• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2018

Батыс Қазақстан өңірі көне қолжазбаға толы

1611 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан өңірі – ежелден Азия мен Еуропа ара­лығындағы мәдени-рухани қарым-қатынасқа көпір болған ерекше аймақ. Х-ХV ғасырларда Алтын Орда мен Кавказға ислам дінінің келу жолы да Кас­пий маңы, Еділ-Жайық ай­мағы арқылы өтеді. Бү­гін­гі Орал қаласының қа­зақ ұғымындағы байырғы атауы – Теке болуын тарих ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан об­лыстық тарих және архео­логия орталығының директоры Мұрат Сыдықов: «Текке» – орталығы діни ме­кеме, медресе болып са­налатын ортағасырлық елді мекен. Яғни «Текке» – сопы­лық орталық деген сөз. «Жайық» қалашығынан біз тапқан алып кесене мұн­да мұсылмандықтың өр­кендегенін көрсетеді» дейді.

Батыс Қазақстан өлкесінде ислам дінінің маңызы мен ықпалы Ресей билігі әбден күшейген ХІХ ғасырда да төмендеген жоқ. Мә­селен, Башқұртстан Респуб­ликасы мемлекеттік архивінде сақталған «Қырғыз (қазақ) да­ласындағы мешіттер мен дін ие­лері туралы ведомость» деген құжатта ХІХ ғасырдың орта­сында тек Бөкей Ордасының өзінд­е қызмет етіп тұрған 128 мешіт пен онда қызмет ететін 129 діни лауазымды тұлғаның тізімі берілген. Бұл тұлғалардың діни білімді Меккеде, Египетте, Орталық Азиядағы және Қазан мен Уфадағы діни орталықтар мен оқу орындарында алғаны белгілі.

Әрине, мешіт-медреселермен бір­ге ислам қолжазба мұралары да қатар жүретіні ақиқат. Қазақ да­ласын өрмекшінің торындай қаптап жатқан мешіт-ме­дресе кітапханаларында діни-ағар­тушылық баспа кітаптары да, қол­­жазба шығармалар да көп бол­ғанын болжауға болады. Бұл сөзі­мізге әлі күнге дейін ел ішінде кез­десетін көне қол­жазбалар және есте­ліктер мен архив құжаттары дәлел.

Жоғарыда айтылғандай, 1801 жылы Бөкейхан Нұралыхан­ұлының бастауымен құрылған Ішкі қырғыз (қазақ) ордасы, яғни Бөкейлікте ислам діні ерекше дамыды. Әсіресе Бөкейдің ұлы Жәңгір ханның тұсында (1823-1845 жж) бұл аймақта ислам діні мен татар молдаларының ықпалы өте күшті болды. Жәңгір ханның өзі де дінге ерекше мән берді, оның билігі тұсында Ордада көптеген мешіттер салынғаны белгілі. Сонымен бірге Жәңгір хан ел ішінен және бұқарлықтардан араб, парсы, түрік тіліндегі қолжазба кітаптарды жинатып, 1844 жылы 17 желтоқсанда Қа­зан университетіне 60 кітап тап­сырған. Осы қызметі үшін Жәңгір хан «Қазан универ­си­тетінің Құрметті мүшесі» ата­ғын алған. Жәңгір хан аталған универ­ситеттің Шығыс тілдері бөліміне сыйлаған кітаптардың 30-ы – араб тілінде, 26-сы – парсы тілінде, 4 кітап түрік тілінде бол­ған.

Кеңес өкіметі жылдарында мешіт-медреселер түгел жабылып, діни тұлғалар қуғын-сүргінге ұшыраған кезде, діни әдебиеттер де жаппай жойылды. Большевиктік биліктің атеистік кү­ресі мешіттегі кітаптарды жұрт алдында өртеумен бастал­ды. Мұны көрген халық киелі кітап­тарды жасырып, жерге көмді, жүрек жұтқандары сандық түбіне тықты. Сөйтіп  70 жыл билік құрған КСРО билігі тұсында бірнеше ұрпақ ауысып, ислами құнды қолжазбаларды түсініп оқитын, күнделікті пайдалана алатын мамандар түгелдей жоғалды деуге болады. Сақталып қалған санаулы кітаптар, құнды қолжазбалар тек киелі бұйым «атаның көзі» ретінде музей экспонаты сияқты жәдігерлік сипатқа еніп үлгерді.

– Батыс Қазақстан облыстық тари­хи-өлкетану музейіндегі Мұс­тафа Ысмағұловтың же­ке қорында араб жазулы 27 кі­тап жинақталған екен. Бұл кітаптар­дың сипаттама құжатында «Шы­­­­ғыс ертегілері, аспан де­не­­лері туралы шығармалар» де­лінген. Алайда 2014 жылы профессор Әшірбек Муминов пен шығыстанушы Айтжан Нұрманова бұл шығармалардың Татарстан (Қазан), Түркия (Ыстанбұл), Египет (Каир) Үн­діс­тан баспаларынан шыққан діни әдебиеттер екенін анықтады. Осы қордағы екі шығарма – «Китаб Дахари «Мухтасар Рухая» және Ахмад ибн Мухаммад зили Сиватидің «Зубдад әл-асрар» атты қолжазба кітабы болып шықты.

Қазақстандағы ислам қол­жазба мұралары дегенде, зерт­теуші ға­­лымдардың алдында толық иге­рілмей жатқан үлкен мәселе – ел ішінде, жекелеген адамдардың қолында сақталған әдебиеттерге арнайы тоқталмаса болмайды. Жоғарыда айтылған кеңестік репрессиядан ғайыптан тайып аман қалған бұл құнды қолжазбалар жүйелі зерттеуді қажет етеді. Ел ішіне арнайы экспедициялар шығарып, халықты жаппай хабарландырып, бүгінде тозығы жеткен бұл мұралардың көшірмесін алып қалу, оны ғылыми зерттеп, тізбесін жасау – кезек күттірмейтін іс.

Мұндай құнды жазбалар ел ішін­де әлі бар екендігіне өзіміз куәміз. Мәселен, 2015 жы­лы Орал қаласында тұратын ха­лық емшісі Наурызғали Орын­ға­лиұлынан әріптесім, журналист-өлкетанушы Нұртас Сафуллин арқылы 210 беттен тұратын қолжазба кітап қолымызға тиді. Кітап иесінің айтуынша, бұл шығарма Хан Ордасы мешітінің мүлкі, бір жылдары мешітте өрт болған кезде бір адамдар аман алып шыққан. Профессор Әшірбек Муминов бұл қолжазба кітаптың тілі – арабша, тақырыбы логика, теология пәні саласында екендігін анықтады.

Ел ішіндегі көне қолжаз­баларды іздестіргенде, ең алдымен осы өңірде өткен дін ғұ­­ла­малары, хазірет-ишандар ту­ралы деректерді жинастырып, олардың ұрпақтары мен ізбасар шәкірттерімен жолығу қажет. Бүгінге дейін жеткен мұралардың негізгі бөлігі осы топ­тағы адамдардың қолында сақталған. Мәселен, Қаратөбе өңірінде 28 жылға дейін мешіт ұстап, Кеңес билігі орнаған соң қудаланған, асыл сүйегі алыс­тағы Орынборда қалған Жар­ман хазірет Төлекеұлының ұрпақтарында аталарынан қал­ған Құран, бірнеше қолжазба дәптер сақталған. Қолжазбаның кейбір парақтарымен суреті арқылы танысқан шығыстанушы ғалымдар Ғалия Қамбарбеков, Сайпулла Моллақанағатұлы «бұл дәптерлерді арнайы маманға беріп аудартып, ішкі мағынасын ашуға болады» деген пікір айтқан. Өйткені хазіреттің мұраларын жүйелі зерттеу – дәстүрлі діни та­ным­­ның, бұрынғы қазақ қоға­мын­дағы шариғи құқық, діни салт-дәстүр мәселелерінен мол мағ­лұмат береді.

Дәл осындай қолжазбалар қаратөбелік Мұқанғали Қылышов (1895-1980), жаңақалалық Мер­ғали молда Құбашев (1906-1992), Астрахань өңірінде өткен Қуан­ғали Нәбиев (1909-1980) тағы басқа ақсақалдардың ұрпақ­та­­рының қолында сақтаулы. Бұл қолжазбалардың кейбірінің элек­тронды көшірмесін жасап, маман ғалымдардың қолына тапсырдық.

Әрине, өз заманында мешіт-медресе ұстап, айналасына рухани ілім таратқан ғұламалар көп. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Базартөбе ауылдық округі аумағында үлкен мешіт-медресе қалыптастырып, өңірдегі бірнеше буын дін ғұла­маларын, қоғам қайраткерлерін тәрбиелеген, өзі қажылық сапарында қасиетті мекенде­ қаза болған Мәулімберді шейх Байшеркешұлы, 1844 жы­­лы Нарын құмында өз қар­жысы­на мешіт салдырып, Жәң­гір хан­ның бұйрығымен ахун атан­ған Жүрдібек Базарбайұлы, Сарыкөлде тұңғыш рет қызыл кірпіштен медресе салдырған Муниян хазірет Уәнұлы (1825-1925); бүкіл әулетімен Мекке-Мединені зиярат етіп, қажы атанған Әзербай шейх Тұ­манұлы (1828-1908), Жым­питы өңірінде талай буын дін қайраткерлеріне ұстаз атанған Сүйінішқали шейх (Шүйеке хазі­рет) Өтемісұлы, аты аңызбен астасып кеткен Жұбан молда Жүрдібекұлы (1834-1923), 1905 жылы қазақ жері мен дінінің қамы үшін бір топ ишан-хазіретпен бірге Петерборға, Патша ағзамға хат жазған Ахметжан молда Бай­мұ­хамедұлы, оның ұлы, белгілі Алаш қайраткері Қайырша Ахметжанұлы, Тайпақ өңіріндегі Тоғайбай хазірет Қарсақбайұлы (1838-1904), қаратөбелік Едіге ишан Шымырұлы (1850-1926), Күнбатыс Алашорданың рухани көсемі Қуанай хазірет Қос­дәулетұлы, (1863-1937), Рәш ишан Муниянұлы (1865-1935), дін қайраткері, 1916 жылғы ха­лық қозғалысының жетекшісі Қажығали Мәулімбердіұлы (1869-1919), Жайық бойында көп сандық кітап көмбе жа­сырған делінетін Керей қалпе Тоғайбайұлы (1870-1924), үндінің «Калила мен Димна» аңы­зын қазақша сөйлеткен ғұлама Ғұбайдолла қалпе Ахмет­ұлы (1873-1951), Қаратөбе өңі­рінде өткен Құтқожа хазірет Қозыкеұлы (1884-1951), 1930 жылдары репрессия кезінде қу­даланып, Ресей жерінде бас­сауғалаған Құрбанғали хазірет Қуанышқалиұлы (1890-1971), тайпақтың белгілі халық емшісі Арыстан молда Жұмалыұлы (1890-1976), өз заманындағы тарихи тұлғалар, мешіт-медреселер мен дін ғұламалары туралы көп дерек қалдырып кеткен Нау­қан молда Есжанұлы (1891-1981), соңынан аңыз ерген Мәт­нияз ахун, Жұмағали ахун, Ба­зар­шолан өңірінде екі мешіт ұс­таған, қажыға 5 мәрте барған, бел­гілі Сүгір жыраудың баласы Шымыр ишан және басқа дін қайраткерлерінің өмір жолы, қалдырған мұрасы зерттеліп, сарапталған емес. Індетіп ізде­се, бұлардың ұрпақ­тарынан, шәкірт­терінен құнды дерек, қолжазба мұралар табылуы мүмкін. Кей­бірінің Кеңес өкіметі кезінде қорқып жасырған кітаптары мен жаз­балары көмілген, жасырылған орындары туралы да деректер бар.

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам ми­нистр­лігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғы­лы­ми-зерттеу және талдау орта­лығы ұйымдастырған «Қазақ­стандағы ислам қолжазба мұ­ра­лары: зерттеу-зерделеу, сақ­тау-жаңғырту және мамандар да­йындау мәселелері» атты халық­аралық семинар дер кезінде ұйым­дастырылған, өте өзекті мәселені көтерген жиын деп есептейміз. Біздің ұсынысымыз – ел ішінде, жеке қорларда сақ­талған көне қолжазбаларды анық­тау, көшірмесін жинақ­тау, саралау жұмысына Қазақ­стан Мұсылмандары діни бас­қармасының жергілікті өкілдері, өлкетанушылар, мектеп пен музей қызметкерлері атсалысуы қажет.

Сондай-ақ әр өңірде араб­ жазуын оқи алатын маман­ шығыс­танушылардың басын қосып, маңызды істі бірге қолға алса, нәтижелі болар еді. Ел аузындағы және ұрпақтарының дерегін пайдаланып, көне қол­жаз­балар көмілген жерлерге де археологиялық қазба жұ­мыстарын ұйымдастыру керек. Тағы бір ұсыныс: ел ішіндегі, жеке қорлар­дағы ис­лам қолжазба мұраларын жинақтау, көшірмесін алу, құ­жатын рәсімдеудің бір­ыңғай ортақ үлгісі жасалынып, бұл іспен айналысушыларды шағын әдіс­темелік курстан өткізсе, құба-құп болар еді.

Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы