Түркия Президенті Режеп Тайиып Ердоған елде кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлау өтетінін мәлімдеді. Ол Ұлттық қозғалыс партиясының басшысы Девлет Бахчелимен кездескеннен кейін осындай шешім қабылдаған.
Президенттік сайлау келер жылы өтуі тиіс болатын. Алайда мемлекет басшысының шешімімен іс-шара 2018 жылдың 24 маусымына жоспарланып отыр.
«Біз Бахчели мырзаның ұсынысын жан-жақты талқыладық. Бұл өтінімге оң жауап беру ретінде сайлауды ертерек өткізуді ұйғардық. Кезектен тыс сайлау Түркияның ішкі және сыртқы мәселелерінің күшеюі барысында кездесетін кедергілерді жоюға көмектеседі», деді Р.Ердоған.
Hurriet Daily news агенттігінің пайымдауынша, президенттік модельге көшуде алдағы сайлаудың маңызы зор. Ал мемлекет басшысының пікірінше, мерзімінен бұрын сайлау өткізу ел болашағы үшін қажет.
«Президент пен үкімет барынша ынтымақтаса жұмыс істегеніне қарамастан, ескі жүйе әр қадам сайын алдымыздан шыға береді. Сириядағы және басқа аймақтардағы жағдайдың өршуі жаңа басқару жүйесінің қажеттілігін көрсетті. Сондықтан еліміздің болашағы үшін нақты қадамдарға баруымыз керек», деді Р.Ердоған халыққа үндеуінде.
Бірінші айналымда 50 пайыздан астам дауыс жинаған кандидат жеңімпаз болып саналады. Егер ешбір үміткер бұл межені бағындыра алмаса, көп дауыс жинаған екеуі екі аптадан кейін екінші кезеңде сайлауға қайта түседі.
Әзірге Әділет және даму партиясы (АКП) мен Ұлттық қозғалыс партиясының альянсы атынан сайлауға кім түсетіні ресми айтылған жоқ. Алайда Түркия бұқаралық ақпарат құралдары да, батыс медиасы да қазіргі президент Р.Ердоғанның кандидат атанатынына сенімді. Алда-жалда ол сайлауда жеңіске жетсе, елді 2023 жылға дейін басқарып, екінші мәрте қайта сайлану құқығына ие болады.
THE TELEGRAPH Серж Саргсян премьер-министр болып тағайындалды
Ұлттық жиналыстың арнайы жиынында Арменияның бұрынғы президенті Серж Саргсян премьер-министр болып тағайындалды. Оны қолдап 77 депутат дауыс берсе, 17-сі қарсылық білдірген.
Бұған дейін 2015 жылы Арменияда конституцияға өзгерістер енгізіліп, ел басқару президенттік биліктен парламенттік жүйеге ауысқан болатын. Соған сәйкес премьер-министр ел тізгінін ұстайды. Ал президент жеті жылға ғана сайланады.
Айта кету керек, С.Саргсян 2008-2018 жылдары Арменияның президенті қызметін атқарған болатын. Жаңа президент болып Армен Саркисян тағайындалды. С.Саргсянның премьер-министр ретінде сайлануы іс жүзінде оның ел тізгінін уысынан шығармағанын көрсетеді.
Билік жүйесінің өзгеруі мыңдаған адамның шеруге шығуына түрткі болды. Олар ел астанасы Ереванның орталығында наразылығын білдіріп, үкімет ғимараттарына кіруге мүмкіндік бермеген.
Оппозиция басшысы Никол Пашинян «бейбіт барқыт революциясына» шақырып, өз жақтастарын бүкіл елде революциялық әрекетке үндеді. Сейсенбі күні орталық алаңға қырық мың адам жиналған еді. Мұндай үлкен көлемдегі шеру Армения тарихында бұрын-соңды болмаған. Әйтсе де күн өткен сайын наразылық білдірушілердің қарасы азайып келеді.
The Telegraph газеті шерушілер қазіргі биліктің түбегейлі өзгеруі қажет деп талап қойғанын айтады. Билік өкілдері шерудің заңсыз екенін алға тартып отыр. Олар таратқан ақпаратқа қарағанда, кейбір белсенді топ өкілдері ұсталған көрінеді.
Армениядағы жағдайға байланысты сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Бірі Серж Саргсянды айыптаса, келесісі шеру ұйымдастырушы Никол Пашинянның әрекеті негізсіз екенін айтып отыр.