• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2018

Иманжүсіптің ұрпағы Әулиеатаға келді

686 рет
көрсетілді

Қазақ тарихында қара түспен жазылатын отыз жетінің ойраны ұрпақтар жадынан ұмытылмақ емес. Елдің талай игі жақсыларын итжеккенге айдап, тектілерін түрмеге тоғытып, алыптарын оққа байлаған қанды қырғынның салқыны ел есінде. Еліміз егемендік алып, өшкеніміз бен өлгенімізді түгендеген сәтте ұлт рухын көтерген, алайда сол үшін жазықсыз жапа шеккен арыстарымыз ортамызға қайта оралды.

Солақай саясаттың кесірінен жазаға ұшыраған азаматтарды еске алу мақсатында Жамбыл облы­сының мемлекеттік архи­він­де саяси қуғын-сүргін құр­­­бан­дары ұрпақтарының қа­­ты­суымен «Қасіретті жыл­дар­дың ызғары» атты дөң­ге­лек үстел өтті. Аталған ша­ра­ға әй­гілі Иманжүсіп Құтпа­нов­­тың немересі, философия ғы­лымдарының докторы Рау­шан Иманжүсіп Астана қала­сынан арнайы келіп қаты­сып, тарихи тұлға жөнінде әңгімеледі. Қазақ руханиятын­да айтарлықтай орыны бар ақын әрі балуан Иманжүсіптің қу­ғында жүріп, өмірінің соңғы сәтінде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылында болғанын, сонымен қатар Иманжүсіптің тұяғы, өзі­нің әкесі Нұрхан Иман­жү­сіп­ұлының Өзбекстанның На­манган қаласындағы балалар үйінде өткен тағдыры туралы әңгімеледі.

Бұдан бөлек, аталған шара­ға қатысушы азаматтар да өз­дерінің естеліктерімен бөліс­ті. Кезінде Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшы­сы­ қызметінде жүріп саяси қу­ғын-сүргін құрбаны болған Сақып­керей Құрамысовтың ұлы, бұл күнде Жамбыл облы­сының құрметті азаматы Ша­пай Құрамысов әке туралы тебірене сөз қозғады. Ал отызыншы жылдары былғары за­уытының қызметкері бола жү­ріп бай ретінде қудаланған Сатыбалды Итеновтің қызы, «Алтын алқа» иегері Тоқтакүл Арқабаева, Тұрар Рысқұловтың үзеңгілесі болған, аштыққа қар­сы күресте белсенділік та­ныт­қаны үшін құрбан болған әулие­аталық азамат Жүнісбек Дүрімбетовтің немересі Марат Дүрімбетов, сонымен қатар Социалистік Еңбек Ері, кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, елуін­ші жылдары КарЛаг-та азапты күндерді басынан кешкен Дариға Жантоқованың келіні Сәуле Иманбердиева сияқ­ты азаматтар естелік айтып, жазықсыз құрбандарды есте сақтау үшін атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Осы орай­да өлкетанушы Мәскеу Ноқ­рабеков, Қазақстанның құр­метті журналисі, жазушы Мақұлбек Рысдәулет және архив ардагері Сатыбалды До­сым­беков архив деректеріне сүйене отырып өз ойларымен бө­лісті.

Қызыл империяның солақай сая­са­тының кесірінен отызыншы жылдары елімізде 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраса, олардың 25 мыңнан астамының атылғаны белгілі. Ал, Әулиеата өңірінен «халық жауы» деген жалған жаламен 5 мыңнан астам адам жазаға тартылып, оның ішінде 845 адам атылған. Олардың қатарында Қабылбек Сарымолдаев, Сыдық Абла­нов, Мақсұт Жылысбаев, Әшір Бүркітбаев, ағайынды Нұр­­шановтар сияқты белгілі азаматтар да болған. Ал белгілі экономист, академик Түймебай Әшім­баев, Социалистік Еңбек Ері Дариға Жантақова да сол уақытта қуғынға ұшырап, кейін көзі тірісінде ақталған азаматтар. Бұл күнде Жамбыл облыстық мемлекеттік ар­хи­ві­­­нің қызметкерлерінің құ­растыруымен ашаршылық қасіретін қамтыған «Жан қай­ғы» және сталиндік террор құр­бандарына арналған «Жа­зықсыз жазаланғандар» атты кітаптар жарық көрген.

Аталған дөңгелек үстелге архив құжаттарының арнайы көрмесі әзірленді. Құжаттар көр­месінде архив қорында сақ­таулы Тұрар Рысқұлов пен оның үзеңгілестерін «ха­лық жауы» ретінде айыптау өкім­дері мен тұтқынға алын­ған­дардың анкетасы қойыл­ды. Сонымен қатар бір­қатар аза­маттардың партия құжат­тары арасынан алынған ақталу туралы құжаттары да осы көр­меден орын алды.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы