• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Шілде, 2018

«Этноауылда» «Көшпенділер әлемі» атты халықаралық этнофестиваль өтті

557 рет
көрсетілді

Өткен аптаның демалыс күндері Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша әрі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорданың жанындағы «Қазанат» атшабары аумағында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде ежелгі бабаларымыздың жауынгерлік һәм шеберлік өнерін жаңғыру мақсатында «Көшпенділер әлемі» атты халықаралық этнофестиваль өтті.

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, этно­фестивальдің рухани-мәдени маңызы жайлы толғаған Астана қаласы əкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бұл той әуелі Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын іске асыру аясында және алда келе жатқан қаланың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйым­дас­тырылып отырғанын жеткізді.

Көшпенділердің көне дәстүрі мен салттық ғұрпын жаң­ғыртуға арналған бұл фес­ти­валь 10 жыл бұрын Вен­гриядан бастау алған. Жыл өткен са­йын оның бед­елі артып, даму үстінде. Бұл жолы елорда төрінде тұң­ғыш рет жалауын тіккен көшпенділер тойына Вен­грия, Болгария, Түркия, Украи­на, Башқұртстан, Яку­тия, Қырғызстан және Қазақ­стан командалары қатысып, олар ортағасырлық жекпе-жек сайыс түрлері мен көш­пен­ділердің атүсті ойындары қатарлы элементтерді халық назарына ұсынды.

Ұйымдастырушылар мәде­ни-сайыс шараларын ойдағы­дай өткізу үшін «Ақ мерген», «Шабыт», «Тайбурыл», «Керуен сарайы», «Ақ сақа», «Батыр», «Шебер» атты жеті ауылдық кешен тұрғы­зыпты. Онда қазақтың ұлттық спорт ойындары мен қолөнер шебер­лері жасаған бұйымдар тойға келген қауымға ұсынылса, көшпенділердің жауынгерлік өнерін жақсы меңгерген жаужүрек сарбаздар мен мергендер садақ атып сайысса, ат құлағында ойнайтын шабандоздар өз өнерлерін көрсетті.

Тойға келген көпшілік шараға қа­тысу­шы елдер өздері әкелген этно­графия­лық мұражай экспонаттарын тамашалаумен қатар, этномузыка майталмандары «Арқайым» және «Тұран» топтары, саха елінің жұлдызы Юлиана Кривошапкина мен танымал көмей-жыршы Тюргэн Камның өнеріне сусындады.

Дүбірлі тойдың өтуіне атсалысқан «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төраға­сының орынбасары Тимур Дүйсен­ғалиевтың пайымынша, аталмыш фестиваль ежелгі көшпенділер дәстүрін жаңғыртып отыр, болашақта осыны халықаралық брендке айналдыру көзделуде. Шараны ұйымдастырған тағы бір тарап өкілі «Qazaq Geography» ДҚБ Халықаралық және ғылы­ми жобалар бөлімінің менед­жері Нұржан Алғашовтың айтуын­ша, бұл істің екінші бір маңызы отандық туризмді дамытуға септігін тигізеді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»