«Шығыс Қазақстан – еліміздің інжу-маржаны. Тек қана табиғатымен емес. Мұнда өз өлкелерін мақтан тұтатын, оның гүлденуі үшін бар күш-жігерін жұмсайтын тамаша, еңбекқор және дарынды адамдар өмір сүреді», деген еді осыдан үш-төрт жыл бұрын кенді Алтайға келген сапарында Елбасы Н.Назарбаев.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кеңейтілген сессиясында жұртшылық алдында есеп берген өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың баяндамасында атқарылған ауқымды істер жайлы кеңінен сөз болды.
– Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауы келер он жылға дейінгі атқарылуы тиіс міндеттерді айқындауымен және қоғамның барлық салаларын қамтығанымен ерекшеленеді, – деп бастады сөзін Бердібек Мәшбекұлы. – Кенді Алтайдың ірі өнеркәсібі, энергетика, көлік және мәдени салалары өткен мерзімде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мәселен, жалпы өңірлік өнім былтыр 894 миллиард теңгені немесе еліміз бойынша жалпы өнімнің 6 пайызын құрады. Соның ішінде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі – 0,3, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 33,6, шағын кәсіпкерліктегі тауар өндіру 2 пайызды құрады. Тау-кен металлургия кешені кәсіпорындары өндіретін өнімдеріндегі қазақстандық қамтуды одан әрі арттыру үшін өңірде “Жоғары технологиялар аймағы”, “Алтай” ғылыми-техникалық парктері негізінде “металлургия орталығы”, “конструкторлық бюро” құрылды. Аталмыш аймақты құруға республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге қаражат бөлінді.
Агроөнеркәсіп кешенінде де жалпы өнім көлемі 147 миллиард теңгеге жетіп, табиғи көлем индексі 133 пайызды құраған. Өткен жылы облыс соңғы 37 жылда бірінші рет 1 миллион тоннадан астам дәнді дақылдар жинауға қол жеткізді. Ірі қара –2, қой мен ешкі – 5, жылқы 6 пайызға артты. Ет, сүт, жүн өндіру көлемі де өсе түсті.
– Мен әр кездесуде қожалық иелері мен агроөнеркәсіп саласы қызметкерлеріне бесінші түлік – марал санын арттыру және Алтайдың адам ағзасына ерекше пайдалы омарта шаруашылығын дамыту жөнінде тапсырма беремін, – деді Б. Сапарбаев. – Соның нәтижесінде былтыр облыста омарташылардың республикалық жәрмеңкесі өтті. Онда әр облыстан келгендер тәжірибе алмасып, оның құпиясына қанықты. Маралдың 95 пайызы, ал омарта шаруашылығының 60 пайызы осы өңірде. Марал мен омарта шаруашылығын дамыту жөнінде кешенді шаралар әзірленді, ол жемісін берер деген үміттеміз. Облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға 13 миллиард теңге бөлінді. Салынған инвестициялар есебінен 405 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 12 мал бордақылау алаңы, екі тауарлы-сүт фермасы құрылды. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны жыл ішінде 24 бірлікке көбейіп, бүгіндері 112-ге жетті.
Агроөнеркәсіп кешенін 2010 жылы дамыта отырып, еңбек өнімділігін арттыру арқылы оны 2014 жылға қарай кем дегенде екі есе ұлғайту қажет. Асыл тұқымды мал санын көбейту, егінді тамшылатып суаруды жетілдіру, жаңа техникамен қамтамасыз ету мәселелері басты назарда болмақ.
Соңғы бір жылда өңірде кәсіпкерлікті дамытуда да біршама істер атқарылған. Өткен жылы шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатындардың саны 71,8 мың бірлікке жетіп, өнім өндіру 176 миллиард теңгені құраған. Мына бір игі бастама нәтижесін беруде. Өткен жылы ірі кәсіпорындар – “Казцинк”, “Өскемен титан-магний комбинаты” АҚ, “Қазақмыс” корпорациясы және Үлбі металлургия зауыты шағын кәсіпкерлер өндіретін ондаған миллиард теңгенің өнімдерін сатып алған.
Әлемдік қаржы дағдарысының өңірдегі ірі кәсіпорындарға едәуір тосқауыл жасағаны белгілі. Оның үстіне металдардың бағасы күрт төмендеп, сатып алу, алмасу тұйыққа тірелді. Алайда, шығыстың алып кәсіпорындары бұл қиындықтан шығудың жолын таба білді. “Жаңа металлургия” бағдарламасы жемісін берері сөзсіз. Семей қаласында “Беларусь” тракторы құрастырылып жатыр. “Азия-авто” зауыты да қазақстандық көліктердің алты-жеті түрін шығаруда. Қатонқарағай ауданында туризм кластерін дамыту қолға алынған, қазір мұнда тоғыз бірдей пантымен емдейтін шипажай жұмыс істеп тұр. Зайсан, Зырян, Шемонайха, Бородулиха, Глубокое аудандарында да инвестиция тарту арқылы көп істер тындырылмақ.
Энергетика саласында да табыс бар. Өткен жылы электр энергиясын өндіру 7 миллиард киловатт-сағатқа жеткен. Семей мен Өскемен қалаларындағы жылу қазандықтарын күрделі жөндеу үшін қомақты қаржы бөлініп отыр. Көлік және жол саласы да көштен қалмай келеді. Өткен жылы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге 3,2 миллиард теңге бөлінді.
Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында “Жол картасының” биыл да жалғасатыны, оған мол қаржы бөлінетіні айтылған. Былтыр өңір тұрғындары “Жол картасының” шапағатын көрді. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 18 миллиард теңгеге мыңдаған жұмыс орындары ашылып, көптеген мектептер мен балабақшаларға, денсаулық сақтау мекемелеріне, спорт кешендеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Білім беру мен денсаулық сақтау, бұқаралық спортты дамытуда да алға басушылық айтарлықтай.
– Өткен жыл облыс тұрғындары үшін ерекше есте қалады деген ойдамын, – деді облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы. – “Туған ел – алтын бесігім” акциясы өңірдің қалалары мен аудандары арасында шығармашылықты өзара алмасуға, жаңа дарындарды ашуға жол салды. Акция кезінде осы өңірден шыққан әншілер мен жазушылар, ақындар келіп, жерлестерімен қауышты, олармен пікір алмасты. Ал “Туған елге тағзым” акциясы бойынша қалталы азаматтар кіндік қаны тамған жерге келіп, қол ұшын берді.
Абай мен Пушкин Өскеменнің төрінен орын алды, Тагор тұғырға қонды. Семейде Әміре Қашаубаевтың, Жарма ауданында Ер Жәнібектің ескерткіштері ашылды. Өскеменнің кіреберісінде қазақтың дарабоз батыры Қаракерей Қабанбайға да алып кешен тұрғызылмақ. Мұның барлығы халықтың қаржысына бой көтереді.
Қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де атқарылған істер баршылық. Құқықтық тәртіпке өткен жылы 5,2 миллиард теңге бөлініп, тұңғыш рет полиция қызметкерлеріне 60 пәтердің кілті табыс етілді. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне ерекше құрмет көрсетілмек. Бюджеттен 563 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде ардагерлерге тұрғын үй беру, емдеу, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету назарда болмақ.
Тәуелсіздік алғалы жиырма жылға таяды. Алайда, бізде мемлекеттік тілдің жағдайы әлі де көңілдегіден көп төмен жатыр. Ендеше, тіл саясатына барлығымыз үлес қосуымыз керек, деді баяндамашы.
Облыс әкімінің есебі аяқталған соң есепке қатысушылар көптеген сауалдар қойды, ұсыныс-тілектерін айтты. Залға үш микрофон орнатылды.
“Мұндай тәжірибе бізге де керек екен”, деді Могилев облыстық атқару комитетінің төрағасы П.Рудник (Беларусь).
Есептік кездесуде әкімге сауал қоямын деген азаматтардың бәрі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Есепті кездесуді түкпірдегі ауыл-ауылдардың көпшілігі он-лайн байланысы режімінде тікелей көріп, олардың тікелей сұрақ қоюына жағдай жасалды. Тағы бір атап көрсететін жәйт – әкімнің есепті баяндамасы басталардың алдында жиырма минут бойы бір жылғы атқарылған жұмыстар бейнефильм арқылы көрсетіліп, есеп материалдары кітапша түрінде жиылған қауымның бәріне ұсынылды.
Бұл есепке Шығыс Қазақстан облысына тәжірибе алмасып, келісімдер жасауға келген Беларусь республикасы Могилев облысының басшылары да қатысты.
Қатонқарағай ауданынан келген шаруа қожалығының төрағасы, “Туған жерге тағзым” акциясын қызу қолдаған, мәдениет үйі мен балабақшаны көк тиын сұрамай-ақ қайтарып берген патриот А.Матасовтың айтқаны көкейге қонымды болды. Қазір, деді ол, ауыл жастары демалатын орындар аз. Сіз ауданымызда болғанда біздің шаруашылықты аралап, жастардың бос уақыттарын мәнді де мазмұнды өткізулеріне мұрындық болуға шақырдыңыз. Мен өзім екі бірдей үлкен мекемені қайтарып бердім. Қазір “Балдырғанда” 25 орындық балабақша ашылды. Мәдениет үйі жастардың жиі жиналатын орнына айналды. Сіз бір жылда барлық аудан, қалаларда тіпті бес-алты реттен болдыңыз. Демек, осы тәжірибені басқа азаматтар қолдап әкетсе деген ой бар.
Риддер қаласындағы ардагерлер кеңесінің төрайымы Г.Степанова маңызды мәселе қозғады. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері реформаға әзір емес болып шықты. Біздің қала өнеркәсіпті, сондықтан экологиясы нашар. Дәрігерлер жетіспейді, оның үстіне таяуда тері сырқаттарын емдейтін аурухана жабылған. Жүйке ауруларын емдейтін емхана да осы күйге түспек. Осы мәселелердің шешімін табуға көмектессеңіз екен, деді ол. Облыс әкімі бұл мәселені оң шешетінін мәлім етті.
“Он-лайн” жүйесі бойынша Зырян қаласынан бір ана сөйлеп, қатал қыста тоңып отырғандарын жеткізді. Басқа да бір-екі ауданнан көгілдір экран арқылы сауалдар қойылып, әкім оларға тиянақты жауап қайтарды.
Зайсан, Тарбағатай, Бесқарағай, Глубокое, Бородулиха, басқа да қала-аудандардан келген есеп беру жиынына қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Қатал қысқа қарсы амал бар ма, көмір қоры жеткілікті ме, “Жол картасы” қанша адамға жұмыс береді, дәрігерлік қызмет сапасы жақсара ма, т.б. тұрғыдағы сауалдарға облыс әкімі Б. Сапарбаев: “Семейге 50 мың тонна көмір бердік. Қатал қыс, әсіресе, Абай ауданының тұрғындарына ауыр соғып тұр. Бір аптадан бері абайлықтарға қала және аудан халқы нақты көмек көрсете бастады. Мәселен, Өскемен қаласы бір К-700 тракторын, 12 тонна арпа, 23 тонна дизель отынын жөнелтті. Бородулиха, Шемонайха, Глубокое аудандары да қол ұшын берді”,– деп жауап қайтарды.
Облыс әкімі Б. Сапарбаевтың есебіне жиналғандар оның командасының бір жылғы жұмысына оң баға берді. Ел іші тыныш болып, берекеміз бен бірлігіміз жараса берсін, алынбайтын қиындықтар жоқ, деген ұйғарымға келді жиынға қатысушылар.
Облыс әкімінің есепті жиынына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ж. Ахметов, Парламент және Сенат депутаттары Т. Абайділдин, С. Плотников, Н. Сабильянов, С. Ферхо, В. Доскалов қатысты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.
ЖАМБЫЛ ӨҢІРІНЕ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ЖАҢА РЕФОРМА ҚАЖЕТ
Өткен жылдың қараша айының соңында өңір басшылығында кадрлық ауыс-түйіс болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынуымен облысқа “KEGOC” Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы” АҚ президенті, қырық жастағы білімді де білікті азамат Қанат Бозымбаев әкім болып тағайындалды. Әрине, өңірдегі еңбек өтіліне небәрі екі жарым ай ғана болған әкімге өзінен бұрынғы атқарылған жұмыстарға байланысты есеп беру күрделі болатыны белгілі.
Бірақ, Елбасы мен ел сенім артқан басшыға өткен жылы орындалған жобаларды ой елегінен өткізіп, алдағы жылдары атқаратын істерін салмақтап, саралап алу үшін “қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай” әбден жеткілікті болғанға ұқсайды. Өткен жылы не істедік? Әлеуметтік салада не атқардық? Экономикалық көрсеткіштер туралы не айтуға болады? Жалпы, қандай мәселеге назар аудардық? Облыс әкімі Қанат Бозымбаев жұртшылық алдындағы есебін ойға жетелейтін, игі істерге итермелейтін осындай нақты сауалдармен бастады.
– Өздеріңіз білесіздер, әлемдік экономикалық дағдарыстың салқыны өңірге де жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 113 млрд. теңгеге жуықтағанымен, оны бұрнағы жылмен салыстырсақ, 30 пайызға төмен. Бірақ қол қусырып қарап отырған жоқпыз, – деген өңір жетекшісі экономикалық дағдарысты ауыздықтауға байланысты атқарылған жұмыстар мен қолға алынғалы жатқан жаңа жобаларға тоқталды.
Өңірдің экономикалық келбеті өнеркәсіпті дамытуға байланысты ашыла түсетіні белгілі. Сондықтан облыста индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жасалып, құны 50 млн. АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба елдің индустриялық картасына ұсынылыпты. Аймақтық картаға 12 инвестициялық жоба енгізілген. Облыста жалпы құны 807 млрд. теңге болатын 19 инвестициялық жоба бар.
Аграрлық сектордағы адамдардың да жүзі жарқын. Мемлекеттік қолдаудың арқасында саладағы даму үрдісі жылдан-жылға қарқын алып келеді. Айталық, есеп беріп отырған кезеңдегі жалпы өнім көлемі 84,4 млрд. теңге болса, ол бұрнағы жылға қарағанда, 17 пайызға артық. Өткен жылы республикалық бюджеттен 1 млрд. 700 млн. теңге трансферт беріліпті. Бүгінде облыста 89 асыл тұқымды шаруашылық, 8 асыл тұқымды зауыт бар. Тауар өндірушілерге 305 млн. теңге несие берілген. Алдағы уақытта жылыжай саны көбейе түспек.
Екі жарым айда облыс орталығынан бастап оның аудандары мен ауылдарындағы кәсіпорындар мен шаруашылықтарды аралап, өңірдің экономикалық және әлеуметтік жағдайынан әбден хабардар болған әкім инвестиция саясатын басты назарда ұстайтынын аңғартып өтті. Әкім: “Негізгі капиталға жалпы инвестиция көлемі 217 млрд. теңге болды. Бұл 67 пайызға жоғары. Облыс экономикасына капитал салымдарының ішкі көздері 46 млрд. теңге. Бұл 2008 жылға қарағанда 25 пайызға төмен”, дей келіп, өкінішке қарай, бүгінгі күні облыста инвестициялық саясат жоқтың қасы екенін ашық айтты.
– Өкілетті мемлекеттік органдардың инвестициялық стратегияны дамытуы қажетті деңгейде емес. Белгіленген міндеттердің бәрі қағаз жүзінде қалған. Біздің облысқа шетелдік және отандық қаржы институттарын тарту ауадай қажет. Ол өңірді дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге, өнеркәсіптің жаңа инфрақұрылымы мен негізгі салалар бойынша өндірістер құруға қажет, – деген әкімнің сөзі тұрғындар тарапынан қызу қолдау тапты. Тұрғындар, әсіресе, облыс әкімінің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыс экономикасының тұрақты өсуі қамтамасыз етіліп, 2014 жылы 2008 жылғы деңгейге қарағанда жалпы өңірлік өнім көлемінің 2 есеге ұлғаятыны мен негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемі 800 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтыны туралы дерек пен дәйегі қатты қуантқан.
Өткен жылы мемлекеттік бюджетке түсімдер 39 млрд. 726 млн. теңгені құрапты. Оның 16 млрд. 175 млн. теңгесі жергілікті бюджетке түскен. Дегенмен, өңір басшысы бүгінде облыстық бюджеттің даму бюджеті бола алмай отырғанын өкінішпен айтып өтті. Облыс әкімінің пікірінше, бюджетті ақылмен, біліктілікпен қаржылық іркілістерге жол бермей, толық көлемінде тиімді пайдалануға болады екен. Ол үшін үстіміздегі жылы әкімдік пен өкілеттілігі бар салық органдары облыс бюджетін толықтыра түсу үшін қосымша табыс көздерінен салық жинау жұмысын күшейте түспек. Облыстағы барлық салық төлеушілерді есепке алуды тәртіпке келтіру де қолға алынатын болады.
Қанат Бозымбаев есеп үстінде жұртшылыққа өзінің өңір экономикасына жанашыр басшы ретіндегі басты мақсатын да жария етті.
– Жамбыл облысы, өкінішке қарай, дотацияға тәуелді өңір болып табылады. Облыс әкімдігінің алдында тұрған негізгі міндет – облысты өнеркәсібі дамыған, шағын және орта бизнесі жоғары деңгейге көтерілген табысты аймаққа айналдыру үшін қолынан келгеннің бәрін істеу, – деді әкім.
Бүгінде өңірде “100 аурухана, 100 мектеп” бағдарламасы шеңберінде облыстық бюджет есебінен 482 млн. теңгеге 19 ауылда медициналық нысандар іске қосылды. Өткен жылы 85 денсаулық сақтау орындарына күрделі жөндеу жүргізілді. Ауылдық ауруханаларда төсек саны көбейді. Облыстық ауруханада кардиохирургия бөлімшесі ашылып, қалалық емханада хирургия орталығы іске қосылған.
Дегенмен, облыс әкімі денсаулық сақтау саласына тоқталғанда мемлекет үшін адам денсаулығы өте қымбат байлық екеніне маңыз бере сөйледі. Өңір тұрғындарын туберкулез, жүрек-қан тамырлары, онкология аурулары алаңдатып отырғанын да жасырмады.
– Мәселе бар. Оны халықтан жасырмай айту қажет. Өңірде ана мен бала өліміне жол бермеу керек. Облыста 2008 жылмен салыстырғанда ана өлімі 2 есеге көбейген. Облыста 18526 адам өкпе ауруымен ауырады. Әрбір 57-ші адам ауру жұқтыру қаупі бар аймақта өмір сүріп жатыр деуге болады. Мысалы, Қордай ауылында елуінші жылдары салынған ескі өкпе ауруханасы тура мектептің іргесіне орналасқан (әкімнің есебінен кейін Байзақ ауданы тұрғындарының атынан сөз алған адам осындай жағдайдың Сарыкемер ауылында да орын алып отырғанын жеткізді – К.С.). Бұған жол беруге болмайды. Бұл – демографиялық мәселе. Туберкулезбен аурудың алдын алудың пәрменді шаралары қажет. Сондықтан, бұл салаға ерекше назар аударып, дәрігерлердің жауапкершілігі қатаң түрде қаралады, – деген облыс басшысы денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді жою үшін қолдан келген жағдайдың бәрін жасауға дайын екенін жеткізді.
Елдің бәсекеге қабілеттілігі оның білімі мен ғылымының биік деңгейінен көрінеді. Сондықтан мемлекет білім беру саласына жыл сайын қыруар қаражат жұмсайды. Себебі түсінікті. Жақсы білім алу үшін жақсы қамқорлық керек. Өңірде өткен жылы 9 мектеп құрылысы, оның ішінде жергілікті бюджеттен 7 мектеп құрылысы жүргізілген. Республикалық бюджеттен Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында 330 оқушыға арналған мектеп ашылса, Шу ауданындағы Төле би ауылында 780 орындық мектептің құрылысы жақында аяқталады. Өткен жылы 33 мектеп күрделі жөндеуден, 164 нысан ағымдағы жөндеуден өтті. “Жол картасы” бойынша 118 білім беру мекемесі жөнделді. 2 лицей және 2 мемлекеттік емес колледж ашылды. Әйтесе де, облыс әкімін облыстағы білім беру сапасы толық қанағаттандырмайтын сияқты.
– Елбасының тапсырмасы бойынша біздің міндетіміз – оқушыларға ХХІ ғасырға лайықты білім беру. Бірақ, біз ол талап деңгейінен әлі көріне алмай келеміз. Білім саласының көрсеткіші бойынша он алты облыстың ішінде он бесінші орында тұрмыз. Жақында бір аудандағы жаңа мектепті барып көрдім, бірақ спорт залы оқушылардың волейбол, футбол ойнауына жарамайды. Мемлекеттің қаржысын елдің болашағы – оқушылар үшін жұмсаған соң, ол жарқырап көрініп тұруы керек, – деді өңір басшысы.
Бүгінгі күні облыста 134 балабақша және 59 шағын орталық жұмыс істеп тұр. Онда 21 мың 500 бала тәрбиеленуде. Өткен жылы 4 балабақша, 28 шағын орталық ашылды. Тараз қаласында 320 орындық балабақша құрылысы аяқталды. Дегенмен, әкім облыста 15 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаның кезегінде тұрғанын ашық айтты. Бұл мәселені уақыт созбай шешу үшін кәсіпкерлерді осы іске жұмылдыру, ынталандыру іс-шаралары қарастырылатынынан да хабардар етті.
Өңірде “Жол картасы” бойынша атқарылған жұмыстар да жақсы нәтиже берді. Соның арқасында 276 инвестициялық жоба жүзеге асты. 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ең бастысы, бұл жақсы үрдіс биыл да жалғасын тауып, “Жол картасы” бойынша 207 нысан қайта жөндеуден өтпекші. Сөйтіп, биылғы жылы өңірде жаңадан 8 мың 500 жұмыс орны ашылмақ.
Мәдениет, өнер, және спорт салаларында да жетістіктер бар. Облыста жаңадан 7 клуб, 1 кітапхана және Тараз қаласында “Лашын” футбол клубы ашылса, бюджет есебінен теннис корттары салынды. Мемлекет басшысының мақсаты – спортқа баршаны тарту, оның бұқаралылығын арттыру. Осы орайда облыс әкімі өңірдегі туризм саласындағы орын алып отырған кемшіліктерге нақты мысалдармен тоқталып өтті.
Облыс әкімі өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту мен қолдауға нақты шаралар жасауды көздеп отыр. Ол үшін шетелдік инвестиция мен аймақтың жеке капиталын тарту бойынша облыстық бағдарлама жасалуда. Қ.Бозымбаев, сондай-ақ Жамбыл өңіріне даму жөніндегі жаңа реформа ауадай қажет деп есептейді. Ол үшін негізгі тіректі тау-металл кешені, құрылыс, химия индустриясы және ауыл шаруашылығы саласына салу керек. Шикізаттық секторды жоғары экспорттық әлеуетті өнімдермен дамыту қажет. Сондай-ақ, өңірде шикізаттың стратегиялық мол қоры бар. Ол өңірді индустриялық-инновациялық тұрғыдан серпінді дамытуға негіз болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында алдағы онжылдықта жүзеге асыратын жобаларды көрсетіп берді. Демек, стратегиялық жоспар бар. Енді осы жоспарды жүзеге асыру керек.
Есепті мұқият тыңдау барысында ел-жұрт облыс әкімінің алдына үлкен мақсаттар қойып отырғанын білді. Қойған сұрақтарына қанағаттанарлық жауаптар алды. Кейбірін әкім жеке қабылдайтын болып келісті. Жеке басына қатысты емес, ел мен жерге ортақ сұрақ қоюда, әсіресе, Жуалы ауданы тұрғындары белсенділік танытты. Талас ауданы тұрғынының “Ойық – С. Шәкіров – Тегістік” автомобиль жолын жөндеудің созылып бара жатқанына және оның сапасының төмендігіне алаңдаушылығы да облыс басшысы тарапынан қолдау тапты. Облыстың басқа аудандарының тұрғындары да ауыл-аймақ үшін ең өзекті деген мәселелерді әкімнің құлағына жеткізіп, олардың көп ұзамай шешімін табатындарына көздері жетті.
Мақсатқа мүмкіндік сай жерде дамуға күмән келтіруге болмайды. Өңірдің даму жоспары жасалуда. Инвестициялық жаңа жобалар бар. Үкімет Тараз қаласының бас жоспарын бекітті. Демек, алдағы бес-он жылда Жамбыл қала мен дала қатар жаңғыратын өңір болады деген үмітімізді үкілейік.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
НАҚТЫ ІСТЕРДІҢ ЖАҢА СЕРПІНІ
Облыс әкімі Альберт Раудың биылғы есебі көрнекілік жағдайда әрі мерекелік тұрғыда басталды. “Көкшетау” мәдениет сарайында ән қалықтап, күй күмбірледі. Облыс өмірінен түсірілген кинофильм жиналысқа қатысушылардың жыл ішіндегі тіршілігін қамтитындықтан, озаттар бір-бірін құттықтап, мәз болды. Сарайдың екінші қабатындағы агрокешен саласы еңбеккерлерінің көрмесінде ине шаншар жер жоқ десе болғандай. Мұндай жиналыстарға өзіміз де жылда қатысатындықтан, бүгінгі көрменің ағыл-тегіл молдығына тәнті болдық.
Осындай жақсы екпінмен басталған облыс әкімінің есебін өздерінің кезекті ХХ сессиясын өткізіп отырған облыстық мәжілістің депутаттары мен аудан және қалалардың әкімдері, облыс активі бірнеше рет қол шапалақтаумен қошеметтеп отырды.
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі жолдаулары елдің қоғамдық өміріндегі маңызды оқиға саналады,– деді Альберт Павлович. – Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында алдағы он жылдық дамуымыздың нақты бағдарламалары белгіленді. Бұлар Қазақстанның дағдарыстан кейінгі жаңа әлемде өзінің сенімді орнын алуына мүмкіндік туғызады. 2020 жылдың Президенттік бағдарламасы қоғам алдындағы жаңа міндеттермен қабысып отыратынын атап өту қажет.
Өткен жыл баршамызды сынаққа салып, шыңдалу мектебінен өткізді. Әлемдік қауымдастыққа кіріп отырған Қазақстанды да экономикалық қаржы дағдарысы айналып өтпеді. 2008 жылдың аяғында дағдарысқа қарсы дер мезгілінде бірқатар шаралар кешенінің қолданылуы, нақты сектор мен қаржы рыногын қолдау әлемнің жетекші сарапшыларының жоғары бағасын алуымен қатар, экономиканың төмендеуіне жол бермеді. Елбасының “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жолдауында тұжырымды тапсырмалар қойылды.
Ең алдымен, халықты жұмыспен қамтуға және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге күш салынды. Әрбір әкімнің экономиканы тұрақтандырудағы іс-қимылы жұмыс орындарының жеткіліктілігімен бағаланды. Облыста 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, соның ішінде “Жол картасының” үлесі 7 мыңды құрап отыр.
Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырумен қатар, қазір біздің алдымызда Қазақстан-2020 бағдарламасын жүзеге асыру және оның жаңа кезеңіне дайындық жасау міндеті тұр. Біздің облысымызда оларды табысты орындауға алғышарттар жеткілікті. Бұл, ең алдымен, Ақмола облысының бәсекелестікке қабілеттілігін дамытуда көрініс бермек. Атап айтқанда, оған:
– облыстың экспорттық әлеуетіндегі агроөнеркәсіп кешенінің қуатын арттыру;
– индустриялық-инновациялық даму;
– бәсекелестік қабілетін арттыруға ықпал ететін инфрақұрылымды дамыту;
– білім беру жүйесін дамыту;
– халықтың денсаулығының жоғары деңгейін және медициналық қызмет түрлерінің сапасын қамтамасыз ету мәселелері кіреді.
Шығарып салған жылда облыстың ауыл еңбеккерлері жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе алды. Мұнда жалпы өнім көлемі 212 миллиард теңгеге жетіп, 2008 жылмен салыстырғанда 145 пайызды құрады. Облыс диқандары 5,8 миллион тонна астық жинап, гектар түсімділігі 12,6 центнерден айналды. Астықтың жалпы түсімі бойынша өңір республика бойынша екінші орынға көтерілді.
Агроөнеркәсіп кешеніне 27 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту, ал мемлекет тарапынан тікелей жасалған қаржылай қолдаудың 5 миллиард теңгеге жетуі диқандар тынысын кеңітті. Осының арқасында 759 түрлі ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, барлық егіс алқабының 60 пайызында ылғал үнемдегіш технологияны қолдануға мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, астық сатып алудың көлемі 1,5 миллион тоннаға арттырылуы үлкен көмек ретінде атап өтілді.
Облыстық бюджеттен сапалы тұқым сатып алу үшін 50 миллион теңге қаржының бөлінуі облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарының картоп егістігі алқабын 2,5 есеге арттыруына жағдай жасады. Осының нәтижесінде өткен күзде жиналған картоп өнімі 2 есеге көбейіп, мұның өзі облыс және Астана тұрғындарын картоппен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік жасады. Көкөніс алқабының көлемі де 20 пайызға артып отыр.
Картоп және көкөніс өнімдерін сақтау мақсатында жылы қоймалар салу жобалары жүзеге асырылуда. Қазіргі күнге дейін жалпы сыйымдылығы 20 мың тонна болатын осындай 4 жоба іске қосылды. Майлы дақылдарды өңдеу бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Атбасар ауданындағы “Сочинск” ЖШС-інде жылына 1200 тонна өнім шығаратын зауыт іске қосылды. Осындай цехтар Бурабай, Зеренді және Қорғалжын аудандарында да жұмыс істей бастады.
2009 жылы жаңадан іске қосылған кәсіпорындардың есебінен ет өнімдерін шығару көлемі 42 пайызға өсті, шұжық өнімдері 5,4 пайызға көбейді. Құс шаруашылығы жедел қарқынмен дамуда.
Баяндамашы одан әрі индустриялық-инновациялық ахуалға кеңінен тоқталды. Қаржы және экономикалық дағдарысқа қарамастан, индустриялық кешенде 127 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл – алдыңғы жылғы көрсеткіштің 91,9 пайызы. Бірақ, өткен жылдың екінші тоқсанынан бастап саладағы құлдырау тоқтатылып, өндіріс көлемінің өсімі байқалды. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша атқарылған шаралардың арқасында жергілікті кәсіпорындардағы кірпіш шығару, цемент өндіру, ағаш бұйымдары мен құрылыс заттарын дайындау көлемі артты.
“Васильков тау-кен комбинаты” АҚ жобалық қуаты жылына 13 тонна алтын айыратын байыту фабрикасының құрылысын аяқтады. “Тыныс” АҚ полиэтилен құбырларын шығаратын жаңа желі іске қосылып, өндіріс көлемі 2,8 есе өсті.
Жалпы, облыстық бағдарлама шеңберінде құны 18 миллиард теңгенің 12 жобасы іске асырылды. Жолдауда атап көрсетілгеніндей, алдағы кезде индустриялық-инновациялық қарымның қуаты экспорттық бағыт ұстанатын болады. Әкім әрбір инвестициялық жоба бойынша жұмыс кестесі бақылауда ұсталатынын айтты. Салаға қаржы құю 40 миллиард теңгеге жетпек. Мақсат – жаңадан 3000 жаңа жұмыс орнын құру.
Тұрғын үй құрылысының жоспарланған көрсеткіші 44 пайызға асыра орындалып, оның көлемі 157 мың шаршы метрден асып түсті. Көкшетау қаласында дәрігерлер үйі және ардагерлер үйі іске қосылды. Білім беру және денсаулық сақтау салалары қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер де көптеп салынуда. “Нұрлы көш” қанатқақты жобасы бойынша Краснояр кентінде 276 оралмандар отбасына арналып 138 үй салынып, оған 276 оралман отбасы қоныстанды.
Облыс әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы әлеуетті, ондағы атқарылған елеулі табыстарды тілге тиек етумен қатар, Астанамен серіктес елді мекендердегі инфрақұрылымдарды дамытудағы проблемаларға назар аударды. Бұл жеке тұрғын үй құрылысына телімдер бөлу кезінде электр қуатымен, сумен және жолдармен қамтамасыз етуге қаржының жеткілікті қарастырылмағандығынан туындап отыр. Аталған жерлерде салынған білім беру және медицина мекемелері халық санына сәйкес келмейді, аз. Әлеуметтік сала бойынша 40 нысан құрылысын тұрғызу қажет, бұған облыстың қаржы мүмкіндігі жетпейді. Осыған байланысты аралас ресурстарды пайдалану бағдарламасының жобасы талқыға ұсынылды.
Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасымен Көкшетау қаласында және Шортанды ауылында тұңғыш Президентіміздің дарынды балаларға арналған мектептері ашылды. Еңбек рыногы сұранысын ескере отырып, 2008 жылмен салыстырғанда мемлекеттік білім беру тапсырыстары колледждерде 30 пайызға, кәсіптік лицейлерде 25 пайызға өскен.
Ақмола облысындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру стратегиясында тұрғындар денсаулығын сақтау мен нығайту басым бағыт ретінде белгіленген. 2009 жылы саланы дамытуға 17,4 миллиард теңге бөлінген, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 3 есеге артық. Бұл – ана мен бала денсаулығын қорғау, туберкулез ауруын төмендету, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру, кадр саясаты сияқты мақсатты салаларды сауықтыруға мүмкіндік бергені айтылды.
Ең бастысы, тұрғындардың денсаулығын жақсарту денсаулық сақтау саласының ғана емес, баршамыздың міндетіміз деп түсіну қажет. Осы ретте, саламатты өмір салты кеңінен насихатталып, балалардың ерте жастан дене тәрбиесі, спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалуы тиіс.
А.Рау 2010 жылдың басым бағыттары мен міндеттері қатарында жаңа технологияны енгізу есебінен индустриялық-инновациялық даму, еңбек өнімділігін арттыру, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, “Жол картасы” бойынша инфрақұрылымдық жобаларды жалғастыру, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асыру, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын атап өту, ауылдық елді мекендерге әлеуметтік сала қызметкерлерін көптеп тарту мәселелерін атап өтті.
Баяндаманы талқылауға облыстық мәслихаттың депутаттары – Целиноград ауданындағы “Астық” АФ төрағасы Марат Қамзебаев, Атбасар қаласындағы “Аждар және К” кооперативінің басшысы Аждар Тайшытов, облыстық “Арқа ажары” газетінің бас редакторы Жабал Ерғалиев, Көкшетау қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Сергей Зибаров, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің студенті Индира Сүлейменова қатысып, облыс әкімінің жылдық жұмысына қанағаттанарлық баға берді.
Есепті жиналысқа Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов қатысып, сөз сөйледі.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.