• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2011

Қазақстан шетелдіктер көзімен

912 рет
көрсетілді

Әлемдік қоғамдастықтың белді де маңызды мүшесі Муниф АЗ-ЗУБИ, Ислам әлемі ғылым академиясының атқарушы директоры, доктор. Бүгін біз дамудың ерекше бір табыс­ты моделінің куәгерлері болып отырмыз. Қа­зақ­станның қол жеткізген жетістік­тері­нің бір мәнісі мынада деп білемін: Президент Н.Назарбаев бірінші кезекте ғылым, білім және мәдениет мәселелеріне баса назар аударды. Нәтижесінде бүгінгі таң­да Қазақ­стан Ислам әлемінде өзіндік орны бар ма­ңыз­ды мемлекет ретінде қалыптасып үл­герді. Қа­зақ­стан Ислам Ынты­мақтастығы Ұйы­мы­на қаты­сушы елдер арасында да маңызды көпір рөлін атқарып отыр. Қазақстандағы этносаралық татулық пен дін­ара­лық келісім қоғамдық қатынастарды ұтым­ды дамытудың қазақстандық ислам моделі деп қарас­ты­руға негіз қалайды. Қазақ­стан хал­қы Ассамблеясы қоғамдық инсти­ту­ты­ның құрылуы, оның консти­ту­ция­лық сипа­ты, елдегі ұлттар мен ұлыс­тар­дың мемлекеттің заң шығарушы органын да өкілеттік етуі тек Таяу Шығыс елдері үшін ғана емес, сондай-ақ жанжалдар мен қақтығыстар, ұлт­аралық және дін­аралық кикілжіңдер жалғасып жат­қан әлемнің басқа да көптеген мемлекеттері үшін нақты үлгі болып табылады. Қазақстан халқын тарихи тұрғы­дан аса қысқа уақытта қол жеткізген айтарлықтай табыс­тары­мен шын жүректен құттықтаймын. Бола­шақ­та да Астана Ислам әлемі мен халықаралық қоғамдастықтың маңызды да белсенді мүшесі болып қала беретініне сенімдімін.   Нағыз биік мақсаттар мекені Евгений СОКОЛОВ, «Састобе Технолоджис» ЖШС бас директоры. Қазақстан – бізге бөтен ел емес, туыс­қан мемлекет, онда тілегі бір халық тұ­рады. Біз Қазақстанның цемент сала­сын­да жұмыс жасап жатырмыз. Бө­тенсі­­тіп жатқан ешкім жоқ. Осы үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев­қа, өзіміз жұмыс жасап жатқан ай­мақ­тағы облыс және аудан әкімдігіне рахмет айтамыз. Қайнаған өмірдің ішінде жүргеннен кейін бәрін көзіміз көріп жүр. Бір Оңтүстіктің білім саласы­на салған қаржысы 120 млрд. теңгеден асыпты. Осы қаржы Қырғызстан сияқты шағын мемле­кет­тердің атқа мініп ереуілдемей-ақ алаңсыз өмір сүруіне әбден жетер еді. Бір облыстың білім саласына бөлінген қаржы­ның өзі Қазақстанның экономикалық қуатының қан­ша­лықты артқандығының көрсеткіші. Жа­қында Шымкентке барғанда облыстық мәдениет басқар­масы ұйымдастырған “Бейбіт елдің тірегі – ел бірлігі” деген көрмені тамашалаудың сәті түсті. Семей сынақ полигоны ядролық жа­ры­лыстарды жүзеге асыруда көлемі жағы­нан да, саны жағынан да, техно­логиялық деңгейі жағынан да әлемдегі ең үлкен сынақ орнының бірі болды. Алғашқы атом бомбасын сынау 1949 жылы өткізілсе, 1953 жылғы 12 та­мызда термоядролық құрылғы сыналды. Ал, 1955 жылғы 29 қарашада сутегі бомбасы жарылды. Жалпы, сол «үн-түнсіз, қатыгез со­ғысты» Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жар­лығымен тоқ­татты. Мыңдаған адамның жүрегі мен тәніне салған жара енді жазылып келеді. Ядро­лық қару бейбітшілік сүйетін халыққа керек емес. Міне, Қазақстан өзінің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлап жатыр. Осы елде бизнес жасап жатқан азамат ретінде бұл той біздің де тойымыз дегім келеді. Қазақстанның ұлық мерекесі құтты болсын! Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы.   Францияның маңызды стратегиялық әріптесі Тьерри МАРИАНИ, Француз Республикасының Көлік министрі. Қазақстан француз дипломатиясы үшін маңызды стратегиялық әріптес. Франция – Қазақстан тәуелсіздігін та­ныған алғашқы еуропалық елдердің бірі. Біздің екіжақты қарым-қатынас­тары­мыз шын мәнісінде достық рухында да­мып келеді, тіптен соңғы жылдары оның өсу қарқыны үздіксіз артып отырғанын атап өткен жөн. 2007-2010 жылдары Ұлттық Ассамблея­да «Фран­ция-Қазақстан» достық тобы­ның төраға­сы бола тұрып, мен біздің елдердің арасын­дағы тәжірибе алмасу және парламенттік дипло­ма­тияны нығайтумен жеке айналыстым. Бүгін француз-қазақ қатынасы бұрындары бол­маған деңгейге көтеріліп отыр. Біздің құрған бай­ланыстар атом энергетикасы, көмірсутегі, ғарыш және техноло­гиялық әріптестік сияқты страте­гия­лық бағыттар бо­йын­ша ұзақ мерзімді ынты­мақтас­тық­қа бағытталған. Франция Қазақстан эконо­ми­касына 6 миллиард еуродан астам инвестиция салды, Қазақ­станға жүзден астам француз кәсіп­орын­дары өнімдерін экспорттауда. Мен бүгін Францияның Көлік министрі ретінде осы саладағы біздің ынты­мақтас­ты­ғымызды арттыру бойынша күш-жігерімді жұмсаудамын. Әңгіме бірлескен темір жол жобасын дамыту, соның ішінде «Қазақстан темір жолы» ком­паниясына техникалық көмек беру және электровоз жасау, қаланың көлік жүйесін дамыту жобасы туралы  жө­нінде болып отыр. Сол үшін бүгінде Астанада трамвай желісін орнату жоба­сы әзірленуде. Сондай-ақ елдері­міздің арасында тікелей әуе байланысын ашумен байла­ныс­­ты әуе көлігі тура­лы әңгіме жүруде. Осының бар­лы­ғы Қазақстанда жұмыс істеуге барлық мүмкіндік жа­салғандығының арқасында жүзеге аспақшы. Париж.   Көз алдымда қарыштаған ел Иусуф ИУКСЕЛТҮРІК, Қазақ-түрік лицейі директорының қоғамдық іс-шаралар жөніндегі орынбасары. Мен Қазақстанға 1992 жылы келдім. Онда Қазақ елінің Тәуелсіздігін алғанына жыл тәулігі де болмаған еді. Туысқан ха­лық­тың  бостандығын алдымен таны­ған Түр­кия екені де тарихтан белгілі. Біз ұшақ­тан түскен соң, қалаға дейін такси жал­да­дық.  Жас болсам да әлі күнге дейін есімде, әлгі біз мінген жеңіл көліктің артындағы орындығы жоқ екен. Өзі жапырайған «Москвич» еді. Түркияның қалаларындағы көшелерге көзім үйреніп қалған маған Алматыдағы мына көрініс өте жұтаң, ерсі көрінді. Мен оқуға Алматыдағы Абай атындағы университетке түсіп, сондағы түрік тілі мен әде­биеті  факультетін бітіріп шықтым. Содан кейінгі жыл­дары қазақ-түрік лицейлерінде қызмет етіп келемін. Қызмет бабымен Атырауда, Ақтөбеде тұрдым, соның ішінде Қостанайға көбірек тұрақтадым. Айтайын дегенім, Тәуелсіз Қазақстан менің көз алдымда қарыштап өсіп келеді. Қазір Алматының көшелеріне көлік кептеліп тұрады,  шетелдік машиналардың  түр-түрін көресің. Керемет көліктерді Қазақ­стан өзі де шығара бастады. Тағы да 90-шы жылдардың бас кезін есіме алғым келіп отыр. Мен студент кезімде тұрмыстық жағ­дай жасал­маған­дық­тан,  университеттің жа­тақ­­ха­на­сы­на жата алмадым. Жадағай, жиһаздары да нашар, тұрмысқа тіпті қолайлы емес. Сондықтан пәтер жалдадық. Дүкендерге азық-түлік алуға барсақ, нанды талонмен беретін.  Қазір студент жатақханасын былай қойы­ңыз, мектептердегі интернаттар хан сарайындай емес пе? Африкада өсетін жемістерді жеп отырмыз. Ал егемендіктің елең-алаңында, әсірелеп айтсам, ине-жіпке дейін Ыстамбұлдан та­си­тынбыз. Қазір олай емес, қажеттің бар­лы­ғын да Қазақстаннан таба­сың. Біздің  Түркияның 40-50 жыл жұмсаған даму жолын  Қазақстан он жылда жүріп өтті. Өзім қазақ қызымен шаңырақ көтердім, балаларым осы елде туды. Түбіміз бір туысқан едік, енді үй ішінен үй тіккендей қазаққа күйеу­бала болдым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ғасырда бір туатын кемеңгер саясаткер. Ол кісі сөйлегенде барлық ісімді жиып қойып тыңдаймын, газеттен оқып отырамын. Қазақстандағы ұлттар татулығы шын мәнісінде көп жұртқа үлгі дер едім. Мен өзім көрмесем, бұл елде тұрмасам «саясат үшін айта береді» деп пендешілікпен ойлауым да мүмкін еді. Мен өзім 20 жылға таяу  осы елде  тұрып жат­қан­дықтан, барлығына да куәмін. Ынтымақ болмай, даму жоқ. Сондықтан Қазақстанның келешегі кемел екеніне сенімім кәміл. Қостанай.   Бүкіл араб дүниесі­ үшін үлгі Аднан БАДРАН, Иорданияның бұрынғы Премьер-министрі, Петр университетінің ректоры, доктор. Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтіп отырған Қазақстан белсенді даму үстіндегі елдер қатарына кіреді. Тарихи қысқа кезең ішінде барлық салада тамаша табыстарға жеткен Қазақстан Иордания үшін ғана емес, бүкіл араб елдері үшін  үлгі болып табылады. Біріншіден, Қазақстанның қазіргі Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс экономикалық бағыт таңдап қана қоймай, қажетті саяси реформалар жүргізіп, дамудың аса тиімді жолдарын таба білді. Екіншіден, Қазақстан көпұлтты және көп­кон­фес­сия­лы қоғамды біріктіру жөніндегі ойлас­ты­рылған саясатты белсенді ілгерілете алса, бұл әлемде аса сирек кездесетін жәйт. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде Қа­зақ­стан дамуының ерекше моделіне ден қо­йы­лып отыр. Бұл үлгі Таяу Шығыс елдері үшін тамаша үлгі-өнеге бола алады. Ал Қа­зақстанның экономиканы әртарап­тан­дыру жөніндегі Индустриялық-инно­ва­ция­лық бағ­­дарламасы әлемдегі аса перс­пек­тивалы бағдарламалардың бірінен саналады. Тұтастай алғанда, Қазақстанның Тәуелсіздіктің 20 жылында қол жеткізген тамаша табыстары, «зымыранның жылдам­дығы­мен» даму, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың жоғары беделі мен Астананың тұрақты бітімгершілік қызметі басқа елдердің дамуы үшін үлгі болатыны еш күмәнсіз.