• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2011

Қуаныш құшағындағы Қазақстан

521 рет
көрсетілді

Қанат ЕСКЕНДІР – Алматыдан.

Алматы қаласы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуді қала әкімдігі, Ұлы Отан және Ауғанстан соғысының ардагерлері мен саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері бірлесіп Желтоқсан алаңындағы «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастады. Шараға қатысушылар Тәуелсіздік құрбандарын үнсіз еске алып, олардың рухына құран бағыштады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі, ардагер журналист Қараби Мұхам­бет­қалиевтің айтуынша, Тәуелсіздік мерекесі – еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі барлық жастағылардың ең қуа­нышты күні. Бұл күнге қол жеткізу үшін ата-бабамыз қаны мен жанын тәуекелге тікті. Оның қадірі мен қасиетін әрбір ата-ана перзенті бесікте жатқан күннен бастап санасына сіңіруі тиіс. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз баянды болады, деп ол  жиылған топ алдында тебірене сөз сөйледі. Гүл қою рәсімінен кейін алматылықтар Астана ала­ңын­да қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өт­кен мерекелік концертті тамашалап, басқа да мерекелік ша­ра­ларға қатысты. Кешкісін қазақ эстрадасының жұлдыз­да­ры Алмас Кішкенбаев, Қайрат Нұртас, Гуля Төлегенова, Ме­руерт Түсіпбаева, «Азия», «Жігер», «All давай» топ­та­рының концерттік бағдарламасы мереке сәнін кіргізіп, Алматы аспаны отшашумен көмкерілді.

 Бақтияр ТАЙЖАН – Шымкенттен.

Елбасы көшетті жерге теріс қадаса да тамыр алатын шым қала – Шымкентті Қазақстандағы үшінші қалаға теңеді. Дұрыс-ақ. Бірақ, осы үш миллионға жуық халқы бар облыстың орталығында таңқаларсыз, таңқалмассыз сәулетті Неке сарайы жоқ еді. Қазір бар. Белгілі кәсіпкер, меценат Рәшкүл Оспанәлиева қаланың қақ ортасынан керемет сарай көтерді де тастады. Жыл он екі айдың екі айында ғана қар жататын Оң­түс­тікке Жеңіл атлетика манежі керектігі үнемі айтылатын. Енді бар. Қазақстан жеңіл атлеттерінің көз қуанышына орай ашылған Жеңіл атлетика манежінің тұсауын Мемлекет басшысының өзі кесіп берді. Шымкентте Абай саябағы бар болғанымен, жүресінен отыр­ған ескерткішінен басқа ұлы абызды еске түсіретіндей құндылықтар жоқ болатын. Енді бар. Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі аясында “Хакім Абай” мұражайы бой көтерді. Қаңтар-қараша айын қосып есептегенде, 324,5 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, облыс экономикасын дамытуға 228,8 млрд. теңге бағытталған облыста бәрі бар сияқты көрінгенімен, цирк жоқ еді. Атымен жоқ болатын. Оңтүстіктің балғындары циркі бар облыстағы балаларға қызығып жүретін. Енді бар. Абай атындағы саябақ ішінен салынған цирк Тәуелсіздік күніне тарту етілді. Балалардың да, олардың ата-аналарының да қуаныштарында шек жоқ. – Елімізде жасалып жатқан жақсылықтардың барлығы ел Тәуелсіздігімен тікелей байланысты, – деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов. – Қысқа мерзім ішінде облыс өмірінде бір ғасырға жүк болатындай нысандар іске қосылды. Осын­дай жақсылықтар республикамыздың барлық облыстарында жал­ғасып жатыр. Қазақ баласы алғыс айтса, қазақтың ба­сын төрге оздырған, абыройын арттырған, әлемдегі мықты мем­лекеттермен иық тірестіруге жарайтын еткен Елба­сы­мыза рахмет айтуы керек. Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Кеше тойланған мерейтой мерейтойға ұласа берсін.

 Бақберген АМАЛБЕК – Көкшетаудан.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Ақмола облысының тарихындағы ең ұзақ жалпыхалықтық мереке ретінде жадымызға жазылады. Қарашаның 26-сында «Менің Қазақстаным» патриоттық акциясымен басталған «Тәуелсіздіктің жиырма шыңында» Көкшетау қаласының өзінде ғана 88 мәдени-көпшілік шара өткізілді. Күнтізбелік оқиғалардың барлығы мәнді-маңызды болғандығын атап өту қажет. Әсіресе, әйгілі жерлестеріміз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің «Абылай хан», Орынбай Жанайдаровтың «Оқжетпес» спектакльдерінің қойылымы ел рухын аспандатқаны анық. Осы орайда, Қазақстан тәуелсіздігінің айшықты әрі алғашқы тәберік мүсін-ескерткіштерін сомдаған Төлеген Досмағамбетовтің өзіне де ескерткіш ашылуы зор қуаныш еді. Осынау жұлдызды 20 күнде облыс аумағында 36 нысан пайдалануға берілді. Еңбекшілдер ауданында орталық кітапхана мен Біржан салдың мемориалдық кешені, Көкшетау қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағы, Тәуелсіздік стелласы, Бұландыда клуб пен мешіт, облыс орталығы мен аудандардың барлығында тұрғын үйлер, мектептер мен шағын балабақша орталықтары ашылды. Сала қызметкерлерін, ардагерлер мен жастарды марапаттау шаралары да көңіл өсіреді. «Тәуелсіздік» алаңы биыл айрықша құлпыра түсті. Алаң­ның өзі, онымен қанаттас орталық саябақ толықтай қайта жаңғыртылды. Күні кеше бой көтерген зәулім «Тәу­ел­сіздік» стелласы баршамыздың арман-тілегімізді аспан­да­тып тұр. Алаң 16 желтоқсанда «Сені мәңгі жырлаймын, Тәуелсіздік!» атты мәдени-көпшілік бағдарламасымен жұртшылықты ерекше толғанысқа бөледі. Еліміздің басты мерекесі мерекелік отшашумен жалғасты.

 Өмір ЕСҚАЛИ – Петропавлдан.

Қызылжар өңірінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына  арналған мерейтойлық шаралар кең ауқымда қамтылып, өзіндік мазмұндылығымен ерекшеленді.  Облыс орталығындағы бас алаңда «Тәуелсіз ел – тату ел» мерекесінің салтанатты ашылуы театрлан­дырылған қойылым мен концерттік бағдарламаға жалғасты. Борки  кентінде  тұрғындар арасында шаңғы жарысынан қала біріншілігі өтті. Жұмысшы кенті, Бензострой  шағын аудандарында мерекелік сауда ұйымдастырылды. Драма театрларында жаңа қойылымдар, мәдениет үйінде «Отаным – әнім менің» патриоттық әндер  конкурсы тамашаланды. Бұл жолы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі құрбандары мен жазықсыз жапа шегушілеріне ерекше құрмет көрсетілді. Жерлесіміз, марқұм Нұржан Қалиасқаровты еске түсіруге арналған волейбол турниріне Петропавл қаласынан және Қызылжар ауданынан командалар қатысып,  жарыс көрігін қыздырды.  Жүлделі орындарды облыстық қылмыстық-атқару департаменті, Бескөл кентіндегі «Парасат» мектеп-лицейі және Петропавл әскери институтының волейболшылары иеленді.  Спорттық доданы қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Желтоқсан ақиқаты» ұйымы, Нұржан Қалиасқаров атындағы қор ұйымдастырып,  Б.Тұрғараев, Қ. Шотаев, Б. Шаймерленов секілді жекелеген азаматтар демеушілік көрсетті.

 Айқын НЕСІПБАЙ – Қарағандыдан.

Өндірісті өңір қалалары мен аудан орталықтары, ауылдары тұрғындарын шаттыққа бөлеген Тәуелсіздіктің торқалы той дүбірі барлық жерде шалқыды. Қарағандының  бүкіл мәдениет ошақтары, спорт орындары, саябақтары таңертеңнен кешке дейін барша жанды қызғылықты мәдени-көпшілік шараларға баурады. Мерейлі мерекенің думанды құшағы өңір жұртына да айқара ашылды. Қарқаралы аудандық  мәдениет үйінде «Жасай бер, Қазақстан!» атты қала мекемелері мен оқу орындары арасындағы өнер фестивалі өтті. Ежелден ән мен күйдің ордасы саналатын аймақтың  өнерпаздары сайысында  жаңа таланттар танылды. Бұдан кейін мерекелік салтанат сәні «Тәуелсіздік – елдігім мен ерлігім» тақырыбында  « Көгілдір от» басында кездесушілердің әсерлі кешімен жарасты. Осы уақытта балалар мен жасөспірімдердің үлкен бір шоғыры орталық стадионда спорттың қысқы түрлері бойынша жарысты қыздырып жатты. Алыстағы Егіндібұлақ кентінің тұрғындары «Ба­ба­лар­дың арманы – бостандықтың ақ таңы» атты театрлан­дырыл­ған көріністі тамашаласа, қарағайлылықтарға арналып  «Тәу­елсіздіктің биік туы»  концерттік  бағдарламасы ұсынылды. Қарқаралылықтар сияқты Абай ауданының да жұрт­шылығы мерекелік көңіл-күйдің құшағында болды. Ұлы ақын атындағы қалада жаңадан ашылған концерттік залда, қалпына келтірілген  кеншілер Мәдениет сарайында, қайта­дан жайнап-жарқыраған стадионда бас қосқан қауым той қуанышын ортақтаса  бөлісті. Бұл күн Бұқар жырау ауданындағы Ынтымақ ауылы өмірінде ерекше есте қалды. Жаңадан ашылған клубта  жер­гілікті жастар өз өнерлерін  ата-аналарына, аға-апа­ларына алғаш рет жайлы жағдайда таныстырды. Мерекелік той-думан  Теңізден  Балқашқа , Ұлытаудан Ботақараға дейінгі кең аймақты жаңғырықтырып, жұрт мерейін тасытты.

 Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА – Қостанайдан.

Қостанайда еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып  көптеген шаралар өткен болатын. Олар мереке күні де жалғасын тапты.  Сықырлаған сары аязға қа­рамастан қостанайлықтар  қала орталығына  жиналды. Ондағы Сити-орталықта мерекелік жәрмеңке басталып та кетті. Бұл апта  сайын өтетін  жәрмеңке емес, мерекелік сауда болғандықтан, оның безендірілуі де ғажап еді. Адамдардың жүзінде мерекелік көңіл-күйді аяз да жасыра алмады. Олар орталыққа сауда үшін де емес, мерекеде көрісу, бірі-біріне құтты болсын айту үшін жиналғанын орталықтағы әсем әуендер де әйгілей түскендей. Мерекелік саудамен қатар жұрт орталықтағы облыстық көркем­­су­рет галереясында жас қолөнершілер Арлан Аңқауов пен Айдын Диханбаевтың «Тәуелсіздік шуағы» атты көрмесінің ашылуын тамашалады. Жастар бірлескен жұмысын Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнапты. Галереяның экпозиция залында екі шебер­дің қырыққа жуық жұмысы қойылған. Бұл қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің үлгілері, яғни құрымнан тігілген бұйымдар мен киізден жасалған ұлттық мәнердегі паннолар көрермен қиялын ұлы даланың терең тарихына жетелейді. Ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді пайдалану авторларға тән қолтаңба екені көрініп тұрды. Бүгін өрімдей жастардың халқымыздың төл өнерін түлетуі Тәу­елсіздіктің арқасында жаңғырған қоғамдық сананың көрінісі еді. Арлан Қостанай мемлекеттік педагогика колледжінің дизайн бөлі­мін аяқтағаннан кейін бойындағы қабілетін ұштай түскен. Ол аппле­кацияның ерекше техникасын ойлап тапты. Оның боялған жүннен өрнектеп, ой айта білген паннолары мамандар тарапынан да жақсы бағасын алып жүр. Ал Айдын әкесінен үйренген кәсібін да­мытып, тері өңдеп, одан торсық пен қамшы түрлерін жасайды. Негізінен табиғи заттарды пайдаланып, көркем композициялар жасаған жас қолөнершілер шығармаларында Тәуелсіздікті жырлайды. Мереке күні қала орталығында облыстық филармонияның әртіс­тері, өз көркемөнерпаздар ұжымдары ән мен биден шашу шашты.Сондай-ақ, спорт жарыстарынсыз мереке думаны қызбайды. Қос­танай қаласының іргесінде орналасқан Затобол кентіндегі спортзалда баскетболдан ардагерлер арасындағы облыстық турнир бастал­ды. Облыс орталығында қостанайлықтар пауэрлифтингтен ерлер және жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында өткен облыстық ашық чемпионатты тамашалады. Кеше қалалықтар Қостанайдың шетіндегі Тобылдың жағасына жиналды. Онда спортсүйер қауым шаңғы маусымының ашылуын тамашалады.

 Фарида БЫҚАЙ – Павлодардан.

Мерекеге сай ұйымдастырылған салтанатты шаралар облыс орталығындағы орталық алаңнан ән-шашу төгіп, қала өнерпаздары шырқаған елдікті, егемендікті асқақтатқан әуендерден бастау алды. Орталық алаңда «Азат елдің ұландары» мерекелік бағдарлама, халықтық серуен, спорттық шаралар, жастарға арналған концерттік бағдарламалар қыза түсті. Қалалар, ауыл-аймақ, аудан орталықтары бәрі де Тәуелсіздік мерекесін атап өтуге сай лайықты безендірілген. Күннің ызғарына қарамастан мерекелік көңіл-күйлері орнықты халық алаңға көп жиналды. Тәуелсіздік мерекесінің мерекелік шеруі – халықтың мерейін көтеріп-ақ тастады. Жалпы, мерекелік шаралар 16-17-18 үш күнге белгінеген. Мерекенің алғашқы күні облыс орталығындағы «Шаңырақ» орталығы шығармашылық ұжымда­ры­ның «Өз елім менің» мерекелік концерті, «Бейбітшілік пен жасам­паздықтың 20 жылы» кітап көрмелері, танымдық ойындар бағдар­ла­масына жалғасты. Естай атындағы Мәдениет сарайы «Тәуелсіз ел – мақтанышым, өркендей бер ұрпақ үшін» балалар шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерті, джаз оркес­трі­нің концерті «Колос» балалар мәдени ойын-сауық орталығы шы­ғармашылық ұжымдарының «Көңілашар» концерттік бағдарламасы «Достық» концерт залында авторлық ән клубының «Ән – жырым саған – туған жер!» концерті, мемлекеттік тілдегі патриоттық әндер кон­курсы мен қалалық этностық мәдениеттер фестивалі лауреат­та­рының, камералық хордың концерті, мектеп және колледж оқушы­ла­ры арасындағы көңілді тапқырлар клубының ойынына ұласты. Мерекелік шаралар барысы қаланың әрбір шағын аудандарын қамтыған. Қуат Әбусейітов атындағы жастар үйінде күні бойы қазақ кинолары көрсетілсе, кітапханаларда егемендік құрдастарымен кездесулер, жаңа кітаптар тұсаукесері, ақындардың жыр мүшәйрасы өтті. Қашыр ауданында өткен мерекелік шарада халық қазақ тілінде ән салып, би биледі. Осы күні аудан орталығындағы екі балабақ­ша­да қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін топтар ашылды. Облыс орталығында дәрігерлерге 59 медициналық көлік берілді. Елдік, тәуелсіздікке арналған мерекелік шаралардың жалғасы Естай ақын атындағы Мәдениет сарайында «Еңселі елім – Егемен Қазақстан» атты облыс орталығы өнерпаздарының үлкен концертіне жалғасты. Жарқырған от шашу көк жүзін жарқыратты.

Күмісжан БАЙЖАН – Талдықорғаннан.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейлі мерекесі Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласында салтанатпен аталып өтті. Таңертеңнен орталық алаңға жиналған тұрғындар «Тәуелсіздік – тірегіміз» тақырыбындағы театрландырылған әсем көрініс арқылы еліміздің 20 жылдың ішінде қол жеткізген толайым жетістіктерін көз алдарынан тағы бір өткерді. Мерекелік көңіл-күйдегідегі көпшілікті облыс әкімініњ бірінші орынбасары Амандық Баталов құттықтады. – «Елу жылда – ел жаңа», дейді дана халқымыз. Тәуелсіз еліміз небәрі 20 жылдың ішінде керемет жетістіктерге қол жеткізіп, ғасырлыќ жолды жүріп өтті, – деп сөз бастаған Амандық Ғаббасұлы байтақ Қазақстанмен бірге, жер жәннаты Жетісу жерінің де өсіп-өркендеп келе жат­қан­дығына жан-жақты тоқталды. Ақ тілекті жалғаған Тал­ды­қорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Халық пен Талдықорған медициналық колледжінің студенті, Тәуелсіздігіміздің құрдасы Светлана Бабкинаныњ сөздері де шаттықты шалқыта түсті. Қыстың шыңылтыр аязы «Нұрланған Қазақстанның Тәуелсіздігі» атты арнайы дайындалған концерттік бағ­дар­ламаны тамашалауға бөгет бола қойған жоқ. Мәре-сәре жұрт мың бұралған бишілер мен ардагер әжелердің өнер­леріне дуылдата қол соқты. Көңілді думан кешке қарай да жалғасып, орталық алаңға жиналған жастар «Келешегі кемелденер байтақ елім» тақырыбымен ұйымдастырылған би кешін қыздырды.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ – Семейден.

Орталық алаңда түс ауа басталған мерекелік басты ша­ра­ға қала тұрғындары көптеп жиналды. Осы орайда орта­лық алаңның да мерекелі жылы өңі кіріп қалғанын айта кеткеніміз жөн. Алаңға айшықты тас тұтасымен қайта төселіп, субұрқақ жаңадан салынды. Оған, керісінше, кешегі кеңес заманынан қалған бұрынғы мінбер мен «күн көсем» ескерткішінің тұғыры, Абай театрын көлегейлеп тұрған басы артық шыршалар алынып тасталған болатын. Ал соның есебінен алаң аумағы біршама кеңіп қалған еді. Мереке күні сол аумақты алаңның бір шетінде әуелетіп ән шырқалып, күмбірлетіп күй тартылып жатса, екінші шетінде балалар ойыны мен спорттық сайыстар қызу тартыс­пен өтті. Мұндағы халықтық мерекелік серуен мерекелік отшашумен қорытындыланды. Қалалық мәдениет сарай­ында жасотандықтардың ұйымдастыруымен өткізіл­ген ой­ын-сауықтан да көрермендер жақсы көңілмен тарап жатты. Бұл мәдениет сарайы да биылғы жылы күрделі жөндеуден өткізілген еді. Қайсыбір мекемелерде мерекелік шаралар нақтылы өз күнінде өтіп жатты. Айталық, педагогикалық институтта үлкен жиын ұйымдастырылып, онда мереке құрметіне орай үздіктер марапатталды. Ал жастар сарайында жастар арасында каратэден республикалық сайыс өткізілді. Оған да жанкүйерлер көптеп жиналды. Бір сөзбен айтқанда, семейліктер ұлық мерекені көтеріңкі көңіл-күймен өткізді.

Оңдасын ЕЛУБАЙ – Өскеменнен.

Арайлап атқан аппақ таңды бүгін өскемендіктер жақсылыққа жорыды. Өйткені, қар молшылықтың кепілі, астық мол шығып, халықты ризашылыққа бөлейді. Оның үстіне бүгін ерекше күн. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке 20 жыл толып отыр. Айтулы мерекені Кенді Алтай тұрғындары тамаша тартулармен қарсы алды. Биылдың өзінде отыздан астам инвестициялық жобалар жүзеге асты. Соңғы бір жылда ғана шырайлы Шығыста жаңадан үш ауыл бой көтерді. Онға тарта мектеп, балабақша, әлеуметтік ғимараттар ел игілігіне берілді. 16 желтоқсанда Өскемен мен аудан, қалаларда салтанатты жиын­­дар өтіп, орталық алаңдарда би биленіп, әуендер шалқыды. Өске­мен­нің төріндегі Республика алаңы мерекеге сай безендірілген. Кө­ңіл­ді әуен шалқып тұр. Түрлі мәдени орталықтардың өкілдері би би­леп, Қазақстанның 20 жылда қол жеткен табыстары жайлы фильм көрсетіліп, қолөнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылуда. Дәл сол күні «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы­ның штабы орналасқан мекемеде ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты мәдени шара болып өтті. Басқа партиялардың өкілдері де өз жұмыстарын насихаттап жатты. Жібек мата комбинаты қала­шығындағы «Ана мен бала» орталығында сол күні босанған бірнеше аналарға жаңа сертификаттар тапсырылып, бірқатар жеңілдік­тер­дің болатыны айтылды. Бұдан екі күн бұрын «Ана мен бала» орталы­ғының бас дәрігері, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, жақында ғана «Құрмет» орденін Елбасы Н.Назарбаевтың қолынан алу бақытына ие болған, өңірге есімі жақсы таныс Рая Рахимова Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тойланған қасиетті күні сәбилерді дүние­ге әкелген бірнеше ананы құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті. Өзендер өрнектеген Өскемендегі мәдени шаралардың барлығы қала тұрғындарының көңілінен шықты. Кешкілік Республика алаңында жастарға арналған би кеші ұйымдастырылып, мерекелік отшашу қаланы арайландырып жіберді.

Ержан БАЙТІЛЕС – Қызылордадан.

Бүгінде бүкіл Қазақстан Тәуелсіздіктің тынысымен тыныстап тұр. Байтақтың қай қиырына көз салсаңыз да дүбірлі тойдың, мерейлі мерекенің, мейманасы асқан халықтың келбетін көресіз. Мұндай мәртебелі мерекеден Сыр жұртшылығы да қалыс қалып жатқан жоқ. Жиырма жылдық белесті «Жұлдызды жиырма күннің» шеңберінде атап жатты. Облыс шеңберінде Тәуелсіздікті ұлықтай­тын, Азаттық­ты айшықтайтын түрлі шаралар болды. Бұрнағы күні соның қоры­тын­ды салтанаты өтті. Ол «Елдігімнің тұғыры – Тәу­ел­сіздік» деп аталатын салтанатты жиын болатын. Алдымен мінберге облыс басшысы Болатбек Қуандықов көтеріл­ді. Қарға тамырлы қазақтың қат-қабат тарихынан бастау алатын баяндама бір деммен Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына дейін жетті. Әкім қазақтың басынан өткен талайлы жолын сонау сақ-ғұн замандарынан тартып, елдігіміз сынға түскен, мемлекетімізге қауіп төнген, түрлі зобалаңды заманды өткерген күндерді көктей шолды. Алаш арыстары атылған, жаппай ашаршылыққа тап болған уақытты да назардан тыс қалдырмады. Қысқасы, бұл тарихпен астасқан баяндама болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да сөз болды. Қысылтаяң кезде Елбасының ел тізгінін қолына алып, мемлекетті құрып, аяғынан тік тұрғызып, дамушы елдердің қатарына қосқаны айтылды. Жалпы, Тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғым ғой. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақты бұрын-соңды болмаған бақытқа кенелтіп отырғаны ақиқат. Осы күні еңбегімен еленген, мемлекет қалыптастыру ісіне өз деңгейлерінде қолғабыс еткен 54 адамға түрлі дәрежедегі марапаттар табыс етілді. Тәуелсіз елдің «Парасат», «Құрмет» секілді ордендерін көкіректеріне таққан азаматтар еңбектерінің бағаланғанын, бұл сыйлықтың алдағы жұмыстарына серпін беретінін айтып жатты. Олардың қатарында облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма бастықтары, ақын-жазушылар мен қоғамдық ұйым мүшелері, кәсіпкерлер болды. Сондай-ақ жеті бірдей еңбек ардагері «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын алды. – Биыл біздің облыста 54 адам түрлі дәрежедегі наградамен марапатталып отыр. Бұл былтырмен салыстырғанда екі жарым есеге артық. Осының өзінен Елбасының Қызылорда облысына деген ерекше көңілін білуге болады, – деді Болатбек Баянұлы өз сөзінде. Мерекелік іс-шараның соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, сән-салтанатымен жалғасын тапты.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ – Тараздан.

Жамбылдықтар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын қайта жаңғыртудан өткен «Достық» алаңында атап өтті. Көптен күткен жөндеу жұмыстарынан кейін алаңдағы тарихи ғимараттардың ажары ашылып, кескін-келбетінің көркі алыс-жақыннан келген қонақтардың көңілінен шыққандай еңселеніп қалған. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні дегенде, бүкіл қазақстандық­тар­дың, оның ішінде, әсіресе, жамбылдықтардың есіне сонау бода­н­дық­тан бостандыққа ұмтылған жастар дүмпуі кезінде тергеу мен түрме азабын тартқан және сол «ер етігімен су кешкен» алмағайып уақытта қайтпас қайсарлығымен тәуелсіздіктің қымбаттығы туралы бүгінгі ұрпаққа өшпес үлгі қалдырған «Халық Қаһарманы» Қайрат Рысқұлбеков оралады. Әлбетте, Қайрат армандаған бостандық атты ұғымның бастауында тұрған Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момыш­ұлы­ның егемен ел, еркін халық жайлы өсиеттері де есте. Сондықтан болар, Жамбыл облысындағы мереке маршы осы аты аталған ерлердің Тараз қаласының төріне орнатылған ескерткіштеріне та­ғ­зым етуден басталды. Алаң төрінде өткен театрланған көріністе ел Тәуелсіздігінің 20 жылында қазақ халқының қол жеткен барша жеңістері мен табыс­тары паш етілді. Қаланы қалың қар қымтап, шыңылтыр аяз бетті қарығанына қарамастан ән шырқап, би билеген Тараз таланттары жиналғандардың мерекелік көңіл-күйін бір өсіріп тастады. Халықта «тойдан-тобықтай» деген де бар. Мерейлі күн құр­метіне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеге азық-түліктердің алуан түрлерін ала келген ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де тойдың сәні мен мерекенің мәні – егемен ел халқының бай, қуатты екенін де паш еткендей сауда-саттықтарын қыздырып жатты.

Темір ҚҰСАЙЫН – Оралдан.

Ақжайық өңірінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай мерекелік шаралардың кең ауқымды бағдарламасы жасалды. Бұл іс-шаралар мен тақырыптық конференциялар өзінің жан-жақтылығымен, мазмұнының тереңдігімен және тәуелсіздік рухын аңғарта алатын бағыт-бағдарымен ерекшеленді. Олар «Тәуелсіз ел – Қазақстан, «Тәуелсіздік түндігі – Астана» және «Желтоқсан жаңғырығы» деген тақырыптар бойынша жүректерге жол тапты. Сонымен бірге, Орал қаласында егемендік пен елдік туын асқақтатқан аймақтық патриоттық әндер конкурсы мәреге жетті. Өңірде тәуелсіздіктің қаз басып қалыптасуына, одан әрі ныға­юы­на үлес қосқан еңбеккерлердің үлкен тобына Елбасы Жар­лығымен белгіленген «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалі салтанатты жағдайда тапсырылды. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Тәуел­сіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бе­тов жердің шетінде, желдің өтінде орналасқан республиканың ба­тыс­тағы қақпасы тұрғындарының елдің есеюі мен тәуелсіздіктің тұ­ғырлы болуына қосқан үлестерін атап өтіп, бірқатар батысқазақ­тан­дықтарға Елбасы Жарлығына сәйкес мерекелік марапаттарды табыс етті. Кешегі күні Орал өңірінде Тәуелсіздік мерекесі құрме­ті­не облыс орталығында кондитер өнімдерін шығаратын кә­сіп­орынның тұсауы кесілді. Шалғайдағы Жәнібек ауданы­н­да жаңа тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Тарихы терең, шежіресі мол Бөкейордасы ауданында өңір энциклопедия­сы­ның тұсаукесер рәсімі өткізілді. Ақжайықта Тәуелсіздікке арналған бағдарламалар ш­о­ғы­ры кеше түнде Абай алаңында облыс орталығын нұр мен сәулеге ораған от шашумен қорытындыланды.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ – Атыраудан.

Атырау жұртшылығы да ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орайластырылған сан-алуан шараларға жыл басынан бері куә болып келеді. Кеше Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен «Жырым менің – Отаным!» атты патриоттық әндер фестивалі қорытындыланды. Бұл фестивальда Индер, Құр­ман­ғазы, Қызылқоға, Мақат, Исатай аудандары мен Атырау қаласынан қатысқан жас әншілер елге танымал композитор­­лардың әнсүйер қауымға кеңінен танылып, жүрек қылын тербеген 25 патриоттық әнін орындады. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, қазақ композиторларының туған жер, атамекен, Отан тақы­рыбына жазылған патриоттық әндерін нақышына келтіре орындайтын әншілердің өсіп келе жатқаны сүйсінтті. Мәсе­лен, Алтынай Марашева мен Венера Машқалиева Кеңес Дүй­секеевтің «Домбыра тура­лы баллада», «Сәлем саған, туған ел» әндерін орындады. Ал жас әнші Қуандық Нұғ­ма­ровтың орындауындағы «Тәуелсіз Қазақстан» әнін кезінде композитор Әсет Бейсеуов жазған. Бірақ бұл әнді тек Аты­рауда ғана емес, республикалық сахналарға жиі шығатын ән­ші­лердің арасынан көп ешкім репертуарына енгізуге тал­пынбайды. Сол себептен жас әншінің бұл әнді жұртшылыққа танытсам деген талабы көпшілікті қуантып тастады. Исатай ауданының өкілі Мұрат Әтенов композитор Ержан Серікбаев жазған «Жаса, Қазақстан» әнімен сахна сәнін келтірсе, мақаттық Данияр Еримовтің орындауындағы Медет Арынбаевтың «Туған жер» әні де өнерсүйер қауымның жүрегіне жол тауып жатты. Ал индерлік Тимур Сансызбайұлының орындауындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әні жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Облыстық патриоттық әндер фестиваліне қатысушыла­р­дың барлығы арнайы дипломдармен марапатталып, түрлі сый-сияпат­тарға ие болды.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ – Ақтөбеден.

Арайлы Ақтөбеде еліміздің барлық өңірлеріндегідей Тәуел­сіз­дік­тің 20 жылдық ұлық мерекесі аптаның басында-ақ басталып кет­кен-ді. Апта бойы өткізілген мерекелік шаралар кеше нағыз шырқау биігіне көтерілді десе де болғандай. Ақтөбеліктер осы таңда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының әдемі әсерімен оянды. Күндізгі сағат 10-нан бастап қаланың алаңдары мен саябақтарын ән мен күй әлдиледі. Мұндай құлақ құрышын қандырар концерттік бағдарла­ма­лар Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония, Қазанғап атындағы өнер мектебі, Студенттер сарайы, «Ақ желкен» аула клубы, «Металлург», «Химик» мәдениет үйлері сахналарында, жоғары оқу орындарында жалғасын тапты. Оларда ақтөбелік өнер шеберлері мен көркемөнерпаздар өнер көрсетті, туған жер, Отан, достық ,бірлік туралы әндер әуеледі, қөңіл толқытатын күйлер күмбірледі, әдемі қимылды билер биленді. Қаланың қай бұрышына барсаң да әсем әуен көңіл толқытты. Облыстық өнер мұражайында ұйымдастырылған «Сыр­­лы бояудан – Тәуелсіздік таңы» атты көрмеден келушілер егемен елі­міздің осы кезеңде жүріп өткен жолын айқын аңғарды. Мұн­да тәуелсіздік тақырыбына салынған ақтөбе­лік қылқалам шеберлерінің суреттері қойылды. Сондай-ақ, облыстық тари­хи-өлкетану мұражайында өткізілген «Тәуел­сіздік шежіресі» атты көрмені тамашалаушылар да көп болды. Көрмеде қой­ылған 20 планшетте тәуелсіздіктің 20 жылының жылнамасы баяндалды. «МегаАқтөбе» сауда орталығында құзға өрмелеуден қала біріншілігі өткізіліп, балалар мәнерлеп сырғанаудан өнер көрсетті. Шағын футболдан ұйымдастырылған қала біріншілігі мен тоғызқұмалақтан, дойбыдан өткізілген жа­­рыс­­тар да тартысты болды. Сыртта ақ қар, көк мұз бол­ға­нымен, бұл жарыстарға жанкүйерлер көп жиналды. «Әкем, анам және мен» конкурсы қатысушыларды да, тамаша­лаушы­­ларды да көп жинады. Облыстық планетарийдегі «Ғарыш ескерткіштері» атты танымдық сабақ та студент жастар мен мектеп оқушы­ла­ры­ның көңілінен шықты. Тахауи Ахтанов атындағы об­лыс­тық драма театрында қойылған «Желтоқсан түні ыз­ғар­лы» спектаклі көрермендердің көз алдына Желтоқ­сан көтерілісін елестетті, тәуелсіздіктің оңай келмегенін жа­дымызда жаңғыртты. Күні бойы ұйымдастырылған осы және басқа мерекелік мәдени-спорттық және қайырымдылық шаралары «Қоныс» спорт сарайының маңында аспанға атқылаған сан бояулы отшашумен аяқталды.

Жоламан БОШАЛАҚ – Ақтаудан.

Мұнайлы Маңғыстау өңіріндегі Қазақстан Республика­сы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» 20 жұлдызды күндерді өткізудің облыстық жоспарына сәйкес одан әрі жалғасты. Әсем Ақтаудағы мерекелік шараларда елдің елеулі тұлғаларының ескерткіштеріне гүл қойылып, аз қаматамасыз етілген отбасылары мен балалар мекемелеріне қайырымдылық шаралары көрсетіл­ді. Жастармен, мектеп оқушыларымен кездесулерде ел еге­мендігінің қадір-қасиеті оны тұлғаландыра түсу үшін халықтар арасындағы достық пен бірліктің, татулықтың берері мол екендігі кеңінен әңгіме болды. Мереке күні таңертеңгі 11-де Астана алаңына қала тұр­ғындары көп жиналды. Мерекелік бағдарлама «Тәуелсіз­дік тұғырымен көрікті» атты балалардың концертімен басталып жасөспірімдердің асфальтқа сурет салу байқауымен жал­ғасты. Түс қайта «Дельфин» спорттық кешенінде жасөс­пірімдер арасында суда жүзушілердің қалалық турнирінің жалауы көтерілді. «Астана» алаңындағы серуендеушілер қатары толыға түсіп, мерекелік гала-концертте облыстың таңдаулы өнер ұжымдары өнер көрсетті. Кешке дейін Ақтау аспанында ән мен күй қалықтап, ол отшашуға ұласты. Ел Тәуелсіздігіне арналған мерекелік шаралар мұнайлы Маңғыстаудың барлық аудан, қалалары мен елді мекендерінде жоғары деңгейде өтіп, тәуелсіздік туралы әндер айтылып, өлең, жырлар оқылды.