• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2011

Ұйықтап жатқан жүректі тәуелсіздік оятты

582 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік – еркіндік, ойыңа алған мақсатыңды іске асыру, ешкімге жалтақтамау, кедергінің жоқ­тығы. Егер бастаған ісіңе кедергі жасалса, ол қастандық дейді әл-Фараби. Тәуелсіздік – бос­тандық, ал бостандық барлық тірі жан, тіршілік иелерінің өмір сүру тәсілі. Құмырсқа да, шегіртке де, торғай да бостандыққа ұмты­лады. Бос­тандық тірі емес, жан­сыз дү­ниеге қажет көрінеді. Мә­се­лен, ғы­лым материя мен қоз­ғалыс ажыра­майтын бірлікте екенін айтады. XVIII ғасырда өмір сүрген белгілі француз философы Дени Дидро­ның пікірінше, егер кез келген дене қозғалмай тұрса, оны ұстап тұрған кедергі бар болғаны. Сол кедергіні алып тас­тасаң, әлгі дене қозғалып кететін көрінеді. Бірақ, бұл кей жағынан шындыққа жақын болып көрінсе де, метафизикалық көзқарасқа жа­татын ой болатын. Десек те, бостандық тіршілік иесіне де, жансыз дүниеге де қажет көрі­неді. Өйткені, бостандықсыз қоз­­ға­лыс жоқ. Ал сол бостандық – тәуелсіздік негізі. Олай болса, тәуелсіздік те, бостандық та бас­қа тірі жандар сияқты адам бала­сының арманы. Осыдан келіп дүниеде не қымбат деген екінші сұрақ туындайды. Әрине, кім де болса жан қымбат дейді. Жанды сатып ала алмайсың. Ол әрбір адамға бір рет қана беріледі. Мәселе оны қалай өткізуде, өмірде дұрыс із қалдыруда. Бірақ, адам тарихында, қоғамда жаннан қым­бат нәрсе бар екен, ол – жер, одан соң ел, ақырында Отан. Отан дегеніміз мемлекет десек, мемлекет болу үшін жер керек. Жері жоқ әлемдегі елде мемлекет те жоқ. Тәуелсіз ел болу үшін алдымен оның қоныстанатын ай­мағы, жері болу керек. Соған егемен болма­йынша тәуелсіздік жоқ. Тарихта сол жер үшін ауыр шай­қастар болды, күрестерде қанша азаматтар жанын пида етті. Мәселен, Ресей тарихын ала­йық. 1242 жылы сәуірдің 5-і күні 22 жасар Александр, кейін Нев­ский атағын алған Ярослав ұлы бастаған күш Батыстан шабуыл жасап, орыс жерін алмақ болған неміс рыцарларын жанқиярлық ерлік көрсетіп, тас-талқан етіп жеңді. «Мұз қырғыны» деп атал­ған бұл шайқаста ресейліктерге дем беріп, қайраттандырған өз жерін, Отанын басқыншылардан сақтап, тәуелсіз болу еді. Қашан­да Отаны үшін күрескен халық­тың рухы биік, ерлігі шексіз. Немесе XIII ға­сырда моңғол-татар басқын­шы­ла­ры орыс жерін ба­ғын­дырды. Бірақ бұл жолы ресейліктер Батыстан келген жауға көр­сеткен жанқияр­лық әре­кетін жа­са­мады. Себеп, шығыстан келген жаудың көпті­гінде ғана емес. Соңғыларға керегі орыс жері емес, олардан тек салық-төлем алу еді. Әрине бұл да бағыныш­тылық, бірақ орыс княз­дігінің жері аман, бүтін, Отаны орнында еді. Сон­дықтан бұл талапқа ресейліктер көнді, келісті. Бірақ, бытыраңқы өмір сүрген орыс шаруалары мұны түсінгісі келмеді. Ресейдің тиісті салығын орындай алмаған кездері жиіленді. Сондықтан, «Алтын Ордадан» жазалау әрекеті жасала берген соң, орыс князьдары шаруалар­дың басын біріктіріп, оларды помещиктерге байлап беріп, басы­байлылық құқығын ендірді. Бұл жағдай ресейліктердің сана­сын оятты. Тәуелсіздік проблема­сы­ның халық санасына тигізер күшті әсеріне тағы бір мысал келтірейік. Ресейде «басыбайлы­лық құқық» ша­руалар­ға ауыр тиді. Олар по­мещиктердің өктем­дігіне қарсы талай нара­зылық жасады, поме­щиктердің қора-жайын өрте­ді. Өздерін де өлті­ріп жатты, көте­ріліске де шықты. Солай болса да 1812 жылы Наполеон Бонапарт Ресейге шабуыл жасап, жерін басып, көктеп келгенде, сол, кешегі помещиктерге қатты нара­зы болған шаруалар бүкіл елмен бірге өз Отаны, жері үшін, өкпе­сін ысырып тастап, жауға қарсы күреске шықты, жан­­­қияр­лық ерлік көрсетіп, жау­ды жеңіп, елін, жерін сақтап қал­ды. Сол сияқты Төле бидің тү­йесін баққан жетім бала – Әбіл­мансұр қазақ жеріне жау басқын­шылық жасағанда, атқа қонып, абылайлап «Абылай» бабасының атын айтып, ұран са­лып, жауға қарсы шауып, оның шебін сын­дырып, ерен ерлік көр­сеткен бола­тын. Тарихтан мұн­дай фактілерді көп келтіруге болады. Мәселен, М.И.Глинканың «Иван Сусанин» операсын алайық. Сусанин Ресейге жасалған жау ша­буылына қарсы шайқас кезінде ерен ерлік көрсетіп, жанын пида еткен қарапайым орыс шаруасы еді. Оның да жүрегін оятып, оны тулатқан орыс жерін жаудан құт­қару, тәуелсіздігін сақтау еді. Бұл – опера, бірақ онда қанша өмір шын­дығы жатыр. Операның ең күшті әсер қалдыратын тағы бір жері – оның аккордындағы «Славься! Славься! Отчизна моя» деген сөз­дер­мен берілетін музыка. Бұл музы­ка ғана емес, бойыңды шы­мырлататын гимн. Сондықтан да, операның ұна­ғаны сонша, оны кезінде билік өкіл­дері «Жизнь за царя» деп өзгерт­кен көрінеді. Дәл осындай отандық, егемендік тәуел­сіздік сезім тудыратын музыка –  «Атамекен». Француздың Англияға қарсы жүз жылға (1337-1453) созылған дәр­менсіз соғысына күрт өзгеріс жасап, оны отан соғысына айнал­дырған, же­ңіске жеткізген қара­пайым про­винциядан шыққан қыз Жанна Д’Арк болатын. Оның да жүрегін оятқан Жер, Отан, Тәуелсіздік еді. Тәуелсіздік – қуаныш, орындал­ған мақсат, арман. Ол ешкімді жай­барақат қалдырмайды. Адам­ның іш­кі дүниесін қорғайды, тынысын ке­ңейтеді, өмірге деген ынтасын арт­тырады. Өйткені, ол оған еркіндік береді. Адам бойында неше түрлі шығармашылық мүмкіндік, бейімділік бар. Дүниеде ешқандай шығар­машылық мүмкіндігі, қабілеті жоқ адам болмайды. Мәселе дер кезінде сол қабілетті тауып, оны да­мытуда. Тек жалқау, еріншек, ынта­сыз адам ғана өз мүмкіндігін аша алмай, дү­ние­де бәрінен бос қалады. Қазақ айтады «Ойсыз ұлдан, мисыз құл артық» деп. Өйткені, бірінші – өмір­ді бос өткізеді, ешнәрсеге ұм­тыл­майды. Екіншіде ой да, қабілет те, ынта да бар, бірақ еркіндігі жоқ. Құл дегеніміз өз басына билігі жоқ, еріксіз адам дейді Аристотель. Тәуел­сіздік алғалы бері халқымыз­дың сол шығармашы­лық мүмкіндігі ашыла бастады. Бі­реу­лер үйлер са­лып, қора-жай орнатып, енді біреулер шетелдерді аралап, барып-келіп жатыр. Оған ешкім кедергі жаса­майды. Кеңес жыл­дарында екпінділік көрсеткен, өздігі­нен шаруамен айналысқан адамды ОБХСС тексеріп, «мынаған ақшаны қайдан тап­тың, мына жұмыспен неге айна­лыс­тың, мынаны қайдан алдың, бәрін тиынына дейін есептеп айтып бер, әйтпесе...» деп әлек салатын, қор­қы­татын. Сондықтан, адамдар бо­йын­дағы шығармашылық мүмкін­дігін тізгіндеп, өз мүмкіндігін ашудан қашып, тек айтқан, көрсетілген іспен ғана айналысатын. Ол ақылға сыя ма, әлде сыймай ма, онымен ешкімнің де шаруасы болмайтын, бойындағы мүмкіндіктері басылып қалатын. Бұл тек жеке адам бойына ғана байла­нысты емес, мемлекет тұрғысынан да солай еді. Қазір бәрі басқа. Тәуел­сіздік алғалы бері бүкіл еліміз оянды, қызу өмір басталды, қалаларда жаңа үйлер, өндіріс орын­дары, мәдени, ғылыми ғима­рат­тармен көркеюде. Көшелер тү­гелдей түзетілуде, жолдар салынып, адам танымастай өзгеруде. Әлемдік дағ­дарысқа қарамастан Қа­зақ­стан­да жұ­мыс көбейіп, тұрмыс жақ­саруда. Мал саны да, егін өнімі де артуда. Ендігі мақсат асыл тұқым­ды мал өсіру, егін егудің жаңа техно­логия­сын қолдану. Колхоз, совхоздар кезінде әрбір 4-5 жылда егін өнімі қиындыққа ұшырайтын. Соңғы 20 жылда ол жағдай байқалмады. Бұл да тәуел­сіздік ашқан шаруалардың алды­­мен өзіне деген ынта-жігері екені айқын. Мерекелі 20 жылда, оған дейінгі 70 жылда тіпті ойға келмеген, енді қол жеткізген табыстары­мыз­бен қатар, алдымызда таудай биік асулар тұр. Қазақстан ин­дустриялы держава болады. Мен оған сенемін дейді Президентіміз. Бұл да бізге тәуел­сіздік әперген егемендігіміз­дің нәти­жесі. Шығар­ма­шылық қабі­леттің оянуына тағы бір дәлел – адам­дардың өз бо­йындағы барлық мүм­кін­діктерін ашып, оны Отан үшін жұм­сауы. Ғалымдар, жазушы­лар, ком­­по­зиторлар, әншілер кө­бею­де. Ке­ңес жылдарында Қазақ­станда қан­­ша академиктер, ғылым док­торы, профессорлар, жазушы­лар бар, артистер кімдер – бәрі белгілі, саусақ­пен санағандай бола­тын. Бүгін оны айту қиын. Олар­дың қатары күн санап көбеюде. Бұрын кітап шығару өте қиын, «қыл көпірден өту» сияқ­ты еді. Өйт­кені оны тұзақтап, мынау ба­сып шығаруға жарайды, ал мы­нау болмайды деп отыратын ЛИТО деген болатын. Ол шаруа­шы­лық жұ­мыс­тың барлық саласын өзін­ше сараптайтын. Тіпті кейбір кі­тап­тарды пышақтатып, не өрте­тіп жата­тын. Сондықтан кітап жазуға әркім­нің зауқы бола бермейтін. Қазір жағдай түбімен басқа, кітаптар көп­теп шығып жатыр. Оны шыға­ратын баспаханалар да көп. Тек мүм­кіндігің болса болға­ны. Бұрын жылына бір ән дүниеге келсе, ел елең етіп, үйреніп ала­тын. Қазір композитор кім, әнші кім, ақын кім, айта алмайсың. Олар күн санап көбеюде. Мәсе­лен, соңғы кездерде шыққан кейбір әндерді ғана айтайын. Ол «Асыл ана», «Ақ Жай­нақ», «Ауыр­майды жүрек», «Ға­­шық боп қалған екенсің», «Әдемі», «Қы­дыр қонған Қызыл­орда», «Тар­бағатай таулары», т.б. Осы­лар­дың мәтінін шығарған кім, сөзін жазған кім, орындау­шы­сы кім – айта алмайсың. Ме­ніңше, ол – халық. Бүгін біреу композитор, ертең басқа өмірге келеді. Оны тудырып жатқан – өмір, тәуел­сіздік арқылы халық­тың оянған жүрегі, тасқын көңіл-күйі. Оған тағы бір дәлел сол өлең, әндерде уайым-қайғы жоқ­тығы. Осылар­ды оятқан бір жа­ғынан тәуелсіз­дік болса, екінші жағынан еркіндік. Бұрын Қазақ­станда шы­ғатын республика­лық газет, журналдар санаулы ғана болатын. Оларды ел білетін. Солай болса да оған мақала жазатын автор­лар да аз, сирек еді. Қазір қан­ша газеттер, журналдар шыға­рылып жатқанын бірден айту қиын. Бәріне де мақала жеткілікті. Халқы­мыз шетінен журналист, жазушы, ақын болып кеткендей. Бұл халық­тың бойын­дағы тұн­шығып, шыға алмай жат­қан шы­ғар­машы­лық мүм­кіндіктің тығы­ны тәуелсіздік арқы­лы ашыл­ды деген сөз.

Тәуелсіздік, ол сонымен қа­тар жауапкершілік, міндет, елдің жағ­дайын, болашағын ойлау. Тә­уелсіз деп қарап отырмай, әрекет жасау, тіршілік ету. Қолға алған тәуел­сіздігімізді сақтап қалу, оны ны­ғайтып әрі дамыту. Ол өздігі­нен келмейді. Қазір Қазақстанды әлем біледі. Біздің тәуелсіздігіміз әлемді де оятты. Бұл ең алдымен Н.Назар­баевтың даналығы, ты­ным­сыз ең­бегі. Егемендігімізді ал­ған бірінші күннен бастап жү­регі оянып, дүрсілдеп соққан Президентіміз ел аралап, Жапония елінен АҚШ-қа, Қытайдан Англияға, Кореядан Фран­цияға, Үнді елінен Германия­ға дейін, бірде-бір ірілі-кішілі ел қал­дыр­май аралап, біз тәуелсіз Қазақ­станбыз, сіздермен тең, дос­тық қарым-қатынас жаса­ғымыз келеді, біз бейбіт елміз деп респуб­ли­камызды таныстырды жә­не де бұл тынымсыз еңбек, мол пайда­сын әкелді. Бүгінгі Қазақстан ол тек Біріккен Ұлттар Ұйымына тең мүше ғана емес, ол барлық елдермен тығыз байланыстағы ел. Бізбен қарым-қатынас жасау­ға қызы­ғатын елдер күн санап кө­беюде. Бұл тек даму кілті ғана емес, тәуелсіз­дігімізді нығайту­дың негізі. Бұл күн­дері ешкіммен араласпай, жеке өмір сүреміз деу – артта қа­лу, нашар елге айналу, даму жолын бөгеу. Ондай жолға түскен елдердің ауыр тағдырын тарих біледі. Одан соң, бұрын КСРО ішінде көрінбей келген Қазақстан тәуелсіздік алғалы жарқырап көрі­не бастады. Біз жеріміз кең байтақ, байлығымыз мол елміз. Бірақ, сол кең аумаққа, адам са­нына шақ­қанда халқымыз аз, көп­теген елдердің жері тар, бай­лығы аз, ал халқы көбейіп сыймай жат­қанда, бізге көз тікпей отыра­тын­дар жоқ деп кесіп айту қиын. Оны да естен шы­ғаруға болмай­ды. Халқымыз алдымен осыны байып­тап білгені жөн. Бізге тә­уелсіз болдық деп тасынып жүре беруге болмайды. Тәуелсізді­гіміз­ді нығай­ту – тағ­дыр­­дың қатаң та­лабы. Бізге «Бір жеңнен қол шы­ғаратын, бір жа­ғадан бас шыға­ратын» бірлік керек. «Төртеу тү­гел болса...» деген мақалды естен шығаруға хақымыз жоқ. Тойлау да керек, ойлау да керек.

Досмұхамед КІШІБЕКОВ, академик.