Алматы қаласынан 40 шақырым жерде Жаңалық атты ауыл бар. Облыстың Талғар ауданына қарайтын осы ауылдың аумағында 1930 жылдары болған «қызыл террордың» құрбандары жерленген.
Әсілі, «жерленген» деген жай сөз ғана. Өйткені, ауыл маңында қазба жұмыстарын жүргізгендер әлі күнге дейін адамның қаңқа сүйектерін тауып алуда. Бұл сол кезде жүздеп, мыңдап атылған саяси құрбандардың мүрдесін көлікке тиеп, Жаңалыққа жете бере көрінген шұңқырғ аударып, көме салғанын айғақтайды. Кейбір деректерде 4 мыңнаннан астам жазықсыз жанның жүзін Жаңалықтың топырарағы жасырған екен...
Қазір ауылда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал бар. Бұл Алматы аймағындағы аштық пен зұлматтан қаза болғандардың рухына тәу етіп, еске алатын жалғыз орын десе де болады. Мегаполистің өзін де аштық құрбандарына ескерткіш былтыр ғана ашылған еді. Өкініштісі, өңірде аштық пен «қызыл террордан» зардап шеккен ұрпақтың қасіретін бейнелейтін мүзей немесе арнайы орталық әлі күнге дейін ашылар емес. Әуелгі де, осыдан 20 жыл бұрын сондай бастама болыпты. Жаңалықтан арнайы жер де бөлінген. Бірақ, іс белгісіз себептермен кейінге шегеріле берген. Бұл туралы бізге қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мен еске алу ісімен айналысып жүрген «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғарифолла Әнес қынжыла отырып айтқан еді.
- Жаңалық ауылындағы құрбандардың басын көтеріп, қасіреттің зардабын әйгілейтін музей салуды 20 жыл бұрын айтқанбыз. 17 гектар жер бөлінген. Мәселе қаржыға келгенде әкімдердің кежегесі кейін тартып, түрлі сылтау айтатын. Биылға дейін солай болып келді. Мемлекет Басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жаоық көргеннен кейін Алматы облысы осы бағдарламаның шеңберінде бізге арман болған музейдің құрылысын қолға алды. Бұл тағзым үйі Астанадағы, Қарағандыдағы музейлер сияқты жас ұрпаққа аштық пен репрессияның қаншалықты қанды оқиға болғанын әйгілеп тұратын болады, - дейді Ғарифолла Әнес.
Бұйырса, биыл Жаңалық аулындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстарына 288 млн теңге қаражат бөлінген. Музейдің жалпы аумағы 535 шаршы метрді құрайды.
- Музейдің экспозициялық залында Ұлт қайраткерлері туралы материалдар қойылып, осы жерде жерленген 4 мыңнан аса саяси-қуғын сүргін құрбандарының аты-жөндері тас тақтаға ойылып жазылатын болады. Аталған тізімнің сыртында ғылыми іздестіру жұмыстары нәтижесінде Алматы облысында қуғынға ұшыраған 3000 адамның тізімі табылды, бұл тізім ақпараттық киоскіге енгізіледі, - дейді Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы