• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Маусым, 2018

Қараусыз қалған мұнай ұңғымаларынан қатер көп

730 рет
көрсетілді

Жаман айтпай жақсы жоқ, қапыдан келген қауіп теңіздегі тіршілікті бір-ақ сәтте тас-талқан етуі мүмкін. Ал біз айдын судың тазалығын қаншалықты сақтап отырмыз? Мысалы, теңіз деңгейі көтерілген тоқсаныншы жылдары мұнай ұңғымаларының біразы су астында қалды. Ескі, қараусыз ұңғымалардың нақты саны мен орналасқан жерлері жайлы әлі күнге нақты ақпарат айтылмайды. Су астында жатып тозған темірлердің залалын зерттеп жатқан кім бар? Мұнайлы өңірде, құрлықта иесіз қалған ұңғымалар да кездеседі. Алдыңғы жылы солардың бірінен май ағып, қоршаған ортаға залал келді. Ал біз «өндіріс иесі табылмады» деген желеумен жауырды жаба тоқып, қоя салдық... 

Атырау облыстық эколо­гия департаментінің басшысы Қабижан Қапановтың айтуынша, қазір аймақта 90 апат­ты жағдайдағы ұңғыма бар, оның 88-і жер қойнауын пай­даланушылардың келі­сім­шарт­тық аумағында, екеуі мемлекет қорында. 88 ұңғыманың 13-і жойылып, 61-і қауіпсіз деп танылған. 14 ұңғыма жойылуға жатады. Ал мемлекет қорындағы екі ұңғыманың біреуі ғана жойылды. «Нақты қай жерде қанша ұңғыма бары белгісіз, сондықтан зерттеу жұмыс­тары жүргізілуі ке­рек», дейді облыстың бас экологі.

Гидрогеологиялық өздігі­нен төгілетін ұңғыма­ларға қатысты да жайттар бар. 2002-2009 жылдары бюджет есебінен осындай 48 ұңғыма жойылған. 2010 жылы 180 апатты жағдайдағы гидрогеологиялық ұңғыма бары, оның 123-і иесіз екені анық­талған еді. Биылдан бас­тап Инвестициялар және даму минис­трлігі жылына 15-20 ұң­ғымадан жо­йып отыруды қолға алыпты. Энергетика министрлігі келісімшарттық аумақтар­да бұр­ғыланған ұңғымаларды балансқа алу бойынша жұ­мыстар жүр­гізуде. Шыны керек, мұнай ұңғы­малары­ның алаңдатарлық ахуалы жайлы талай мінберде айтылып келеді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Астанадағы алқалы жи­ын­дарда да осы мәселені кө­терген. Қарекетсіз де емеспіз, бі­­рақ апат айтып келмейтінін ес­­керсек, теңіздегі тыныштықты бұ­­зып алмау үшін бұл мәселеге аса сақтықпен қарау керегі тағы бар.

Ауа ластағандар айыппұлмен құтыла бере ме?

2 сәуір мен 19 мамыр ара­лығында облыстық экология департаментінің мамандары «Қазгидромет» орта­лығының қызметкерлерімен бірлесіп, Атырау қаласындағы ауа сапасына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде күкіртсутегі шекті мөлшерден асқан 92 дерек тіркелді. Әсіресе ел ара­сында «Сасықсай» аталып кеткен бу­лану алаңы ауа лас­таушы заттардың қайнар көзі болып отыр. Қызық болғанда, экологтер Атырау мұнай өңдеу зауы­тынан зиянды заттардың шекті деңгейден асу дерегін таппағандарын айтады. «Бұрын бізде газ анализаторлары болған жоқ, енді алынды. Зауыттағы тексеру нәтижелері бойынша АМӨЗ басшылығына шы­ғарындыларды азайту үшін қайда және қандай жаб­дықты орналастыру керек­тігі туралы ұсынымдар жол­да­­дық. Олар орындамады, енді сот ше­шімін күтеміз», дейді Қабижан Қапанов.

Әрине мұнай мен газдың ауқым­ды қоры бар өңірде ел игі­лігін есе­лейтін жақсы-жақсы жобалар жүзеге асып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ең басты құндылығы адам мен оның денсаулығы деп білетін ел үшін қауіпсіздік мәселесі қашанда күн тәртібінен түспеуі тиіс. Облыстың бас экологі «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Атырау су арнасы», «Батыс Пет­ролеум», «PetroExport», «Атырау жылу электр орталығы», «Вест Дала», «Арнайы автоба­за», «ҚазТрансОйл» АҚ Ба­­тыс бөлім­шесі секілді кәсіп­орын­­дар­дың мұнайлы аймақтың ауа­сын ластауға «зор үлес қосып отырғанын» жасырмады.

Департамент тарапынан өткен жылы 182 тексеру жүр­гізіліп, елдің экологиялық заңнамасын бұзудың 346 дерегі тіркелген. 277 әкімшілік іс қозғалды. 580 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Аз ақша емес, бірақ ол қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыра ала ма?..

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ