• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Маусым, 2018

Түркілік сананы жаңғыртатын форум

486 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған Халықаралық III «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумы өтті. Жиынға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Сондай-ақ басқосуға Түркия прези­дентінің кеңесшісі Айгүн Аттар, Қырғызстан президентінің кеңесшісі Султан Раев, Моң­ғолия Ғылым академиясының прези­денті Рэгдэл Дүгэриин, халық­ара­лық ұйымдар басшылары, дип­лома­тия­лық корпус, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғам қайраткерлері және көрнекті ғалымдар қатысты.

Мемлекеттік хатшы құттық­тау сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біздің қасиетті жері­мізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Да­ла­ның ұрпақтары деп атаған. Біз – солар­дың жалғасымыз, Ұлы Дала­ның мұ­рагерлеріміз», деген сөзіне тоқтал­ды.

Г.Әбдіқалықова Халықаралық «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылым­­дар форумының адамзат дамуын­­дағы Түркі әлемінің орны мен мәде­ни-рухани құндылықтары, жаһан­­дық және аймақтық өзекті мәселелер талқыланатын интеллектуалды сұх­бат алаңы мәртебесіне ие болғанын айтты.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық саясаттағы тегеурінді тұлғасын, түркі әлеміндегі жетекші­лік рөлін, «Рухани жаңғыру» жобасын­­дағы идеяларын кеңінен насихат­тау  форумның негізгі міндеттері­нің бірі. Себебі «Рухани жаңғыру» қазақ елінің алдына қойған мақсаты ғана емес, жалпы түркі әлеміне ортақ мұрат деп ойлаймын. Қоғамдық сананың серпілуі, әр халық бүгіні мен болашағы жарқын болуы үшін өзге­ре білуі тиіс. Мұны түсінбегендер тарих ша­ңы­на көміліп, тозаң жұтып, тас шайнап, қал­та­рыста қалады. Білім мен ғылымды жоға­ры бағалайтын ел ғана елеулі табыстарға жетеді», деді Г.Әбдіқалықова. 

Мемлекеттік хатшы бәсекеге қабі­летті мем­лекеттердегі даму­дың кілті рухани және мәдени құнды­лық­тардың жаңғыруы екенін атап көрсетіп, бүгінде тоталитарлық құрсау­дан босаған түркітілдес елдер жаппай руха­ни жаң­ғыруды бастан кешіп отырғанын жеткізді. 

«Баршаға ортақ ендігі міндет – әлемде түркі елдерінің бәсекеге қабілеттілігін барын­ша арттыру. Ол үшін зияткерлік ұлт қалып­тастыру қажет. Осы орайда Мемле­­кет басшысының тікелей нұсқауы­мен Қазақ­стан­ның латын қарпіне көшуді бастауы – аса маңызды қадам. Сондай-ақ «Жаңа гу­ма­ни­тар­лық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алдық. Оның аясында әлемдегі үздік еңбектердің алғаш­қы 18-і қазақ тіліне аударылып, зиялы қауым­ның, ғылыми-академиялық ортаның, жас буын­ның, жалпы жұртшылықтың назарына ұсыныл­ды», деді Мемлекеттік хатшы. 

Г.Әбдіқалықова алқалы жиында бас қосқан ғалымдар Ұлы Дала кеңістігінің тарихы мен тағылы­мын бірлесе кешенді түрде зерт­теп, зерделеуі қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, Халықаралық «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумының басты мұраты – Түркі дүниесі және Еуразия ғылыми қоғамдастықтарын жұмылдыра отырып, бауырлас халықтардың ортақ мұрасын болашақ ұрпақтың игілігіне ұсыну. 

«Ұлан-ғайыр аумақты мекен еткен халықтар байланысын, интеграцияны нығайту үшін санаға қасиетті орындар ұғымын сіңірудің мәні зор. Мәселен, форумға қатысушылар Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасының ізімен күллі түркі әле­мі­нің киелі географиясының біртұтас желі­сін жасау мәселесін талқыласа, нұр үстіне нұр болар еді. Осы орайда бүгінгі жиын­ды бір­лі­гімізді нығайтып, Ұлы Дала – Руха­ни жаң­ғы­руды жүзеге асыруға септігін тигізіп, тү­ркі­лік сананы кеңейтетін, сондай-ақ про­­г­­реске шақыратын, интеграцияға сер­пін бе­ретін мәнді оқиға деп білемін», деді Г.Әбді­қалықова.

Бұдан кейін мінберге көтерілген Қырғыз­стан президентінің кеңес­шісі Султан­ Раев ел басшысы Сооронбай Жээнбековтің құттықтау хатын оқып берді. 

«Құрметті форумға қатысушы­лар, қадірлі ғалымдар! Тегі бір, мәдениеті ортақ түркі, моңғол және Алтай тобына кірген халықтарды зерттеуді, ғалымдардың басын қосуды, білімді интеграциялауды, гуманитарлық ғылымдар форумын жыл сайын өткізуді – Халықаралық Түркі академиясының осындай бас­тамаларын қолдаймын. 

«Ұлы Дала» гуманитарлық ғылым­дар форумы алтаистика, түркология, моңғолисти­каның маңызды мәсе­ле­лерін келешекте терең­детіп зерт­тейтін маңызды алаң болаты­нына сенім білдіреміз. Баршамыздың ортақ рухани символымыз болған Шыңғыс Айт­матовтың 90 жылдық мерейтойының форум жұмысы барысында атап өтілуі қыр­ғыз хал­қына көрсетіл­ген зор құрмет деп есеп­тейміз. Қазақстан астанасының 20 жыл­дық мерекесімен құттықтай отырып, форум жұ­мысына сәттілік тілеймін», делінген Соо­рон­бай Жээнбековтің құттықтау хатында.

Сондай-ақ Қырғызстан прези­дентінің кеңесшісі С.Раев «Ұлы Дала» форумының жұмысы түбі бір түркі халықтары ғалым­дарының ба­сын қосатын іргелі жиын екеніне тоқ­талып, Астана қаласының 20 жыл­дық мерейтойына ізгі тілегін жеткізді. 

«Астана Еуразияның рухани ордасына, саяси, мәдени, гума­ни­тарлық жүрегіне айналып отыр. Саяси, экономикалық процестер­де Астана алдыңғы орында. Менің­ше, Қазақстанның тарихи миссия­сы өте жоғары. Өйткені Қазақ­стан географиялық тұрғыда әлем­нің, Еуразияның қақ жүрегінде орна­лас­қан. Осы Құдай берген ұлы сый Қазақстанды Еуропа мен Азия­ны, Батыс пен Шығысты байла­ныс­тыруға, рухани көпірі атануға мүм­кіндік береді», деді С.Раев. 

Форумда Түркия президентінің ке­ңес­­шісі А.Аттар сөз сөйлеп, іс-шара­ның түркі халық­тарының мәд­е­ни және тарихи мұраларын ұлық­­­­тауда маңызды рөлге ие еке­нін атап өтті. Оның айтуынша, осын­дай маңызды жиынның Әзер­бай­жан Республикасының 100 жылдық мерейтойымен, Мағжан Жұмабаевтың 125 жыл, Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерей­тойы­­мен тұспа-тұс келуінің маңызы зор.

«Қазір мені ерекше сезім билеп, толқып, тебіреніп тұрмын. Ата­жұртымызда өмір сүріп отырған, қан­шама қиындыққа қарамастан тарихи Отанымызды сақтап қалған қазақ халқының қасиеті зор. Өйткені өзіне берілген аманатты аман сақтап қалу – абыройлы міндет әрі оңай шаруа емес. Атажұртымызға жаңа жерден мемлекет құрған түрік халқы атынан сәлем жолдаймын», деді А.Аттар.

Сонымен қатар Айгүн Аттар ханым Қазақстан топырағының қасиетті мекен, Ұлы Дала атануы негізді екенін жеткізіп, оны түркі мәдениетінің орталығы деп атау қажеттігін атап өтті. 

Жиында Татарстанның тұңғыш прези­денті, қазіргі таңда Татарстан прези­денті­нің кеңесшісі қызметін атқаратын, ЮНЕСКО-ның арнайы елшісі Минтимер Шаймиевтің құттықтау хаты оқылды. 

III «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумының қатысушы­ларына, ғалымдарға шын көңіл­ден сәлем жолдаймын. Жиынның Астана қаласында, Еуразияның қақ төрінде өтуінің маңызы зор. Халық­аралық Түркі академиясы ұйым­дастырған осы форум барша түркітілдес халықтардың басын қоса­тын бірегей оқиғаға айналды. Форум жұмысының нәтижесі түркі мемлекеттерінің бірлігін нығай­та­тынына сенім білдіремін», делінген М.Шаймиевтің құттықтау хатында. 

Бұдан кейін кезек пленарлық сессияға берілді. Отырысқа Қазақ­стан Ұлттық ғылым академия­сының президенті, химия ғылым­дарының докторы, профессор Мұрат Жұрынов, Моңғолия Ғылым академиясының прези­денті Рэгдэл Дүгэриин, Түрік тілі ұйы­мы­­ның төрағасы Мұстафа Кача­лин, Әзер­байжандағы Ататүрік орталығының директоры, профессор Низами Джафаров, Ресей Ғылым академиясының Түркологтер коми­теті төрағасының орынбасары Олег Мудрак қатысты. 

Пленарлық сессияда алғаш болып сөз алған М.Жұрынов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрдайым түркі халықтарының бірлігіне ерекше назар аударғанын сөз етті. 

«1991 жылы Қазақстан Тәуел­сіз­дігін ала сала Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркі­стан қаласын дамыту, жандандыру үшін шаһарда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті ашылды. Үш жылдан кейін Түркияның келісімімен оқу орны Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік универ­ситеті болып қайта құрылды. Сарапшылардың болжамы бойынша, әлемде түркі жұртының өкілі саналатын 240 миллионнан астам адам бар. Осылардың басын қосу үшін әр мемлекетке оқу ордасында білім алуға квота бөлінді. Саха Республикасы, Татарстан, Чуваш, Алтай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркия­дан көптеген студенттер келді. Ондағы мақсат Елбасының бастамасымен түркі дүниесінің басын қосу еді», деді М.Жұрынов. 

Ал Түрік тілі ұйымының төрағасы М.Качалин әлем халықтары өздері­не тән құн­ды­лықтарын жоғалтуы мүмкін екенін еске­ре отырып, түркі дүниесінің бір шаңырақ асты­на жиналуының маңызды екенін атап өтті. 

Форумда түркі әлемі ғылымының дамуына, ынтымақтастықты нығай­туға зор үлес қосып жүрген бір­қатар ғалымдар Халықаралық Түрк­і академиясының арнайы меда­лімен марапатталды. Мемле­кет­тік хатшы Г.Әбдіқалықова Ресей Ғылым академиясының Уфа ғы­лыми орта­лығы Тарих, тіл және әдебиет институ­ты­ның ғылы­ми жетекшісі Фирдаус Хиса­мит­­­дино­ваға (Башқұртстан) алтын ме­даль табыстады. Сондай-ақ осын­дай марапатқа филология ғылым­дары­ның докторы, чуваш тілінің зерт­теушісі, профессор Николай Егоров (Чувашия) ие болды. Бұдан бөлек, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Ғылым академиясы тарих-филология ғылым­дары бөліміне қарасты Түрколог­тер комитеті төрағасының орынбасары Олег Мудрак (Ресей), тарих ғылымдарының докторы, профессор Чулуун Сампилдондов (Моңғолия) та арнайы медаль иегері атанды. 

Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін Халықаралық Түркі академиясы мен Халықаралық Моң­ғол­тану ассоциациясы арасын­да Ынтымақтастық туралы мемо­ран­думға қол қойылды. Сондай-ақ «Алтаистика, Түркология, Моңғолистика ассоциациясын құру туралы» шешім қабылданды. Осы орайда Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі: «Қауымдастықтың жылына төрт рет шығатын журналы болады. Сонымен қатар осы серия бойынша арнайы кітаптар жарық көреді. Алтаистика, Түркология, Моңғолистика салалары бойынша да сериялы басылымдар шығару жоспарда бар», деді. 

 Форум жұмысы барысында Астананың 20 жылдығына арналған «Өркениеттер үндестігі және қала мәдениеті», ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы мен жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған «Түркі әдебиеті байланыстары: дәстүр және жаңашылдық», атақты түрколог В.В.Радловтың өмірден өткеніне 100 жыл, В.Томсеннің түркі жазуының кілтін тапқанына 125 жыл толуына арналған «Түркологияның жаңа мүмкіндіктері», «Ұлы Даланың рухани жаңғыруы» секілді тақырыптар қамтылып, түркі әлемінде ғылымды дамыту, Еуразия кеңістігіндегі ғылыми интеграция, қала мәдениеті, түркология және түркі әдебиетіндегі дәстүр мен жаңа­шылдық, түркі халықтары дәстүрінің ерекше­ліктері секілді мәселелер талқыла­нып, сындарлы пікірлер айтылды. Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясы шығар­ған кітаптардың көрмесі болады. Форум аясында Мемлекеттік хатшы Г.Әбді­қалықова жиынға қатысушы елдер деле­гацияларының басшыларымен кездесті.

Жалпы, 2018 жыл – түркі дүниесі күнтізбесіндегі ерекше белес. Биыл тәуелсіз Қазақстанның символы – Астананың 20 жылды­ғы мерекеленеді. Сондай-ақ Әзер­байжан Демократиялық Респуб­ликасы құрылуының 100 жылдығы, түбі бір түркі халқының тұғыр­лы тұлғалары – қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың  125, қырғыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы тойланады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»