• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Шілде, 2018

Қызылжарда Ұлттық домбыра күні атап өтілді

439 рет
көрсетілді

Елбасының арнайы Жарлығымен  тұңғыш рет қабылданған «Ұлттық домбыра күні» мерекесі Қызылжар өңірінде кең көлемде атап өтілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түзілген қанатқақты жобалардың қай-қайсысы болсын ата-бабамыз бүгінгі ұрпаққа аманаттап қалдырған асыл мұраларымыз бен ұлттық құндылықтарымызды кеңінен ұлықтауға арналып,оның ішінде қос ішекті қара домбыраның тілмен айтып жеткісіз тылсым үнін насихаттауға барынша басымдық берілді. Өңірдегі күй өнерінің даму тарихы жайлы сөз етсек, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Серікбай Құсайыновтың есімін алдымен аталады. Сексеннің сеңгіріне көтерілсе де қатардан қалмай, еңбек етіп келе жатқан абыз ақсақал кеңестік кезең кезінде Жамбыл, Тимирязев, Шал ақын аудандарында, Петропавл қаласында ұлттық оркестрлердің, музыкалық колледжде домбыра сыныбының құрылуына мұрындық болған. Алғаш рет тұсауы кесілген ұлық мейрам рухымызды оятып, жігерімізді қанаттандырады. Өскелең ұрпақ дәулескер күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Қазанғап, Сүгірлердің шығармаларымен тәрбиеленіп өссе, елдік мүддені алдыңғы орынға қоятын азаматтар шоғыры арта түсері кәміл. Өйткені, күй –халқымызбен бірге жасасып келе жатқан киелі де қасиетті өнер. Ондағы азаттыққа, бостандыққа ұмтылдыратын ұлы сарынды тілмен айтып жеткізу қиын, дейді, барлық мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүрген Серікбай ағамыз.

«Күдер» домбырашылар ансамблі еліміздегі таңдаулы музыка ұжымдарының бірі саналады. Ансамбльдің жетекшісі Тойкен Күдерова ширек ғасырға жуық уақыт ішінде жарты мыңдай шәкірттің ұстазы атанып, Болгарияда 21 мемлекеттің қатысуымен өткен айтулы додада топ жарды. Гран-примен қоса қос алтын медальді иеленді. Бұл жолы да ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту шеңберінде ұйымдастырылған игі бастаманың бел ортасынан табылып, ұлттық өнерімізді асқақтатты. «Рахмет», «Семейный» ірі сауда орталықтарының маңына жиналған жұртшылық өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасын қызыға тамашаласа, «Абылайхан резиденциясы» мұражай кешеніне келушілер назарына осыдан 300 жыл бұрын жасалып, көненің көзіндей ыстық көрінетін домбыраның тарихы ұсынылды.

Жер-жерлерде «Бабалардың көзіндей қасиетті домбыра» акциясы ұйымдастырылып, түрлі қайырымдылық шаралары көрсетілді. Қазақстан халқы облыстық ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері перинаталдық орталықта болып, осы күні дүниеге келген нәрестеге бағалы сыйылық ретінде қос ішекті аспапты тарту етті.

Тәуелсіздік сттелласы алаңында кәсіби домбырашылардың қатысуымен «Көңілашар», «Балбырауын», «Адай» секілді әйгілі күйлер орындалды. Жеке орындаушылар да өз өнерлерін ортаға салды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы.