• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Шілде, 2018

Батыс Қазақстан облысының делегациясы Қазан қаласында болды

330 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған делегация Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында болып, Татарстан Президенті Р.Н.Миннихановпен кездесті. Сапардың мақсаты – сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту.

- Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің қарым-қатынасы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде, стратегиялық әріптес саналады. Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі. Осындай тығыз қарым-қатынасты дамытуда Татарстан Республикасының да үлесі зор. Жақында ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазан қаласында болды. Бұл сапар біздің әріптестігіміздің барлық саласына жаңа серпін береді», - деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Өңір басшысының айтуынша, 2017 жылы Қазақстан мен Татарстан арасындағы тауар айналымы 700 млн. АҚШ долларды құраған. Мұның 100 млн. АҚШ доллардан астамы – Батыс Қазақстан облысының үлесінде.

Әрине, екіжақты кездесуде батысқазақстандықтар Ақ Жайық өңірінің экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы жан-жақты таныстырды.

Қазақ-татар кәсіпкерлік қарым-қатынасы қазірдің өзінде жаман емес дедік. Мәселен, Оралдағы «Желаев нан өнімдері» комбинаты «Тат-спайс» компаниясына ұн және макарон өнімдерін беріп келеді. «Нұржанар» компаниясы «ТАТ Крахмал патока» компаниясынан квасты өндіруге қажетті өнім алады. «Орал трансформатор зауыты» да пластикалық құбыр, полимерлік табандық, кран-балкаларды Татарстаннан алып жатыр. «Гидромаш Орион-МЖБК» компаниясы бетон араластырғыш торабына қажетті дозаторларды, «Кама Қазақстан» компаниясы автокөлік шинасын татар ағайындардан жеткізеді. Батысқазақстандық кәсіпкерлер тарапынан ұсынылатын бизнес-жобалар да аз емес. Қазандағы кездесулерде осындай бірнеше жоба таныстырылып, Татарстан тарапынан толық қолдауға ие болды.

Әрине, түбі бір туыс, діні бір қандас ағайынға ортақ құндылықтарды ұлықтағанға не жетсін? Құдайға шүкір, мұндай тоғысар нүкте аз емес. Мәселен, татар әдебиетінің классигі Қазанға да, Оралға да ортақ. Татар топырағында дүниеге келгенімен, қазақ жерінде өсті, білім алды, танылды. Бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы татар диаспорасы – өңірдегі көп санды, шығармашыл белсенді топтың бірі. Олар өз ұлтының дәстүрлі мейрамдарын үнемі өткізіп отырады. Алтай Көлгінов Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановты қыркүйек айында Орал қаласында өтетін Сабан тойға арнайы шақырды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы