• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Маусым, 2018

Жатақхана мәселесі оң шешіледі

522 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет үйінде Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мен Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында студент жастарды жатақханамен қамту мәселесі кеңінен сөз болды.

Жиында Б.Асылова студент­терді тұрақты жатын орынмен қамтамасыз ету бойынша маңыз­ды шаралардың атқарылып жат­қан­дығына тоқталды. Бүгінгі күні республика бойынша жалпы 83 мың орын, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында – 11 мың, Астана қаласында – 17 мың және Алматы қаласын­да 23 мың орындық жатақ­хана салу қажеттігі анықтал­­ған. Жатақ­ханаларды салуға жер телім­дерін бөлу жұмыстары жергілікті әкімдіктермен бірлес­кен түрде шешімін таппақ. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің аума­ғында немесе оларға жақын маң­дағы жерлерден 134 жер телімі бөлінген. 

– Сондай-ақ біз жатақханалар құрылысының механизмін анық­та­дық. Құрылыс салушы − жатақ­хана жобасын әзірлейді. Кейін мемлекеттік тапсырысты алу үшін Қаржы орталы­ғымен келісімшарт жасасады. Бұдан соң банктен қарыз алады. Ал жатақхананы пайдалануға бергеннен соң мемлекеттен өтемақы төленеді, – деп мәлімдеді вице-министр. 

Жатақханалар жобаларын әзірлеу рәсімін жеңілдету үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитеті үлгі ретіндегі жоба әзірлеп, ол бүгінде барлық әкім­діктерге таратылған. Соны­мен қатар Білім және ғылым министр­лігі мүдделі мем­лекет­тік органдармен бірлесе отырып, бизнестің жол картасына жатақхана құрылысын қосу арқылы банктерден төмен пайыздық несие алу мәселесін пысықтау үстінде.

– Егер Парламент заңға түзе­ту­­лерді тамызда қабылдаса, онда министрліктің нормативтік-құқық­тық актілерін реттеуге тағы бір ай кетеді. 2019 жылдың қыр­күйек айына қарай 5 000 орынды пайдалануға беру­ді көз­деп отырмыз. Бұл біздің опти­мис­тік болжамымыз, – деді Б. Асылова.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов­тың айт­уынша, биылғы жылға арналған Ұлттық бірыңғай тесті­леудің сұрақ­та­ры 50 пайызға жаңарған. – Биыл ҰБТ 15-ші рет өтейін деп отыр. Осы уақыт ара­лығында шамамен 1,5 млн түлек тестілеуге қатысқан болатын. Қазіргі уақытта 2018 жылдың ҰБТ-сына дайындық штаттық режім­де жүр­гізіліп жатыр. Барлық аудиториялар да­йын. Үш міндетті пән болады: Қа­зақ­­стан та­рихынан 20 сұрақ, сауат­ты оқу­дан 20 сұрақ, мате­матикалық са­уат­­т­ы­­лық­тан 20 сұрақ және таңдап алын­­ған 2 пән­нен 30 сұрақтан болады, − деді ол. 

Орталық басшысының айтуынша, бүгінде республикалық апелляциялық комиссияның мүшелері іріктеп алын­ған. Оған 54 адам кіріп отыр. – Өткен жылы ҰБТ-ның тест тапсырмалары 40 мың болса, соның 98 сұрағы, яғни 0,02 пайызы ғана дау тудырды. Әлемдік тәжірибеде 1 пайызға дейін қалыпты болып есептеледі. Біз бұл дұрыс көрсеткіш деп санаймыз. Биыл тест сұрақтарының база­сы 50 пайызға жаңарды, яғни ҰБТ-да 80 мың сұрақ болады, – деді ол. 

Оның айтуынша, былтыр 198 апелляциялық шағым түссе, оның 50 пайызы техникалық мәсе­лелерге қатыс­ты болыпты. Сұрақ­тар мазмұ­нына қатысты 98 мәселе көтеріліп, өз шешімін тапқан.

Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»