• RUB:
    4.82
  • USD:
    443.35
  • EUR:
    475.54
Басты сайтқа өту
Кино 03 Шілде, 2018

Астанада халықаралық XIV «Еуразия» кинофестивалі ашылды

508 рет
көрсетілді

Астананың «Қазақстан» Орталық концерт залында 1-7 шілде аралығында өтетін халықаралық XIV «Еуразия» кинофестивалі салтанатты түрде шымылдығын түрді. Қазақ жерінде өтетін кинодуманға дүниенің түкпір-түкпірінен ат терлетіп жеткен отандық, голливудтық, ресейлік кино дүлдүлдері дәстүр бойынша қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті.  

Отыздан аса мемлекеттен кел­ген құрметті қонақтарды кинофестивальдің президенті, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева құшақ жая қарсы алды. Орталық Азия­дағы ең ауқымды кино бәй­гесінің ғасырлардың қуа­тын, тағылымын, кеңістігін сим­воликалық атау аясына сыйдыра отырып «Еуразия» айдарымен әлемге танылғанына да биыл тұп-тура он төрт жыл. 1998 жылы Алматыда алғаш рет халықаралық «Еуразия» кинофестивалі қанат қаққаннан бастап Қазақстанға көптеген Голливуд жұлдыздары, Еуропа кинематографтары, Азия ре­жиссерлері мен Ресей про­дю­серлері қонақ болып келеді. Еу­разияның жүрегінде, Батыс пен Шығыстың тоғысқан жерінде бой көтерген Астана Еуразия құрлығының барша мәдениетін өз бойына сіңірген қала бол­ғандықтан да өнер арқылы ынтымақтасуды мақсат тұтып, дәл осы фестивальдың тұсауын өз аспаны астында кес­кен еді. Соңғы жиырма жылда Қазақстан киносы әлем­­дік өнер додасына белсене араласа бастады. Ауқымды ки­но­жобаларға қатысып, абырой биігіне көтеріле бастаған Еу­разия кинофестивалінің та­нымалдылығы мен деңгейі жыл­дан-жылға артып келеді. Қазір ол әлемдік кинопродюсерлер қауымдастығы мойындаған Орталық Азиядағы ең ірі өнер алаңы. 2012 жылы Британия ки­но академиясы Еуразия кино­фестивалін әлемнің 35 көш бас­­таушы фестивальдардың қа­тарына қосты. «Еуразия» ки­нофестивалінің мақсаты – отан­дық кино өндірісті қолдау, оны дамыта отырып, Орталық Азия ай­мағындағы киноөндірісі өр­кендеген жетекші рөлге ие болу. Қоян-қолтық қарым-қатынасты дамытып, мәдениеттер алма­суы мен Азия мен Еуропа ара­­сындағы кинобизнесті өр­кендетуге қолайлы жағдай туғы­зу да осы фестивальдың бас­ты мін­деттерінің бірі. 

Астанада өткен былтырғы кинофестивальға әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдерінен 150-ден артық фильм ұсынылса, Ас­тананың 20 жылдық мерейто­йына арналып отырған биылғы XIV халықаралық кинофестивальда дүние жүзіндегі ең танымал режиссерлерден 1000-ға тарта ұсыныс келіп түскен. Фес­­тиваль комиссиясының ірік­­­теуінен өткен 80-нен аса мем­­­лекеттің 95 картинасы кө­рермен назарына ұсынылады. 2017 жылы және биылғы жыл­дың бастапқы алты айында түсірілген бұл фильмдердің 12-сі негізгі байқауға, 36 қысқа метражды фильм және бәйге аясында көрсетілетін арнайы бағ­­дарламалық байқауларға қа­тысады. 

Кинофестиваль қонақта­ры­ның алдында сөз алған Мәде­ниет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы мен «Еуразия» кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева Астананың 20 жылдығына арналған халықаралық «Еу­разия» кинофестиваліне қаты­сушыларды құттықтап, сәт-сапар тіледі. 

Фестиваль деңгейінің биік­теуі қазылар алқасының құ­ра­мына байланысты да артып ке­леді. Биылғы бәйге қоржынына келіп түскен фильмдерді төрт құрамнан тұратын қазылар алқасы саралап, анықтайтын болады. Негізгі қазылар алқа­сы, қысқаметражды фильм­дер алқасы және екі тәуелсіз қа­зы­лар алқасы бір апта бойы жұ­мыс істейді. Тәуелсіз қазылар дегеніміз, мұндай маңызды фес­тивальдарда алтын арыстандармен, пальмалармен немесе басқа да сыйлықтармен қатар ФИПРЕССИ, қарапайым тілмен айт­қанда, киносыншылардың да халықаралық сыйлығы беріледі. Сондай-ақ  биылғы фестивальдың екінші тәуелсіз қазылары қата­рында, әлемнің 5 құрлығында өтетін 28 халықаралық фести­вальға қатысып, Азия кино­сының эталонын анықтау ке­зінде шешуші рөл атқаратын НЕТПАК қазылар алқасы да өзінің меншікті сыйлығын та­ға­йындап отыр. Міне, осын­дай ауқымдағы қазылар құра­мында туындылары «Үлкен үш­тік» кинофестивальдардың бай­қауларына 8 рет іріктеліп, Пекин, Канн, Берлин кино­байқауларында жүлдегер болған қытай режиссері Ван Сяошуай, халықаралық деңгейде аса беделді кинофестивальдардың ұйымдастырушысы және бағ­дарлама директорларының бірі Питер Скарлет, Иран ки­но­академиясының үздік фильм­дерін іріктеу комис­сиясының төрағасы, продюсер Амир Эс­фандиари, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов, Италия кино жұлдызы Габриэлла Кристиани, ал қысқаметражды фильмдерді іріктейтін қазылар құрамында Түркияның атақты жазушысы, заманауи киносының бел­ді режиссер-продюсері Се­мих Капланоглу, Клермон-Фер­ран­дағы Халықаралық қыс­қа­метражды фильмдер фес­тивалінің негізін қалаушы Джордж Буллон, сингапурлік өнер кураторы және режиссері Джереми Чуа, сербиялық актер Милош Бикович, Канн фес­тивалінің үздік актрисасы Самал Еслямовалар бар. Сал­­­танатты шарада құрметті қазылар сарапшылық ететін таң­дау­лы фильмдерден үзінділер көр­сетілді.

Кинофестивальдың құрметті қонағы югослав және сербиялық ки­норежиссер, белгілі актер Эмир Кустурица, КСРО халық әр­тісі Асанәлі Әшімов сахнаға ша­­қырылып, сайысқа түсетін барлық үміткерлерге ақ жол тіледі.

Еуропалық кино академияның «Көрермендер көзайымы» сый­лығының екі мәрте иегері, шы­ғар­машылық қорына 200-ден аса кино картина жинақталған, «Кино тек шындыққа құрылуы тиіс» деген ұстанымның иесі, әйгілі француз актері Венсан Кассель – биылғы фестивальдың басты меймандарының бірі. Қазақ­стандықтарға жүрек­жар­ды лебізін жолдаған ол 71-нші Канн фестивалінде Сер­гей Дворцевойдың «Айка» фильмін­дегі рөлі үшін үздік актриса атанған Самал Еслямоваға ки­нофестивальдың жүлдесін табыс­тады. 

Фестивальдың алғашқы күні қазақстандық режиссер Қуат Ахметовтің «Әруақ» фильмнің тұсаукесері болды. Онда басты рөлді Асанәлі Әшімов сомдаған.

Халықаралық «Еуразия» ки­но­фестивалі – әлемдік дәре­же­дегі жұлдыздарды бір жерге шоғырландырған алаң ғана емес, сондай-ақ қазақстандық ки­но­өндірістің жыл сайын дамып, жаңа фильмдер қатарының толығып келе жатқандығының да дәлелі. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АСТАНА