• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Маусым, 2018

Польшамен байланыс қарқынды дамуда

496 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан Қазақстан-Польша қарым-қатынастары жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг өткізді. Елшінің айтуынша, соңғы жылдары екі ел арасындағы экономикалық-саяси дипломатия қарқынды дамып, қарым-қатынас арта түскен.

Брифинг барысында М.Баймұхан Польша Қазақстан­ның Орталық және Шығыс Еуро­падағы негізгі сыртқы эко­но­микалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Бұл ретте Президент Н.Назарбаевтың 2016 жылғы 22-23 тамызда Варшаваға жасаған сапары шеңберінде қабылданған Қазақстан мен Польша арасындағы эконо­ми­калық ынтымақтастық туралы Декларацияның маңызы зор. Жалпы, тәуелсіз Қазақстан мен Польша арасындағы дип­ло­матиялық қарым-қатынастар 1992 жылдан бастау алады. Халқының саны 38 млн адамды құрайтын бұл ел 2004 жылдан бері Еуропалық одаққа мүше болып табылады. Польша – экономикасы әлеуетті ІЖӨ-сі тек өсімді көрсетіп келе жатқан ел. Бұл көрсеткіш бойынша Еуропада 6-орында, ал әлем бойынша 24-орында тұр.

Қазақстанмен парламент­аралық әріптестікті нығайту мақ­са­тында құрылған топ жұмы­сына Польшаның жоғарғы заң шығарушы органдары болып табылатын Сейм мен Сенатта қызмет ететін поль­ша­лық 56 депутат қатысады. Сонымен бірге тағы бір топ экономика, ғылым және азаматтық қоғам мә­се­лелерін қарастырады. Келесі жыл­­дың маусым айын­да Поль­ша­­ның Сенаты мен Сеймі­нен жасақталған делегация Қазақстан Парламентіне ресми сапармен келмек. Ал қазақстандық депутаттар Варшаваға күзде қа­рым­та сапармен барып қай­татын бо­лады. Елшілік жүр­гізген жұ­мыс­­тар негізінде Польша­ның әр аймағынан Қазақ­стан­ның аймақтарымен же­ке-жеке әріп­­тестік орнату мақ­са­­тын­да елі­міз­дің облыстарына деле­га­ция­­лар ресми сапармен келуде. Польшаның аймақаралық әріп­тес­тікке ұмтылуы олардың ұлт­тық ерекшелігіне тән. Мә­селен, 3-6 сәуірде Люблин әкім­­дігі мен Талдықорған қаласы әкім­дігі арасында меморандумға қол қойылды. Жуырда тағы бір поляк делегациясы Қостанай мен Павлодар облыстарына ат басын тіремек. Ал әр ме­мора­ндум облыстың өзіндік ерек­ше­лігін назарға ала отырып, жа­сақталады.

Екі ел арасындағы тауар айналымының көрсеткіші жыл­­дан-жылға артып келеді. Поль­шаның статистикалық мә­лі­меті бойынша, 2018 жыл­дың алғашқы үш айында екі­жақты тауар айналымы 459,9 млн еуроны құраған. Оның ішінде Польшадан Қазақстанға әкелінетін экспорт 86,3 млн еуроны құраса, Польшаға жет­кізілетін отандық өнім құны 373,6 млн еуроны құрап отыр. Жалпы, Қазақстанның аталмыш елге экспортқа шығаратын өнімдер тізбегінің көшінде минералды отын, минералды майлар мен воск, оларды тазалаудан өткізгеннен кейінгі өнімдері, битуминозды заттар, түрлі жемістер, бейорганикалық химиялық заттар, қымбат метал­дардың органикалық немесе бейорганикалық қосылыстары, радиоактивті элементтер мен изо­топтар, майлы дақылдар, ба­лық, теңіз, бидай өнімдері тұр. Ал қазақстандық нарыққа По­ль­шадан келетін импорттық өнім­­дер қатарында машина мен механикалық қондырғылар (олар­дың бөл­шек­тері), жеміс­тер, электр құры­л­ғылары мен жаб­­­дықтары, фармацевтік өнім­дер, сүт өнімдері, пластмасса және одан жасалатын өнімдер, те­мірден немесе болаттан жасалатын бұйымдар бар.

«Осы орайда елшілік қа­зақ­­стандық өнімді Польша на­рығында ілгерілетуге байланысты барлық мүмкіндіктерді қарастырып, экспорт бойынша үлкен жұмыстар атқаруда. Мәселен, аккумулятор, дәрілік өсімдіктер сату, фармацевтика, алкоголь өнімдерін сата­тын компанияларға жан-жақ­ты консультация беріп, олар­ға қолдау көрсетіп, өзде­рі­нің мүм­­кіндіктерін дивер­си­фи­ка­­циялауға барынша мүм­кін­дік беруді көздеп отырмыз. Сон­дай-ақ әлемде алма экспор­ты­нан АҚШ пен Қытайдан кейін­гі үшінші орынды алатын Польша тек алма экспорттап қоймай, болашақта алма сор- тын Қазақстанға әкеліп өсіруі мүм­­кін. Біз осы бағытта жұмыс ат­­қа­­рып жатырмыз», деді елші брифинг барысында.

Мәдениет, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық та белсенді түрде дамып келеді. Қазіргі таңда Польшада 800-ге жуық қазақстандық студент білім алуда. Елде «Рухани жаң­ғыру» және «Алтын адам­ның әлем мұражайларына шеруі» халықаралық жобасы аясында «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнердің озық үлгілері» мұражай экспозициясын өткізу жоспарлануда. Осы орайда М.Баймұхан елшіліктің қолдауымен «Kazakh Tourism» АҚ Польшаның Гданьск қаласында еліміздің туристік әлеуетін таныту және поляк туристерін Қазақстанға шақыру мақсатында Варшавада өтетін WorldTravelShow халық­ара­лық туристік көрмеге қаты­суды жоспарлап отырғанын жеткізді. Елшінің айтуынша, Қазақстанның туристік әлеуетін 38 млн халқы бар Польшаға кеңірек таныстыру үшін екі елдің туристік компанияларымен әріптестік орнату қажет екен. Сонымен қатар бұл салада ақсап жатқан тағы бір тұс, елдің қызықты жерлеріне саяхаттауға арналған таныстыру материалдары өте кемшін. Туристердің елге аз келуі де содан болуы мүмкін. Сондықтан елшілік ос­ы олқылықтардың орнын тол­тыруға барынша күш салуда. «Оның алғашқы қарлығаштары ретінде «Қыз Жібек», «Ер Төстік» кітаптары поляк тіліне ау­да­рылып, Қазақстан туралы соңғы ақпараттар жинақ түрінде жарыққа шықты. Олар бизнес қауым өкілдеріне, мемлекеттік органдарға таратылды. Екі елдің арасын­дағы дипломатиялық қарым-қаты­настар тікелей елші­лік жұмыстарына байланыс- ты. Сондықтан біздің ісімізде «ұсақ-түйек» деген жоқ», деді М.Баймұханов.

Венера Түгелбай,

«Егемен Қазақстан»