• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2011

Елімізді төрге оздырған тәуелсіздік

333 рет
көрсетілді

Қазақ – өнегелі халық. Береке-бірлікті,  ынтымақты, ел­дік­ті ту еткен  ата-бабала­ры­мыз:  «Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жерде – соқпақ,  мың қадам жүр­ген жерде жол қалады»,  деген ұлағат қалдырған.  Ба­йыптап үңілген жанға  бұл сөз­дің мәні өте терең. Халқымыз­дың ел болу тарихында  аз ғана топ із салып, ол іздердің  ау­ма­ғы кеңейіп, жүздеген адамдар жүрген соқпаққа айналып,  бірте-бірте  мыңдарды үлкен жол­ға – іргелі   жұрт болу  жо­лын­дағы Ұлы көш жолына түсір­гендігіне мысалдар аз емес. Тәуелсіздікті ойлағанда КСРО көзге елестейді. Бұл империя оп-оңай тізе бүге салған жоқ. Ол  державаны осыған мәж­­бүрлеген, кенеттен ұйқы-тұйқы етуге итермелеген себеп-салдар көп еді. Сол күр­делі, әлемдік тарихта маңызы зор оқиғалардың бірі емес, бірегейі 1986 жылғы әйгілі Жел­тоқсан оқиғасы болды. Қазақ жастарының бұл наразылық толқуы тек Қазақстан үшін ға­на  маңызды болған жоқ, бар­лық бұрынғы одақтас республикалар үшін шешуші тұтқаға айналды десек те болады. Жас­тарымыздың өктем үні азулы да айбынды империяны қатты шошытты, олар бұл оқыс іс-әрекеттердің одақта жаппай қолдау тауып, белең алып ке­туі­нен қорықты.  Ол солай бо­лу­ға тиісті де еді. Сондықтан да олар қолда тізгін барда мұның қанат жайып кетпеуіне күш салып, жөргегінде тұншықты­руға тырысты. Осы бір еліміз үшін сын са­ғаттары соғып жатқан жауапты шақ­тарда мен Алматы архитек­туралық құрылыс институ­ты­ның доценті едім. Күні-түні кезекшілік қойып, жастарды тексе­рің­дер, жатақханалардан шығар­маң­дар деп қатаң талап қойылып жатты. Бірде бізді полковник шеніндегі орыс азаматы жинап алып: «Қазір бәріңізге бұзақы­лардан қорғану үшін қолдары­ңыз­ға арматура береміз, абай болыңдар, жаппай шабуыл бо­луы мүмкін», – деп қамқорси қорқытты. Сол жерде тұрған он­шақты оқытушы – қазақ жігіттері бірде-біреуі мұндай қаруды ал­май тастап кеттік. Кешкілік жа­тақханаға келсек, есік алды тол­ған әскер, милиция. Кімнің үсті су «сендер алаңнан кел­діңдер, сендерді сумен атқы­ла­ғаны көрініп тұр», – деп студенттерді тексеріп жатты. Қолымыз­дан келгенше бірнеше баланы ішке кіргізіп, аман алып қалдық. Бірнеше оқытушы партия қата­рынан шығарылды. Елім деп шырқырап, кеуделерін оққа төсе­ген жазықсыз қыз-жігіттері­міз­дің ашынған халін көрудің өзі ауыр еді. Бірақ олар ұлы іс ат­қарды. Тарих бетінде олардың сол тәуекел әрекеттері өз ізін өшпестей етіп қалдырды. Біздің арамызда жүрген сол қыз-жі­гіттер – бүгінгі үлкен азаматтар тәуелсіздікке өз үлесімізді қос­тық деп зор мақтаныш сезімімен еңселерін тік ұстап жүруге то­лық хақысы бар. Сол кездегі кеңестік жүйенің кейбір идеологтары айтып дә­лел­деуге тырысқандай, бұл мас­күнемдер мен нашақорлар­дың басын қосып, бірігіп жа­са­ған ақымақшылық, есерлік, даң­ғаза іс-әрекеттер емес еді. Тарих талабы алып келген, заманы ту­дырған заңдылық еді. Осы тарихи замана талабының сынын қаймықпай көтерген халқымыз­дың аяулы қыз-жігіттері бола­тын. Бұл біз үшін зор мақтаныш сезімін тудырады. Тәуелсіздік тарихының жаңа замандағы жарқын беттері осы­лайша жазылды. 1990 жылғы наурыз айында он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конститу­ция­сы­на (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» Заңы қабылданып, Қазақ КСР Президентінің қызметі таға­йын­далды. Еліміздің Тұңғыш Пре­зиденті болып Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев сайланды. 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» дек­ла­ра­цияны қабылдап, тұңғыш рет еліміздің халықаралық құқық субъек­тісі ретіндегі мәртебесі айқындалды. Осы он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Респуб­ли­ка­сының мемлекеттік тәуел­сіздігін жариялады. Осынау тарихи оқиғаларға толы толғаныс күндері Білім министрлігінде істеп жүрген уақытым еді. Тәуел­сіздігіміздің Заңы қабылданған күні Алматының барша халқы жаңа алаңға жиналды. Халық­тың санына көз жетпейді, ине шаншар жер жоқ. Бәрі көңілді, жүздері бал-бұл жайнайды. Бір-бірімізді құшақтап, сүйіп, тани­тын-танымайтыны бар «сүйінші­леп» жатырмыз. Бөркімізді ас­пан­ға атудамыз. Мінберде Нұр­сұлтан Әбішұлы, ел ағалары, республика басшылары. Шешендер бірінен соң бірі сөйлеп жа­тыр. Бір мезгілде орта жастағы, ұзын бойлы бір бауырымыз «мен сөйлейінші» деп мінбеге көте­рілді де: «Ата-бабамыз аңсаған ақ таң бүгін атты. Қазақ, қуан, қазақ, жыла бүгін», – деп Шәм­шінің «Менің Қазақстаным» әнін шырқап қоя берді. «Осы ән біздің ұранымыз, біздің гимніміз», болсын деп жар салды. Барлық халық қосылып осы әнді шырқадық. Тұла-бойым тітіркеніп, дірілдеп көзімізге жас алдық, «Тәубе! Тәубе!» деп күбірлеп тұрдық. Сол күн­дер, міне, жиырма жылдай өтсе де әлі де көз алдымда күні кеше болғандай ап-айқын тұр. Бұл ел тарихының беттерінде алтын әріппен жазылған, қазақша ұғыммен айтсақ, ақ тү­йенің қарны жарылған, мил­лиондаған жүректерді қуа­ныш­қа бөлеген, тілмен айтып жеткізгісіз, халқымызды зор ба­қыт­қа жеткізген ұмытылмас шақ еді. Осынау тарихи ке­зеңге данышпан Абай мен Шо­қан, Ыбырайлардың, отаршыл­дыққа қарсы күрескен Кене­сары, Махамбеттердің ғасы­рында жете алмадық. Біз Қазақ елінің азаматтығы үшін күрес­кен алаш қайраткерлері Әли­хан, Міржақып, Ахмет, Мағ­жандардың, Кеңес өкіметі хал­қына бақыт әперетініне қалт­қысыз сенген аяулы арыстар Сәкен, Ілияс, Бейімбет көре алмай кеткен тәуелсіздік таңын көзімізбен көрдік. Қазіргі жылнамамыз жүрек жылуымен жазылуда. Тәуелсіз­дікке қол жеткізген жылдардан бергі елімізде атқарылған ұлы мемлекеттік істер, ауқымды іс-шаралар жетіп-артылады. Ұлы өзгерістердің, мемлекет абы­ройын көтеретін ауқымды іс­тердің басында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрды. Уақыт Елбасымыз ұстанған бағыттың дұрыс екенін дәлел­деп берді. Қазақстан санаулы жыл­дар­дың ішінде дүние жү­зіне та­нымал әлеуетті елге айналды. Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығы және Азия елдері арасында бірінші болып Еуропадағы қа­уіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына жетекшілік еттік. Осы беделді ұйымның Астанада өткен Саммиті де ел тарихындағы ай­тулы оқиғалардың бірі. Ең бастысы – халқымыз­дың замана көшінде артта қалып қоймай, нық сеніммен алға ба­сып келе жатқанымызға сеніміміз мол. Елімізді алдағы уақыт­тарда да тәуелсіздік тұғыры­мызды нығайта түсер үлкен істер күтіп тұр. Осы жолда халық болып сенім артқан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы да сындарлы басшы­лығымен алға баса беретіндігімізге күмәніміз жоқ. Бағы­тымыз айқын. Елбасы мұны биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жол­дауын­дағы қуатты, жарқын бағдарламасымен де дәлелдеп отыр. Біз нық қадаммен, еңсе­мізді тік ұстап, Тәуелсізді­гіміз­дің жиырма жылдық абы­ройлы белесіне көтеріліп келеміз. Найман ҚАЛАБАЕВ, Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор. Ақмола облысы.