• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Сәуір, 2018

Кен құтқарушыларының қызметі ерекше

736 рет
көрсетілді

Адам өміріне қауіп төндіретін мамандықтар аз емес. Оған екінің бірінің жүрегі дауалап бара бермесі де анық. Осындай мамандықтың бірі – кен құтқарушылары. Жақында «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» Шығыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур аясында жұрт көп біле бермейтін мамандық иелерінің жұмысымен жақын танысудың сәті түсті.

Шынын айтайық, «кен құт­қарушылары тек кен орнын­дағы адамдарды ғана құтқарады, бар жұмыстары – осы» деп ой­лағанбыз. Сөйтсек, ондай емес екен. Түсінікті болу үшін рет-ретімен тарқатайық.

Облыстық филиалдың баспа­сөз қызметінің жетекшісі Эль­дар Зиядан бізді Риддер жедел әскерилендірілген тау-кен құтқару взводына бас­тап әкелді. Әуелі өндірістік-жөн­деу шеберханасының жұмы­сымен таныстық. Бұл жерде құтқа­рушылар шахтаға адамдарды құтқаруға немесе өрт сөндіруге түскенде басына киетін асператор мен жер астындағы газ мөлшерін өлшейтін индика­торлық түтікшелер дайындалады екен. «Өндірістік цех 1965 жылы құрылған. Бұл – елі­міздегі аталған сала бойынша жал­ғыз зауыт. Біз газдың бес түрін дайындаймыз. Осы газдар арқылы шахтадағы ауа құрамын анықтаймыз. Бұл не үшін керек? Шахтадағы адамдардың у­ла­нып қалмауы үшін керек. Біздің өнімдерді өңірдегі кен орындарының барлығы тұты­нады. Бұрын жылына 3 миллион дана индикаторлық түтікшелер өндірілсе, қазір жылына 360 мың дана газ анықтауыш шығарып жатырмыз», дейді өндірістік бөлімнің бастығы Елена Григор.

Мұнда шахтадағы ауа құра­мын күнделікті бақылаумен айналысатын арнайы бөлім бар. Бұл бөлімнің қызметкерлері күн сайын таңғы мезгілде шахтаға барып, ондағы ауа­ны арнайы ыдысқа толтырып әкеледі. Содан кейін әкелінген ауа құра­мы мұқият тексеріліп, егер ауа құрамынан зиянды заттар анықталса шахта басшылығына ескерту жіберіледі. Бөлімнің маман­дары ауадан бөлек шахта­дағы шаң құрамы мен жер ас­тында жүретін көліктерден шы­ғатын түтіннің құрамын да тексеріп отырады.

Әрине, шахтада жұмысшылар лифті пайдаланатыны белгілі. Лифттің темір арқандардың көмегімен қозға­латыны айтпаса да түсі­нікті. Риддерде осы темір ар­қан­дарды қарап, тексеруден өткізетін арнайы бөлім жұ­мыс істейді. Бөлімнің бас мама­ны Оксана Ничаеваның айтуынша, жаңа темір арқан жы­лына бір мәрте, ал жұмыс бары­сындағы темір арқандар жарты жылда бір рет тексеру­ден өткізіледі. Тексергенде жұ­мыс істеп тұрған лифттің те­мір арқанының бір метрге жуық бөлігін кесіп әкеледі екен. Сосын оның 30 сантиметрін бөліп алып, әуелі жақсылап жу­ып, сындырып, мықтылығын тексеріп, қорытындысын айтады. «Әлі іске қосылмаған су жаңа темір арқандарды да ең әуелі біз тексереміз. Біздің рұқ­сатымызсыз пайдалануға берілмейді», дейді О.Ничаева.

Пресс-тур барысында тау-кен құтқарушыларының құтқару шаралары кезінде киетін респираторларын да көрдік. Респи­ратордың екі түрі бар екен. Бі­рімен екі, екіншісімен 4 сағат­қа дейін тыныстауға болады. Бұл құрылғыларды олар негізінен төтенше жағдайлар, апаттар орын алған кезде пайдаланады. №2 апатты құтқару отряды командирінің орынбасары Дәу­рен Дидархановтың айтуынша, әр құтқарушының жеке респираторы, арнайы киімдері мен құрал-жабдықтары бар. «Құрал-жабдықтар кез келген уақытта дайын тұрады. Мәселен, сен ұйықтап жатқан кезде дабыл түссе бірден киініп, оқиға орнына аттануға тиіссің. Төтенше жағдай кезінде жер астына жедел жәрдем өкілдері де, өрт сөндірушілер де жі­беріл­мейді. Ол жұмыстың бәрін тау-кен құтқарушылары іс­тейді.

Сондықтан әрбір құт­қа­рушының мейірбике дең­гейінде медициналық білімі болуы қажет. Уланған адамды таза ауаға жалғау, жарақат пен сынықты таңу сияқты алғашқы медициналық көмектің бәрі соның мойнында. Жер астын­дағы апатты жою өте күрделі шаруа. Шақырымға дейін созылатын дәліздер бір түйір мақтаның түтінін кеніштің бір басынан екінші басына қас пен көздің арасында таратып үл­гереді. Сондықтан өрт бола қал­ған жағдайда ең бірінші апатты аумақ оқшауланады. Ол үшін құтқарушылар бөрене тіреулер мен тақтай, тұмшалағыш маталар ала түседі. Осы арқылы олар улы түтіннің өзге аумаққа таралуын болдырмайды. Екінші кезекте зардап шегушілер құт­қарылады. Ең соңында құтқа­рушылар қызыл жалынмен арпалысқа түседі», дейді ол.

Әр шахтада құбыр толы су қоры болады. Өрт кезінде құт­қарушылар «әмбебап бұр­ғымен» әлгі құбырдың кез келген жерінен тесіп, өрт сөн­діргіш шлангаға жалғайды. Апат ауыздықталған соң ке­ніштегі ауаның құрамы қайта тексеріліп, содан кейін ғана жұмыс жалғасады. Ал кеніштің төбесі опырылған жағдайда бірнеше тонналық үйіндіден адам денесін аршу, бұрыш-бұрышқа жан сауғалап кеткен кеншілерді іздеу, олар үшін бітелген дәлізден жол қазу, жараланғандарын зем­білмен тасу да – тау-кен құт­қа­рушыларының жұмысы. Олардың дайындықтары да өзгеше. «Диномометр» деп аталатын елу градустық ыстық бөлмеде 20 кило темірді көтеріп жаттығады. Бұл – біз куә болған бір сәт қана.

Тау-кен құтқарушысы Манар­бек Мұқанов осында 20 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт мұғ­дарында әріптестерімен бірге 100-ден астам адамды құтқар­ғанын айтады. «Жер астында жұмыс істеудің өзі бір қауіп болса, сондағы жұмыскерлерге қауіп төнгенде қастарынан табылып, жандарын аман сақтап қалу да өте күрделі шаруа. Мұны осы жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген тау-кен құтқарушылары ғана түсінетін шығар. Жүйкеге салмақ түсір­ген сәттер аз болған жоқ. Мәселен, осыдан 7-8 жыл бұрын Быс­трушинский кенішінде үлкен өрт болды. Сонда біздің бір әріптесіміз қатты құлап, белін сындырды. Көк түтін. Түк көрінбейді. Алып шығуға ғана шама келді», дейді ол.

Статистика бойынша әрбір мың тонна көмір үшін бір кенші өмірін қияды екен. Ал сол кеншілерді құтқарамын деп өз жандарын құрбан еткен құтқарушылар да бар. 2016 жылы Жезкент маңындағы Орлов кенішінде қайғылы оқиға орын алады. Тау-кен құтқарушылар С.Аухадиев пен Т.Асылбеков өрттен бой тасалаған кеншіні тауып, тысқа беттеген кезде, кенет ауа баптағыш іске қосылып, шахтадағы 50 градус ауа қапалақтың әсерінен 150 гра­дустық ыстыққа айналып, кеншімен бірге екеуі де тірідей қақталыпты. Былтыр Жезкентте сол боздақтарға арнап ескерткіш тақта орнатылыпты.

Бір байқағанымыз, жұмыс­тары қауіп-қатерге толы кәсіп иелері қазіргі уақытта ел қатарлы 63 жаста зейнеткерлікке шығады екен. Бұрындары әскерилер сияқты 45 жастан зейнетке шығыпты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы

Суретті түсірген Талғатжан МҰХАМАДИЕВ