• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2011

ТҰҒЫРЫҢ ТҰЛҒАЛАНА БЕРСІН, ТУҒАН ЕЛ!

528 рет
көрсетілді

  Мәңгілік ел – салтанат қақпасы  егемен елдің бас қаласы – Астанада бой түзеді Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы күні Астанада «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасын ашу сал­та­на­ты­на қатысты. 16 желтоқсанның ақ таңы алау­лай атты. Ашық аспанда шөкім­дей бұлт жоқ. Арқаның шыңыл­тыр аязы шымырлата қысқа­ны­мен, ауа таза, төңірек тымық. Ақ қарды күн нұрымен шағы­лыс­ты­ра, көз қарықтыра шықырлатқан Арқаның аязы ару Астананы арай­ландыра түскен. Мереке құ­ша­ғындағы елорда тұрғындары мен қонақтары қыстың қысқа күні арқан бойы көтерілген кез­ден-ақ жаңа қала – Есілдің сол жағалауына ағылуда. Аязбен ала­бұртқан жұрт жүзінде ерекше бір тамашаға ынтыққан әуестік бар. Иә, қалың жұрттың назары Қа­зақ­стан Республикасы Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығында – мерекелі Тәуелсіздік күні азат елдің Ас­танасында ашылатын «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасына ауған. Сағат тура – 11.00. «Қазақстан Республикасының Президенті, Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев». Ашық аспанда қалықтаған қуат­ты микрофоннан шыққан диктор үні ынтыққан жұрттың назарын бірден аудартты. «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты қадам басты. Алаң толы азат ел ұландары аязды ауаны жаңғы­рық­тыра ұрандап, Тұңғыш Президентін, қазақтың біртуар перзентін риясыз құрметпен қарсы алды. Салтанатты жиынға жи­нал­ған 20 мыңға жуық жұрттың асқақ үні Астананың ашық аспа­нында ұзақ қалықтады. Иә, Тәуелсіз еліміз азат­тық­тың айтулы мерекесін зор өрлеу үстінде қарсы алып жатқан 16 желтоқсан күні Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан Республикасы Тәуелсіз­ді­гінің 20 жылдығы құрметіне Астанада салынған «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасын сәніне сай салтанатпен ашты. Салтанатта сөйлеген сөзінде Президент Астанада Салтанат қақ­пасы­ның ашылуы Қазақ­стан­ның Тәу­елсіздіктің 20 жы­лын­дағы табыс­та­рын білдіретінін атап өтті. – Біз бұл тамаша Салтанат қақпасын біздің еңбегіміздің, біздің табыстарымыздың белгісі ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақпа біз­дің жас, әсем елордамыз – Аста­наның тағы бір символына айна­латын болады. Біздің береке-бірлігіміз, біздің достығымыз, біздің көп ұлтты мемлекетіміздегі өзара сенім бізді үлкен жеңістерге жеткізді. Біз бүгін осы жерге Ұлы мерекені – Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту үшін келіп тұрмыз, деді Мемлекет басшысы. Одан әрі Тұңғыш Президентіміз елімізді біріктірудегі жаңа елор­даның ерен жетістіктерін айта келіп, «Табалдырықтан асқан тау жоқ», деген қазақ мақалын еске түсірген Елбасы бүгінгі ашып отырған «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасы қасиетті табалдыры­ғы­мыз іспеттес, бола­шақ­та бұл ескерткіштің төңіре­гін­де әдемі-әдемі ғимараттар са­лы­нып, гүлзарлар көмкерген алаң­ға айналатынын атап көр­сетті. – Мен барлығыңызды осы мерекемен құттықтаймын. Хал­қы­мыз­ға жақсылық, бақыт, әр­бір отбасына амандық тілеймін, Қа­зақстан жасасын, Тәуелсіздік жа­с­а­сын. Қазақстандықтардың бірлігі жасасын, мерекеле­рі­ңізбен, – деді өз сөзінде Елбасы. «Мәңгілік Ел» Салтанат қақ­пасының ашылу салтанаты мың­даған қазақстандықтардың көз алдында өтті. Олардың қа­та­­рында – Президент Әкімші­лі­гінің басшылығы, Үкімет мү­ше­лері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, ұлт­тық ком­па­ниялардың басшы­лары, облыс­тар мен Астана және Алматы қа­лаларының әкім­дері, Астанадағы сал­та­нат­қа қатысуға келген өңір­лердің делегациялары, қала жұрт­шы­лы­ғы, жоғары оқу орын­дары­ның басшылары мен студенттері бар еді. Салтанатты рәсімде Қазақ­стан­ның әнұраны шырқалып, Қа­зақстан Республикасының Қа­рулы Күштерінің әскерлері Салтанат қақпасы алдынан сап түзеп өтті. «Мәңгілік Ел» – Қазақстан­дағы тұңғыш Салтанат қақпасы – еліміздің әрбір аза­маты үшін қашанда барыс бейнелі болашаққа нық қадам басқан мемлекеттіліктің айшықты белгісі, ұлттың ғасырлар бойғы арман-ойы мен өмірлік өнегесін үнемі еске салатын көрнекті тұғыр. «Мәң­гілік Ел» Салтанат қақпасы – бұл азат елдің Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына тұрғы­зылған ас­қақ тұғыры. Ал осы Тәуелсізді­гіміз төбеден салбырап түсе қалған жоқ. Бұл Тәуелсіздік еркіндігін өздігінен өзгенің қо­лына ұстата салмайтын ұлан дала ұлдарының ұлы шайқастарында шыңдалған. Бұл Тәуелсіздік бо­дан­дық бұғауынан бұлқынған қайсар қазақ қанымен суа­рылған. Бұл Тәуелсіздік халық шежіресінде көмескіленбеген ірілі-ұсақ­ты ұлт-азаттық көте­рілістерімен шыңдалған. Бұл Тәуелсіздік Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара басшылы­ғы­мен ғасырға пара-пар даму жо­лынан өткен бүгінгі ұландар қайсарлығымен ны­ғайған. Салтанат қақпасы – әлемдегі санаулы қалаларға тән ерекше сәулеттік-монументі туынды. Әдетте мұндай қақпа жеңіс ру­хын асқақтату немесе жасампаз жетістіктердің құрметіне қала­ның кіреберісіне, үлкен жолдың бойына орнатылады. «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасы – Астана сәулетінің сәнін арттырар салтанат туындысы. Оның биіктігі 20 метр. Бұл Ел Тәу­елсіздігінің 20 жылдығын паш етеді. Сыртқы қасбе­ті­нің безендірілу жағынан да қа­зақтың ұлттық өрнектеріне толы, негізі берік, мазмұны толайым нысан. Қақпаның әрбір қабыр­ға­сының симметриялық өлшем­де­рінің теңдігі бірдей. Сондықтан да ол халықаралық әуежай жағы­нан да (қалаға кіреберіс), қала жағынан да (қаладан шығаберіс) бірдей көрінеді. «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасы Орынбор көшесі мен № 25 көшесінің қиылысқан жеріне орналасқан. Қақпаның биіктігі 20 метр, ені – 13 метр. Ар­хи­тек­туралық заңдылыққа сәйкес «Мәңгілік Ел» қақпасының әрбір қабырғасының симметриялық өл­шемдерінің теңдігі бірдей. Әрбір қабырғаның төменгі табанында биіктігі 4,4 метр бо­ла­тын көлемді мүсіндер бар. Қақ­па­ның сол жақ қапталында «Ақса­қал» мүсіні орнатылған. Бұл халықтың абыз ойы мен рухани өлшемінің көрінісі, даналықтың символы. Қақпаның сол жақ қап­талында от иесі – «Әйел Ана­ның» рельефті мүсіні орнатыл­ған. «Ана» бейнесі қазақ ұлты үшін «Отан Ана», «Жер Ана», «Ана тілі» сынды киелі ұлттық ұғымдарына ұласады. Қақпаның сол жағындағы орында Көшпенді сарбаздың, ал оң жағында қазіргі Қазақстан жауынгерінің мүсіні орналасқан. Ежелгі көшпенділер сарбазының мүсіні қазақ батыр­ла­рының жанқияр ерліктері мен қаһармандығын бейнелейді, ал оның сыртқы стилі Аңырақай ша­йқасы кезеңіне негізделген. Жалпы алғанда, бұл мүсіндер жи­ынтығы қазақ халқы үшін қастерлі ұғым – ел қорғау ісінен бас­тау алады. Жаугершілік та­қы­рыбы сонау көшпенділер сарбаз­да­рынан қазіргі заман әскер­ле­ріне дейінгі соғыс салттарын дәріптеп, қаһармандық тарихын паш етеді. Сонымен қатар қазіргі заманғы әскери қызметкер мүсіні өз кезегінде жастық пен жалын­ды ұрпақтың, ел болашағының белгісі болып табылады. Әр мү­сін­нің жоғарғы жағында Елтаңба орналасқан. Сыртқы бөліктің жо­ғарғы жағында «Мәңгілік Ел» жазуы бар. «Мәңгілік Ел» тір­ке­сінің пәлсапалық тамыры терең, мағынасы зор. Композицияның жо­ғарғы бөлігін тұтас күрделі ою-өрнектер шоғыры алып жатыр. Дәл осы өрнектер мемле­кетіміздің көк байрағында да көрініс тапқан. Мемлекеттік туға тән күн мен қалықтаған қыран бейнесіндегі символ бүкіл ком­позицияның өзегіне айналған. Күн – өмірдің, күш-қуаттың көзі. Қыран – рәміздер тілінде билікті, кеңдік пен қырағылықты білдіреді. Ұлтымыздың дүниетаны­мын­да ол бостандықтың, тәуелсіздік­тің, шырқау көкке, биік мақсат­тар­ға ұмтылудың, болашаққа қа­нат қағудың символы. Нысанның екі жағында «Тай- қазан» мүсіні орналасқан өзіндік орындармен ерекшеленеді. «Тай- қазан» тыныштық пен тоқшы­лық­тың, бірегей көңіл мен қо­нақжай пейілдің терең ұғымын білдіреді. Қабырғалары қазақтың күрделі ұлттық өрнектерімен безендіріліп, ортасына қазақ жау­ын­герінің бес қаруының бірі «Қал­қан» орналасқан. Қалқан қа­шанда қауіп-қатердің қорғаны, сенімділік, тұрақтылық, жеңістің белгісі. Қақпаның ішкі жағын­да­ғы екі қабырғаның әрбірі 7 х 3,5 метр болатын бедерлі суреттермен әшекейленген. Олардың бірінде «Сақтар» – «Түркілер» – «Қып­шақтар» – «Қазақтар» тізбесіндегі қазақтың шығу тари­хы­ның кезеңі көрсетілген. Келесі қабырғаның бас тақырыбы, ең қастерлі ұлттық құндылық – Тәуелсіздікке ар­налады. Өрнекті қабырға бүгінгі тәуелсіздіктің маз­мұнын ашып, мағынасын тар­қататын «Ақорда», «Бәйтерек» және басқа да нысан суреттерімен бедерленген. Болашаққа деген батыл қадамды жас буынға арналған бедерлі суреттер бейнелейді. Тұтас идеологиялық құры­лым­ның тұжырымдамасын Қа­зақ­стан Республикасы Конститу­ция­сының бірінші бабынан алын­ған. «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құ­қық­тық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қым­бат қазынасы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бос­тандықтары» деген үзінді бекітеді. Міне, әлемнің айтулы қала­ларымен салтанат жарастырған Астанада егемен елдің тағы бір ерен ескерткіші бой көтерді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның 20 жыл жасампаздық жолында жүріп өткен ерен ерлігінің, елеулі жеңі­сінің салтанаты. Осы ерен ескерткіш ашылардан біраз бұрын баспасөз бетінде «Егемен Қа­зақстан» газетінде ба­сылым бас­шысы Сауыт­бек Абдрахмановтың «Астана­ның аркасы – азаттықтың ар­қа­сы» атты мақаласы жа­рияланған еді. Біз бүгінгі айтулы күндегі салтанатты рәсім туралы сөзі­мізді осы аталған мақаладағы тебіреністі толғаныспен түйі­ндеуді жөн көрдік: «Біз, ақ-адалын айтқанда, өзге­лермен бірге егемендікке қол жеткізген кезде тәуелсіз мемлекет құра алсақ та, ел қатарлы тұра алсақ та тәубе, тәубе дейтіндей жағдайда едік. Шүкір, ондай болған жоқ. Ел екенбіз. Рухы күшті, жігерлі жұрт екенбіз. Басқалар істегенді біз де істеп, басқалар тындырған шаруаларды біз де тындыра алады екенбіз. Тіпті талайлардан артық істеп, артық тындыра алады екенбіз. Оған алдымен өзіміздің көзіміз жетті. Одан кейін өзгелердің көзін жеткіздік. Тіл-аузымыз тас­қа. Тәуелсіздік тойына осылай, асқақ абыроймен келіп отырмыз. Бұл салтанат па? Сөз жоқ, салтанат. Елдіктің салтанаты». Ендеше, егемен ел, азат халық, Тәуелсіз Қа­зақстан «Мәңгілік Ел» Салтанат қақпасы құтты болсын! Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.   Бақыт босағасы Астана нұрға бөлеп шартарапты, Қанатын құаныштың серпе қақты. Елорда босағасын биіктетіп, Орнаттық алып Қақпа салтанатты.   Қайтеміз қозғай беріп шерлі күнді, Жырлаймын ғажайыпты мен бүгінгі. Ат басын тірегендер бұдан былай, Қақпама қарап таныр Елдігімді.   Талайлар маңдайшасын көргеннен-ақ, Мәңгілік ел болуды армандамақ. Алдымен босағама тәжім етер, Төріме шығу үшін келген қонақ.   Көркіне жалт қаратып мына әлемді, Бұл қақпа мәңгі-бақи тұрады енді. Айбынын Азаттықтың асқақтатқан, Әйгілеп Нұр-ағамдай қыран ерді!   Жарасар күндіз-түні жырласа да, Әр жылын Бостандықтың мыңға сана. Бабам да, Алашым да жете алмаған, Бақыттың босағасы – бұл босаға!   Қалдырған кемеңгерлер елге өсиет, Қақпада құдіретті бар қасиет. Қарсы алар келер ұрпақ керуенін, Маңдайын жарқыраған таңға сүйеп.   Бірлігін берекемен құндақтаған, Қазақпыз жүрегінде зіл жатпаған. Сап түзеп, шеру тартып салтанатпен, Ғасырлар өтеді әлі бұл Қақпадан!   Еңсесі биік елдің иық керген, Қашанда босағасы биік келген! Тәуелсіз туған Отан жасай берсін, Ақордам ақ сәулесін құйып төрден! Несіпбек АЙТҰЛЫ.