Кеше Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Жогорку кенештің ел үкіметіне сенімсіздік білдіруіне байланысты Қырғызстан үкіметін отставкаға жіберді. Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес министрлер кабинетінің жаңа құрамы жасақталғанға дейін премьер-министр, оның орынбасарлары мен үкімет мүшелері бұрынғы қызметтерін жалғастыра береді.
Бұған дейін де үлкенді-кішілі саяси оқиғалар қырғыз елінде қар кетіп, ауа райы жылына бастағанда көрініс бергені белгілі. Биылғы көктемде де солай болды... Таратып айтсақ, бұған дейін ел парламентіндегі оппозициялық үш фракция – «Республика-Ата Жұрт», «Ата Мекен» және «Онугуу-Прогресс» партияларының депутаттары премьер-министр Сапар Исаков үкіметінің 2017 жылды қорытындылаған есебіне қанағаттанбайтындарын мәлімдеген еді. Ал осының алдында ғана парламентте көпшілік мандатқа ие Социал-демократиялық партиясы мен «Қырғызстан» фракциясының депутаттары үкіметтің өткен жылдың қорытындысы туралы осы есебін қанағаттанарлық деп бағалаған-ды.
Отставкаға кеткен С.Исаковтың үкіметі 2017 жылдың 26 тамызында ғана қызметтеріне кіріскен болатын. Экс-премьер үкімет құрамын парламенттегі көпшілік коалициясына кіретін Социал-демократиялық партиясынан, «Бир бол» және «Қырғызстан» фракцияларынан жасақтаған еді. Айта кетейік, С.Исаковқа дейін Қырғызстан үкіметіне қазіргі президент С.Жээнбеков басшылық еткен-ді.
Ел үкіметіне сенімсіздік білдіру мәселесін парламент отырысының күн тәртібіне «Республика-Ата Жұрт» фракциясының жетекшісі Жыргалбек Турускулов шығарған. Қырғызстандық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, аталған мәселені алдымен Жогорку кенештің конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент жөніндегі комитеті парламентте азшылықты құрайтын оппозициялық фракциялардың үкіметке сенімсіздік білдіру туралы мәселені талқылауға шығаруын қолдаған. Бұл мәселені, сондай-ақ салалық комитеттер де, депутаттар да қараған екен.
Ал отырыста дауыс беруге қатысқан 106 депутаттың 101-і үкіметке сенімсіздік білдіруді қолдап дауыс беріпті. Бес депутат бұған қарсы болған. Сөйтіп ел сенімінен шыға алмаған С.Исаковтың үкіметі сегіз айдан соң отставкаға кетті. Әсілі Қырғызстан конституциясының 85-бабы бойынша Жогорку кенеш депутаттардың үштен бірінің бастамасымен үкіметке сенімсіздік білдіру мәселесін қарай алады. Сенімсіздік білдіру туралы қаулы жалпы депутаттар санының жартысынан көбі дауыс берген жағдайда қабылданады. Осы тұста атап өтейік, үкіметке сенімсіздік білдірген соң президент үкіметті отставкаға жіберуге немесе парламент шешімімен келіспеуге құқығы бар.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков парламенттің шешімімен келісті, үкіметті отставкаға жіберді. Президенттің үкіметті құруды кімге тапсырғаны жөнінде қазірге ақпарат жоқ. Болашақ премьер-министрдің аты-жөні көп кешікпей белгілі болып қалар.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»