаймын. Бірақ өзімді болашағынан үлкен үміт күттіретін жастардың соншалық мол екені қуантады. Олардың жетістіктерін айтып тауыса алмаспын. Ал кемшілікті көрудің өзі кемшілік сияқты сезілсе қайтесің? Талғаммен таласу үшін алабөтен талант керек шығар. Әркімнің жанына жақын жанр яки тақырып болады. Біреу Шатобрианды оқыса, біреу «Шаншарды» көреді дегендей. Бір-біріңмен түсінісіп көр.
Арман Әлменбеттің «Режиссердің түсі» деген прозалық кітабын оқыған кезде жас жазушының романынан гөрі әңгімелерін ерекше ұнаттым. «Аңшы» әңгімесінде бейімбеттік бейнелер бар. Күлкінің астарына күрделі саяси ахуалды сыйғызғандай әсер қалдырған. «Арқадан адамы да, аңшысы да аз Маңғыстауға ауып кеткен» киіктер туралы автор нені айтқысы келді екен деп. Қисындауға себеп көп болса да, осы бір сөйлемінің кернеуін таратып түсіндіру оңай еместей көрінді. Әңгіменің финалы әлсіз шыққан. Жалпы, жақсы жазып жүр. Бұдан да жақсы дүниелер беретініне сенемін. Ақыл айтқан боламыз: тек үздіксіз ізденіс, сосын жазу, өте көп жазса дейміз.
Көп мақталғанынан күдіктеніп, әсіресе соңғы кезде Федор Михайловичтің өзінен гөрі кейіпкерлеріне көбірек ұқсап кеткен Қанат Тілеуханды оқи алмай жүргенмін. Оны Т.Нұрмағамбетовтің жақсы жазып жүр екен дегенін өз аузынан естігенде, кеш қалғанымды түсіндім. Содан «Қарашаны» оқып отырып, мынау біздің заманды анық масқара етіп, қопара алатын жазушы екен деп ойладым. Табиғатында таланттың іздері бар. Ол прозаиктік қабілетін көрсеткендей болды.
«Бір дорба бидай». Әдемі әңгіме. Авторы – 6-жатақхананың балконында шылымының өзін ойшылдықпен бұрқыратып тұратын Өміржан Әбдіхалық. «Әр жерінде лақ мүйізіндей бұтақтары бар жуандау қу ағашты уыстай ұстап, дорбасын әлсін-әлсін ірке тартып, жеделдете басса да жер созылып кеткендей жеткізер емес». Өз басым осындай сөйлемдерді құруға ыңғай танытқан Өміржанды қуана құттықтағым келді...
2. Жазушы үшін өткенді, бүгінді, болашақты жазу – таланты жетсе, тың тақырып. Қалай жазды, қайтіп жазды, мәселе шындықты жазса болды деп ойлаймын. Өйткені шындықтың жүзі қай уақытта да жүзіне тот түспейтін алмас кездік. Ал жазушының көп я аз жазу керек пе деген жағына келсек, бұл біздің ойымызға бағынбайды. Мысалы, Л.Н.Толстойдың «Война и мир» романының қанша нұсқасын жасағанын естісең, шығармашылық дегеннің қандай құдірет екенін мойындайсың. «Жазбауға еш мүмкіндігің қалмау» деген осы. Бұл әрбір шығармашылық адамының есте тұтуға тиіс ережесі болуы керек деп есептеймін.
3. Өз басым мына тақырып жазылмай жатыр немесе бүгінгіні я өткенді жазу керек дегенге айтар уәжім өте аз. Егер болашақ жайында көрегендікпен сөз қалдырса, соған лайықты баға беру біздің қолымыздан келмейді, ол сол келешекті көретін адамдардың еншісіндегі іс. Ал өз уақытыңды чеховтік шеберлікпен мөлдіретіп отырып жазу үшін өзіңді аямауың керек сияқты. Өзін жаза алған жазушы – заманын жазған жазушы деп ойлаймын. Себебі қорланғандар мен қор болғандардың ішінде өзің жоқ болсаң ақиқатқа қалай көз жеткіземіз?!
Біздің заман Стендаль мен Золяның қаламына ілінетін тақырыптарға зәру емес.