• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Маусым, 2018

Қайдасың, Таня?!

375 рет
көрсетілді

Үлкендердің айтуынша 1960-1980-жылдары Маңғыстаудың ойы мен қырында жер қойнауын зерттеуші экспедициялар қаптап жүріпті. Айдалаға вагондарын қойып, түрлі шыны ыдыстар мен консервілердегі алуан түрлі тағамдарды алдарына қойып қауқылдасып отыратын өзге ұлт өкілдерін бала кезімізде көрген де едік. Қойлы ауылда көбіне ет, сүт, шұбат, бауырсақ сынды кәдуілгі қазақы тағамдарды ғана тұтынатын бізге олардың ыдыстарының өзі таңсық көрінетін.  

«Жол бойында не жомарт отырады, не немәрт отырады» дегендей, ол кезде қырда қой баққан малшылардың пейілдері ерекше кең бе, әлде қазіргідей теледидар, телефоны жоқ, газет-журнал айларды аралап бір келетіндіктен айдалада қара сағынып отыра ма, әйтеуір ай­рықша дарқан, түйе қараған жолаушы келсе де бір қойын сойып, бар жылы-жұмсағымен көл-көсір дастарқан жайып, емен-жарқын қарсы алатын. Ал ауыл адамдары дәу көліктерге вагондарын сүйретіп, Самның аптап ыстығында жүздері күнге әбден күйіп, тұла бойларын шаң мен тер басқан экспедиция мүшелеріне қолдан келгенше көмегін аямайтын. 

Экспедиция демекші... Осы жер індетіп ел аралаған, ел аузында «орыс­тар» деп бір-ақ ата­латын ағайындарға қатысты қызықты әңгімелерді анам жиі айтып отырады. «Қазіргі оқиға, айтылған әңгімелерді жылдам ұмытып қаламын, керісінше жас кезімдегі оқиғалар әрбір күніне дейін жадыма жазылып қалған» дейтін ол бірде экспедициямен көрші болған кездерін былайша әңгімелеп берген еді. 

– 1976 жылы кеңшардың бір отар қойымен Сарға ауылының арғы жағында отырмыз. Ауыл маңына алып вагондар, «бұраубайы» бар, басқасы бар біз бұрын көрмеген үлкен көлік­тің неше түрі келіп орналаса бастады. Алғашында, қанша дегенмен тілі басқа жат жұрт, бала-шағамызға қырсығы тие ме деп үркіп, қорқасоқтап қалғанымыз да рас. Жүктерін түсіріп, әбден орнығып болған соң бір-екі әйел біздің үйді бетке алды. Келді де күліп «здравствуйте»» деді маған, «здрәсте» деп мен де амандасып жатырмын. Орысша тіл білмеймін, олар қазақша білмейді. Ой, бір қызық болды-ау! Ана жүрегі қашанда жұмсақ қой, әлгілер бала сағынды ма, қайдам, келіп өздеріне үрке қарап бірінің артына бірі тығылып үйіріле қалған балалармен болып кетті. Өздеріне шақырады, бастарынан сипайды, көтереді, әйтеуір  мәз. Үйдің иті мен мысығына дейін назарларынан тыс қалдырмай еркелетіп әлек. Осылайша аралас-құраластығымыз бас­талды. Қой сойсақ әлгілерді қалдырмай басқа шақырамыз, олар орыс емес, чешен бе, әйтеуір мұсылман балалары екен. Екі қолдарын көкіректеріне қойып сәлем беріп кіреді үйге. Алыста қалған малымызды көздеп, шам жарығымен отыратын үйі­мізге кешке тракторларының жа­рығын жалғап, бір үйіміздей бо­лып араласып кеттік. Таня мен жанындағы әйел өздерінің отағасыларымен бірге жүр екен. Балаларды вагонға алып кетіп, ойнап, арқалап, көтеріп, шаштарын тарап, кеште әкеліп береді. Сен бесікте жатырсың, ән айтып тербетіп, бір қағазға үлкен етіп сенің суретіңді салып, вагондарына апарып іліп қойғаны бар. Сүт, ет, шұбат, құрт, бауырсақ дегендей, қолда бар тағамдарымды мен де апарып беріп қуантатын едім. Тіл білмегендіктен шұрқырап сөй­леспесек те, бір-бірімізді ұғы­сып, қатты сыйластықта болдық. 

Бірде Таня саусағындағы сақинасын шешіп, «на память» деп менің саусағыма салды. Өзі тоқтамай әлденелерді айтып жатыр, мен оны түсінген жоқпын. Сөйтсем аяғы ауыр Таня еліне кеткелі жатыр екен ғой, артынша көрінбей қалды. Кейін мен Таня берген сақинаны оның әріптесі – экспедицияның екінші аспазы болып жүрген келіншекке бердім. Арада қанша уақыт өткені есімде жоқ, Таня қайтып келді. Бетімізден сүйіп, балаларға кәмпит үлес­тіріп, қуанып жүр жазған. Бұл қуаныш көпке созылған жоқ – екі-үш күн өткенде ашуға бу­лыға сөйлеп, көйлегі желмен жел­біреп біздің үйге қарай екпіндете жақындап келеді. Мен түсінбей қарап тұрмын. Келді де айқайға басты, «кольцо», «подарить», «память» деп қояды. Сонда түсіндім – өз сақинасын әріптесінің қолы­нан көрген ол маған қатты рен­жіген екен. Асып-сасқан мен өз қолымдағы үлкен таза күміс сақинамды сыйлап, мәз ет­кенмін. Экспедицияның мерзімі бітіп, кері қайтатын мезгіл бәрімізге ауыр тиді. Әрқайсысы «апа­лап» қайта-қайта келіп беті­мнен сүйіп, жылап балаларды сүйіп, құшақтап әзер қош­тастық. Арада 40 жылдан астам уақыт өтіпті, менің көз алдымда олардың жарқын бейнелері сақталып қалды. Қазір олар бар ма екен, бар болса қайда жүр екен деп ойлап қоямын. Достық, сыйластық деген ұлт таңдамайды екен, тіпті оған тіл біліп те қажеті жоқ екен. Таняны айтсайшы! Ақкөңіл әрі тентек мінезді өжет келіншек еді. Сақина үшін айқай шығарған кездегі адуындылығы әлі көз алдымда тұр деп күледі анам. 

Қайдасың, Таня?!               

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»      

Маңғыстау облысы