• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2011

Денсаулық саласы демігіп барып көтерілген еді

619 рет
көрсетілді

Өткенді еске алмай бүгінгінің бағасын беру қиын. Оның үстіне жақсы мен жаман да салыстыру арқылы бағамдалса керек. Ендеше, елі­міздегі денсаулық сақтау сала­сын­дағы өтпелі кезеңнің ең бір қиын жыл­дарына бір көз жүгіртіп көре­лік­ші. Мәселен, ең қиюы кеткен 1999 жылды алайық. Сол жылы Қазақ­стан­да тұратын әрбір 100 мың адам­ның 48 мыңға жуығы түрлі ауру­ға шалдыққан еді, яғни екі адамның бірі сырқат деген сөз. Өлім көр­сеткіші 1990 жылы 1000 адамға шаққанда 7,7 болса, 1999 жылы 9,6 адамға жеткен. Бір жасқа дейінгі тірі туылған әрбір 1000 баланың 21-і шетінеп, нәресте әкелген немесе босануы тиіс ананың әр 100 мың адамға есептегенде 64-ке жуығы қайтыс болған. 1990 жылы әрбір мың адамға шаққанда 21,7 сәби дүниеге келсе, 1999 жылы оның саны 14-тен аспаған. Яғни, туу екі есеге азайған. 1990 жылы Қазақстандағы халықтың орта жас көрсеткіші 68,6 (еркектер 68,8, әйелдер 73,1 жас) болса, 1999 жылы 64,8-ге (1997 жылы еркектер 59, әйелдер 70,2 жас) кеміген. Дүние жүзі мойындаған (Алматы декларациясы) алғашқы медициналық көмектің 1990 жылға қарағанда 1997 жылы оның елу пайызын жоғалтыппыз. Осылайша, қасықтап жина­ғаны­мызды бір-ақ күнде шашып жібердік. Жарайды, ол жылдары қаражат жетпеген шығар, бірақ қолда барды ұқыпты жұмсай да алмадық. Қаладағы 800 төсектік аурухананың 200-ін қысқартсын, ал жап-жақсы жұмыс істеп тұрған ФАП-тарды, амбулаторияларды жаптық та тастадық. Соның салдарынан жергілікті жердегі сырқаттанушылық көбейіп, әйелдеріміз үйде босана бастады. Мәселен, 1991 жылы үйде босанғандар саны 1897, яғни жалпы босанғандардың 0,5 пайызын алса, 1999 жылы бұл сан 3500-ден асып, 1,6 пайызды құраған. Міне, осындай кемшіліктерді жөнге салып, болдыр­май­мыз деп жыл сайын «тәжірибе» жасап, реформа енгіздік. Мәселен, Үкіметке ақшаны үнемдеу үшін жасалған отбасылық дәрігерлік амбулатория, одан кейін міндетті медициналық сақтандыру – міндетсіз болып шықты. ММС-тің 2 млрд. теңгесін жымқырған Талапкер Иманбаев әлі ізім-қайым жоқ. Осылайша, бірнеше жыл әр жүйенің басын шалып жұмыс істегеннен, сала әбден әлсіреген еді. Біз бүгін еліміздегі денсаулық сақтау саласының ең қыры кетіңкіреп, халық үздіксіз жүргізілген реформалардан шаршаған кезде Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттікті басқарған, бүгінде Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мәрия ОМАРОВАҒА жолы­ғып, әлеуметтік саланың ең негізгі буыны саналатын денсаулық сақтаудың өт­кені мен бүгіні жайында айтып беруін өтінген едік. – Мәрия Нұрғалиқызы, бүгінде сіз денсаулық сақтау саласындағы білікті ұйымдастырушы, әрі ғылы­ми мекемені басқарып отырған бас­шы, ғалым ретінде айтыңызшы, тәуелсіздіктің алғашқы оншақты жылында медицинаның сонша­лық­ты төмендеуінің негізгі себеп-са­л­дары неден болды деп ойлайсыз? – Иә, ол бір қиын жылдар еді ғой. Меніңше, ең басты себебі, бағыт-бағ­дар сілтейтін тұжырымдаманың, сон­дай-ақ денсаулық сақтау саласының өз жеке бағдарламасының болмағанды­ғы­нан. Сондықтан елімізде сол уа­қыт­тары бұл салада қайда барып тірелетініміз, неге қолымыз жететінін болжау қиын болды. Тұжырымдама дегеніміз не? Ол – теория, яғни осы салада жүр­ген мамандардың көзқарасы. Сол көз­қарас түрлі ведомстволардың ойы­мен қабыспай жатты. Себебі – денсаулық сақтау саласы жалғыз өзі ешнәрсе шеше де, істей де алмайды. Демек, оны жазып, қағазға түсіру мен нақтылы жү­з­еге асырудың арасында көлденең тұрар кедергілер жеткілікті болатын. Ол кезде тұжырымдаманы ақшамен өлшеу мүмкін емес еді. Оны жүзеге асыру үшін міндетті түрде бағдарлама жасау керек. Ал оның тағдыры ең соңында келіп қаражатқа тіреледі. Мен агенттікті басқарған кезде сол тұжы­рымдаманы жасауды қолға алдық. Одан кейін ол талқыланып, ұсынылған ой-пікірлер ескерілген соң қажетті министрліктерге таратылды. Сондай-ақ агенттік Президенттің «ҚР азаматтарының денсаулық жағ­дайын жақсарту жөніндегі бірінші кезектегі шаралар туралы» (18.05.1998) және «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасы туралы» (16.11.1998) жарлықтарын іске асыру мақсатында 1999-2000 жылдары заңдық, құқықтық және нормативтік базаны жасау жұ­мыс­тарымен айналысты. Міне, сол уа­қыт аралығында біздер мемлекеттік бағдарламаның негізгі міндеттерін іске асыруға бағытталған 34 нормативтік құқықтық акті қабылдадық. Үкі­меттің 2000-2002 жылдарға арналған жал­пы мемлекеттік іс-қимыл бағдар­ла­масы негізінде барлық облыстық әкімдіктер бекіткен «Халық ден­сау­лығы» аймақтық бағдарламалары қа­был­данды. Сондай-ақ агенттік 2000-2001 жылдарға арналған жұмыс жос­парында Үкіметтің «Денсаулық сақ­тау­ды одан әрі дамыту тұжырым­да­масы» қаулысының жобасын әзірлеп, қабыл­да­ды. Міне, осындай бірқатар қау­лы, бағдарламалар жұмыстың ба­ғыт-бағ­дарын анықтап, денсаулық сақтау сала­сында жағдайдың одан кейінгі уа­қыттарда дұрыс бағыт алып оңалуына өз септігін тигізді деп ойлаймын. – Сіз агенттікті басқарған жыл­дары дәрігерлердің жағдайы да мәз емес еді ғой... – Шынында да, маған денсаулық сақтау саласын басқару еліміз нарық­тық экономиканы таңдағанмен, оны дамыту­дың тетіктері іске аса қой­ма­ған, халық­тың күнкөріс қамының ең ауыр уақыты­на дөп келді. Соның сал­қы­ны дәрігер­лер­ге де тимей қойған жоқ. Айлап жал­ақысын ала алмады, кә­сі­би білікті мамандар жұмыс орын­дарынан кетуге мәжбүр болды. Бүгінгі күні қолданылып жатқан құрал-жаб­дықтар, аппаратуралар, соны технологиялар туралы тек ар­мандайтынбыз. Мен бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, еліміз егемендігін алған жылдары қиындыққа мойымай медицинадан теріс айналып кетпеген нағыз өз ісінің майталмандары – дәрігерлерге рах­мет айтқым келеді. – Енді қазіргі таңдағы Қазақ­стан­ның жеткен жетістігі мен оның денсаулық сақтау саласындағы бү­гін­гі жағдайы жайлы салыстырып айтып көрсеңіз қайтеді? – Шүкір, бүгінде еліміздегі ден­сау­лық сақтау саласындағы жағдай мүл­дем басқаша, тіпті, жер мен көктей өз­герді десем, артық айтқандық емес. Мем­лекетіміз өзінің даму тарихында қазіргі заманға лайық, бәсекеге қабі­лет­ті және қоғам өмірінің әртүрлі салаларында кең көлемдегі реформаларды табысты іске асыратын елге айналып отыр. Салыстыру үшін еліміздің 2005-2010 жылдар аралығындағы халықтың денсаулық көрсеткішін алайын. Міне, бұл жыл­дарда халық­тың нау­қастануы мен ме­ди­ко-демографиялық жағ­дай­­да алға басулар анық бай­қалды. Демо­гра­фия­лық жағдайдың жақ­саруы, бала туу дең­гейі 2005 жылы 18,42-ге, 2008 жылы 22,75-ке дейін өссе, өлім-жітім көр­сеткіші (9,74) тұрақ­тан­ды (2005 ж. – 10,37). Ха­лықтың та­би­ғи өсу коэф­фи­циенті 1000 адам­ға шаққанда 13,01-ге (2005 ж. – 8,05) дейін артты. Сәбилер өлі­мі­нің деңгейі 2005 жылы 1000 тірі туыл­ғанға шаққанда 15,1-ге дейін кеміген. 2008 жылдан тірі және өлі туылғандар критерийлерін енгізгеннен бастап сә­билер өлімінің көрсет­кіші 20,7-ні құ­ра­са, 2009 жылы 1000 тірі туылған­дар­ға шаққанда 18,4-ке дейін төмендеген. Өткен бес жыл­дықта халықтың әлеу­мет­тік маңызы бар аурулардан өлімі мен таралу көр­сет­кіш­тері де кеміген. Туберкулезбен нау­қас­тану мен өлім көрсеткіші 100 мың адам­ға шаққанда 147,3-тен 12,5-ке дейін азайған. Қатер­лі ісіктің жаңадан пайда болу көр­сет­кіші де төмендеп отыр. Денсаулық сақтаудың негізгі көр­сет­кіштерінің динамикасын алсақ, ден­сау­лық сақтау саласына бағыт­тал­ған бюд­жет­тік қаражат жыл сайын өсуде. 2004-2009 жыл­дар аралығында тегін ме­ди­ци­на­лық көмектің кепілденген көле­мін қар­жы­ландыру 90,5 млрд. теңгеден 273,1 млрд. теңгеге артты. Соңғы жыл­дары ден­­саулық сақтаудың адам басына шақ­қан­дағы жұм­салған қаражаты 8 740 тең­геден (2004 ж.) 30 373 теңгеге (2009 ж.) дейін өсті. Ден­саулық сақтаудағы ме­ди­ци­на­лық ғы­лым­ды қаржыландыру көле­мі кө­бейді. Егер ол 1996-1997 жыл­дары 170 млн. теңгені құраса, 2009 жы­лы ден­сау­лық сақтау са­ласының қолдан­балы ғы­лы­­ми зерттеулері бойынша ғы­лыми-тех­ни­калық жоба­лар­ды жүзеге асыруға 1 млрд. теңге, ал 2010 жылы жалпы ден­сау­лық сақтау са­ла­сына 566,9 млрд. теңге бөлінген. Мен айтар едім, бүгінде медицинада жұмыс жасауға барлық жағдай, мүм­кін­діктер жасалған. Астанамызда қандай керемет клиникалар бой көтеріп, халық­аралық стандартқа сай ең соңғы үлгідегі заманауи технологиямен жабдықталған. Мәселен, 2008 жылы денсаулық сақтау­дың алты инновациялық орталығын біріктіретін Ұлттық медициналық холдингі, Ұлттық ана мен бала ғылыми ор­талығы, республикалық балалар сауық­тыру, Республикалық диаг­нос­ти­калық, Ұлттық ғылыми кар­дио­хи­рур­гиялық, Республикалық ғылыми нейрохирургия орталықтары, сондай-ақ Пре­зиденті­міз­дің 100 аурухана, 100 мек­теп бағдар­ла­ма­сы бойынша елі­міз­дің бірқатар өңір­лерінде бұрын түсі­міз­ге кірмейтін қазір­гі заманға лайық­та­лып салынған меди­ци­налық ны­сан­дар бой көтеріп, ел игілігіне қызмет көрсетуде. – Медициналық білім мен ғы­лымға да айтарлықтай көңіл бөліне бастағаны да өзімізге белгілі. – Әлбетте. Мәселен, денсаулық сақ­тау са­ласы­ның республиканың ме­ди­­циналық және фар­ма­­цев­тикалық біліміне қа­тысты көздеген оң бет­алы­сы жө­нін­де айта кету керек. 2010 жылы бұл са­ла­дағы өзгерістердің бірінші са­ты­сы – медици­на­лық жә­не фармацев­ти­ка­лық білім­ді реформалау тұжы­рым­да­ма­сын жүзеге асыру аяқ­тал­ды. Алдыңғы қатар­лы халық­ара­лық прак­тикаға негізделген, жаңа білім беру стан­дарт­тары мен тех­ноло­гия­лары, медици­на­­лық жә­не фар­мацевти­ка­лық ма­ман­­дар­ды дайын­дау­дың жа­ңа үлгісі енгізілді. Медици­на­лық жоғары оқу орындарын инс­титу­ционалдық ак­кре­дитациялаудың ұлт­тық стандарт­тары жасалып, сәтті жү­зе­ге асуда. Ағымдағы жылы ал­дың­ғы тұжы­рым­даманың жал­ға­сы бола­тын, 2011-2015 жылдарға ба­ғыт­­талған ме­ди­циналық және фарма­цев­тикалық білімді дамы­ту­дың жаңа тұжырым­да­ма­сы Ден­сау­­лық сақтау ми­нистр­лі­гі­нің бұйрығы­мен бекітіліп, жүзеге асы­ры­ла баста­ды. Ғалым­дары­мыз халық­ара­­лық кон­фе­рен­ция­лар­ға қа­ты­сып, онда баяндама жасап жүр. Мы­салы, мен жақында Беларусь Рес­пуб­ли­касы мен Санкт-Петербург қа­ла­сында өткен халықара­лық конференцияларда  Тәуелсіз­діктің 20 жылдығы ая­сында баяндама жасап қайттым. Иә, қазіргі кезде ғылымды реформалау саласында белсенді жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде айтпай өтуге болмас. Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық ғылыми қоғам­дас­тық интеграциясын құру, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, ғылыми меди­ци­налық зерттеулер ұйымдас­ты­ру қағи­да­ларын халықаралық тәжі­ри­беге сәй­кес­тендіріп, жаңарту жұмыс­тарын жүр­гі­зуде. Алға қойылған мақ­саттарды жү­зе­ге асыру үшін басым зерттеулерді таң­дау және Финляндия, АҚШ, Оңтүс­тік Корея сияқты әлемнің бәсекеге қа­бі­летті мемлекеттерінің тәжірибелерінде ескерілетін, процедуралар мен опера­ция­лық мәселелердің егжей-тегжейін анық­тай отырып, олар­ды қаржы­лан­ды­ру тетігін қайта қарау негізінде қазіргі заманға сай бәсекеге қабілетті басқару үлгісі жаса­лып, енгізілді. 2008-2012 жыл­дарға ҚР ме­дици­на­лық ғылымын реформалау тұ­жы­­рым­дамасын жүзеге асыру аясын­да ғылыми консорциум ұйымдас­ты­ры­лып, оған біздің ғылыми орталық қатысты. Қолда бар ғылыми әлеуетті сақтау және жетілдіру үшін Үкімет ден­сау­лық сақтау саласындағы зерттеулерді қар­жы­лан­дырудың жаңа жүйесін ұсынды. Оның үш түрі бар: базалық, бағ­дар­ламалық-мақсаттық, гранттық (соңғы екеуі конкурс негізінде жүзеге асы­ры­ла­ды). Бұл жүйе ҚР жаңа «Ғы­лым тура­лы» заңында қарастырылған. Жаңа үлгі­нің мақсаты – ғылыми мекемелерді қар­жыландырудан перспективті ғылыми-зерттеулер жобаларын басқаруға көшу. Баршаға мәлім, елімізде «Сала­мат­ты Қазақстан» атты ҚР денсаулық сақ­тауды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдар­ла­ма қабылданып, соған сәйкес, 2011-2015 жылдарға бағытталған ҚР медициналық ғылымын жетілдірудің басым бағыт­тары анықталды. Мәсе­лен, біздің ғылы­ми орталықта атал­мыш бағдарлама ая­сында медици­на­лық иммунологиялық пре­параттарды жаңалау және кеңейту жоспарланып отыр, дәлірек айтсақ ал­да­ғы уақытта біздің орталықта жасалған отандық препарат – сұйық бакте­риал­дық интерферон индукторының (СБИИ) өндірісін арттырмақпыз. Міне, көріп отырғаныңыздай, тәуел­сіз республикамыздың тәуел­сіз­дігі ке­зе­ңінде денсаулық сақтау сал­а­сында түбе­гей­лі оң өзгерістер орын алды. Егер бұ­дан әрі қарай ғылымды реформалау са­ла­сындағы жасалған қадамдар Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан қол­дауын тапса, онда Қазақстан жақын бо­лашақта әлем­нің бәсекеге қабілетті ел­дерінің қатарына кіретініне сенімім мол. – Мәрия Нұрғалиқызы, естуімізше, Сіз тәуелсіздік алғаннан кейінгі елең-алаңға дейін қазақша мүлдем білмейтін маман болсаңыз да на­мыс­қа тырысып, докторлық дис­сер­тацияны қазақ тілінде қорғаған алғашқы медик ғалым көрінесіз. – Оныңыз рас. Орыс мектебін кү­міс ме­дальға бітірдім. Алматы мемлекеттік медицина институтында оқыған кезімде Лениндік стипендиант атанып, аспиран­ту­­раны Белоруссияның Ұлт­тық ғылым ака­демиясының Физиология инсти­ту­тында өткіздім. Тек орыс­ша ойлап, орыс­ша сөйледім. Канди­дат­тық диссер­та­ция­ны 1983 жылы орыс тілінде қорғадым. 1978-80 жыл­дары Мәскеудің кітап­ха­на­ла­рында жұ­мыс істеген кезімде ондағы ла­тыш, эстон, грузин тілдерінде қорғал­ған көптеген диссертацияларды кездестіріп, таңғалдым. 1991 жылы еліміз тәуел­сіз­дік алып, ана тіліміз мемлекеттік тіл бо­лып қабылданған тұста «Неге маған докторлық диссертациямды қа­зақ тілінде қорғамасқа?» деген ой келді. Содан қазақ тілі грамматикасын үй­рене бас­тадым. Сөй­леуді тездету үшін өлең­дер, әндер жат­тадым. Сол жылы, мед­инс­титутта бір­­неше жыл сабақ беріп жүрген анатомия кафедрасынан қазақ тілінде сабақ беру үшін жалпы гигиена кафедрасына ауыс­тым. Әрине, алғашқы өткізген лек­ция­ларым мен семинар­ла­рым қиынға соқ­қаны рас. Екі жылда қа­зақ тілін үй­ре­ніп, гигиена бойынша білімімді жетілдіріп, алғаш рет қазақ тілінде Алматы қа­ласы бо­йын­ша қоршаған ор­та­сының са­пасын зерттеуді қорытын­ды­ла­дым. Ал 1994 жылы докторлық дис­сер­тацияны қазақ тілінде сәтті қорғап шықт­ым. Бұл жыл­дар өмірімдегі ең қы­зықты жыл­дар деп бағалаймын. Әрине, қиын­дықтар болды. Мәселен, ҒБМ мемлекеттік тілдегі бірінші диссертацияны сараптайтын мамандар таба алма­ған­дықтан, жұмы­сым­ды бір жарым жыл­ға дейін бекіткен жоқ. Бір ғана өкі­нішім, әкемнің жұ­мы­сымның бекітіліп, менің ғылыми ең­бе­гімді қазақша қорғаға­ным­ды көре алмай арманда кеткені. Бүгінде өзімді денсау­лық сақ­тау саласын бас­қар­ған тұңғыш әйел болғанымды емес, докторлық дис­сер­та­цияны мемлекеттік тілде қорғаға­ным­ды мақтан тұтамын. Артынша әріп­тестерім «қазақ тілін үй­рену үшін не істеген жөн?» деп сұраған кезде, оларға «ұлттық намыс» деп жауап беретінмін. Қазіргі таңда біздің ғылыми орталық мемлекеттік тілді жетілдіру бағ­дар­ла­ма­сын ойдағыдай жүзеге асы­руда. Орталық іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізетін алғашқы мемлекеттік мекемелердің бірі болып табылады. – Тұщымды да тартымды әңгі­меңізге көп рахмет.

Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.

Алматы.