• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Маусым, 2018

Гүлтастың ізгілік әлемі

1482 рет
көрсетілді

Педагогика ғылымдарының докторы, Назарбаев Универ­си­тетінің профессоры, ұстаз, ға­лым, Жазушылар одағының мү­шесі Гүлтас Сайынқызы туралы сө­зімді оның өмірінде болған ерек­ше оқиғадан бастауды жөн көр­дім. 

2015 жылы 11 наурыз күні кешке Гүлтас телефон шалды. Жай күндері жарқ ете қалатын дауы­сында діріл, қобалжығандық бар сияқты көрінді. Бүгін оның рен­житін күні емес қой деп те ой­ладым. Алдында ғана те­ле­дида­р-

дан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік тіл – қазақ тілінен лин­гвис­тикалық комиссияның алдында сынақтан өткені, қазақ тілін жетік мең­гер­гендігі туралы мемлекет қай­рат­кері, комиссия төрағасы Мыр­за­тай аға Жолдасбековтің сұх­батын көрдім. Өзім де Гүл­тасқа телефон соғамын деп отыр­ғанмын. 

– Гүлтас, құтты болсын, бү­гін Елба­сы­ның өзінен емтихан алдыңдар, қалай болды?

– Әпке, керемет болды. Нұрсұлтан Әбішұлының ұлылығы мен қара­пай­ым­дылығына тағы да көз жеткіздім. Мырзатай аға амандасып болған соң, Нұрсұлтан Әбішұлына комиссия мүшелерін таныстырды. Про­фес­сорлар: Сейіт Қасқабасов, Фау­зия Оразбаева, Дихан Қам­за­бекұлын ол кісілердің бұл комиссияда бұрыннан бар екенін айтты да, маған кезек келгенде: «Биыл комияссияға жаңа мүше қосылды, бұл кісі про­фессор Гүлтас Құрманбай Назарбаев Университетінен» деді. Сол кезде Елбасы: «Мен бұл кісіні өте жақсы танимын, қазақ тілінің аристократтық тіл екенін мен осы кісіден, осы кі­сі­нің шәкірттерінен көрдім», де­ді. 2012 жылы 1 наурызда мен Назарбаев Университетінде өзім басқаратын «Қазақ тілі, әдебиет және мәдениет кафедрамды» Нұрсұлтан Әбішұлына та­ныстырып, оқу мазмұны, өткізген пәндер туралы айттым. Елбасы біраз сұрақтар қой­­ды. Ал студентім Әлібек Нұр­кеш керемет сөйлеп, өзі шы­ғарған өлеңін оқыған болатын. Елбасы сонда университет рек­то­ры Шигео Катсу мырзаға қа­зақ тілі оқытушың мынадай екен деп басбармағын көрсетіпті. Оны бүкіл ұжымның көзінше ректор айтып, мені құттықтаған. Көрдіңіз бе, сол үш жыл бұрынғы оқиға да, студенттің сөй­легені де есінде қалыпты. Бі­ле­сіз бе, әпке, менің ең бақытты күнім – осы күн! Елбасынан мұн­дай баға алу менің ойыма да, тіп­ті ар­маныма да кірмеген ғой. Әпке, мен ауылдан шық­қан, қарапайым қойшының ғана қы­зымын ғой, – деп көңілі босап кеткенін байқадым.

– Елбасы да қарапайым ауыл­дан, қа­зақ мектебінде оқыған, ата-анасы да қарапайым адамдар. Пре­зидент сенің туа біткен ұстаз екеніңді сезген ғой, – де­дім.

Шындығында, бұл екінің бірі­не бұйыра бермейтін Гүл­тастың жұлдызды сәті, ұстаз еңбегінің салтанаты еді.

Ал сол ұстаз, ғалым, жазушы Гүл­тас Сайынқызы қалай қалып­тасты? 

Біз 1990 жылы Жезқазған қаласында жалпы білім бере­тін орта мектептің оқу-тәр­бие мәселелеріне арналған пе­да­­го­ги­калық оқулар өткіздік. Сол оқу­ларда екі баяндама қаты­сып отырған мұғалімдер қау­ы­мының көңілінен шықты. Көп­шіл­іктің шешуімен Гүлтастың баяндамасы бірінші орынға ие болды. Мен ол кезде оқу минис­трі­нің орынбасары едім. Бұл – Гүлтаспен алғаш танысуым. 

Кейін ұлы Абайдың 150 жыл­дық мерейтойы қар­са­ңында Оқу­шылар сарайында рес­пуб­ли­калық ғылыми-прак­ти­ка­лық конференция болды. Со­ның пленарлық отырысында бес жүз­ден аса қатысушылардың ал­дында Гүлтас панорамалық са­бақ өткізді. Бұл бұрын-соңды бол­­маған танымдық маңызы бар ерекше өткізілген сабақ тың­дау­шы жұртқа жақсы әсер етті. 

Гүлтас Сайынқызы өз ауы­лын­­дағы орта мектепті бітірген соң, қазіргі әл-Фараби атындағы уни­верситеттің филология факу­ль­тетіне түсіп, оны 1981 жылы тәмамдайды. Еңбек жолын ұстаз­­­дық­тан бастап 8 жыл Алматы қала­сында Ғ.Мүсірепов атын­дағы №86 мектепте қазақ тілі мен әде­би­еті пәндерінің мұға­лімі болған. Әрі қа­рай Гүлтас Ы.Алтынсарин атын­дағы педа­го­гикалық ғылыми-зерт­теу инс­титутының аспирантурасына тү­­сіп, оны бітірген соң ол осы ме­ке­ме­нің, өзі білім алған әл-Фараби уни­вер­си­тетінің, одан соң Қазақ-Британ тех­ни­калық уни­вер­си­те­тінің қазақ тілі және орыс тілі кафедрасының мең­ге­ру­шісі қызметтерін атқарған. Ал 2010 жылдан Астанада жаңа ашылған Назарбаев Университетінің қазақ тілі, әдебиет және мәдениет ка­фе­д­расының меңгерушісі. Өткен жылдан бері осында оқытушы, әрі «Рухани жаңғыру» орталығының меңгерушісі. 

Назарбаев Университетіне келген күннен бастап Гүлтастың өт­кізген іс-шаралары теледидар­дан, радиодан, баспасөз бет­терінде, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жүйелі көр­­сеті­ліп келеді. Гүлтастың өзінің де осы Уни­вер­ситет тура­лы­, академиялық оқу сая­саты ту­ралы, студенттердің білімдегі же­тістіктері туралы мақалалары да осы газетте жарық көруде. 

Гүлтас Сайынқызы 1997 жылы «Қазақ әдебиетін оқытуда оқу­шы­лар­дың табиғатқа ізгілік қа­ты­насын қа­лыптастыру не­гіз­дері» деген тақы­рыпта кан­ди­даттық диссертация қор­ға­ды. Ал 2010 жылы «Жалпы орта білім беру мазмұнының гу­ман­­дық бағыттылығының ғы­лы­ми-педа­го­ги­ка­лық не­гіз­дері» тақырыбында дис­сер­­­та­ция қорғап, педагогика ғылым­да­рының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. Ол ғалым ретінде өте өнімді жұмыс атқарып жүр. Осы жылдары 4 монография жазды. Өзі немесе авторлық бірлестікте, жалпы орта білім берудің жалпыға міндетті стандарттары, қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде жүретін мектептердің 5-11 сыныптары үшін оқу пәнінің стандарттары мен оқулықтар, 19 оқу бағдарламасы, 20-ға жуық оқу құ­ра­лы, 14 әдістемелік құрал, 60-тан аса мақала, 40-қа жуық рес­пуб­ли­ка­лық жә­не халықаралық ғылыми кон­фере­н­ция­лардағы баяндамалары та­ғы бар. Бұл айтуға ғана оңай. 

Гүлтас Сайынқызының жарияланған көркем шығармалары мен кітаптары да аз емес. Оның ішінде туған жері туралы «Менің Күреңбелім», әжесі туралы «Апам – ақ нұрым», әкесінің сөзі­мен аталған «Халықтың бетіне тура қарайтындай өмір сүріңдер», ана­сына арнаған «Мейірімімен шуақ шаш­қан ға­ламға», «Қоңырау», «Тамшы сөз­дер мен қамшы сөздер» афоризмдер жина­ғы т.б. кітаптары. Солардың ішінде «Ер жетті ұлым, бойжетті қызым» жә­не «Қоңырау» педагогикалық эссе­лер жинағы, «Бойтұмар» тәрбиелік әңгі­мелер жинағына ерекше көңі­лім түсті. Себебі бізде ғылыми-әдіс­те­мелік мақалалар педагогикалық ба­сы­­лымдарға шығып жатады. Ал педа­го­гикалық көркем шығарма жоқ деуге болады. Қазір мектеп өмірі, бала тәр­биесі, ұстаз еңбегі, ата-аналармен қа­рым-қатынас, ғаламдану дәуіріндегі қо­ғамда болып жатқан проблемалар туралы педагогикалық көркем әдебиет не көркем фильм, сахналық қойылымдар атымен жоқ. Сондықтан Гүлтастың жоғарыда аталған кітаптары аздап болса да соның орнын толтырады. Бүгінгі кейіпкеріміз Гүлтас Сайынқызы сияқты ұстаздардың ашық сабақтарын, тәрбие сағаттарын теледидардан арнайы айдармен көрсетіп тұрса, жалпы олардың шығармашылық лабораториясымен таныстырып отырса, жас мұғалімдерге жақсы өнеге емес пе? Қоғамда ұстаз беделін арттыру мақсатында осындай шаралар өтіп тұрса, бүкіл оқу-тәрбие жұмысы ұтпаса, ұтылмайды ғой?!

Гүлтас өзі ұйымдастырған іс-шара­лардың сценарийін өзі жазады. Менің білетінім Гүлтастың Абайға, Мағ­жан­ға, Мұқағалиға, Мұхтар Әуезов­ке, Махамбетке, Құрманғазыға, Фари­за­­ға арналған театрландырылған қойы­лымның сценарийлері. Ақын-жазу­шы­лардың шығармашылық өмірінің өзегін ала отырып, оның таланты мен ерекшелігін асқататып береді. Әрі оны студенттері образ­ға ене отырып ойнағанда, көрер­мен­ді бей-жай қалдырмасы анық.

Гүлтастың әдебиетті сүюі ерекше. Ол әдебиеттің қамқоршысы деп айта аламын. 2000 жылдардың басында Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы мен Ұлттық академияның ғалымдары орыс, ұйғыр мектептеріндегі қазақ әдебиеті пәнін орыс, ұйғыр тілінде жүргізу керек дегенде, мүйізі қара­ғай­дай академиктерге жалғыз Гүлтас қарсы шығып: « Бұл пәннің аты – Қазақ әдебиеті ғой, бұл орыс әде­биеті емес. Не деп отырсыздар? Оның үстіне қазақтың қай шығармасы керемет аударылды? Абайдың өзін аудара алмай отырған жоқпыз ба? Егер сіздер мұндай шешімге келсеңіздер, онда қазақ мектебіндегі орыс әдебиетін қазақша оқытайық. Қазақ балаларына да түсінікті болсын» деп көнбейді. Мен ол кезде Астанада едім, Алматыға барғанымда Гүлтас осы әңгімені маған көңілі құлазып отырып айтты. Содан біраз уақыттан кейін сала басшылығына келгенімде бұл мәселе менің алдымнан шықты. Гүлтастың шырылдап қорғаған Қазақ әдебиеті орыс, ұйғыр мек­тептерінде қазақ тілінде оқытылады деген шешім шығарылды. 

Гүлтас Сайынқызы ғылыми-педаго­ги­калық қызметі үшін 2002 жылы Ы.Алтынсарин атындағы І дәрежелі сый­лықтың иегері атанды. «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин ме­далі, «Назарбаев Университетінің үздік оқытушысы», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», «Қазақ­стан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Назарбаев Универ­ситетінің ең үздік профессоры» атағына қоса, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жоғары мем­лекеттік награда «Құрмет» орденімен наг­радталды. Жамбыл облысы, Жуалы ауданының құрметті азаматы. 

Гүлтас ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтау мерекелеріне ерекше қуанып, одан өзі де сырт қалмайды. Мәселен, 2000 жылы бүкіл қазақ халқының сүйікті батыры Бауыржан Момышұлының 90 жылдығында Таразда үлкен тойға баратын болдым. Сол өңірдің тумасы Гүлтас Сайынқызын шақырып едім, ол қуана келісті. Сонымен Таразда батырға ескерткіш ашылды, кешке облыстық қазақ драма театрында белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған» деген қойылымды көрдік. Ертесіне той батырдың туған жері Жуалыда жалғасты. Батырға музей ашылатын болып, ескерткіші алдында салтанатты жиын болды. Жақын елді мекеннің бәрінен келген жұртта есеп жоқ. Жиынды облыс әкімі С.Үмбетов өзі ашып, бірнеше адамға сөз берді. Мен Серік Әбікенұлына Гүлтас өлең оқыса деп өтініш жасап едім, Секең мәдениетті адам ғой, Гүлтасты шығарды. Өлеңді жұрт өте жақсы қабылдады. Себебі, Гүлтас жүрегімен жазып, шынайы се­зім­мен оқыды. 9 шумақ өлеңін мынадай сөздермен аяқтады.

Сендей адам өмірге екі келмейді,

Лебізіңе елің талай шөлдейді.

Алаш аман тұрса, ағайын, өмірде

Бауыржандай батыр қазақ өлмейді. 

Бұл бәріміздің ойымыз ғой. Ал Гүлтастың батырға арнаған бір топтама өлеңдері бар екен. Әні-міні дегенше батыр ағамыздың 100 жылдығы да келіп қалды. Қазақстан Республикасының Мә­дениет министрлігі ең жақсы пат­риоттық әнге конкурс жариялады. Осы­ған дейін Гүлтас сөзін, ал Қазақ мем­лекеттік қыздар педагогикалық уни­­верситеті музыка факультетінің де­каны Гүлнұр Өмірбаева музыкасын жаз­ған Домалақ анамызға арналған «Нұр дидарлы Нұрила» деген әдемі ән шық­қан. Енді үлкендігімді пайдаланып мына конкурсқа қатысыңдар деп қолқа салдым. Ән шықты. Және сол конкурс­та І орынға ие болды. Жұртшылыққа 4 томдық түсіндірме сөздіктің авторы ретінде кең танымал этнограф ғалым, жазушы, саяхатшы В.Даль қазақ даласында болған екен. Бірнеше тілді, соның ішінде қазақ тілін тәп-тәуір меңгеріпті. Өзінің сол сапарларының бірінде жазған «Бикей и Мауляна» деген повесінде қазақ қызын былайша суреттейді. «Откуда в этой красавице, в этой степной певице сверкающий, острый ум, тонкая музыкальность, высокий поэтический дар? Ей не нанимали гувернанток, ее не держали в модном пансионе, да знает ли она, что такое книга!» Меніңше, құрметті ғалым кейінірек біздің халқымыздың өзіне ғана тән, ғасырлар бойы қалыптасқан педагогикалық мәдениеті болғанын байқаған шығар. Сол ұлағаты мол ұлттық тәрбиенің жемісі екенін түсінген болар. Ал мен ғалымның жоғарыда айтылған сөздерін оқығанда Гүлтас сияқты қыз­дарды елестеттім. Бір сәтте шумақ-шумақ өлеңдерін төгіп жібергенде қы­зығасың, сөйлейтін жерінде, әсіресе, на­мыс­танса есесін жібермей, шешен сөй­­леп кеткенде сүйсінесің. Әңгіме ұлт­­тық құндылықтарымыз туралы бол­­са, тіпті жігерленіп кетеді. Ал өлең оқы­­ғанда ерекше қанаттанып қалады. Мек­тепте оқып жүргенде жазғы дем-

алысын әке-шешесімен ылғи жайлауда өткі­зетін Гүлтас ат құлағында ойна­ған, тіпті қазір де қала жағдайында Ербол екеуі ипподромға барып, атпен жүріп қайтуды әдетке айналдырған десе сенесіз бе? Яғни әже Гүлтас та таңғалдыруда. Осы қасиеттер қайдан бастау алды? 

Гүлтас Сайынқызы 1958 жылдың маусым айының 9-да Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Күреңбел ауылында мезгілінен ертерек, жеті айлы­ғын­да дүниеге келіпті. Өзінен туған қыздары өле берген әжесі: «Осы қызым тұрады. Атын Гүлтас қоямын. Тасқа біткен гүлдей мықты болсын», депті. Гүлтастан соң Шәрбану, Индира, Света деген үш сіңлісі бар. Жас кезінде-ақ әкесінің ұлы жоқтығын білдірмес үшін ол шөп шапса да, мал бақса да ер балаша киініп алып әкесіне көмектесіп, жанында жүреді екен. Қалбүбі әжесінің, яғни «Күн апасының» қолында өскен соң, әкесіне қарындасындай еркін сөй­леп, шешесіне жеңеше дейтін бол­ған. Өсе келе әкесінің дос көңілді сыр­ла­сындай болыпты. Бір жолы әке­сіне «Сәке, саған шешем екінші әйел алуға рұқ­сат берді ғой. Тіпті ол әйел ұл туып берсе, басыма көтеремін», деп еді ғой. Сен неге соны жасамадың? Сен бізге бауыр керек екенін неге ойламадың? –

депті. Біраз үнсіздіктен соң әкесі: «Өкі­нетін еш нәрсе жоқ, бұған да тәубе, сендерді бергеніне рахмет. Қыз­дарым төрт ұл (төрт күйеу бала) әке­л­ді, немерелерім бар. Тек бір арма­ным Алла менің жанымды алса да, Сырымтайыма (Гүлтастың үлкен ұлы) денсаулық берсе екен», депті. Әкесінің тірі кезінде сол елдің шежіресін жасаушылар «Сайыннан Гүлтас» деп жазғанын көріп қуаныпты. Ал Гүлтас ағайын-туыстарына, шежіре авторларына алғысын айтып: «Қыз дегенге қимаған қайран елім, қадіріңе жетем бе, енді сенің?», деп хат жазып, ал «Тамшы сөздеріне» «Қыз болсам да жүрегімде елімді жылытар от бар, айналайын ағайын, кеудемде жаным болса, жылуымды сендерден аямаспын», деп қосыпты. Меніңше, Гүлтас Сайынқызы бүкіл болмысымен, білім-білігімен, ізгілікті іс-әрекетімен айтқан сөздеріне берік екенін дәлелдеп келеді. 

Гүлтас сөз құдіретін ерте түсінген. Ол әжесінің ертегілерін, қазақтың әдет-ғұ­рып, салт-дәстүрі туралы ауыз әдеби­е-

­тімізде сақталған әңгімелерін естіп өс­кенін, шешесінің тоқымасын тоқып оты­рып, қыздарына қазақ ертегілерін, ғашықтық жырларын, батырлық жырларын, кей жыр-дастандардың мазмұнын айтып отырады екен. Сөз құдіретін ертерек түсінуінің бастауында, сөз жоқ, аналары тұрған. Әрине, мектептегі, уни­верситеттегі ұстаздарының ой-са­на­сының өсуіне, мамандығы бойын­ша шыңдалуына, қазақ әдебиетінің мол қазынасына жол сілтеуінің орны бөлек. Гүлтас әжесі, ата-анасы туралы ғана емес, бүкіл аға-жеңгелері, әпке-жез­делері, қайын жұрты, достары мен ауылдастары туралы эссе-әңгі­ме­лер, арнау өлеңдер жазған. Мәсе­лен, Гүл­тастың Қазына енесінің рухына арна­ған мына өлеңінде: 

Еланам-ау ардақты,

Жан едің анам жан-жақты.

Қайыңдыдағы бұлақтай,

Сөнбейтін мәңгі шырақтай, деге­ніне қарағанда екінші анасының да болмысы атына сай қазыналы болғаны ғой. Бұл жолы да Гүлтас «Енеңді сыйласаң, ене болатыныңды ұмытпа, Қартты сыйласаң, ертең өзің де қартаятыныңды есіңе ал», деген қамшы сөзімен түйіндейді. Айналасындағы адамдардың бәріне көңіл сыйлауға осынша мейірім қайдан келіп жатыр? Жақындарына арнаған, туған жері туралы кітаптарын оқып отырғанда осы сұраққа жауап келген сияқты. Гүлтас берекелі отбасында дүниеге келіп, мейірімге шомылып өсті. Көзін ашып көргені – ата-анасы, туыс-

тары, олардың достары арасындағы сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық. Соңғы жылдары елімізде «Мерейлі отбасы» байқауы өтіп жүр. Отбасылық құндылықтарды кеңірек насихаттау керек-ақ. 

Гүлтас Сайынқызы ұстаздық қызме­ті­нің бірінші күнінен қазақ жастарын елін, жерін сүюге, туған халқының мүд­десіне риясыз қызмет етуді Алла­ның берген сыйы, ал оның ұлттық құн­ды­лықтарын ең басты байлығым деп қа­былдауға тәрбиелеп келеді. Оның дәлелі – шәкірттерінің сөзі. Осыдан он жыл бұрын Гүлтастың мектептегі және КБТУ-дағы шәкірттері сүйікті ұстазының елу жылдығына екі тілде «Ұстаз туралы сөз» – «Слово об учителе» деген 250 беттік кітап шығарыпты. Сонда Махатова Аделина: «Апайдың жү­регінен нұр жауып тұрады. Біз сол нұрға асығамыз», десе, Халидуллин Руслан: «Ол қазақ тілін, қазақ ұлтын жанын­дай сүйеді. Оның Отанына пат­ри­оттық сезімі өте терең. Осы үш айдың ішінде ұйықтап қалған жүрегіміз оянды, қазақ ұлты бар екенін, ұлты еркін екенін сезе бастады. Осы адам болмаса, өмірге көзқарасым мүлдем төмен болар еді. Иә, ол адам – Гүлтас апай!», депті. Ал кейінгі жылдардағы студент шәкірттерінің бірі Ерден Серікбай ұстазы туралы: «Дәл қазіргі уақытта Орал қаласы дарынды балаларға арнал­ған мектеп-лицей интернатында физика пәнінің мұғалімімін. Бұл менің уақытша жұмысым емес, бұйырса, еңбек жолымды осылай жалғастырамын. Бұл таңдауыма университеттің қазақ тілі кафедрасының басшысы, ұстазым, екінші анам Гүлтас Сайынқызы себепкер болды. Ұстазымның өнегеге толы лекциялары халқыма аянбай еңбек етуге үйретті. Енді ұстаз болудан артық мамандық жоқ мен үшін. Университетте көріп-білгенімнің барлығы өз ісімді сапалы атқаруға көмегін тигізіп жатыр»,  – деп жазыпты. Осы сөздерді оқығанда ойлы жастарымыз бар екеніне, бұлар болашақта қазақтың тұлғалы азаматы болады деп қуандым. Олардың пәк жүрегінен шыққан таңғы шықтай тап-таза сезімін білдіретін сөздер сүйік­ті ұстазына қуаныш пен жақсы көңіл сыйлап тұратын шығар. Себебі шәкірт­те­рінің шынайы құрметіне бөлену ұстаз үшін бақыт емес пе? Гүлтас маман­ды­ғын дәл және махаббатпен таңдапты. Сондықтан да ол өз ісіне өте адал, оқу аудиториясына қуанып кіріп, қуанып шығады. 

Гүлтас отбасылық өмірде де ба­қыт­ты. Сүйікті жар. Аяулы ана. Қызы Шынар Абай атындағы ұлттық педа­го­гикалық университеттің Халық­ара­лық құқық факультетін, ал Саят Қазақ-Британ университетін бітіріп, еке­уі де өз мамандығы бойынша еңбек етуд­е.  Ербол мен Гүлтас үш немере сүйіп отыр. Олардың көрер жақсылықтары көп болсын, Алла ғұмыр берсін деп тілеймін. 

Шәмша БЕРКІМБАЕВА  Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері