• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 20 Сәуір, 2018

Қалибек Дерібсалдин: «Ұлттық бояуы жоқ болса, оны қазақтың әні деме»

930 рет
көрсетілді

Қостанайда әншіні де, әнсүйер қауымды да қуантқан бір  жиын өтті. Әнші-композитор Қалибек Дерібсалдиннің әндерін орындаушылардың «Көктем-қыздар» республикалық ән байқауының қорытынды гала-концертіне жиналған жұрт облыстық филармонияның залында иін тіресіп отырды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына орай өткізілген бұл байқауда шырқалған әндер әр тыңдаушының, көрерменнің көңілін толқытты. Онда тек Қалибектің ғана емес, қазақтың ән әлемін асыл шығармалармен байытқан Торғай топырағы таланттарының да әндері қостанайлықтардың сусынын қандырды. Ал бұл   белгілі композитор,   Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, бірнеше республикалық байқаулардың  жеңімпазы  Қалибек ДЕРІБСАЛДИННІҢ  өз бастамасы болатын.

– Қалибек Дерібсалды­ұлы,­­ өзіңіз тыңдарман алдында есеп бергендей  болған байқау көңі­ліңізден шықты ма?

– Алдымен, осы байқаудың өтуіне басты себепкер өзім емес,  Елба­сының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласы дер едім. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл мақаласының қуаты да, маңызы да өте мықты ғой. Онымен танысқанда  мейірі қанып, қуанғаннан тақиясын аспанға атпаған қазақ болмаған шығар. Соның бірі өзім едім. Осы мақа­ланың  бір жылдығына орай облыстық мәдениет басқар­масының мамандары  маған ән кешімді   немесе менің ән­де­рім­ді орындаушылардың бай­қауын өткізуге ұсыныс жасады. Таңдауым  менің әнде­рімді орындаушылардың респуб­ликалық байқауын өткізуге түсті. Бі­рақ байқаудың  шартына келгенде мен өз ұсынысымды да айттым. Байқауға қатысқан әншілер менің бір әнімді айтуы, ал екінші әнді Қостанай-Торғай өңірінен шыққан Бақытжан Байқадамов,  Әбілахат Еспаев, Болат Хамзин, Бақытжан Сәуекенов секілді композиторлар шығармаларынан таң­дауы керектігін айттым. Солай өтті де. Өйткені мен қазақтың классикалық әндерін жазған Ахмет Байтұрсыновтан бастап, Бақытжан Байқадамов, Әбілахат Еспаев, Болат Хамзиндердің  ізін жал­ғастырғаныма шүкірлік ететін адаммын. 

Байқауда белгілі композитор, профессор Ермұрат Үсенов бастаған, профессор Бейбіт Дәл­ден­­бай,  белгілі әнші Ғазиза Жұмекенова,  эстрада әншісі  Есет Сәдуақасов, Қостанай облыстық филармониясындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің дирижері Назымбек Молдахметов мүшесі болған қазылар алқасы таразылады. Жамбыл облысынан келген күміс көмей әнші Жанатбек Қадіров бас жүлдені алып кетті. 

Ұлттық бояуы қанық, қазақ дала­сының өзіндей кең тыныс­ты әндерді қостанайлықтар сах­надан тағы бір тыңдасын деген ойым орындалды.  Бұ­рынғы компо­зиторларымыздың ерек­шелігі сол,  олардың  әндері тек сахнадан ғана орындалмайтын, жалпы жұрт шырқайтын. Соң­ғы жылдары Бақытжан, Әб­лахат, Болат ағаларымыздың ән­дері тым сирек естілетіні белгілі. Ал олардың әр әні біз­дің ұлттық қа­зынамыз екенін ұмытпауымыз керек.

– Енді өз шығарма­шылы­ғыңызды  айтсақ. Сіздің де ән­деріңіз Торғай-Қостанай өңі­ріне кең тарады, қа­зақтың бел­гілі әншілерінің репертуа­рына енгені де  аз емес. Қай әніңіз сіз­­ді композитор етті? 

– Жиырма жасымнан бүгін, міне, алпыстың ортасына келгенге дейін  ұзын саны 150 ән жазыппын. Қазақ вальсінің королі, қазақ әнінің төресі Шәм­ші Қалдаяқов та барлығы 400-дей ән жаздым деген, жақында бір ақ­параттан білдім, Шәмші ағаның  бүгінде 50 шақты шығармасы орындалады екен. Шәмшіден әулие емеспін ғой,  менің де барлық әнім орындалады деп айтпаймын. Соның ішінде  «Көктем – қыздар», «Ерке құсым», «Сен мені түсінесің бе?», «Айлы түн­де», «Адамдар, аққуларды ат­паң­даршы», «Қайдасың, аңса­ғаным?!» атты лирикалық ән­дерім жиі орында­лады. Бөле-жа­ра айтпаймын, елге ұна­­ған қай әнім де мені композитор етк­ен.  Оның сыртында балаларға ар­нал­ған әндерімді балалардың өнер ұжым­­дары орындап жүр. Өткен жы­лы республикалық «Елім менің» бай­қауында Аста­на­дағы «Айналайын» балалар ансамблінің «Шексіз алғыс сіз­дерге» деген жетім балаларға арнап жазған әнім екінші орын алып келді.   Гүлмира Жан­келді­қызы жетекшілік ететін осы ансамбль менің «Өрімталдар жы­ры» деген әніммен Түркияда өткен халықаралық балалар ән байқауының   бас жүлдесін же­ңіп алған  болатын. Алматы мен Астанада, Қостанайда және Қа­зақ­станның бірнеше облыс ор­талықтарында бірнеше рет  жеке концертімді бердім. 

– Балаларға арнап жазған әндер негізінен туған жерге, Отан­ға, ерлікке, елге арн­а­лып, жас ұрпақты патриот­тық сезімге тәрбиелеуге қыз­мет­­­ етеді. Ал жалпы қа­зір па­т­­­риоттық әндердің жазы­луы қалай? Өз шығар­ма­шы­лығыңызда оларға орын бар­ ма?

– Патриоттық әндерді марш екпінді, әскери немесе ресми басқосуларда айтылатын ән­дер деп түсінетініміз бар. Па­триот­тық әндерді қазақтың қай композиторы да жазған. Арысын айтпағанда, Шәмші ағамыздың Қазақстан қалалары туралы әндерінің өзі бір төбе емес пе? Мен осы кезге дейін екі кітап, бір диск шығардым. Бірінші кітап «Тор­ғай әуендері» деп аталады. Онда Торғай өңірінен шыққан 35 сазгер-композитордың шығар­маларын топтастырдым. Ал екін­ші кітап «Тобыл-Торғай әуен­дері» деп аталады. Оған Қостанай-Торғай өңірі, оның тамаша табиғаты,  қалалары, өзен-сулары туралы жазған қазақ ком­позиторларының әндерін жинақтадым.  Кітапқа Шәмшінің «Арқалықтың ақ таңы», Әсет Бейсеуовтің «Арайлы Арқа­лық», Болат Хамзиннің «Торғай қызы», Ескендір Хасанғалиевтің «Қостанайым» және басқа да авторлардың,  өзімнің туған жер туралы жазған әндерім енді. Бұл әндердің барлығы да ту­ған жерді, елді, ұлтты дәріп­тей­ді. Осылардың барлығын па­триоттық ән деп қалай айт­пайсың? Бірақ оларды бүгінгі әншілеріміз жиі орындамайды. 

Айтайын дегенім, менің бү­гінгі әншілерге өкпем бар. Ән­шілер мен күйшілердің  парызы да, қарызы да –  халық әні, күйі болсын, композиторлар шығармасы болсын, қазақ  әні мен күйін нақышына келтіріп орындау, соны насихаттау болуы керек. Қазір  әншілер ән, күйшілер күй жазатын болды. Оның сапасы болса бір сәрі. Бүгінгі эстрадада орындалатын әндердің қазақы, ұлттық бояуының көмескіленіп бара жатқандығы аз айтылмайды.  Кейінгі, кім көрінген жазатын әндердің сахнада ғана айтылатыны да сондықтан. Оны тыңдарман сахнадан тыңдайды да, бірақ әуенін сол жерде ұмы­тады. Ондай әндерге Абай ата­мыз­­дың «Құлақтан кіріп, бой­ды алар, жақсы ән мен тәтті күй» деген сөзі жүрмейді. 

– Сіз Бақытжан Байқадамов­тың, Нұрғиса Тілендиевтің, Ер­кеғали Рах­мадиевтің, Әсет Бей­сеуовтің батасын ал­­ды­ңыз. Олар сіздің жас талант еке­ніңізді танып, қамқор­лығын да көрсетті. «Ел іші – өнер кеніші» де­гендей, бүгінгі талантты жас­тарға сіз қалай қарайсыз? 

– Менің бойыма өнер дәні Торғай­дың құнарлы топыра­ғынан, анамның сүтімен дарыған болуы керек. Анам ән айтқан екен, Нұрқан Ахметбековтің қасында жүріп, өнер көрсеткен екен.  Ал өнер­де  ұстаздарым жетеледі. Бала ке­зімде қолыма домбыра, баян ұстатқан Қазақстанның  ха­лық ағарту ісінің үздігі, ұс­тазым Аманбай Мұқышев ағайымды қалай ұмытамын? Ол Амангелді ауда­нын­дағы ба­лалар  көркемөнерпаздар  ұжым­дарына жетекшілік еткен еді.  Содан кейін Әсет Бей­сеуовті басты ұс­­тазым деп бі­лемін. «Торғайдың осы қара ба­ласынан бірнәрсе шығады» деп отыратын. Бақытжан Бай­қадамов консерваторияға түсуіме қамқорлық жасаған кісі. Нұрғиса Тілендиев, Ерке­ғали Рахмадиев се­кілді ірілер әнімді тыңдап, ба­тасын, бағасын бергені рас. Бұл менің шығармашылық жо­лымдағы бақытымның бірі бол­ған сәттер. Өзім де шәкіртсіз емес­пін. Ән жазып жүрген  жастар Жанат Теміровадан, ағамның ұлы Жарқынбек Дерібсалдиннен, әнші Азамат Мұқатовтан үміт күтемін,   ба­ғыт-бағдар сілтеп отырамын.  Торғайдың қасиетті даласы бойы­мызға өнер дарытты, оны дамытты да. Қазір ауылда, ел арасында таланттар­ жетеді. Бірақ біздің жас кезіміздей емес, олардың жарыққа шығуы қиын. Қа­зір  олар үшін   өнерін насихаттау да,  бойындағы  жыл еткен шоқты үр­леу, көрсету қар­жыға түседі. Оны екінің бірі шы­ғара алмайды.  «Үйдегі баға­ны базардағы нарық бұзады» де­ген ғой.  Ал шығарманы адам жас кезінде өндіріп жазады.   Жас­тардың уақытында білім алуы, өзінің өнерін дамытуы үшін қандай да қамқорлық қажет-ақ. Нақ шыным осы. 

– Әндеріңіз қалықтай бер­­сін, шаршамаңыз. 

Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ