• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Маусым, 2018

Алматыда «Жаңа толқын 100+» жастар FUTURE-форумы өтті

431 рет
көрсетілді

Ұтымды әрі ұшқыр идеясымен көзге түскен талантты жастар үшін өз армандарын іске асырудың таптырмас мүмкіндігі туып отыр. Ол үшін ойлап тапқан жобаң халықтың рухани жаңғыруына оң ықпал етіп қоғам үшін пайдалы әрі қолайлы болуы  керек. Алматыдағы Достық үйінде  осы мақсатты негізге ала отырып зерделі зияткерлерге жарқын жол ашуды көздеген «Жаңа толқын 100+» жастар FUTURE-форумының куәсі болдық.  

Еліміздің әр аймағынан келген жас ғалымдар мен өнертапқыштарды бір арнадан тоғыстырған айтулы жобаға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко, республикалық бірлестіктердің жетекшілері, кәсіпкерлер мен меценаттар, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары, ҚХА «Жаңғыру жолы» РЖҚ, «Жарасым» РЖҰ мүшелері мен белсенді жастар қатысты.

Форумда әр өңірден келген 14 өнертапқыш сараптамалық бағалау мен кәсіпкер-меценаттардың және әлеуетті инвесторлардың қолдауын қажет ететін өздерінің өзекті «Start-up» жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Таныстырылымнан өткен әр жобаның өзіндік ерекшелігі бар. Олардың кейбірі сарапшылар тобының айрықша қызығушылығын тудырып жатты. Мәселен Солтүстік Қазақстан облысынан келген II-топтағы мүгедек Сәлімхан Сәбитов ұсынған жоба өте өзекті мәселенің бірін қамтыған. Сәлімханның сөзінше, елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көлік жүргізуді үйрететін арнаулы мекемелер жоқ. Бұл өз кезегінде, әсіресе аяғы кеміс азаматтар үшін көп қолайсыздық тудырып отыр. Осы олқылықтың орнын толтыруға септігім тисе деген жас зияткер: «Өзім алғаш көлік тізгіндеуді үйренбек болып жүргізушілікке баулитын мекемеге барғанымда, мүгедектердің мүмкіндігіне  ыңғайластырылып жасалған көліктердің жоқтығы қатты әсер етті. Қызығушылығым оянып осы мәселені зерттеуге тырыстым. Айталық қазір Петропавл қаласында 1766 мүгедек адам бар.

Олардың ішінде 8339  азамат тірек-қимыл апаратының көмегіне тәуелді болғанымен ақыл есі көлік басқаруға жетеді. Неге осы  азаматтардың арманын іске асыруға ықпал етпеске деген ойға келдім. Өзім де мүгедек болғандықтан олардың жан-дүниесі маған жақсы таныс. Менің әлеуметтік жобам «Оңды жол» деп аталады. Жобаны жүзеге асыру үшін маған 4млн теңгеден астам қаражат керек. Ол ақшаға автокөлік сатып алып қаламыздағы ауыр машина жасау зауытында мүгедек жандар үшін тек қолдың көмегімен басқаруға болатындай етіп қайта құрастыру ойда бар. Бизнес жоспарым да дайын. Ойым қолдау тауып жатса жылына елуден астам адамды оқу курсынан өткізер едім»  дейді.

 Алматылық өнертапқыш Айдар Бексұлтанов ұсынған жоба ойын балаларын ұлттық дәстүрмен сусындатып, рухани бағытта тәрбиелеудің таптырмас құралындай көрінді. Оның ойлап тапқаны – балаларға арналған шағын форматтағы қазақы киіз үй. Яғни киіз үй ойыншық ретінде құрастырылған. «Мына заманда ешкімді тас үйден шығып қазақ үйге тұр деп мәжбүрлей алмайсың. Ал мұны ата-аналар өз балаларына ойын-ойнау алаңы ретінде алып беретін болса, нағыз «Рухани жаңғыру» осы болатын еді. Шағын киіз үйдің  керегесі, босағасы, уығы, шаңырағы тұтастай таза ағаштан жасалса, киізі таза табиғи қойдың жүні. Өнім экологиялық жағынан өте пайдалы. Осы өнім арқылы  кішкентай балапандар ата-бабалары тұрған киіз үйдің рухын сезінсе» деген Айдар жоба сарапшылар назарына ілігіп, қаржылай қолдау тауып жатса арнайы тоқу станоктарын сатып алып  кәсібінің ауқымын  одан әрі кеңейтуді көздейдітін айтады.

 Қостанайлық Марина Зюванова қала жастарының шығармашылық орталығын ашуға арналған бірегей жобасын ұсынса, Қарағандыдан келген «PIXEL» жобалық студиясының жетекшісі Абай Отарбаев жекеменшік пәтер иелері кооперативінің қызмет көрсету  сапасын жетілдіруге бағытталған өз ұсынысын ортаға салды. Ал Астана медицина университетінің студенті Рузи Шихов «Donormyn» жүйесінің көмегімен елімізде өте өзекті саналатын донорлық мәселесін жолға қойсам дейді.

Шара аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары форумға қатысушылар алдында өз жетістіктерінің сырымен бөлісіп, «Сәттілік тарихы» деген тақырыпта арнайы шеберлік сабағын өткізді. Олардың ішінде «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, небары 18 жасында магистірлік диссертация қорғап классикалық музыканың хас шебері атанған  пианист Рахат-Би Абдысағинның жарқын жетістік жолы жастардың арманына қанат бітірді. 100 ден астам классикалық туындының авторы бүгінгі таңда Римдегі музыка академиясында тәлім алады.

Көпшілік алдында таныстырылған 14  жобаның әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Нақты қай жобаның  қаржылай қолдау табатынын сарапшылар алқасы ақылдаса келе анықтайтын болады. Дегенмен,  «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өкілдері форумда кейбір жас ғалымдардың жобалары қолдау таппаған күннің өзінде, кәсіпкерлер мен ұйымдастырушылар тарапынан оларға нақты көмек көрсетілетінін айтады. Бұл сөзді қуаттаған Леонид Прокопенко Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылымға ден қойып, өзінің ұтқыр идеясын  іске асыруға талаптанған шығармашыл жастарға әркез қамқорлық танытатынын жеткізді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ