• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Маусым, 2018

Туризмнің ұпайын трэвел-журналистика түгендейді

1323 рет
көрсетілді

Қазақ халқының «Асың барда беріп жүріп ел таны, атың барда желіп жүріп жер таны» деген мақалының бүгінде маңызы жоғары. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін шет мемлекеттерге саяхат жасауға үлкен мүмкіндік туып отыр. Сол саяхатты жандандыруға жаңа бағыт «трэвел-журналистика» көмектесуде десек артық айтқандық емес. Трэвел-журналистика (ағылшынша travel-journalism) география, тарих, мәдениет, туризм туралы ғылымды қамтыған, адамдарға саяхат жайында мәліметтер ұсынатын бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа бағыты. 

Саяхат журналистикасы ақ­парат арқылы қоғамның ком­муникативтік интеграциясын жүргізеді, сондай-ақ белгілі эти­калық нормаларды, мәдени негізді белгілейді. Трэ­вел-журналистика элементтері мас­смедиада хард-ньюстан (hard-news) софт-ньюсқа (soft-news), яғни сал­мақты ақпараттан ойын-сауыққа дейінгі аралықты қамтиды. Бүгінгі таңдағы трэвел-бағдарламалар шын мәнінде бірнеше жанрдың қоспасынан тұрады. Мысалы, тарихи-географиялық хабарлар ғылыми-деректі фильмдер мен жолсапар очерктерінен, та­ным­дық дәрістерде туындайды. Трэвел-журналистика ха­лық­аралық қатынаста үлкен ма­ңыз­ға ие. Сонымен қатар ту­ризм­нің дамуына, адамдардың тіл үйре­ніп, жан-жақтылығын арттыруы­на көмектеседі және өзіндік дәре­жеде туристердің қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге де септігін тигі­зеді. 

«Travel» ұғымы негізінен өркениетті заманда жаңа термин болып енгені ғана болмаса, оның тарихы тереңнен басталады. ХІХ ғасырға дейін «саяхат» белгілі бір елдер туралы ашық мәлімет алу көзі болып келді. Жер бедері, география­сы, халық саны, шаруашылығы, тарихы жайындағы құнды ақпарлар сол замандағы саяхатшы-ғалым­дардың арқасында көпшілікке беріліп отырған. 

Соңғы жылдары жеке және экстремальді туризм айрықша дамып келеді. Отбасымен және жеке саяхатшылар сапардан алған әсерлерімен әлеуметтік желілерде видеоблог жүргізу арқылы, әртүрлі постар жазу арқылы бөлісіп жатады. Кейбіреулері желідегі достарымен сөйлесіп, бір-бір­леріне кеңес беріп, қай жерге ба­руға болады, қай қонақ үйде тоқтауға болады деген сұрақтарға жауап алады. Зерттеуші Н.Масло­ва өзінің 1980 жылы жариялан­ған жолсапар очеркінде: «Трэвел-журналистика өзінің пәлсапа­сымен ерекшеленеді. Бұл – белгілі бір автордың жеке қабылдау сүзгісінен өткен әлем­нің сипа­­ты», – деп жазған. 

Трэвел-журналистика арқылы туризмді дамытудың біз­ге қандай пайдасы бар деген сұраққа жауап бере кетейік. 2010 жылдан бастап әлемнің көп­теген мемлекеттерінде Дү­ниежүзілік туристік ұйымның «Ту­ризм: перспектива – 2030» деп аталатын бағдарламасы қолға алынды. Туризмнің дамуы ел ішінде төмендегідей маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді:

– ақша айналымының артуына;

– ішкі жалпы өнімнің өсуіне;

– адамдардың жұмыспен қам­тамасыз етілуіне;

– демалыс орындары мен жаңа ту­ристік нысандардың ашылуы­на;

– тұрғындар санының өсіміне және тағы басқа жағымды өз­геріс­терге.

Трэвел-журналистика өзара ақпарат алмасуда ғана емес, елдер арасындағы халықаралық қаты­настың нығаюына да себепші болады. Саяхат журналистикасы мен туризмнің бір арнада тоғысуы мемлекет үшін экономика саласында, мəдениет пен саясатта əкелер пайдасы көп. Мұның барлығы БАҚ өкілдері жасаған туындылардың, жоба­лардың, мақалалардың қалың көпшілік арасындағы рейтингін көрсетеді. Жалпы алғанда, туризм 1975 жылдан бастап мем­лекеттердің ішкі жалпы өнімін көтеруде маңызды рөл атқарып келеді екен. Тіпті, соңғы 10 жыл ішінде əлем бо­йынша туризм ІЖӨ-нің жыл сайын 4%-ға артуын қамтамасыз етіп отыр. Зерттеушілердің болжамы бойынша 2030 жылға қарай əлем­де саяхатшылар мен басқа елге іссапарға баратындар саны 1,9 млрд-қа жетпек. Бұл дегеніміз, 2010 жылмен салыстырғанда екі есе көп (940 млн). Аталмыш дүниенің барлығы да трэвел-журналистиканың негізінде көрсетілген нəтиже. Əрине, оның қолданыс аясының кеңеюіне ғаламтордың əсер еткенін мойын­­даған жөн. Ақпарат же­дел­дігі, сондай-ақ кез келген мəліметке қолжетімділік, ой-пікір алмасушылық, бəрі де орасан пайдаға кенелтті. Тех­нологияның дамыған заманында əлеуметтік желілерде, сайттарда журналист дайындаған материалдардың сақталуы жəне олардың үздіксіз шығып тұруы, адамдарға не қызықты екенін түсінуге мүмкіндік береді. 

Ал бүгінде отандық журна­листикада трэвел-жобалар дәс­түрлі БАҚ-та емес, ғаламтор кеңіс­­тігінде қарқынды дамуда. Әр түрлі блогтар ашылып, өзінің ақпарат деңгейіне қарай тұрақты аудитория жинап алғандары да баршылық. Соның бірі де бірегейі халықтың ықыласына бөленіп отырған трэвел-жоба «7 причин сорваться в ...» деп ата­лады. Әйгілі актер Әнуар Нұр­пейісов пен Santufei.com ком­паниясының бірлескен жобасынан оқырман Қазақ­стандағы қан­дай қалаларды ара­лауға болады, туристер қайда баруы керек деген сұрақтарға жауап табады. Оған қоса, қала тазалығын, көлік қозғалысын, қала халқының мәдениетін, тарихи жерлер мен жаңа ғима­­рат­тарды барынша шынайы көр­­сетеді. Бірінші шығарылым Оң­­түстік Қазақстан облысы, Шым­кент қаласына арналған. Жоба жүргізушісі Әнуар осы жобасы арқылы ішкі туризмді дамытып қана қоймай, сондай-ақ тек біздің тұрғындар емес, шетелден келген туристерді не қызықтырады деген сұрақтарға жауап іздейді. Шымкент қаласы туралы роликте дендропарк, «Адам ата мен Хауа ана» атымен аталған тарихи тас ескерткіш, Ақсу-Жабағылы қорығы, Біркөлік шатқалы, Ақ Мешіт үңгірі және киелі Түркістандағы керемет кесенелер көрсетіледі. 16 минуттық роликте Оңтүстік өңірдің асханасы мен қоғамдық орындарда қызмет көрсету деңгейіне де баға беріледі. Жобаны қолға алған Alkettik (KZ Travel Vlog) блогында Шымқаладан бөлек, Ақтау, Павлодар, Өскемен, Орал, Алматы мен Астана қалалары жайында роликтер де бар. Шағын ұжымның мақсаты – өскелең ұрпаққа өз тарихымыз бен қасиетті мекендер туралы аңыз-әңгімелерден хабардар болуға баулу. Қорыта айтқанда, елдің саяхатқа деген ықыласы артқан сайын трэвел-журналистикаға деген қызығушылық та арта түсетіні сөзсіз. Ал ол өз кезегінде отандық туризмнің дамуына ықпал етеді.

Шұғыла ТҰРЛЫБЕК,  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті