• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2011

Елбасы және ел спорты

1458 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің атар таңы да, батар күні де оны санаумен бағалы емес. Сол күндерде нендей ғанибет іс істедің, халыққа қайырым болар қандай жұмыс орындадың, еліңе күн сәулесі аямай төгілердей бітірген шаруаң қайсы – 20 жылдың бағасын осылар бермек. Эко­номика, саясат, мәдениет тақырыптары басын қар басқан бір-бір шың болған­да ел намысын жоқтайтын да, қорғай­тын да Спорт өнері осынау Тәуелсіздік жылдарының тынысын айқын сездіретін дүрс-дүрс соққан жүрегі болғаны жасырын емес. Олай болса, жиырмаға толған Тәуелсіз елдің талшыбықтай солқылдаған спорт өнері жайлы және сол өнердің маңдайынан сипап, арқа­сынан қағып, қолтығынан демеген қабырғалы қайраткер жайлы болмақ бүгінгі әңгіме. Ол жан – Тәуелсіз қазақ елінің Тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Көзі қарақты жанға белгілі, Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары бұрынғы Кеңес Одағы кезінде салынып, пайда­­ланып келген инфрақұрылымдар қысқа мерзімде не тозып, не қолды болып, спортымыздың дамуына пайдасын тигізе алмай қалды. Ал, экономикалық ахуалдың күрделілігінен көптеген спорт нысандары жекешелендіріліп, әсіресе бұқаралық спорттың дамуында қиын да күрделі кезең орнады. Бірақ Елбасы елдік істердің бірі ретінде Қазақстан халқының болашағына тікелей тұтқа болатын бұл саланы назардан тыс қалдырған жоқ. Тәуелсіздіктің үшінші жылы табалдырықтан аттаған сәтте-ақ Елбасының нұсқауымен Қа­зақстан Үкіметі «Қазақстан Республи­ка­сы­ның «Қайрат» ауыл дене шынық­тыру-спорт қоғамының жұмысын жетілдіру туралы» №556 қаулысын қа­был­­­­дады. Бұл дәл сол күннің еншісі болудан гөрі ел спорты стратегия­сы­ның көрінісі болған қаулы еді. Ал, 1995 жылы Елбасының «Қазақстан Рес­публикасында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі шұғыл шаралар ту­ралы» Жарлығы шықты. Кеңес Одағы тараған кезде шашылып кеткен ел спорты енді-енді етек-жеңін жинап, бо­лашақ алынар асуларға маңдай бұ­рып, әлемдік қауымдастық көшінде сенімді қадам жасай бастаған еді. Ұза­май Елбасының Жарлығымен «Қазақ­стан Республикасында бұқаралық спортты дамытудың 1996-2000 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік Бағдарла­масы» қабылданды. Стратегиялық дейтініміз сол, жас мемлекет ең әуелі қай істің де тамырын тереңдететін шараны қолға алуы, соны басым сала етуі қажет болатын. Спорт саласындағы Тәуелсіз елдің тұңғыш ресми қау­лы­лары мен жарлықтары ел денсаулы­ғына деген қамқорлық – бұқаралық спортты жолға қоюға арналып жатса, одан асқан ойлы қадамды таңдау да, табу да мүмкін емес болатын. Мұның бәрі құрғақ сөз, жансыз санамалаулар емес. Жоғарыдағы қаулы­лар мен жарлықтардың аясында, соны­мен қатар, тікелей іс барысында жа­салған қамқорлық нәтижесінде, кеше ғана шаңырақ көтерген жап-жас Қазақ елі өзі дербес мемлекет ретінде қатыс­қан екі жазғы Олимпиялық ойындарда 200-ге тарта мемлекет арасынан біріншісінде 24, ал келесісінде 22-ші (!) орын алып, айды аспанға бір-ақ шы­ғарды. Міне, осындай толағай табыс­тар толқынында тұрған сәттің өзінде Елбасы елінің спортының ертеңіне алаңдап, 2001 жылы өзінің №570 Жар­лығымен «Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты да­мытудың 2001-2005 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасын» қа­был­дады. Бұл мемлекеттік бағдарлама­ның ел спортын өркендетуге жасаған ықпалы орасан: ең әуелі, бағдар­ла­маны іске асыру барысында спортпен шұғылданушылар саны қауырт өсті, спорт нысандары көптеп салынды, бұ­рынғы барлары күрделі жөндеуден өт­кі­зілді, жаңа заман талабына сай көп­те­ген спорт мектептері ашылды. Ке­шеле­рі ғана жаппай жабылған спорт мек­тептерінің саны елімізде 400-ге тая­ды. Спорттағы дарынды ұл-қыздар­ға арна­лып 15-ке таяу облыстық мектеп-интернаттар ашылды. Солардың ал­тын алқадай үлгісі − Алматы қала­сындағы «Шаңырақ» ықшам ауданын­дағы рес­пуб­ликалық мектеп-интерна­ты. Тәуелсіздігін жаңадан алып, еркін ел болудың әліппесін жаңа оқып жатқан Қазақстан үшін дүниенің бәрі спортқа келіп тіреліп қалған жоқ. Жас ел, жаңа қадам – дербес мемлекет ретінде өз шекарасын белгілеп алудан бастап, көрші мемлекеттермен, қала берді алыстағы алпауыт елдермен достық қатынас орнатудың қиынды­ғы­ның өзі қия жартасқа өрмелеуден бір кем емес еді. Ел ішіндегі тұрмыс ахуа­лы, ұлт пен ұлтты, ұлыс пен ұлысты тұтастыру тағы бар. Кеңес Одағының аузынан от шашқан кезінде атом бом­басы жинақталған әлемдегі төртінші территория екеніміз ше? Елбасы осы шаруаның бәрін асқан көрегендікпен бірінен соң бірін тындырып отырды. Солармен бірге спорт саласын да назардан тыс қалдырған жоқ. Аса күр­делі кезеңде қабылданған спортты да­мытудың 1996-2000 және 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламаларын жүзеге асыруды қатаң бақылауға алды. Ал, бұл бағдарла­ма­лардың орындалуы елімізде дене шы­нықтыру мен спорттың дамуына ерекше әсер етті. Айтулы кезеңдердегі Қа­зақстан спорты әлемдік көштегі ғала­мат жетістіктерімен де тарихқа алтын әріптермен жазылды. Олимпиада тұ­ғы­­­рына В.Смирнов, Е.Ибраимов, В.Жиров, Б.Жұмаділов, А.Парыгин, М.Мамыров, Б.Саттарханов, О.Шишигина, М.Ділдәбеков, Ю.Мельниченко, Б.Артаев, И.Герлиц, И.Байрамуков және өзгелердің қазақ елінің атынан шығуы шын мәніндегі ел атын төрткүл дү­ние­ге жариялаудың ерен үлгісі болды. Осының бәрінің бастауында ел спор­тына ерекше мән беріп, қамқор болған Елбасының ұлы еңбегі жатыр. Қол жеткен жетістікті ешкімнің алып қоймайтыны белгілі. Өмір ты­ным­сыз алға жылжуда. Яғни одан қа­лып қоймау үшін кезең сайын жаңа шаралар белгілеп отыру − үздіксіз даму заңы. Жоғарыдағы екі бағдарлама өз міндетін атқарды-ау деген 2006 жыл­дары Елбасының Жарлығымен «Қа­зақстанда дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2007-2011 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағдарла­масы» қабылданды. Бұл бағдарла­ма­ның өз ерекшелігі болды. Осыған дейін азат ел ретінде әлемдік жарыс­тар­ға, осы саладағы бай тәжірибелерді ортаға салған жиын-кеңестерге қатысу арқылы Қазақстан спорты өз алдына аясы бұрынғыдан да кең мақсат қоюы қажет еді. Ол – ел спортын әлемдік үрдістен кем емес дәрежеде дамыту. Яғни, халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылым орнату, әлемдік талап­тарға жауап беретін кешенді спорт құрылыстарын салу, халықаралық нор­мативтік-құқықтық талаптардан ауыт­қы­м­ау, спортты дамытудың ғылыми жетістігіне сүйену, әрине, елімізде спорт­тың көмегімен саламатты өмір салтын орнықтыру арқылы халық ден­саулығын нығайту, бір сөзбен, елімізде жан-жақты, төрт құбыласы тең мемлекет құру идеясы басым бағыт алды. Жоғарыдағы бағдарламадан кейін елімізде спортпен шұғылданушылар саны ерекше жоғарылады, салалық спар­такиадалар, мемлекеттік кешенді жарыстар, оқушылар, студенттер, ең­бек­шілер арасындағы бұқаралық жа­рыс­тар көбейді. Сонымен қатар, елімізде Қысқы Азия ойындарын өткізуге шешім қабылданып, Қазақстанның спорт саласында тарихи сахнаға шы­ғар сәті жақындады. Жасыратын түк жоқ, елімізде Қысқы Азия ойындарын өт­кізуге шешім қабыл­данып қой­­­­ған кезеңде әлемдік қар­­жы дағда­ры­сы бұрқ ете қалды да, көп елге «байтал түгіл бас қай­­ғы» кезеңі келіп жетті. Қазақстан экономикасы үшін де аса ауыр жылдар басталды. Қысқы Азия ойындарын өт­кі­зу қыл ұшында тұрды. Сол кезде Ел­басымыз Елбасыға ғана тән мінез бен шешімділік танытып, Азия ойын­дарын өткізу мәселесін күн тәртібінен алған жоқ. Еліміздің Премьер-Министрі де, спорт министрі де Елбасының бұл ба­тыл мінезін бүгінге дейін риза­шы­лық­пен қайталап айтудан жалыққан емес. Ал, VII Қысқы Азия ойындары­ның Ал­маты мен Астана қалаларында жар­қы­рап өткені бәріміз­дің көз алдымызда. Сол Ойындарға бару жолы оңай болған жоқ. Бұған дейінгі Қазақ­стан­дағы бар спорт құрылыстарында тек Азиядағы ең алпауыт Жапония, Корея, Қытай ғана өткізе алған Азия ойын­да­рын ойната алмас едік. Ол үшін ерекше инфрақұрылым мен кереметтей кешенді спорт құрылыстары қажет еді. Олар қолға алынған да болатын. Бірақ әлемдік қаржы дағдарысы қолды мық­тап байлаған да тұс осы еді... Тағы да бәрі Елбасының шешімділігіне тірелді. Нұрсұлтан Әбішұлы бастап қойған спорт құрылыстарын аяқтауға еш тол­қусыз нұсқау берді және осынау өл­шеу­сіз қиын экономикалық кезеңде қаржы көзін аша білді. Нәтижесінде, «Астана-Арена» жабық футбол стадионы, Астанадағы «Алау» мұз айдыны, «Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Барыс» спорт кешені салынып, «Қазақстан» спорт сарайы күрделі жөндеуден өтті. Алматыда ха­лықаралық шаңғы трамплиндер кешені, «Алатау» шаңғы және биатлон ста­дионы, «Табаған» спорттық-сауықтыру кешені салынып, Балуан Шолақ атын­дағы спорт сарайы, биік таудағы «Медеу» спорт кешені, «Шымбұлақ» сау­ықтыру спорт кешені жаңаша бой кө­теріп, өздерінің екінші тарихын бас­тады. Бұл аталған спорт құрылыстары тек қысқы Азиядаға арналып салынды деген жан қатты қателеседі. Бұл алтын алқадай спорт құрылыстары Қазақстан секілді жас мемлекеттің ертеңіне қыз­мет етпек. Міне, «Астана-Аренамыз­да» ірі-ірі халықаралық футбол ойын­дары өтуде, «Сарыарқада» кеше ғана велотректен әлем Кубогының жарыс­та­ры өтті, «Алауда» әлемдік коньки бәй­гесі болды, Алматыдағы шаңғы тұғы­рын бүкіл әлемнің ең үздік қанатты шаңғышылары байқап та көрді. Балуан Шолақ сарайы да, Медеу де, Шым­бұ­лақ та әлемдік жарыстардан бір сәт босаған емес. Олай болса, Елбасының сол шешімді қадамдары мен қамқор алақанының арқасында жас Қазақ мемлекетіне әлем спорты көшіп келгендей болған жоқ па? Ал, бұл – үлгі, бұл – тәжірибе, бұл – тәрбие мектебі. Бүгін­де Тәуелсіздігінің 20 жылдығын ата­ғалы отырған Қазақстанда 17 жоғары спорт шеберлерін шыңдау мектебі (оның 3-і республикалық), 25 Олим­пиа­далық ізбасарлар даярлау орталығы (оның 8-і республикалық), 15 республика спортындағы дарынды бала­лар­ға арналған мектеп-интернаттар жұ­­­мыс жасайды. Бұл – бүгінгі күннің үле­сі. Ертеңнің бағдарламасы мұнан да мол. Спорт өнерінің басты нысанасы – халық. Бұқаралық спортты мемлекеттік дәрежеде дамыту мақсаты Қазақ­стан хал­қының денсаулығын ойлаудан, ел ішінде саламатты өмір салтын ор­нық­тырудан туып отырғаны айқын. Ел­басының біз сөз еткен жарлық­тары­­­­ның түп негізінде де осындай мем­лекеттік қамқор­лықтар жатыр. Бұ­ған дәлел – Елбасы өзінің жыл сайын­ғы Қазақстан халқына жолдауларында халық денсаулығы, дене шынықтыру мен спорт, саламатты өмір салтына соқ­пай кеткен емес. Ел­басы тапсыр­масымен орындалған «Жол кар­тасы» бағдарламасы шеңберінде Қа­зақ­стан Үкіметі ел ішінде спорттың ма­териал­дық-техникалық базасының кү­шеюіне көп еңбек етті және қыруар қар­жы жұмсады. Бұл істің шыңы болатын құжат Қазақстан Республикасы Прези­дентінің халықты сауықтыру мақсаты­мен 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы. Бұл қоғамның көп саласын қамтитын үлкен құжатта дене шынықтыру мен спортқа жеткілікті маңыз берілген. Ел ертеңінің жол картасындай бұл бағдар­ламының сәулесі молынан түсетін­ күндер де келіп жетті, міне. Қарап отырсаңыздар, табалдырық­тан аттағалы отырған Тәуелсіздіктің 20 жылында Елбасы дене шынықтыру мен спортты бір сәт те назардан тыс қалдырмаған! Ал, мұндай қамқор­лық­қа республика спортшылары да лайық­ты жауабын беруде. Сонау 1992 жылы Тәуелсіздігін жаңа алған Қазақ елі Барселона жазғы Олимпиадасы мен Альбервилдегі қысқы Олимпиадаға та­раған Одақтың ортақ командасы құра­мында қатысты. Нәтижесі – 5 медаль. Ал, 1994 жылы Лиллехамерде өткен қыс­қы Олимпиялық ойындарға тәуел­сіз ел ретінде қатысқан Қазақстан бұл олимпиададан 3 медаль әкелді. Соны­мен қатар, 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен XXVI жазғы Олимпиялық ойындарға да Қазақ­стан жазғы Олимпиадалар тарихында тұң­ғыш рет тәуелсіз ел ретінде өз ұлттық құрама командасымен қатысты. Және де жер жүзін өздеріне жалт қарат­ты: Атланта Олимпиадасынан біз 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде жеңіп алып, 200-ге тарта мемлекет арасынан 24 орынға ие болдық! 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен қысқы Олимпиададан біз тағы 2 қола жүлдемен орал­дық. Қазақстан спорты­ның жұл­дыз­­ды шағы екі ғасырдың іргесінде Сид­нейде өткен XXVII жазғы Олим­пия­лық ойындарға тұспа-тұс келді. Алыстағы жасыл құрлықтан біз тағы да 3 алтын, 4 күміс медаль жеңіп алып, енді 22 саты­ға шықтық! Бұл Тәуелсіздік­тің алғашқы күнінен Ел­ба­сы қамқор болып келген қазақ спор­ты­ның тарих­қа алтын әріп­термен жазыл­ған табысы болатын. Мұнан соң Солт-Лейк Сити және Турин қысқы Олим­пиа­даларына қатыс­тық. Афина (1 ал­тын, 4 күміс, 3 қола) және Бейжің ( 2 ал­тын, 4 күміс, 7 қола) жазғы Олим­пиа­даларынан та­быс­ты орал­дық. Жал­пы, Тәуелсіздіктің 20 жы­лында Қазақ­стан спортшылары тек қана Олимпия­лық ой­ындардың 11 ал­тын, 22 күміс, 17 қо­ла жүлдесін жеңіп алған екен. Қазақ елінің көгілдір туы мен әнұраны әлем қалаларының төрін­де осынша рет кө­те­ріліп, осынша рет салтанатпен шыр­қал­ды деген сөз бұл! Тіпті кеше ғана Сингапурде өткен I жасөспірімдер Олим­пиа­дасында Қа­зақ­­станның ертеңі болар жас спорт­шы­ла­рымыз елімізге 2 алтын, 2 күміс, 2 қо­ла жүлдемен оралды. Бұл – Елбасы қам­қорлығына жастар жауабы! Қазақ елі жаңа белестің алдында тұр. Ол – Тәуелсіздіктің жиырма жы­лын­да жеткен жетістігімізді алдағы ке­зеңде еселей түсу. Ол үшін де Елбасы мен Қазақстан Республикасы Үкіме­ті­нің қамқорлығымен үлкен-үлкен алғы­шарттар жасалуда. Биыл тарихымызда тұңғыш рет Қазақстанның спорттық форумы өтті. Бұл бүкілхалықтық шарада алыс-жақын шетелдерден азуын айға білеген мамандар жиналып, Қа­зақстан спортының құдіреті мен кемшін тұстарын ортаға салып, болашақ жоспардың жолын нұсқады. Осы форум аясында ұзақ жылдар Қазақстан спортының алтын бесігі болған «Қай­рат» ерікті спорт қоғамын жаңғыртып, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлі­гі­нің бірлесіп қабылдаған Меморандум­дарының негізінде «Ел Қайраты» «Рес­публикалық ауылдық дене шынықтыру және спорт қоғамы» Қоғамдық бірлестігі құрылды. Алдағы кезеңде қос министрлік, қала берді Қазақстан Үкі­метінің қамқорлығымен осы істе артта қалып отырған және қамқорлыққа зәру ауылдық жерлерде спортты жаңа заман талап еткен дәрежеге көтеретініне сенім мол. Ауыл-селоларда дене тәрбиесі мен спорттан қаржы да, күш те аямай өркендете беру жайлы Елбасымыз тын­бай тапсырма беріп келе жатқаны да көзі қарақты жандарға белгілі. Елімізде «Астана» кәсіпқой велоклубы, «Астана» кәсіпқой баскетбол клубтары құрылып, Қазақстан спортшылары жүз­деген әлем, Азия чемпионатта­ры­нан, мыңдаған ел біріншіліктерінен қал­май қатысып жатқанының өзі Ел­ба­сының сындарлы экономикалық сая­са­ты мен дана саяси ұстанымының кө­рі­нісі. Міне, соның алтын жемістеріндей боп Тәуелсіздік алғанына 20 жыл ғана болған қазақ елінің өз ішінен үш дүр­кін әлем чемпионы шықты. Ол кеше ғана ауыр атлетикадан Париж сахна­сын дүр сілкіндірген Сыр бойының түлегі – Илья Ильин! Ал Тәуелсіздік жылдарында дүние есігін ашқан бүл­дір­шіндей қызымыз Жансая Әбдумәлік ақыл ойыны шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы болып үлгерді! Ел спортына Елбасы қамқорлығы мен ел спортшыларының ол қамқорлыққа алғысы осындай боп жатса ертеңнен де күтер жеңістеріміз аз болмасы анық. Ел спорты және Елбасы жайлы бұл жазғандарымыз үлкен баяндаудың ал­тын алқадай үзіктері ғана болмақ. Бүгінде еліміз бойынша бой көтерген кешенді спорт құрылыстарының саны мен салтанаты өз алдына. Тіпті осы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңын­да республика бойынша 172 жаңа спорт құрылысы өз есігін халыққа ай­қара ашқан екен. Мұндай ғажап күн бір мемлекетте бұрын болған ба?! Олай болса тәубе дейік, рахмет дейік, көп жаса дейік Елбасымызға. Елімізге де Тәуелсіздігіміз баянды болсын деген жарасар. Ал, сол үшін сіз бен біз, бә­рі­міз, күш-қуатымызды аямай, бір бірімізді Тәуелсіздікті көзіміздің қара­шы­ғындай қорғауға шақырсақ несі айып?! Бір елдің ұлы кемесін жиырма жыл бойы басты бағытынан бұрмай басқа­рып келе жатқан Елбасымыздың қара­пайым адам ретінде мынадай қасиет­те­ріне тоқталмасам спорттың жарысына қатысып, оның басты салтанаты − ма­рапаттауды көрмегендей боп қалар оқыр­­мандар. Елбасының өзі де нағыз спорт­шы! Теннис, гольф спортынан Нұрағаң­ның өзі тұстастарының алды болып жүргенін баспасөзден білеміз. Сонымен қатар, ел басқарған жанның уақыт тау­ып, күш-жігер аямай жаңа спорт құ­рылыстарының ашылуына, небір қызық деген спорт жарыстарына баруы мен алыстағы Олимпиада­лар­дың ашылу-жабылу салтанаттарына сапар шегуінің өзі сол жанның денесінде жанартаудай қайнап тұрған күш-қуат, рух бұлағының дәлелі. «Тәні саудың жаны сауды» бұл жерде айтып қана қою жеткіліксіз, сол сөзіңе өзің сеніп, өзің үлгі бола білсең, ғанибет. Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев дәл сондай сөзін ісімен дәлелдеген нағыз спортшы қай­рат­кер. Бұл жағынан Қазақстан хал­қы­ның маңдайының бағы бар екен. Елбасы және ел спорты! Бұл Қа­зақ­стан үшін спорттағы басты бағдар­ла­ма. Ол бағдарламаның басты нысана­сы – денсаулығы мықты, спорттағы та­быс­та­ры орасан, әлем халқының көз ал­дында көгілдір туы және салтанатты әнұра­ны­мен елестейтін бұла күшті, биік рухты қазақ мемлекетінің бүгінгі та­быстарына еселеп табыс қосып, маң­дай­ын жар­қы­ра­та беру! Елбасы осы­лай ойлайды. Сіз­дер мен біздер бұл ой­ды одан әрі дамы­тып, орайымен іске асырушылары бо­луы­мыз қажет. Тәубе, сол күндерді бірге көруге жазсын сіздер мен біздерге! Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, республикалық «Sport» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.