• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2011

Бағы асқан, дәулеті тасқан Қазақстан!

779 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Бұл күні еліміздегі ең үлкен және ең басты сәулетті сарайда Қа­зақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің іргетасын қаласып, оны нығайтуға өз деңгейінде атса­лыс­қан еліміздің барлық жақсылары мен жайсаңдары: әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени дамуға үлес қосқан қайраткерлер, өндіріс пен бизнес салаларының үздіктері, ғылым мен өнердің, әс­кери және құқық қорғаудың, спорт­тың айтулы өкілдері жинал­ған екен. Кең сарайдың қай бұ­ры­шына қарасаңыз да елімізге белгілі, ұлтымыздың атағынан ат үр­ке­тін ұран тұтар азаматтары. Бә­рі­нің де жүздері жарқын, көңіл­де­рі шат, бір-бірімен қуана қауы­шу­да. Еліміздің түкпір-түкпірі­нен келген жандар бір-бірін өмір бойы білетіндей, жақындаса кетсе жатсынбай, қуаныштан нұр­лан­ған жүзбен жылы жауаптасуда. Атақты адамдармен суретке түскісі келіп, ұмсына ұмтылып жүргендер қаншама? Олардың көңілге түйген пікірлерін, қуа­ныш­­ты сәттегі жан тебіренісін жазып алуға тырысып жүрген журналистер қаншама? Жиналған жұрттың бәрі де Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғына жеткізген, жастары келіп қалғандары соны көрсеткен Жа­рат­қанға іштерінен мың да бір ри­за­шылығын айтатын секілді. Шетелдік қонақтар, олардың ара­сын­да дипломаттық корпус пен шетелдік БАҚ өкілдері де қазақ­стан­дық­тардың шексіз қуаны­шы­на қызыға қарап, таңырқай қы­зық­тап жүр. Сағат тура 15.00 болғанда мә­жіліс залына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кірді. Оны қарсы алып, қуанған халықтың ішкі тол­қынысы қандай жанға болса да айрықша қуат берерлік күйде еді. Ұзаққа созылған қол соғу аяқ­талған соң залға Қазақстан Рес­публикасы­ның Мемлекеттік туы мен Пре­зи­денттің штандарты салтанатты жағдайда енгізілді. Осыдан кейін Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 20 жыл­дығына арнал­ған салтанатты жи­на­лыс ашық деп жарияланды. Мем­лекеттік ән­ұран орындал­ған­нан кейін жиналысты жүргізуші, Сенат Төрағасы Қайрат Мәми ал­ғашқы сөзді Елбасы Нұрсұлтан На­­зар­баевқа берді (Президент­тің сөзі жеке беріліп отыр). Президент сөзін аяқтаған соң алғашқы сөз еңбек ардагері, еліміздің абыз ақсақалдарының бірі Баян Жанғаловқа берілді. Оны мінберге сүйеп шығарған Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев: «Еге­мен Қазақстан» газетіне Тәуелсіздік туралы алғашқы өлеңін шығарған Жамбыл 7 жаста, ал Баян ақсақал 97 жаста деп, қазақтың еңбектеген жасынан ең­кейген кәрісіне дейін ұлы тойға үн қосып жатқандарын білдіріп кетті. Мен үш дәуірді бастан өт­керген көнемін, деп бастады өзінің сөзін Баян ақсақал. Патша заманында дүниеге келіп, талай ауыртпалықты, алмағайып заман­дарды бастан кешіп, міне, бүгін Тәуелсіз қазақ елінің абыройы асқақтағанын көріп, Аллаға мың да бір шүкіршілік етіп отырмын. Азаттықтың алғашқы жылдары жа­дымыздан әлі шыға қойған жоқ. Тағдырдың талқысына түс­кен елдің еңсесін тіктеуге пара­сатты пайым, асқан білік керек болды. Тәуелсіздікті сақтау, егемен мемлекетті орнықтыру үшін көреген көсем қажет еді. Сол кезде еншісін алған елдің көшін Сіз бастап, оны көлікті қылып, керегесі мықты, көрікті мемлекет орнаттыңыз. Ұлтты ұйыстырып, оны бірлігі мықты ынтымақты елге айналдыра білдіңіз, деді ол Елбасы Н.Назарбаевқа қарап. «Сүйер ұлың болса – сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп ұлы Абай айтқандай, Сіз халқы­ңыз­дың арқа тұтар панасы, мақтан тұтар данасы болдыңыз. Қазақ­стан айдай әлемге танылған абы­ройлы мемлекетке айналды. Сіз мұратыңызға жеттіңіз, Қазақ деген елді дүйім әлемге әйгілі ет­ті­ңіз. Сіздің ерен еңбегіңізді қазір әлем жұртшылығы тегіс мойын­дауда. Сіз дәуірдің дарабозы, ға­сырдың ерен тұлғасысыз. Хал­қы­ңызды жарқын болашаққа бастай беріңіз, деді ақсақал. Сөз ара­сын­да ол өзінің алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевпен қа­лай танысқанын да әңгімелеп бер­ді. Оның «ас­са­лау­мағалей­кум» деп сол компар­тияның дәу­рені жүріп, қазақшы­лық­тың за­ма­ны құрып тұрған кездің өзінде қазақша қол бергенінен көп үміт етіп қалғанын ауызға алды. Мен жыр алыбы Жамбыл секілді жүз­ге жетеғабыл жанмын. Осы мерекелік сәтте жүрекжарды тілегімді айтайын, дей келіп, ақсақал Президентке басыңыздан бағыңыз, асты­ңыз­дан тағыңыз таймасын, берекелі ісіңіздің жемісін көріңіз, еліміз дүние жүзінің алды болсын, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! деп батасын берді. Ақсақал сөзін аяқтаған соң жиналыс төрағасы Қайрат Мәми Қазақстан Президентінің атына Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай шетелдік мемлекеттер бас­шы­лары мен халықаралық ұйым­дар төраға­ларынан келіп жатқан құттық­тау­лардың бірқатарын оқып берді. Парламент Сенатының де­пу­таты, «Халық Қаһарманы» Мұх­тар Алтынбаевтың сөзі Елбасыға бағытталды. Тәуелсіздіктің жолы даңғыл болған жоқ. Бірақ кездескен қиындықтардың бәрін Сіздің дана басшылығыңыз арқылы жеңе білдік. Бүгінде Сіз айқын­даған мемлекеттік даму стра­тегиясының дұрыстығына дүйім жұрттың көзі жетті, деді сенатор. Сіз ядролық қарудан бірінші болып бас тартып, бейбіт ел екенімізді дүние жүзіне дәлел­дедіңіз. Ұлан-ғайыр даламыздың заң жүзінде тұңғыш рет шека­расын айқындап, іргемізді бекіт­тіңіз, дей келіп, кең байтақ Қа­зақ­стан жерінің шекаралық шең­бер бойында тату көршілігі қа­лыптасқанын, жиырма жыл ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтама­сыз етуде үлкен нәтижелерге қол жетіп, Тәуелсіздігімізді қорғай­тын айбарлы әскеріміздің жасақ­тал­ғанын, сарбаздар мен сардар­лардың еліміздің шекарасы мен тыныштығын қас қақпай күзетіп тұрғанына тоқталды. Әрі қарай елімізді түрлі дағдарыстардан аман алып шығудағы Елбасының рөліне мән бере келе, Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің, тұ­рақтылық пен тыныштықтың ұла­ғатты мекеніне айналды, осы­ның бәрі саяси тұл­ғасы биік Ұлт көшбасшысының арқасында жү­зеге асты, Сіздің 20 жылда атқарған ісіңіз теңдесі жоқ ғажайып саяси ерлік болып саналады, деді Мұхтар Қапашұлы ел жүрегі Астананың Арқа төсіне сонау қи­ын кезде көшіп, қазіргідей өсуін ай­та келе «Астана сіздің ер­лігі­ңіздің жарқын көрінісі. Сон­дық­тан барша Қазақстан халқы Өзіңізді Халық Қаһарманы деп есептейді. Қазақстан бүгін іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономи­ка­сы қуатты, саяси жүйесі сара­лан­ған, өз жолын, өз болашағын ай­қындаған әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік мемлекет. Оның туған халқын заманның сан-алуан сынынан аман алып шығып, биіктен-биікке бастап келе жатқан, елі сүйген – елін сүй­ген Елбасы бар», деді. Мұнан соң шешен Тәуелсіздіктің 20 жылы – бұл барша халықтың табанды еңбегінің 20 жылдық жеңісі және табысы екенін, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің жиыр­ма жылдығы декларациясында айтылғанындай, барлығыңызды бүгінгі ұлы күнмен құттық­тай­мын, дей келе осы 20 жылдың екі ғасырды сыйдырғанына, ал олар­дың Елбасы өміріндегі үлкен дәу­ір екеніне тоқталды. Өзім әс­ке­ри адам болғандықтан, Жоға­р­ғы Бас қолбасшы қабылдаған дұ­рыс стратегия мен тактиканың қандай маңызды екенін білемін деген ол әрі қарай «Егер ол дұ­рыс болса табыстың сені айна­лып өтпейтінін анық білемін. 20 жыл ішінде Сіз, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, мүмкін еместі мүмкін еттіңіз. Сіз тек Ұлы Көшбасшы атқаратын істерді атқардыңыз. Сіз бұған дейін болмаған жаңа мемлекетті, жаңа экономиканы, жаңа елорданы салдыңыз. Енді 2012 жылдан бастап біз мемлекеттік мереке – Қазақстан Респуб­ликасы Тұңғыш Президенті күнін 1 желтоқсанда мей­рам­дайтын боламыз», дей келе, өткен тарихымыздағы бабалар ерлігін де тілге тиек етті. Біздің батыр бабаларымыз Отан үшін шайқасты. Олар қазақ жерінде азаттықтың таңы атып, тәуелсіздіктің күні туатынына сенді. Біз бүгін сол үміттердің ақ­талғанын көзімізбен көріп отыр­мыз. Ел егемендігі бекем. Эко­но­мика өсу үстінде. Қазақстан Рес­пуб­ликасының шекарасы берік қор­ғауда, заманауи қорғаныс қуа­ты бар әскер жасақталды. Біздің әскеріміз тәуелсіздікті күзетіп, халықтың жасампаз еңбегін қор­ғауда. Осының барлығы елді бастаған нағыз Саяси көшбасшы – Елбасының арқасында мүмкін болды, деген Мұхтар Қапашұлы Нұрсұлтан Әбішұлының елді адастырмайтын даңғыл жолмен алып келе жатқанына тоқталып, Сіздің 20 жыл ішінде атқарған істеріңіз ұлттық және жаһандық өлшемдегі саяси ерлік, сон­дық­тан да халқыңыз Сізді өзінің Елбасы санайды және бүкіл ха­лық Сізді шын мәнінде қаһарман Халық батыры санайды. Сіз бой­ыңыздағы қарапайымдық қасие­тіңізбен «Халық Қаһар­маны» атағынан да, заңнан да бас тарт­тыңыз. Ол түсінікті, алай­да біз­дің өз пікірімізде қа­луымызға рұқсат етіңіз, деген ол Сіз қалай айтқанда да «Ха­лық Қаһарманы» атын иеленуге толық құқылысыз, деп сөзінің соңын барша қазақ­стан­дық­тар­ды мерекемен құт­тықтаумен аяқтады. Мұнан соң мінберге Тәуел­сіздік құрдастары көтерілді. Залда отырғандардың назары енді таза қазақ тілінде «Мәртебелі Нұр­сұлтан Әбішұлы! Құрметті отандастар!» – деп сөз бастаған Анна Данченкоға ауды. Мен Қазақстан жастары, Тәуелсіздіктің төл құр­дас­тары атынан сіздердің алда­ры­ңызда сөз сөйлеп тұрғаныма қуаныштымын. Біздің буын қас­терлі Тәуелсіздік тұсында дү­ние­ге келген шын мәнінде бақытты ұрпақ, өйткені, жарқын болаша­ғы­мыздың баянды болуы үшін елімізде барлық жағдай жасал­ған. Мұны кез келген мемлекет мақтанып айта алмайды. Ал біз болсақ, татулық пен тұрақтылық­тың алтын бесігіне айналған Тәу­ел­сіз Қазақстанда ғұмыр кешіп, елі­міздің өсіп-өркендеуіне өз үле­сімізді қосу үшін білім алып, еңбек етіп келеміз, деген оның әрбір сөзі на­нымды шығып жатты. Тәуел­сіздік құрдасы әрі қарайғы сөзінде қасиетті мекен Қазақстанның көп­теген этнос өкіл­дерінің берекелі босағасы, жазиралы Жерұйығына айнал­ғанын айтып, әр ұлттың келбеті мен болмысы, салт санасы мен дәстүрі ұлттық мәдениет пен тілінде жатыр, деді. Осы орайда А.Данченко тәуел­сіз елдің елдігінің, жас ұрпақтың парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отаншыл әрі мемлекетшіл тұлға ретінде қалыптасуында мемлекеттік тілдің атқаратын қыз­метіне тоқталып, міне, өзде­рі­ңіздің алдарыңызда тұрып, қо­лым­ды жүрегімнің тұсына қой­ып: «Мен бақыттымын! Мен Қа­зақ елімен, қазақ тілімен бақыт­ты­мын», деп асқақ мақтаныш­пен айта аламын. Құдай қаласа, қазақ жерінің келіні болып, қазақы дәстүрмен ұл-қызда­рым­ды тәр­биелесем деп арман­дай­мын. Қазақтың киелі қара дом­бырасын қолыма ұстап, Құр­ман­ғазының күйлерін шертіп өскен менің ұлтым қазақ болмаса да жаным – қазақ. Қазақстан – туған жерім, қасиетті кіндік кескен Отаным. Мемлекетіміздің әрбір табысын біз жастар, өз жеңісіміз деп біліп мақтан тұтамыз, әр құт­ты қадамына жан-жүрегімізбен қуанамыз, деді мінберде толқи тұрып. Мұнан соң тәуелсіздік құр­дасы А.Данченко Елбасыға қа­рап: «Елде жүзеге асып келе жатқан барлық жасампаз істердің басында Сіз өзіңіз тұрсыз. Бізді осындай бақытты күнге жет­кіз­геніңіз үшін Сізге деген алғы­сы­мыз шексіз. Сіз 20 жыл ішінде кірпішке кірпіш қалап сәулетті үй тұрғызғандай, құтты шаңы­ра­ғымыз – киелі Қазақстанның Бас Сәулеткерісіз! Сондықтан біз, жастар, әрдайым өзіңізге қарап бой түзейміз. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», дегенді 100 жыл бұрын ұлы Абай айтып кетсе де, Сіздің «Қазақстан жолы» атты кітабыңыз біз үшін Абай­дың «Қара сөздері» сияқты өмірлік нұсқаулығымыз. Өйт­кені, мәдениет, ұлт даналығы, білімге құштарлық секілді сөз­дер бай­қаған адамға, осы кі­таптың әрбір жолының аста­рында жатыр. Сол себепті жастар арасында сілкініс туғызып, жаңа өмірге, жаңа қадам басуға бірден-бір септігін тигізетін бұл кітап жастардың сүйікті кіта­бына айналды, деді. Әрі қарай шешен қыз Ел­ба­сыға: «Өзіңіз қалыптастырған өнегелі дәстүрге әрдайым адал болуға тырысамыз. Бойымыз­да­ғы бар біліміміз бен жас­тығы­мызды арнаймыз. Сіздің бар сеніміңізді ақтаймыз деп уәде беремін. Сөзімді өзімнің жазған өлең шумақтарымен аяқтағым келіп отыр», деп мінберден саң­қылдатып өлең оқып кетті.

Туған жерім, кең байтағым, бесігім,

Қайда жүрсем мақтан етем есімін.

Қасиетті кіндік кескен мен үшін

Қазақстан Елбасымен бұл қос ұғым,

– деп басталатын жыр жолдарын аяқтағанда зал ішін қол ша­па­ла­ғы кернеп кетті. Тәуелсіздіктің тағы бір құр­дасы, «Жасыл ел» студенттік құ­ры­лыс және жастар еңбек отряд­та­рының Астана қалалық фи­ли­алының төрағасы Рахат Хамидуллин: Тереңнен бастау алған сан ғасырлық тарих қойнауында ерліктің, өрліктің өшпес ізін қалдырған, туды қолдан бермеген, ұлы даланы қоныс еткен өр мінезді батыр баба ұрпақтары армысыздар, деп бастады өзінің сөзін. Бүгін ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған, Елба­сы­мыз жүзеге асырған Тәуелсізді­гі­мізге 20 жыл толып отыр. Бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құр­ған, береке мен бірлігіміз жа­расқан егемен еліміз, Тәуелсіз Қа­зақстанның төл мерекесі құт­ты болсын, ағайын, деді ол. Одан әрі Президенттің сөзіндегі жас­тар­ға арналған тілек пен үміт­терге тоқталып, олардың өз көңі­лінен шығатынын жеткізді. Бү­гінгі күні Қазақстан бүкіл әлемге әйгілі ел. Бұл табысқа Қазақстан Прези­дентінің орасан еңбегінің арқа­сында қол жеткізілгенін біз жақсы түсінеміз. Біздің елімізде жастардың білім алуы мен еңбек етуіне барлық жағдайлар жасал­ған. Соның ішінде бірқатарын ғана айтар болсақ, олар: әлемнің айтулы жоо-ларында білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы, дүние жүзінің ең мықты деген оқу орындарымен қатар түсетін «Назарбаев Университеті», «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы және т.б. Мұндайды біздің бабаларымыз тіпті арман­да­маған да еді. Одан әрі Рахат өзі жұмыс істейтін «Жасыл ел» қоз­ғалысы туралы әңгімеледі. 2011 жылы «Жасыл ел» қозғалысының сарбаздары Астананың жасыл белдеуінде, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожол магистралі құрылысында еңбек етіп, табыс тапты, деді ол. Сіз бірде-бір қала мен елді мекен тұрғындарын назарыңыздан тыс қалдырмадыңыз. Біздің жүрегі­міз­де сіздің «Қазақстанды сүю деген сөз оны үнемі жүрек­те­рің­де ұстау» деген аталы сөзіңіз жатталып қалды. Біз Отаны­мыз­ды әрқашанда жүрегімізде ұстай­мыз, деді ұлан. Одан арғы сө­зін­де Р.Хамидуллин Елбасына бізді алға бастай беріңіз, біз сізбен алдағы биік белестер мен жаңа жеңістерге бірге баруға әзірміз. Сіз бір сөзіңізде: «Еліміздің бола­ша­ғы жастардың қолында. Бү­гінгі игі істерімізді жалғастыра­тын сіздер боласыздар», деген едіңіз. Біз Сіздің үмітіңізді ақ­тауға, елдік салт-дәстүрімізді сақ­тауға, тәуелсіздік мұраттарын жалғастыруға әрқашанда әзірміз, деп сөзін аяқтады. Бұдан кейінгі кезекте сөз тізгінін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов алды. Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбіш­ұлы! Ардақты да арқалы қауым! Сөзімді атадан қалған абыз ой­мен бастағанды жөн көріп отыр­мын. «Ерге де, елге де тән бір ұлы сезім бар. Ол – арман». Адам­ның арманы – риясыз өмір болса, халықтың арманы – тәуелсіз ғұ­мыр, деп бастады сөзін әкім. Ра­сында да, Тәуелсіздік пен Теңдік, Азаттық пен Елдік, Береке мен Бірлік қай халық үшін де аса қымбат ұғымдар. Ал Қазақ­стан үшін соңғы жиырма жылда жеңісін де, жемісін де көрсете білген құрыштай құндылық. Орын­далған Ұлы Арман. Осы­лай­ша шешен тілмен сөз тиегін ағытқан Иман­ғали Нұрғалиұлы Тәуелсіздік ұғымы, Тәуелсіздік құндылығы жайындағы өз көкейіндегі ой-байламымен бөлісті. Осынау өз­гелер ғасырлап өтсе, енді біреулер аңсап кететін тарихи жолды біз небәрі ширек жаста жүріп шықтық. Созылған соғыссыз, ор­тайған ортасыз, күл болған шоқ­сыз өттік. Бұл тек киесі күшті Ел мен даналығы дара Елбасының, сол Елбасыға сенген әз халықтың ғана қолынан келген, ерекше тарих. Жасампаз тағдыр, деді ол. Бұдан кейін И.Тасмағамбетов Тәуелсіздіктің қандайлық қиын сынақтармен келгенін, оған ха­лық­тың қалай қол жеткізгенін тіл­ге тиек етті. Елбасымыз өз баян­дамасында атап өткендей, арғы-бергі замандарда тарихтың толқыны мен жаугершіліктің жой­қыны жұтқан небір ел мен жер болды. Атажұрты тарылып, көбейген елден төбелдей елге ай­нал­ғаны қаншама. Кезінде біз де ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық. Ақтабан халық­тың «Қаратаудың басынан көш келеді» деп зарлағаны да, баба­ла­рымыздың жер тіреніп, «Еділді келіп алғаны – етекке қолды сал­ғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны» деп жыр­лағаны да бар қазақтың жадында. Араға үш ғасыр салып сол күпті көңіл, алаң күй тәуелсіздіктің таңында тағы да туды. Осы тұста Елбасы астананы Алатаудан Ар­қа­ға көшірмегенде, қазақ ендігі «Еділді» емес, «Есілді» жоқтап қалар ма еді. Осы тарихи шешім үшін ғана қазақ халқы Елба­сы­ның алдында мәңгілік қарыздар. Бұл қарыз қарапайым өтеу емес, ұрпақ сүйген елдің құдайы па­рызы, сол ұрпақ тұратын жердің ұдайы мұрасы. Сондықтан да жүрегі өзгешіл сұлтандықты емес, отаншыл ұлтандықты қалап тұратын әз халқымыз әрбір та­мы­рымен «сүйер елің болса, сен сүй, тұрар жерің болса, жұбан» деп тұр. Бізде ел де бар, жер де бар. Ең бастысы, осы 20 жыл ішінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында ешкімнің есігіне қа­рамайтын, өз шамасын өзі баға­лайтын ұлттық мемлекетіміз бар. Міне, шарықтайтын кез – осы. Жеңіс деген – осы. Отан деген ұлы ұғым осы, деді Иманғали Тас­мағамбетов. Ел билеу – өнер­дің өнері. Ал «өнердің анасы – мұң, атасы – нұр» дейді. Сая­сат­тағы осындай халықтың бата­сын­дай шешімдер Алланың нұрымен кел­геніне күмән келтіре алмай­мыз. Елбасының осынау ордалы елінің қамын ойлаған қайраты мен ақылының, парасаты мен пайымының арқасында осы күні Елдің шүкірлігі мен Жердің бү­тіндігіне жетіп отырмыз. Сон­дық­тан да, «барымызды бар, жо­ғымыз толар, ең бастысы, еңселі еліміз мынау» деп айқара тұрып айтар кез келді, халайық. Қала әкімінің Тәуелсіз Қазақ­станның жаңа елордасы – Астана туралы жүрек тебіренісі де әсерлі шықты. «Осынау жүрекжарды се­зімге мән де, сән де беретін, бү­гін баршамызды төріне озды­рып, айбарымен алаштың арқа­сын қоздырып тұрған мынау Астана. Бұл – ажары ақ сәулемен жарқыраған, назары күн нұрын­дай сарқылмаған, алтын күмбезді Астана. Әр даңғылы гүл ашқан, баянды болашаққа жол ашқан Астана. Астана болмағанда осы­нау жиырма жылда тізбектелген мол жетістікті осыншама сезінбес едік. Жетсек те жемісі жұтаң, егісі сирек ел болар едік. Олай болса, бұл туған елдің тағдыр алдындағы, Елбасының тарих алдындағы тұғырлы жеңісі, ұлы мақтанышы, деді қала әкімі. Тәуелсіздік бір күннің әңгімесі емес. Ал 20 жыл ата тарих үшін қас-қағым сәт, тас түсті мезет. Десе де, біз үшін бұл ел ішінде бейбітшілік пен жасампаздық салтанат құрған ең жауапты ке­зең – сындарлы уақыт болды. Осы сәтте біз даңғыл жолдың алдында, үлкен тілектің үстінде тұрмыз. Ал ендігі арман не? Сөз жоқ, ол – басқа қонған тағ­дырдың кеңдігі мен сол бақты баян­ды еткен Елбасының ерлігін ақтау, тойған белді емес, туған жер­­ді сақтау, осылайша бостан ел­дің биік байрағын мәңгілікке байлау. Ендеше, ақын Мағжанша айт­қан­да, «бостандық – ізгі періште, қа­­дірін біліп, құрметтейік», ағайын. Сөз соңын Иманғали Тасма­ғам­бетов: «Сөз басында мен «ма­лым жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», деп жатса-тұрса ердің емес, елдің қамын жеген бабалардың дуалы өсиетін әдейі атап өттім. Өйткені, дәм-тұзы асында, ұл-қызы қасында, көсемі басында тұрған ел ба­қыт­ты. Ал бақыт – тек ақиқатқа ай­налған арманнан туады. Ынты­мағы жарасқан елде ғана тұрады. Олай болса, осынау халықтың көңілдегісін тауып, көкейдегісін істейтін Ерді – Елбасын қазақтың Ұлы даласы талай ғасыр тол­ға­тып, Тәуелсіздіктің бағына берді. Бұрынғылар «Ұлылар екі дәуір алмасқанда туады» деп бекер айтпаса керек. Сөз жоқ, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде ел тізгінін алған азаматқа үлкен жүрек те керек, қайратты білек те керек, ең бастысы, оны қолдайтын тілекші халық керек. Бірақ уақыт жи­нақтауға, көбейтуге, кері қай­таруға көнбейтін құдірет. Адами қасиеттердің ішінде оны жеңетін тек көрегендік қана. Олай болса, бүгін міне, ұлтымыздың рухани қуатын, қайыспайтын қара нардай қайратын, арыс алдаспандай сенім мен жігерін желдің жүзіне суарып, шыңдап жатқан уақыт – Елбасының, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның көрегендігі алдында ба­сын иеді. Бұл еселі еңбек – елінің есінде, тарихтың төсінде мәңгілік қалатын Таутұлғаның теңдессіз мирасы. Тәңірі мойнына таққан талассыз тұмары. Өз кезегімде сөзімді Елбасының күллі алаш­тың баласына арнаған мына ұра­ны­мен тәмамдауға рұқсат етіңіз­дер: «Салтанаты жарасқан қала­сы бар, байтағы ұшан-теңіз да­ла­сы бар, әруақ қолдаған бабасы бар ел екендігімізді мақтан етейік, ағай­ын!», – деп түйін­де­мек­пін деп аяқ­тады. Кешке қарай торқалы той салтанаты «Қазақстан» орталық концерт залында жалғасты.

*  *  *

Бұл кештің бет­аша­ры Құр­манғ­азы атындағы акаде­миялық ха­лық аспаптар оркес­трі­нің орын­дауында Құр­ман­ғазының «Сары­ар­қа» күйімен ашылды. Әрине, одан әрі Абай­дың әнімен жалғас­қан бұл концертте әуелеген ән де күмбірлеген күй де, мың бұралған би де мол болды және оның бәрі көпшілік көңілінен шығып, кеш ажарын барынша аша түсті десек, Әлібек Дінішев, Айман Мұса­қо­жаева, Жәния Әубәкірова, Роза Рым­баева, Нұржамал Үсенбаева сынды талант иелері өз өнерлері арқылы той тынысына лайық шашу шашты. Бұл кеште бөле-жара айта кететін бір жәйт, Қазақ ұлттық өнер университетінің, А.Жұбанов атын­дағы республикалық және К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған  музыкалық мектептердің домбырашылар ансамбльдері бірігіп орындаған «Күй тартыс» көпшілікті ерекше желпінтіп өтті. Иә, осынау жас домбырашылар өздерінің орын­дау шеберлігімен қазақ өнерінің көкжиегі келешекте бұдан да кең екенін байқатқан. Сондай-ақ жұрт­­шылық жас домбырашы Нүр­кен Әшіровтің орындауындағы Қар­шыға Ахмедияровтың «Елбасы» атты күйін де аса жылы қа­был­дады. Кеште бірқатар клас­си­ка­лық шығармаларға да орын берілген екен. Айталық, Дж.Пуч­чи­нидің  «Джанни Скикки» опе­расындағы Лауреттаның ариясын халықаралық конкурстардың лау­реаты Мария Мудряк орындады. Енді оны неге бөле-жара айтып отырмыз дегенге келсек, кезінде Елбасы Павлодар өңірінде іссапарда болғанында балауса Ма­ша­ның өнерін көріп, оған ерекше риза болыпты. Сөйтіп, жас өскін­ге ақ жол тілеп, оның өз өнерін одан әрі шыңдауына қамқорлық жасауды жергілікті азаматтарға, өнер қай­рат­керлеріне тапсырған да көрі­неді. Енді, міне, бүгінде сырт елде өз өнерін жетілдіріп жүрген жас талант ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жыл­дық мерейлі мерекесіне қатысу үшін сонау Италиядан  Қазақ­стан­ға асыға жетіп, кешегі кеште өнер көрсетуі өз елінің қамқорлығына деген жас қыздың ризалығы десе  де бола­ды. Жалпы,  тек  Мария ғана емес, бүгінгі концертте өнер көрсет­кендердің барлығы дерлік өрімдей жастар болды. Мұның өзі де елмен бірге қазақ өнерінің де жасарып, жайнап, толысып келе жатқанын аңғартты. «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы. Суретті түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.