• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Маусым, 2018

Құс шаруашылығын жандандырған «Болашақ» түлегі көпшіліктің ризашылығына бөленді

235 рет
көрсетілді

Мұсылмандардың қасиетті Рамазан айы аяқталар тұста Астана қаласының іргесіндегі Ақмол ауылына жолымыз түсті. Осы күні ауыл мешітінде ораза ұстаған елу-шақты жамағатқа арналған ауызашар дастарханы жайылды.

«Курочка ряба» құс фабрикасының демеушілігімен жүзеге асқан қайырымдылық шарасына көпшіліктің дән риза болғанын айтуымыз керек. «Біздің қызметкерлеріміздің дені осы ауылда тұратын болғандықтан, ауызашар дастарханын да осы аумақта ұйымдастырғанды жөн санадық. Бұған жұмысшыларымыз да белсене атсалысқанын жеткізгім келеді», дейді кәсіпорын жетекшісі Максим Божко.

Кең жайылған дастарханға көпшіліктің ризашылығы шексіз, олар ұйымдастырушыларға ақ тілегін жаудырып, жылы лебіздерін білдірді. «Мен бала кезімнен қазақ ұлтындағы балалармен дос болып өстім. Мұсылмандардың осы айында адамдардың бір-біріне жақсылық жасауға, қол ұшын тигізуге, көмектесуге ұмтылатынын білетінмін. Осындай ізгі амалды ту еткен санаулы күндерде біз де көпшіліктің алғысын алғымыз келді. Сондықтан күні бойы ауыз бекітетін мұсылмандардың алдына барынша мол, олар үшін адал азық-түлік ұсынуды жөн көрдік. Менің ұлтым, дінім мұсылмандармен қарым-қатынасыма еш кедергі емес, мен олармен әрдайым біргемін. Қазақстанда барлық дәстүрлі діннің татулығы, достығы берік сақталған. Бұл – біздің Президентіміздің бірегей саясатының жемісі», деп ағынан жарылды «Курочка ряба» құс фабрикасының басшысы. 

Іс-шарадан соң, кәсіби әдетімізге сай Максимнен шаруашылығының тыныс-тіршілігі туралы сұраған едік. Ол 2008 жылы мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тан «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген екен. Туған жеріне келген соң, немен айналысуды ойластырады. Ол қазақстандық бизнестегі тың бағыттардың бірі – құс өсіру шаруашылығын қолға алуды ұйғарды. Сол кезде Арқалықтан құс фабрикасын ашу идеясы туды. Артынан Қарағанды қаласынан дәл осындай игі жобаны жүзеге асырады. 

Бұл күнде алғашқысынан жылына 120 миллионнан аса, кейінгісінен 150 миллионға жуық өнім алады екен. «Біз мұнымен тоқтап қалған жоқпыз. Жезқазғандағы тағы бір қаңыраған құс фабрикасын қалпына келтірдік. Компаниямыздың ең үлкен жобасы 2016 жылы Астананың іргесіндегі Ақмол ауылында басталды. Біз мұнда жылына өндіріс көлемі 20 мың тонна болатын құс етін шығаратын кәсіпорынды іске қоспақпыз. Ал бұл елорданың құс етіне деген қажеттілігін жүз пайызға жабуы тиіс. Өнімдеріміз Қазақстанда ең үздіктердің қатарында», дейді Максим. 

Фабриканың тұтынушылары күн санап артуда. Бұл сала Максимнің өмірінің мәніне айналып үлгерген. Оның мақсаты тұтынушыларды сапалы өніммен қамтамасыз етіп, өндірісін одан ары ұлғайту. Бүгінде фабриканың өнімдері Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, тіпті Ауғанстан елдеріне сатылады. Өнімдерінің өзіндік құны төмен, өйткені, жем-азықтың негізгі бөлігін компания өздері өндіреді. 

«Біздің артықшылығымыз – Астанаға жақын тұрғандығымыз. Әріптестерім негізінен шаруашылық жұмыстарымен айналысса, мен жаңалықтар енгізуге күш саламын», деген Максим Қазақстандағы кәсіпкерлік саласына қолдау шараларына қуанатынын жеткізді.