Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божконың төрағалық етуімен Үкімет сағаты өтті. Онда «Қазақстан Республикасындағы көші-қон бақылауының жай-күйі және оны қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндама жасап, депутаттардың еліміздегі көші-қонның бүгінгі жай-күйі тұрғысындағы сауалдарына жауап берді.
Алаңдатар жағдайлар аз емес
Үкімет сағатын ашқан В.Божко көші-қон мәселесіне байланысты қалыптасқан ахуалға тоқталып өтті. Оның айтуынша, біздің еліміздегі білікті шетелдік мамандардың уақытша келіп-кетуіне, туристер ағымының артуына, оралмандардың келуіне, халықтың қолайлы өңірлерге қоныстануына тосқауыл жоқ. Алайда жаһандық жағдаяттар мен ішкі тұрақтылыққа байланысты туындайтын назар аударарлық мәселелер жетіп-артылады. Оның ішінде келген жерінде бүлік шығарып, лаңкестік және қылмыстық қауіп төндіретіндерге, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шиеленістіріп, тұрғылықты халықтың тұрмыстық мәдениетіне нұқсан келтірушілерге бөгет болу маңызды.
– Елімізге мигранттар санатында лаңкестердің еніп кету ықтималдылығы алаңдатушылық туғызады. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, аталған ұйымның контртеррористік басқармасының жетекшісі Владимир Воронковтың мәлімдеуінше, 2017 жылы әлемде 11 мың лаңкестік оқиға тіркелген. Бұл кесапат 100-ден аса елді шарпыған. Осының салдарынан 25 мыңдай адам қаза тауып, 33 мың адам жараланған. Ал экономикалық шығын 90 млрд долларға жеткен. Жекелеген мемлекеттер мен арнаулы қызметтердің террористік ұйымдарды қанатының астына алып, олардың мүшелерін Сириядан шығарып жатқандығы туралы деректер де алаңдатпай қоймайды. Енді олар Сириядан шығып қайда барады? Мемлекет басшысы да бұл жөнінде ескертіп, жаһандық көші-қонға қырағылықпен қарауды тапсырды, – деп атап өтті Мәжіліс Төрағасының орынбасары.
Оралман атын жамылғандар
Үкімет сағатында белгілі болғандай, Ауғанстан Ислам Республикасының 49 азаматы елімізге оралман-қазақ ретінде келіп, Қазақстанның азаматтығын алуға талпынған. Олардың бұл әрекетіне уақытында тосқауыл қойылып, қазір күдіктілердің қашып-пысқан бірқатарына іздеу жарияланған. Сонымен қатар аталған мемлекет пен Бангладеш азаматтары Қазақстанға қоныс аударып, елімізді Еуропаға шығудың оңай жолы ретінде пайдалануға тырысып келеді. Ал құқық қорғау органдары әшкерелеген 2 трансұлттық қылмыстық топ елімізде тіркелген 85 компания арқылы Қытай азаматтарын Қазақстанға заңсыз кіргізумен айналысқан. Салдарынан мыңдаған мигрант осы жолды таңдаған. Кейін олардың қылмыстары ашылды.
– Соңғы үш жылдағы ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанға осы аралықта шетелдің 5,6 млн азаматы келген. Олардың 90 пайыздан астамы ТМД, атап айтқанда, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан азаматтары. Сондай-ақ өзге де шетелдерден келген мигранттардың қатары көбейіп келеді. Олардың көбі Қытай және Түркия азаматтары, – деп атап өтті Қ.Қасымов.
Жалпы, көші-қон – бейжай қарауға болмайтын сала. Әсіресе заңсыз көші-қон есірткі бизнесі, адам саудасы, халықаралық экстремизм және терроризммен біте қайнасып кетуі мүмкін. Соның салдарынан кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зиян келері сөзсіз.
Алайда Ішкі істер министрі шетелдіктердің көптеп келуі елдегі криминалдық жағдайға айтарлықтай ықпалын тигізбейтіндігін жеткізді. Соңғы бірнеше жылда еліміздің аумағында тіркелген қылмыстар бойынша шетелдіктердің үлес салмағы 2,5 пайыздың деңгейінде сақталып тұр. Бұл шетелдіктердің дені ұрлық және есірткіге қатысты қылмыстар бойынша тұтылған.
Саусақ таңбасын алу міндеттеледі
Ішкі істер министрінің айтуынша, елімізде 2021 жылы дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заң қолданысқа енеді. Демек шетелдіктерден, нақтылай айтқанда, уақытша тұру ықтиярхаты мен босқын мәртебесін алушылардан саусақ таңбасы алынады. Осы арқылы шетелдіктер тарапынан болатын заң бұзушылықтардың алдын алуға жаңа қадам жасалып отыр.
Қ.Қасымовтың баяндауынша, елімізде еңбек мигранттарының заңсыз келуінің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Полиция қызметкерлері базарлар, сауда орындары мен құрылыс алаңдарын жиі тексеріп отырады.
Мәселен қолданыстағы заңнамаларға сәйкес заңсыз мигранттар да, оларды шақырушылар да және көші-қонды ұйымдастырушылар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оның үстіне заңсыз миграция қылмыстық теріс қылықтардың қатарына енгізіліп, айыптыларға 1000 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе елден шығару жауапкершілігі көзделген.
Ал 2015 жылдан бері Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты миграция тәртібін бұзушылар сол заматта елден шығарыла бастаған. Елден қуылғандар Қазақстанға 5 жылдан соң ғана қайтып орала алады.
Электронды үй кітапшасы пайда болды
Көші-қон саласындағы тағы бір жаңалық ел азаматтарын тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тіркеуге қатысты болып отыр. Нақтырақ айсақ, Ішкі істер, Әділет, Ақпарат және коммуникациялар министрліктері бірлесе отырып электронды үй кітапшасын жасақтап шығарған. Қ.Қасымовтың баяндауынша, бұл жаңашылдық азаматтардың келген және тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібін оңтайландыру арқылы ішкі көші-қонды бақылауды айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік бермек.
– Заңсыз көші-қонға қарсы күресте Астана, Алматы сияқты басқа да ірі қалалардағы «созылмалы пәтерлер» мәселесін шешуге электронды үй кітапшасының пайдасы зор болмақ. Елімізде пәтерінде тұрып жатқан адамдарды тіркемеген үй иелеріне жауапкершілік енгізілгені белгілі. Ал жауапкершіліктен жалтарғандарға көлемді айыппұлдар қарастырылған. Соның нәтижесінде тұрғындардың қоныстануының нақты көрінісі айқындалды, – деді Ішкі істер министрі.
Жаңа электронды үй кітапшасы елімізде жыл соңына дейін толық қолданысқа енгізіледі. Ең бастысы, азаматтар бұл кітапша үшін мүлдем шығындалмайды. Тегін берілетін кітапшадағы тіркелген тұрғындардың мәліметі жоғарыда айтылған «созылмалы пәтерлер» мәселесін түбегейлі шешуі тиіс. Мәселен бір пәтерде тіркелушілер саны артқан жағдайда полиция қызметкерлері назар аударып, тіркелгендердің нақты тұрағын тексеруге мүмкіндік алады.
Алайда министрдің айтуынша, соңғы кездері уақытша тіркеуді айтпағанның өзінде, тұрғылықты жерінде тіркеусіз жүрген азаматтар көптеп анықталған. Ал заңның талаптары бойынша уақытша тіркеуге тұрғандар саны 14 есеге өскен. Атап айтқанда, ондайлар 75 мыңнан 1 миллионға жеткен.
Жалпы халықтың қоныстануының шынайы деректері елді мекендерді дамытуды жоспарлау, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, әлеуметтік нысандар салу мен басқа да қызмет түрлерін ұйымдастыруда нақты жоспарлар жасауға мүмкіндік береді.
Қосарланған азаматтығы бар 600 адам анықталды
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің қосымша баяндамасында көші-қон саласында әлі де тәртіпке келтірілуі тиіс мәселелер аталды. Мәселен соңғы үш жылда шетелдіктерге қатысты 3 506 қылмыстық іс қозғалған. 2,5 мыңнан астам шетелдіктің өзі қылмыстың құрбанына айналған.
– Бұдан көші-қон қызметі тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі анық көрініп тұр, – деді Нұрлан Әбдіров.
Депутаттың айтуынша, өткен жылы қосарланған азаматтығы бар 600-ге жуық адам анықталған. Ол еліміздің Конституциясына қайшы мұндай әрекеттің алдын алу үшін біздің азаматтардың өзге елдің азаматтығын алуы мәселесі бойынша құзырлы органдар шетелдік дипломатиялық өкілдіктермен тұрақты байланыс орнату қажеттігін атап өтті.
Н.Әбдіров сот шешімімен ел аумағынан шығарылуы тиіс азаматтардың бірсыпырасы елімізден шықпай қалып отырғандығын да жеткізді. Мәселен Бас прокуратураның мәліметтеріне сілтеме жасаған депутат өткен жылы 628 тұлғаны ел аумағынан шығару туралы үкім болғанымен, 62 адам Қазақстанда қалып қойған. Өйткені жазаны орындау талабы өзгеріп, кінәлілер айыппұл төлеумен құтылып кеткенге ұқсайды.
Комитет төрағасы, сонымен қатар көші-қон полициясының аумақтық бөлімшелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстардың күшейтілуі керек екендігін жеткізді. Оның ішінде құқық қорғау органдарының өзара бірлесіп, заңсыздықтармен талдау арқылы күресуге маңыз беруі керектігіне тоқталды.
Жалпы Мәжіліс депутаттары талқыланған мәселелерге байланысты өзге де сауалдары мен ұсыныстарын айтты.
Серік ӘБДІБЕК, «Егемен Қазақстан»