Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры осыдан бір жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында республикалық "Ел тарихы-Жер тарихы" драмалық шығармалар байқауын жариялаған болатын.
Жақында байқаудың қорытындысы шығып, салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздар анықталды. Байқауға қатысқан шығармаларды талдап, әділ бағаларын классик жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков, «Өнертану» ғылымдарының кандидаты, театр сыншысы Анар Еркебай мен ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін берді. Айта кететін жәйіт, мұндай драмалық шығармалар байқауы театрдың ұйымдастыруымен алғаш рет өткізіліп отыр. Байқауға жалпы саны 8 драмалық шығарма қатысып, оның 6 марапатталды. Бақ сынасқандар ішінде Алматы облысынан, Алматы, Семей, Өскемен қалаларынан қаламгерлер болды.
Көрерменнің сана-сезімін сөз бен әрекет арқылы бірнеше сағат баурап, көзін сахнаға қадалтар қарекет, жандүниесін тебіреніске түсірер қақтығыс табу - қиынның қиыны екені белгілі. Дегенмен де Дулат Исабеков төрағалық еткен байқауға қатысқан қаламгерлердің қабілет-қарымын қазылар алқасы жоғары деп бағалады. Байқаудың атауымен талаптарына сәйкес пьесалар Жетісу өлкесінде болған тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар жайында жазылған. Көркемдік, мазмұндық деңгейіне қарай ең үздік деп танылған драмалық шығарма Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналып жазылған Қолғанат Мұраттың «Орбұлақ» тарихи драмасы болды. Бас жүлдені иеленген бұл шығарма арнайы дипломмен 700 000 теңге ақшалай сертификатқа ие болды. Сондай-ақ 1-ші орын Ұлпан Тоқаева, 2-ші орын Зәмзәгүл Сарноқасова, 3-ші орын Алишер Айтуар сынды жас қаламгерлерге бұйырды. Мұса Жанәділов пен Айжарық Сұлтанқожа сынды қаламгерлер белсенді қатысқаны үшін дипломымен 100 000 теңге ақшалай сертификаттар алды. Және ең маңызды жаңалық Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының әдеби қоры су жаңа, әлі сиясы кеппеген 6 драмалық шығармамен толығып, бас жүлдені иеленген «Орбұлақ» тарихи драмасы келер жылы театрда қойылады.
Осындай нәтижемен аяқталған бұл байқау келер жылы да өз жалғасын табады деген үміттеміз. Қазақ әдебиетінің қоры тарихи шоқтығы биік туындылармен толығып, сахна арқылы халыққа жетсе, нағыз рухани жаңғыру сол болса керек-ті.
Мұрат Қолғанат, бас жүлде иегері:
- Бір жыл бойы Жетісудың бай тарихын, мықты тарихи тұлғаларын біраз зерттеп, Орбұлақ шайқасы туралы жазайын дедім. Неге? Себебі мұндай ірі тарихи оқиғалар театр арқылы, кино арқылы болсын жаңғырып, жас ұрпақтың санасына жазылу керек. Тәуелсіздігімізге әсер еткен тарихи-саяси оқиғалардың ең маңыздылары осы қасиетті Жетісуда болған. Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына тарту етіп отырған бұл шығарманы жазу үшін ізденіп, ғылыми зерттеулерді оқып түсінгенім, келер ұрпағы үшін қан кешіп, бейбіт заман үшін жан берген батырларымыздың орасан еңбектері, тарихи оқиғалардың маңыздылығы, бағасы халыққа толық жетпей, ескерусіз қалып жатады. Сондықтан да мұндай тарихи оқиға сахна арқылы халыққа, жас ұрпаққа жетсін деген мақсатта жаздым. Бас жүлде аламын деп ойламадым. Әділ қазылар алқасына, Алматы облысы әкімдігіне, облыстық Мәдениет басқармасына, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының ұжымына шексіз алғысымды білдіремін.
Моншақ БЕКАЙДАР.
Талдықорған қаласы.