Елімізде алғаш рет өнеркәсіп тақырыбына маманданушы қазақ тілді журналистер үшін ұйымдастырылған шығармашылық конкурсты ENRC (Еуразиялық табиғат ресурстары корпорациясы) және “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамы өткізді.Оны ұйымдастырушылардың анықтауы бойынша конкурстың миссиясы мемлекеттік тілге нақтылы қолдау көрсету, қазақ тілді журналистердің кәсібилігін арттыру, медиа-салада жаңа экономикалық ойлауды қалыптастыру болып табылады.
Конкурсқа еліміздің барлық өңірлерінен дерлік экономика тақырыбына қалам тербейтін журналистер өздерінің 2009 жылы аудандық, қалалық, облыстық, ведомстволық, республикалық газеттерде жарияланған үздік жұмыстарын ұсынды. Оның қорытындысын шығару барысында оған қатысушылардың кәсіби шеберлігі мен жарияланымдардың өзектілігі басты өлшем болды. Сенат депутаты, көрнекті публицист Қуаныш Сұлтанов бастаған қазылар алқасы конкурстың сегіз жүлдегерін анықтады.
Бірінші орынға және 500 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлыққа республикалық “Егемен Қазақстан” газеті бас редакторының орынбасары Сейфолла Шайынғазы арнаулы жоба – екі жылдың ішінде отандық мерзімді басылымдағы терең мағыналы тақырыптық қосымшалардың біріне айналған арнаулы “Үкімет” беттерін дайындағаны үшін ие болды.
Мақалаларының өзектілігі және шығармашылық ізденістері үшін әрқайсысы 300 мың теңге көлеміндегі екінші сыйлықтармен республикалық “Жас қазақ” газетінің экономика және талдау бөлімінің редакторы Гүлзат Смағұлова (Нұрмолдақызы) және республикалық “Айқын” газетінің Астана қаласы бойынша меншікті тілшісі Айхан Шәріп марапатталды.
“Мұнайлы астана” газетінің (Атырау облысы) бас редакторы Құттыкерей Смадияр, Ақмола облыстық “Арқа ажары” газетінің тілшісі Шынар Байтықова, “Қазақстан темір жолы” ҰК баспасөз қызметінің қызметкері Ескендір Ертаев салалық бағыттағы әзірленімдеріндегі дәйектілігі үшін атап өтіліп, оларға ноутбуктер тапсырылатын болды.
Өнеркәсіп тақырыбына деген қызығушылығы үшін арнаулы ақшалай сыйлықтарға Павлодар облыстық “Сарыарқа самалы” газетінің шолушысы Нұрбол Жайықбаев пен облыстық “Маңғыстау” газетінің шолушысы Әбдіғалым Сәркенов ие болды.
Медиа-конкурс ENRC компаниясының БАҚ-тағы мемлекеттік тілге қолдау көрсету жөніндегі стратегиялық бағдарламасының табысты бір жобасы болды. Өткір қажеттілігіне және әлеуетті болашағына байланысты Еуразия корпорациясы өнеркәсіп тақырыбына маманданушы қазақ тілді журналистерге арналған шығармашылық конкурсты дәстүрлі жасап, оны “Егемен Қазақстан” газетімен бірлесіп, жыл сайын өткізуге шешім қабылдады.
ЖОЛДАУДЫ ТҮСІНДІРУ – ҮЛКЕН ІСТІҢ БАСТАУЫ
18 ақпанда Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында “Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын насихаттаудың мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің басшылығы, вице-министрлер, министрліктердің жауапты хатшылары, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, ЖОО ректорлары, республикалық БАҚ жетекшілері, “Нұр Отан” ХДП және басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кеңесте Жолдау тақырыптары бойынша түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырудың негізгі әдістері талқыланып, әртүрлі әлеуметтік топтармен жұмыс жөніндегі ұсынымдар әзірленді. Ақпараттық жұмыстың, соның ішінде республикалық ақпараттық-насихаттық топтар (РАНТ) жұмысының оңтайлы пішіні мен жүргізу әдістері айқындалды. Ішінара алғанда РАНТ жұмысын өндірістік кәсіпорындар мен ауылдық аудандарға үлкен көңіл бөле жүргізу ұсынылды.
Сонымен қатар, іс-шара шеңберінде Жолдауда белгіленген нақты салалар – экономика, индустрияландыру, білім беру, әлеуметтік қорғау және т.б. салалар қимасындағы міндеттерді жүзеге асыру жөнінде түсініктемелер берілді.
Семинар барысында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.Әшімбаев, Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед, Индустрия және сауда министрі Ә.Исекешев, Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова, “Нұр Отан” ХДП хатшысы Е.Қарин, Қостанай облысы әкімінің орынбасары С.Бектұрғанов, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Б.Мамыраев баяндама жасады.
Сондай-ақ Сыртқы істер, Денсаулық сақтау, Туризм және спорт министрліктерінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары Жолдауды іске асыру жөніндегі шаралар туралы нақты ақпараттар берді.
Жұмыс қорытындысы бойынша барлық РАНТ мүшелеріне жергілікті жерлерде жұмыстар жүргізу үшін ақпараттық-әдістемелік материалдар пакеті табыс етілді. Үкімет мүшелері жетекшілік ететін барлық топтар 22 ақпан мен 5 наурыз аралығында сапарға шығатын болады.
Жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне көрнекі үгіт құралдарын әзірлеу кезінде бірыңғай үлгі-қалыптарды ұстану ұсынылды. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген дизайнерлік әзірлемелер таратылып берілді.
Суретті түсірген И.БУРГАНДИНОВ
БАСТАМАЛАРДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ
А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қаласының әкімі Мұрат Ергешбаев Елбасының үстіміздегі жылғы Жолдауының басым бағыттары және одан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру шараларына арналған актив жиынын өткізді.
Елімізде “Балапан” бағдарламасын іске асыру көзделіп отыр. Бұл бағдарлама бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелері жұмысын жандандыра түсу керек болады. Биылдан бастап 13 көпқабатты үйден тұратын “Жібек жолы” шағын ауданының негізі қалана бастайды, деді М.Ергешбаев. Газдандыру жұмыстары одан әрі қарқын алмақшы.
Актив жиынында отандық білім беру жүйесін дамыту туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Байзақ Момынбаев өз ойын ортаға салды. Қала прокурорының орынбасары Бағым Кәрбозов жиналған қауымды құқық қорғау жүйесінде реформалар басталатынынан хабардар етті.
Мемлекеттің әлеуметтік сала саясатындағы басты басымдық халықтың жұмыспен қамтылуы болып табылады. Осы орайда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Күлшара Ембергенова үстіміздегі жылы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 4 мыңдай адам жұмыспен қамтылатынын жеткізді.
Актив жиынында Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындау баршаның ісі екені қадап айтылды.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.
“ӨРЛЕУДІҢ” КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ
“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Үкіметтің көптеген мемлекеттік және салалық бағдарламаларын дайындауға, сондай-ақ сараптамалық бағаларына белсенді қатысып келеді.
Орталық аппаратта өткен “Нұр Отан” партиясы жанындағы “Өрлеу” экономикалық клубы жиынында Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
“Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин атап өткендей, “Ел Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа, индустриялы Қазақстан қалыптастыру туралы идеясына бірігу арқылы біз елімізде жаңа экономика, жаңа өндіріс, еңбекақысы жоғары жаңа жұмыс орындарын құрып, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз”.
Сондай-ақ жиында “Өрлеу” экономикалық клубының 2010 жылға арналған мемлекеттік және жеке меншік әріптестік институтын дамытуға, Қазақстанның бизнес климатына, билік пен бизнестің бірлесіп әрекет етуінің тиімді қазақстандық үлгісіне қатысты жұмыс жоспарлары тыңдалды. Бұлардың барлығы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының негізгі тетіктерін есепке ала отырып қаралатын болады.
“Егемен-ақпарат”.
ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМАНЫҢ ОҢ ҮРДІСІ
Елордада 2 күнге созылған азаматтардың ар-намысы мен бостандығын сақтау және оларды түрлі деңгейдегі азаптаулардан қорғау мәселелеріне арналған халықаралық конференцияда еліміздің орталық мемлекеттік органдары мен құқық қорғау ұйымдары ұлттық алдын алу тетіктерін құру және Қазақстанның заң шығару органына бекіту мәселесін жан-жақты талқылады.
Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасы өкілдігі ұйымдастырған, еліміздің Әділет министрлігі, Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитеті, Ұлыбританияның үкіметі, ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы Орталығы қолдау көрсеткен бұл шараға БҰҰ-ның қарамағындағы тиісті бағыт-бағдары бар комитеттің мүшелері Зденек Хайек және Мария Дефинис-Гоянович, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, ғалымдар мен құқық қорғаушылар қатысты.
Елбасының биылғы Жолдауында парламенттік және қоғамдық бақылауды, оның ішінде құқық қорғау саласындағы бақылауды күшейту бағытында нақты тапсырмалар жүктелгені белгілі. 2008 жылы еліміз Адамның ар-намысын аяққа таптау мен азаптау, зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы конвенцияның Факультативтік хаттамасына қол қойған болатын. Ал бұл құжатқа сәйкес, Қазақстан өткен жылдың соңына дейін ұлттық превентивті тетіктердің үлгісін әзірлеп, оны заңдық тұрғыда бекіту қажет болатын. Алайда, бұл мәселені жүзеге асыруда кейінге шегеру құқығы пайдаланылып, оны оңтайландыру міндеті 2010 жылдың сәуір айының соңына қалдырылған.
Халықаралық жиында сөз алған Әділет министрлігі өкілдерінің сөзіне қарағанда, бұл мәселенің кейінге шегерілуі – аталған заң жобасына арнайы ғылыми және жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізілуі қажеттігіне байланысты болған екен. Бұл мақсатқа жылына 200 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінуі тиіс. Олардың сөзіне қарағанда, аталған іс-шаралар еліміздегі құқықтық саланың жетілуіне, жазаға тартылған жандардың жағдайын халықаралық стандартқа жақындатуға, сол арқылы аталған заң жобасының жоғары деңгейде әзірленуіне ықпал етпек.
Мәселен, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің сөзіне қарағанда, ұлттық превентивті тетіктер үлгісін жасау – жазаланушы азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуге ықпал етпек. Ал БҰҰ-ның Астана қаласындағы Орталығының жетекшісі Александр Кельчевский қоғамдық бақылаудың бірыңғай ұстанымдарын әзірлеу мен ұлттық превентивті тетіктердің үйлестіруші органын құрудың маңызы айрықша екеніне тоқталып өтті. Оның пікірінше, қоғамдық бақылаушылар тек Әділет министрлігі мекемелерін ғана емес, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Қорғаныс министрліктерінің мекемелерін аралауға да толықтай мүмкіндік алуы тиіс.
Жиында халықаралық түрме реформасының атқарушы директоры Ханн Элисонның айтқан ой-пайымы да көптің көңілінен шықты. Оның айтуынша, азаматтарды бас бостандықтарынан айыратын жерлерге тәуелсіз қоғамдық бақылау жүргізу арқылы түрлі деңгейдегі азаптаулардың алдын алуға, сол арқылы заңсыз жәбір көрсетушіліктің жолын кесуге болады. Ал Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов аталған жоба бойынша министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы қүрылғанын, оның жұмысына ғалымдар мен үкіметтік салалардың өкілдері тартылғанын атап өтті. “Бұл жүйені құру үшін көптеген заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілуі қажет”, дейді Д. Құсдәулетов.
Бір атап өтерлігі, адам құқықтарын қорғау мен азаматтарды түрлі деңгейлердегі азаптаулар мен зорлық-зомбылықтан құтқару бағытындағы шаралар бұдан бұрын да жүзеге асырылып келген. Мәселен, 2009 жылдың аяғында Жоғарғы Сот жеке адамның абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық және олардың бостандығын қорғау мәселелері бойынша арнайы нормативтік қаулы қабылдаған болатын. Бұған қоса, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Әділет, Ішкі істер министрліктері арасында бірлескен бұйрыққа қол қойылған. Оның мақсаты – бас бостандығынан айырылған азаматтарды азаптау, жәбір көрсету оқиғаларын анықтау үшін құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғам субъектілерінің арасындағы өзара байланысты нығайту. Сол себепті, еліміздегі тәуелсіз өңірлік бақылау институттарының жұмысын бір жүйеге келтіру бастамасы да осылардың заңды жалғасы болмақ.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
ТІЛ ҮЙРЕНУШІЛЕРГЕ ТИІМДІ ТӘСІЛ
Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетінде “Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі” жүйесінің тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Министрліктің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева бұл жүйенің – Елбасының мемлекеттік тілді үйрету үдерісінде жаңашыл жобаларды батыл қолға алу қажеттігі туралы тапсырмасына орай әзірленіп, елімізде тұңғыш рет жүзеге асырылғалы отырған жаңа жоба екенін атап өтті. Осыған орай, бұл жобаны қолданысқа енгізу жұмыстарын кешенді түрде, яғни озық тәжірибе ретінде тарату, насихаттау, жетілдіру мақсатында жан-жақты атсалысу қажеттігіне тоқталды.
“Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі” жүйесі 19 оқу құралынан тұратын кешен ретінде мазмұндық және сапалық сипаты тұрғысынан әлемдік озық оқу-әдістемеліктермен деңгейлес болып отыр. Бұл кешенді жүйе тілді үйренудің еуропалық үлгісіне сай бірінші деңгейден алтыншы деңгейге дейін меңгеруді қамтамасыз етеді. Яғни, тілді үйренуші алғашқы дәрістен бастап әр деңгей сайын өзіндік білімін бағалау арқылы алтыншы деңгейге жеткенде тілді толық меңгеріп шығуы шарт.
Жоба ТМД елдерінде Ресейден кейін бізде ғана жүзеге асырылып, оған Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мұрындық болып отыр екен.
Тұсаукесер барысында бұл жүйе туралы Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Біржан Белғара толықтай түсініктеме берді. Сондай-ақ, бірқатар ғалымдар, тіл мамандары кешенді жоба жөнінде өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Берік САДЫР.
СӘТІМЕН ҚОРҒАЛҒАН ҰЛТТЫҚ БАЯНДАМА
Үстіміздегі жылдың 12 ақпанында еліміз БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Адам құқы саласындағы әмбебап ұлттық баяндаманы зор табыспен қорғады. Бұл жөнінде кеше Мәдениет және ақпарат министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Женева қаласында Ұлттық баяндаманы қорғап қайтқан қазақстандық делегация өкілдері мәлім етті.
Баспасөз мәслихатына Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынова, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаев, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының жетекшісі Вячеслав Калюжный қатысты. Мәдина Бинешқызының айтуынша, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері адам құқы саласындағы 60-тан астам көпжақты халықаралық шарттар мен келісімдердің қатысушысы болып табылады. Еліміз бұл жолы да ТМД және Орталық Азия елдері арасында тұңғыш рет дайындалған Ұлттық іс-қимыл жоспарын көпшілік назарына ұсынған. Оған 80-ге жуық ел жазылса, үш сағаттық интерактивтік үндесу кезеңінде 54 мемлекет сөйлеп үлгеріпті, ал қалғандары өз ұсынымдарын Кеңес хатшылығына табыс еткен. Қатысушылар Қазақстандағы адам құқын қорғау саласындағы жетістіктерді оң бағалапты. Әсіресе, 2009 – 2012 жылдарға арналған адам құқын қорғаудың жоспары мен 2010 – 2020 жылдарға арналған құқықтық саясатты ары қарай жетілдіруге арналған тұжырымдама ерекше аталып өтілген.
Сондай-ақ кейбір кемшін тұстарға да назар аударылғаны белгілі болды. Еліміз Азаптауларға қарсы конвенцияның қатысушысы болып табылғанымен, кейбір құқық қорғау қызметтері азаматтарды қорлауға, ар-ожданын аяққа басуға жол беретіндігіне байланысты бірқатар ұсынымдар көлденең тартылыпты. Сол сияқты сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сот төрелігін іске асыруда әйелдер мен балалардың құқын сақтау және адам құқын қорғайтын институттар жұмысын барынша жетілдіру мәселелері де назардан тыс қалмаған. Әйтсе де еліміздегі басты жетістік ұлттық татулық пен саяси тұрақтылық екені ерекше аталып өтіліпті.
Тағы бір белгілі болғаны – еліміз үстіміздегі жылдың маусым айында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің Адам құқы саласындағы әмбебап шолуға арналған кезекті отырысында ұлттық баяндаманы толық бекітуді көздеп отыр. Жалпы, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде елімізге ерекше ықылас танытылып, адам құқы қандай дәрежеде екендігіне қызығушылық танытқан мемлекеттер саны артыпты. Осыған орай құрамында орталық мемлекеттік атқарушы органдардың, Адам құқы жөніндегі комиссияның және Адам құқын қорғау ұлттық орталығының 22 мүшесі кірген қазақстандық делегацияны вице-премьер Ербол Орынбаев бастап барыпты.
Әмбебап шолу БҰҰ-ға кіретін 192 елдің барлығында жүргізілсе, ол төрт жылда бір рет қорғалады екен. Яғни, 1 жылда 48 мемлекеттен өтетін болса, төрт жылда ол түгел жүзеге асуы тиіс. Осыны есепке алсақ, енді еліміз келесі Ұлттық баяндаманы 2014 жылы қорғайтын болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
ҒАРЫШ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Жуырда Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев бастаған Қазақстан делегациясы Таиландта өткен Азия және Тынық мұхиты аймағының ғарыш агенттіктері форумының 16-сессиясы кезінде Жапонияның әуеғарыштық зерттеулер агенттігінің мамандарымен кездесу өткізді.
Кездесуде екі мәселе, алдағы уақытта 200-ден 500 килоға дейін тартатын және салмағы 10 килоны құрайтын шағын спутниктер құрудың перспективалары мен ғарыш ғылымын дамыту мәселелері қаралды. Жүздесу соңында Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы мен JAXA президенті Кейджи Тачикава екі ел агенттіктерінің арасында ғарыш саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге қол қойды.
Дастан КЕНЖАЛИН.
КЕДЕН КОДЕКСІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Сәрсенбіде Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті дипломатиялық миссиялар мен елімізде аккредиттелген халықаралық ұйымдар өкілдері үшін Кеден одағы Кеден кодексінің тұсаукесерін өткізді.
Онда Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Кәрбозов кеден қызметін жаңғырту, оның заңнамалық базасын жетілдіру, халықаралық қатынастарды, оның ішінде жаңадан құрылған Кеден одағы шеңберінде тереңдету мен дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі.
Кеден одағының негізгі тіні Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттері басшыларының саяси ерік-жігерлерінің, үш ел үкіметтерінің ортақ, келісіп тиімді жұмыс істеуінде жатыр. 2009 жылдың қаңтарынан бастап ұлттықтан жоғары орган – Кеден одағының комиссиясы негізгі құжаттарды әзірлеуге кіріскен болатын. Жаңа Кеден кодексін Қазақстан басқарған жұмыс тобы өте қысқа мерзімде сапалы дайындап шықты. Жаңа кодекс жасақтау барысында еліміз 2009 жылы ратификациялаған Кедендік рәсімдерді оңайлату және үйлестіру туралы халықаралық тұжырымдаманы негізге алды.
Кеден одағының аумағында бірыңғай басқарусыз ықпалдасу үдерісін жетілдірмеу мүмкін емес. Сондықтан, бұл халықаралық құжатты қабылдаудың маңызы зор. Өз баяндамасында Қ.Кәрбозов дипломатиялық ортаның және халықаралық ұйымдардың өкілдерін Кеден комитетінің кедендік рәсімдерді оңайлатуға мүмкіндік беретін іс-шаралар барысы жөнінде хабардар етті. Елбасының Жолдауында жария етілген бизнес-ахуалды жақсарту бойынша берген тапсырмалардың іске асырылатындығын мәлімдеді.
Тұсаукесер барысында сондай-ақ, сыртқы шекарадағы ықпалдасқан бақылауды жүргізудегі КБК Жедел басқару орталығының міндеттері мен болашағы туралы мәлімет берілді.
Тұсаукесер соңында еліміздегі шетел ұйымдарының өкілдері Кедендік бақылау комитетінің Жедел басқару орталығына және Дүниежүзілік кеден ұйымы жанындағы өңірлік оқу орталығының офисінде болды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
БІРЫҢҒАЙ ҚҰЖАТ ДАЙЫНДАУҒА КЕЛІСТІ
Астана қаласында сарапшы-ғалымдардан, қоғам қайраткерлерінен, оның ішінде Ұлттық саясат тұжырымдамасы жобасының авторларынан құралған жұмыс тобы өз отырысын өткізді.
Жұмыс тобының құрамында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Бақытжан Әбдірайым, қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, Қазақстан корейлері ассоциациясының вице-президенті, тарих ғылымдарының докторы Георгий Кан, “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы Дос Көшім, Қазақ экономикалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Владимир Коченов, қоғам қайраткері Дос Нұр-Ахмет, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Еңлік Нұрғалиева, Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі Айдос Сарым бар.
Пікірталасқа Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов, сондай-ақ сарапшылар мен ғалымдар: Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Б.Аяған, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы З.Қабылдинов және басқалар қатысты.
Жұмыс тобының мүшелері өз қызметінің негізгі принциптері мен ұйымдастырушылық нысанын анықтап, Ел бірлігі доктринасы, Ұлттық саясат тұжырымдамасы жобаларының, азаматтар мен ұйымдардың көптеген ұсыныстарының негізінде Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының қағидаларын іске асыруға бағытталған бірыңғай құжат дайындауға келісті.
“Егемен-ақпарат”.
БАС ҰЙЫМ РЕЙТИНГІНДЕ ЖОҒАРЫЛАЙ ТҮСТІ
Біріккен Ұлттар Ұйымының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті мемлекеттердің электронды үкімет технологияларын пайдалануға дайындығының жаңа рейтингін жария етті (Glodal e-Govrnment Survey 2010). Онда 192 елдегі электронды үкімет дамуының жағдайы туралы деректер келтірілген.
Жарияланған ақпараттарға сәйкес, Қазақстан 2010 жылы электронды үкімет дамуы бойынша 2008 жылғы 81 орыннан 35 позиция жоғарылап, 46 орынға тұрақтаған. Он-лайн қызметін ұсыну бойынша Қазақстан әлемдік орташа деңгей индексінен (24 орын) алда келеді. Ал жаңалықтар енгізуге дайындық жөнінен 22 орында тұр. Азаматтардың электрондық қатысу көрсеткіші классификациясы бойынша электронды мемлекеттік жобаларда Қазақстан 2010 жылы 2008 жылғы 106 орыннан 16 орынға дейін көтерілген.
Рейтингтің осылайша жоғарылауына Электронды мемлекеттік сатып алулар порталы мен мемлекеттік органдарда 59 электрондық қызметті пайдалану, “Е-лицензиялау”, “Е-нотариат” ақпарат жүйесінің мемлекеттік деректер базасын тәжірибелік пайдалану сияқты факторлар оң әсер еткен.
Азаматтардың электронды қатысулары бойынша көрсеткіштердің жоғарылауына электронды үкімет порталында Мемлекет басшысымен тікелей желі өткізу оң ықпалын тигізген. Осы үдерістің аясында Мемлекет басшысына 44 452 сұрақ қойылып, мемлекеттік органдар бірінші басшыларының блог-тұғырнамасы құрылған және электронды үкімет порталы мен bnews.kz порталында мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен интернет-мәслихат өткізілген. Әр мемлекеттің электронды үкіметке дайындық индексі мынадай үш кіші индекстен тұрады: адам әлеуетінің даму индексі, ИКТ-инфрақұрылымдары жағдайының индексі және он-лайндық мемлекеттік қызмет индексі (веб-қатысулар). Өткен кезең ішінде әр кіші индекстер бойынша да кейбір өзгерістер болған.
БҰҰ рейтингі көшбасшыларының алғашқы бестігін бұрынғысынша Оңтүстік-Шығыс Азияның, Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың – Корея, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Нидерланды сияқты елдері құрап отыр. ТМД елдері арасында Украина 54, Ресей 59 орында тұр.
“Егемен-ақпарат”.