• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Маусым, 2018

Тұзды аймақтар оазиске айналады

872 рет
көрсетілді

Уақытында әлемдегі ең­ кө­лемді теңіздердің бірі саналған Аралдың басын­дағы бүгінгі ахуал тек осы теңізге жағалай қонған мем­лекеттердің ғана емес, әлемд­ік өркениеттің аса өзекті проблемасына айналып отырғаны шындық. 

Алты млн гектар аумақты алып жатқан тұзды шөл Арал бас­сейнінде өмір сүретін 35 млн адам­ға зиянын тигізіп отыр. 

Осындай қиын кездерде Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Арал теңізін қалпына кел­тіру туралы шешім қабылдап, «ға­сыр жобасы» деп атау алған «САРАТС» қолға алынған болатын.

Бүгінде Арал өңірінің сортаң­данған жерлерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Жақында облы­стың Жалағаш ауданында­ «Қы­зыл­орда облысында оазистік суар­малауды көрсету» пилоттық жо­басын ашу және ұсыну ресми салтанаты өтті. Бұл жоба ЕО/БҰҰДБ/БҰҰ ЕЭК «Жасыл экономика моделіне өту үшін Қазақстанды қолдау» атты бір­лескен жобасы шеңберінде іске асырылады. Еу­ро­палық одақ тарапынан толық қар­жылан­ды­рылатын, құны 7,1 миллион еуроны құрайтын бұл жоба за­манауи жасыл технологияларды қолдану сортаңданған жерлерді ауылшаруашылық мақсаттарда пай­­далануға мүмкіндік беретінін көрсетеді. 

Қазақстанда сортаңданған жерлердің жалпы ауданы 111,55 млн гектарды немесе еліміздің барлық территориясының 41 пайызын құрайды. Тек Қызылорда облысының өзінде-ақ Арал те­ңізінің апатынан зардап шеккен 73 307 мың гектар суармалы жер қанағатсыз жағдайда тұр. Қол­да бар суармалы жерлердің көп бөлігі түбегейлі жақсартуды қа­жет етеді. 

Осыған байланысты 2016 жылы ЕО/БҰҰДБ/БҰҰ ЕЭК «Жа­сыл экономика моделіне өту үшін Қазақстанды қол­дау» атты бірлескен жобасы шең­берінде Арал өңірінің сор­таңданған жерлерін қалпына кел­тіру жөнінде пилоттық жоба әзірленді. Оған Таң ауылы­нан «Манақ Баба» шаруа қо­жалығы таңдалды.

Жалағашта өткен жиынға Қы­зыл­орда облысының әкімі Қы­рым­бек Көшербаев, БҰҰ Тұ­рақты үйлестірушісі /БҰҰ ДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, Еуропа одағының Қазақстандағы өкіл­дігінің Сенімді тұлғасы Золтан Салаи және Германияның Қазақ­стандағы елшілігінің Сенімді тұл­ғасы Джонатан Вайнберг қатысты. 

«Жаңа технологияларды және тәсілдерді енгізу өнімділікті әр­тарап­тандыру мен әлеуетті арт­т­ыруға қалай алып келетінін көрсететін көрнекі мысал бола алады. Біз ауылшаруашылық өнім­дерін жеткізу дамудың ана­ғұрлым кең мақсаттарына қол жеткізуге көмек­тесе алатынын көре аламыз», деді БҰҰ Тұ­рақты Үйлестірушісі/БҰҰ ДБ Қа­зақстандағы Тұрақты өкілі Норимаса Шимомура. Оның ойын Еуропа ода­ғының Қазақ­стандағы өкілдігінің Се­німді тұл­ғасы Золтан Салаи былайша жал­ғады:

«Біз Қазақстанды болашақ дамуда өте маңызды стратегиялық серіктес деп санаймыз және со­ны мойындаймыз. Өңірлердегі жұ­мыс біздің стратегиямыздың бас­ты элементі болып табылады. Біз­дің жоспарымыз өңірлермен, соның ішінде Қызылорда облысымен әртүрлі даму банктері арқылы жаңа форматта жұмыс істеу. ЕО қаржылық қолдауымен іске асы­рылған бұл жоба жасыл экономика саласындағы жобаны іске асырудың табысты мысалы болып табылады», деді ол.

Кеңесте облыс әкімі Қырым­бек Көшербаев өңірде осы мақ­сатқа байланысты атқарылып жат­қан жұмыстарды жүлгелеп берді.

– Біз су тапшылығының алдын алу үшін облыста бірқатар жұ­мыс­тарды атқарып жатыр­мыз. Мысалы, соңғы үш жылда Сырдария өзенінде екі үр­лемелі су тоспасы салынды. Нәти­жесінде су аз жылдардың өзінде жалпы аумағы 60 мың гектардан асатын Жаңақорған және Шиелі аудандарының егіс алқабын тұрақты суландыруға және 1,5 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік алдық. Бұдан бөлек, 2018 жылдан бастап 3 млрд текше метр тасқын су жинайтын 6 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Суармалы жерлердің мелиоративтік жағ­дайын жақсарту арқасында суды 20 пайызға дейін үнемдеуге мүм­кіндік алатын боламыз. Ал оазис­тік суару технологиясын ен­гізу мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамытып, жаңа кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде бірлескен жоба­ның нәти­жесінде 5 гектар сор­таңданған жер қал­пына кел­тіріл­ді. Оның 3 гектары алма ба­­ғы, ал қалған бөлігі көкө­ніс­ дақылдарын өсіруге арналады. Осындай шағын ауыл­шаруа­шылық бизнесті Арал өңі­рінде жасыл технологияларды пайдалану мен дамыту су және энергия тұтынуға жұм­салатын шығыстарды 29 млн тең­геге дейін әлеуетті үнемдеуді қам­тамасыз ете алады екен. 

Сондай-ақ қаражатты үнем­деумен қатар, зиянды заттардан бөлінетін СО2 газын тө­мен­дету жылына 300 тоннаға дейін жетеді.

ЕО/БҰҰДБ/БҰҰ ЕЭК «Жасыл экономика моделіне өту үшін Қазақстанды қолдау» атты бір­лескен жобасы шеңберінде іске асырылып жатқан бұл жұмыстар теңізге құйған тамшыдай болғанымен, тұзды аймақты пайдалануда өз жемісін беріп жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы