• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2011

«Ерке-Нұр» компаниясының президенті Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ: «Өнерімді арнадым өз еліме...»

770 рет
көрсетілді

Қазақстан тәуелсіздігін алып, жұмыр жерге жар салғанда ең алдымен тағдырдың жа­зуымен әлемнің әр түкпірінде шашылып жүр­ген қандастарымыздың жүректері жарыла қуан­ғанына да жиырма жылдың жүзі бо­лыпты. Содан бері атажұртқа бір жарым миллиондай ағайындарымыз оралса, еліміздің осы уақыт ауанында қол жеткізген жетістіктері мен табыстарына сол оралман бауырла­рымыздың қосқан үлесі де зор. Солардың бірі тарихи Отанына егемендіктің елен-алаңында маңдай тіреп, халқымыздың баға жетпес құндылығы – ұлттық киімдерді тігіп, оны мазмұндық жағынан да, түр-түсі, үлгісі жағынан да жаңарған модельдерімен өзімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танытып, насихаттап жүрген «Ерке-Нұр» компаниясының президенті Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫМЕН той қарсаңында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен-ді. – Фарида Мерхамитқызы, елге орал­ғаныңызға 20 жылға таяп қа­лыпты. Тәуелсіздігімізбен бірге өсті­ңіздер, өндіңіздер. Өзіңіз 1997 жылы құрған «Ерке-Нұр» атты фирмаңыз бүгінде жеңіл өнеркәсіптің дамуына серпін берген үлкен компанияға ай­налды. Тігін өнеркәсібін дамыттыңыз. Атажұртқа келе салып жұмысыңызды тігіншіліктен бастауыңызға не себеп болды? – Адам не нәрсе істесе де жанына жа­қын жұмысты іздейді ғой. Мен де бала кезден жүрегіме, жаныма жақын іспен ай­налысуды жөн көрдім. Қытайдағы қа­зақтардың қаймағы бұзылмай, ол жақта да қолөнердің түр-түрі күні бүгінге дейін жақсы сақталып, өрістеп келеді. «Елім-айлап» ән салып отырып іс тігетін ісмер аналарымыздың қолынан шыққан дү­ниелерге тамсанып, кішкентайымыз­дан қанығып өстік. Сонымен қатар, ата-ба­баның қанымен берілген өнерге деген іңкәрлігім мені тігіншілікке алып келді деп ойлаймын. Атам Қабыл он сауса­ғы­нан өнері тамған кісі болыпты. Музыка­лық аспаптарды еш қиындықсыз-ақ жасап алып және тәп-тәуір ойнаған көрі­неді. Әкем Мерхамит Пекин универ­ситетінің атом-физика факультетінде ал­ғаш білім алған қазақтардың бірі. Десе де туған жері Шәуешек қаласында мәдениет саласында қызмет істеді. Сурет салатын таланты мен Алланың берген музыка өнері арқасында өмірінің соңына дейін осы салада еңбек етті. Балалары­ның тұңғышы болғандық­тан, әкем маған ерекше көңіл бөлетін. Мені қасына ертіп дүкеннен мата сатып алатын да, тігін шеберханасына апарып, неше түрлі киімдер тіктіріп беретін. Талай рет мектеп мұғалімдерінің «киіміңді ауыстырып кел» деп сабақтан босатып жіберген кездері болған. Әкем тіктіріп берген киімдер тозыңқырап қалса да сіңлілерім таласып киетін. Ендеше, менің сапасы мен сәні жарасқан әдемі киімдер тігуді қолға алуым кездейсоқтық емес. Атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі өнер мені де өзіне баурап келеді. Екіншіден, атажұртқа келгеннен кейін дәл осы саланың дамымай жатқаны, әсіресе, ұлттық киімдерге жаңа серпін беру керектігін сезіндім. Ұлтымыздың бай өнерін қара базардағы қырғыздың арзанқол дүниелері алмастырып жатқа­ны­на қарап жаным ауырды. Осылай елге деген сүйіспеншілік пен өзім таңдаған кәсіпке деген ыстық ықылас зор табысқа кенелтіп, жетістіктерге жеткізді. Бір кәсіпті бастаудың өзі де оңай шаруа емес. Бүгінде «Ерке-Нұрдың» негізі үш тігін машинасымен қаланды дегенге біреу сенсе, біреу сенбес. Десе де күні-тү­ні тынбай еңбек ету қарапайым адамды биікке жетелейтіні рас. Аллаға шүкір, қазіргі таңда жүзден астам адамды жұмыспен қамтып, өзіндік ерекше бағыт-бағдармен көпші­лік­тің ықыласы­на бөленіп отырмыз. «Ерке-Нұр» кәсіпорны – ұлттық киім және ұлттық киім үлгілерінің негізінде өркениет талғамына сай қазіргі заманғы киім тігеді. Бүгінде өзіндік ерекше бағыт-бағдарымен көпшіліктің ықыласына бөленіп, талғамы жоғары тұтынушының сұранысын қанағаттандырып отырған кә­сіпорын халқының салт-дәстүрі мен қол­өнер шеберлерінің ежелгі әдісін сақтай отырып, ерлерге, әйелдерге және бала­ларға арналған жоғары сапалы киім үлгі­лерін, мектеп формасын, сонымен қатар әртүрлі арнайы жұмыс киімдерін және сыйкәделер шығарады. Сәні мен сапасы үйлескен «Ерке-Нұр­дың» тауарлары нарықта үлкен сұраныс­қа ие. Талай жұрттың төрінде тұрған «Ерке-Нұр» өндіретін жоғары сапалы өнімдер халықтың қажетін өтеп, ұлттық қолөнерімізді жаңғыртуда. Еліміздегі жылт еткен жаңалықтан шет қалмауға тырысамын. Мәселен, Қа­зақ­станды әлемге танытқан Азия ойын­дарына арнап кәдесыйлар да жасадық. Бұл мен үшін де, ұжым үшін де айтып жеткізгісіз мақтаныш. – Ата-бабаларыңыздың кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншілігі сіздің жүрегіңізден қалай орын алды? – ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында Шығыс өңірден ауа көшіп, Тарбағатай­дың күнгей бетіне қоныс тепкен ағайын­ның ұрпағымыз. Әжем айналасында шүпір­леген немерелерінің басынан сипап қойып: «Қайран жерім-ай, артта қалған елім-ай» деп жиі егілетін еді. Сөйтсек алыста қалған, шекараның арғы бетіндегі кіндік кескен атамекенін аңсап, аһ ұрады екен ғой. Біз бала болған соң, ол сөздердің парқына жете қоймаппыз. Десе де, әже­леріміздің туған жерге деген сағы­нышы біздің жүрегімізге отаншылдықтың ұрығын септі деп ойлаймын. Кішкентай кезімізден құлағымызға құйған «қазақ дейтін ұлтың бар, қазақ елі дейтін жерің бар, Қазақстан – сенің ата қонысың» деген сөздер санамызда әбден жатталып қалды. Бала күнгі сағы­ныш, бала күнгі арман-мақсаттарға ес жиып, етек жинаған сәтте қолымыз жетті. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін шет елдерде тарыдай шашылып жүр­ген ағайындарды тарихи Отанына қайтару мәселесін қолға алған кезде Қытайдағы қазақ жастары іркіліп қала алмадық. Ал­дың­ғы лектің қатарында жолдасым Талғат Мамырұлы екеуміз де болдық. Қытайда баспада редактор болып қыз­мет істедім. Ғылыми-техникалық кітаптар шығаратынбыз. Жұбайым Талғат Мамыр­ұлы Шыңжаң университетінде оқытушы еді. Ол кісінің мамандығы информатик-физик. Ол Ұлттық ғылым академиясына қыз­метке шақырту алды да, артынан көп ұзамай туған елге мен де келдім. Сөйтіп, біздің маңдайымызға алғашқылардың бірі болып, атамекен топырағын басу бақыты бұйырды. Ғылым академиясының жатақ­хана­сы­нан аядай бөлмеге көшіп келдік. Алғашқы кездері кішкентай ғана бөлмеде тұрудың қиын болғаны рас. Бірақ бізді құ­шақ жая қарсы алып, сол бөлмеге орна­ласуымызға септігі тиген азаматтардың ағайындық әрекетіне бүгінде ризашылы­ғымыз шексіз. Сол кездері ол кісілер туралы дәл осылай ойламаған едім. Қуықтай бөлмеге қамап қойды деп ренжідік те. Қазір ойлап қарасам, бір үзім нанын бөліп беруге дайын тұрған ағайынның бұл әрекеті бізге көрсеткен шексіз қамқорлығы, риясыз көңілі екен. Тәуелсіздіктің уығы енді ғана қадалып жатқан кезеңде, әрі қазіргідей көші-қон мәселесі реттелмеген, нарықтық экономика таңдалмаған, оны дамытудың тетіктері жасала қоймаған уақытта, оралмандар түгілі жергілікті тұрғындардың өздері де жұмыссыз болғандықтан, күнкөріс қа­мының қиын кезеңіне дөп келдік. Осындай қиын-қыстау кезде қайтадан кетіп қалуға да болатын еді. Бірақ біз елінің тәуелсіздік алуын жат жерде жүрсе де армандап өткен ұрпақтың балаларымыз. Ата-әжелеріміз туған жердің топырағына жетуді өмірбақи армандап кетті. Бабаларымыз аңсаған азат­тыққа, тәуелсіздікке біздің қолымыз жетті. Ендеше, біздің бұл көрген қиындығымыз, ештеңе емес. Біз әлі-ақ аяғымыздан тұрып, қадам басып кете аламыз деген сенім болды. Өмірде қиындықтарды жеңу үшін бір шаруаны қолға алып, бизнестің көзін табу керектігін түсіндік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары на­рық­тың заңына үйренбеген елдегі ағайын­дар сауда-саттықты алыпсатарлық­тан бастап, базарға шықты. Бұл жағдайды біз де бастан кештік. Еңбегіміз жанып, қолымызға біршама қор жиналғаннан кейін, өз кәсібімізді бастауды жөн көрдік. 1997 жылы «Мерха­митқызы» кәсіпорнын құрып, соның негізінде 2000 жылы жаңа өндіріс орнының негізін қаладық. Ұлдарымыз Еркебұлан мен Нұр­сұл­танның есімдерімен үйлестірілген «Ерке-Нұр» компаниясы осылайша дүниеге келді. – Естуім, сіздерде Сән орталығы да жұмыс істейтін көрінеді. Қазақтың сәнді ұлттық киімдерімен талай елді аралап, қатысқан бәйгелерден оза шауып, Еуропа, Шығыс Азия елдерін тамсандырып қайттыңыздар емес пе? – Кәсіпорын жанынан 2004 жылдан бері «Ерке-Нұр» Сән театры жұмыс істеп келеді. Жыл сайын жаңа коллекциялармен толыға түсетін Сән театры ел тәуелсіздігінің 15 жылдығы кезінде Германия, Бельгия, Голландия, Америка елдерін аралап, қазақтың киім үлгілерін көрсетіп, үлкен құрметке ие болып қайтты. Сондай-ақ, Қытай, Түркия, Германия, Швеция, Ресейде өткен бүкіл­әлемдік сән өнері сайыстары мен фотомодель байқауларында «Ерке-Нұрдың» киімдері жүлделі орындарды иеленді. 2007 жылы «Жыл таңдауы» байқауының қорытындысы бойынша «Ең үздік сән орталығы» атанды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұлтаралық келісімді нығайту жолындағы жұмысына қолдау көрсетуде компаниямыз Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. 2004 жылы 2 желтоқ­санда Ассамблеямен бірлесіп Республика сарайында қазақ халқының және Қазақстан халықтарының ұлттық киім үлгілерінен алғаш рет «Атамекен көңіл сазы» деген қойылым жасап, көрермендер назарына ұсын­дық. Сонымен қатар, Ассамблеямен бір­лесе отырып «Достық» үйінде ғылыми-практикалық конференция өткізіп, сән үлгілерін тарту еттік. Қазақстан мұсыл­­мандары діни басқармасы еліміздегі сән шеберлері арасында мұсылман қыз-келін­шектерге арналған шариғат талабына сай, қазақы нақыштармен әрленген, заманға сай тігілген киім үлгілерін жасап шығаруға бастама көтерген еді. Бес айға созылған «Әсем киім – әйел көркі-2011» байқауының қо­рытындысы бойынша 22 киім үлгісін ұсын­ған сән театрымыз бас жүлдені иеленді. – Компания тек өндіріспен ғана айна­лыспай, жаңа оқу орнын ашып, білім саласына да өз үлесін қосуда. Оқырманға түсінікті болсын, оқу орны жайында қысқаша мағлұмат бере кетсеңіз... – Мемлекеттің болашақ иелері жастар десек, мамандықты жетік меңгерген, көп тілді еркін игерген, әлемдік бәсекеге қабі­летті, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Осы орайда «Ерке-Нұр» компаниясы 2007 жылы халық­аралық қазақ-қытай тіл академиясы колледжін аштық. Аталған оқу ордасы алты түрлі мамандық бойынша орта буын кәсіби-техни­калық кадрлар дайындайды. Білім ордасын жұбайым Талғат Мамырұлы бас­қарады. Сон­дай-ақ кәсіпорын жанынан «Ерке-Нұр» – Шарапат» қоғамдық қорының құрылғанына аз уақыт болса да, қиналған жанның жанынан табылып, жетімнің басы­нан сипап дегендей, игі істерімен көпшілік­тің алғысына бөленіп келеді. Халықаралық қазақ-қытай тіл академия­сы мен колледжінде оралман жетім және тұрмысы төмен отбасынан шыққан жиырма­дан астам сту­денттің тегін білім алуына, жа­тақ­ха­намен қамтылуына жағдай жасап отыр­мыз. Студенттердің Қытай Халық Республика­сында қытай тілінен алған білімдерін тәжіри­бе­мен ұштап қайтуына көмек қолын созудамыз. – Фарида Мерхамитқызы, елімізде жүргізіліп жатқан көші-қон саясаты жайлы не айтасыз? – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ мемлекет саясатындағы басты ұстаным­дардың бірі шеттегі қандастарға қатысты болды. Сол кезде Ұлт көшбасшысы Елбасы Н.Ә.Назарбаев бауырларымызға құшағы­мыз ашық деп, әлемге жар салды. Содан бері Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында миллионға жуық қандасымыз елге оралу бақытына ие болды. Соның есебінен республика халқы бір жарым миллион адамға көбейді. Бұл, сөз жоқ, ұлтымыздың ұлы жетістігі. Осы жылдың мамыр айында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрыл­тайында Елбасының: «Шеттегі бауырла­рымыздың табанына кірген шөңге біздің жан жүрегімізді сыздатуы керек... Туған елге табан тіреймін, көшіп келем деушілерге қашан да есігіміз ашық екенін мен тағы да қайталап айтамын» деген сали­қалы пікірі Қазақстандағы этникалық көші-қон саясаты­ның негізгі ұстанымына айналуы қажет деп ойлаймын. Шынында бұл салада қол жеткізген жетістіктеріміз ауыз толтырып айтар­лықтай. Келген оралман­дардың жартысынан астамы, яғни 54 пайызы еңбек жасындағы адамдар болса, 41 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар үле­сін құрайды, ал шамамен 5 пайызы зейнеткерлер. Білім деңгейі бойын­ша: 10 пайыздан астамы жоғары білімді, әр­бір бесінші адамның, яғни 234 мың адамның ар­наулы, 65 пайызының жалпы орта білімі бар. Өкінішке қарай, көші-қон саласында келеңсіздіктер де жоқ емес. Бұл жөнінде Елбасы төртінші құрылтайда: «Бұл орайда бір нәрсені кәперде ұстаған жөн. Соңғы кезде берілген квота толмауда...» деп шеттен келетін қазақ көшінің баяу­лағанына өз ренішін білдірген болатын. Сондай-ақ Елбасы: «Кеңінен талқыланып қабылданатын жаңа көші-қон заңы қандастарымыздың жағ­дайын жақсартуға септігін тигізеді деп есептеймін. Ол қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюға тиіс...» деп қадап тапсырды. Шынында көші-қондағы күрделі жағдай дәл Елбасы алаңдаған осы мәселе­лерден туындап отыр. Алдағы уақытта бұл мәселелер де өз кезегінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен белсенді жұмыс­тары нәтижесінде оң шешімін табады деп ойлаймын. – Сіздің бастамаңызбен, ұйымдас­тыруыңызбен «Қазақстандағы оралмандар мәселесі бойынша тұрақты жұмыс комиссиясы ұйымының тұжы­рымдамасы» жасалғанынан хабардар­мыз. Тұжырымдама жасаудың қажет­тілігі неден туындады? – Мен қашанда қоғамда болып жатқан кез келген мәселеге сергек қарауға тыры­самын. Кәсіпкер болсам да саяси, мәдени оқиға­лардан өзімше ой түйіп жүремін. Қытайдан көшіп келген күннен бастап, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласа бастадым. 1999 жылдан Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы атынан Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) іс-шараларына қаты­на­сып жүрдім. Өзім де оралман болған­дықтан, еліне оралған қазақтардың көкейкесті мәсе­лелерін жақсы білемін. Содан болар, маған Ассамблея үлкен сенім артады. «Ерке-Нұр–Шарапат» қоғамдық қоры­ның есебінен «Қазақстандағы оралмандар мәселесі бойынша тұрақты жұмыс комис­сиясы ұйымының тұжырымдамасын» жасауыма себеп болған негізгі жағдайдың бірі – Көші-қон комитетінің тарап кетуі болды. Бұл жәйт, маған қатты әсер етті. Себебі, бүкіл оралманның қамқоршысы осы комитет еді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы негізінен шетелдегі қазақ диаспорасымен жұмыс істейді. Осындағы оралмандардың тағдырын шешу – олар­дың басты міндеті емес. Ал көші-қон поли­циясына көп адам құжаттарын жөн­деуге, болмаса жанын мазалаған өзекті мәселесін барып айтуға қорқады. Үкімет­тің ресми органына барғанмен, оларға кіру оңай шаруа емес. Міне, осындай жағдайдың бәрін сараптап, ойланып жүрген болатынмын. 2003 жылдан бері ҚХА-ның мүшесі болғандықтан, биылғы жылы Ассамблея­ның Астанада өткен сессиясында құрмет­ті төралқалардың қатарында отырдым. Сол сәтте қатты толқып, өзіме қатал сынмен қарап: «10 жылдан бері Ассамблея мүше­сімін, ал мен қандай жұмыс тындырдым? Елімнің, осы қоғамдық ұйымның өскенін, мәртебесінің биіктегенін көріп отырмын. Маған осы құрмет не үшін бұйырды?» – деп, елімнің алдын­дағы жауапкершілігімді сезіндім. Өзімнің азаматтық борышымды өтеп, оралмандар мәселесі бойынша жұмыс істеуге бекіндім. Содан өз қаражатыммен жұмыс то­бын ұйымдастырып, 20 жыл ішінде орал­мандардың қандай проблемалары бар, соған талдау жасадық. Яғни, тұжырым­даманы жасаудың негізі сол болды. Әсіресе, бұл қазақ мәселесі екеніне көзім жетті. Себебі, қазіргі таңда оралмандар Қазақстан­дағы халықтың 10 пайызын құрап отыр. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Қазақстанға қоныс аударушылардың ағымы 2050 жыл­дарға дейін үздіксіз арта береді. Ендеше, қазақ халқының санының артуы бүгінгі күннің № 1 мәселесі десек, шетелдегі аға­йын келе берсе демография да күшейетіні сөзсіз. – Жасаған тұжырымдамаңыз қан­шалықты қолдау тапты? – Тұжырымдама тиісті мемлекеттік, қоғамдық ұйымдарға жолданған болатын. Құзіретті билік тармақтары тарапынан қолдау тапқандықтан ҚХА-мен бірлесіп дөңгелек үстел өткіздік. Қазір 2011 жылдың 20 шілдесіндегі Президент Әкім­шілігі Басшысының қарарына сәйкес ҚХА-ның шеңберінде Қазақстандағы оралмандар мәселесі бойынша тұрақты жұмыс комис­сиясын құру мәселесі қаралып жатыр. Кеңестік кезеңде жергілікті ұлт өкіл­дері дінінен, тілінен және салт-дәстүр­лерінен алшақтады. Оралман болса, рухани қаймағын жоғалтпаған қазақ. Осы тұрғыдан алғанда, тұжырымдама сырт­тағы, іштегі қазақтың өзара арала­сып, қалыптасып кетуіне жағдай жасай­тын маңызды құжат. Әрқилы мемлекеттен келіп, тіл және басқа қиындықтарға ұшы­раған оралманға қолдау көрсету де, олардың көкейкесті мәселелерін шешу де осы тұжырымдаманың еншісінде. Егер алға қойған мақсатымыз орындалып жатса, онда Елбасының елдің тұрақтылығын сақтау мен дамыту жөніндегі саясатына мысқалдай болса да қосқан үлесіміз болар еді деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.